Топтық пікірталас әдісі

Топтық пікірталас әдісі. Мұнда топ мүшелері көзқарастарының, ұстанымдары мен мақсаттарының мәнін ашуға (мүмкіндігінше өзгертуге) мүмкіндік беретін қайсібір даулы мәселе бірігіп талқыланады.

Топтық пікірталастың психологиялық құндылығы оның кері байланысқа құрылуы мен жетекшінің шеберлігі арқасында оған қатысушы әрбір адамның бір мәселенің өзін бірнеше түрлі жолмен шешуге болатынын түсінуіне мүмкіндік беруінен көрінеді. Өйткені, әр адамның өмірде кездесетін түрлі қақтығысты жағдайларды қабылдауы мен оны шешуде сан түрлі көзқарастарды ұстанатыны анық, ал, оны білу, тану, студенттің барлық мәселеге ой көзімен қарап, түрлі нұсқалардың ішінен ең ұтымдысын таңдауы қажеттігін түйсінуіне әкеледі.

Пікірталастар барысында төмендегідей жағдайлар жиі талқыланады:

  • топ мүшелерінің басым бөлігі үшін маңызды деп танылған мәселелер (тақырыптық пікірталас). Мұндай пікірталастың міндеті — талқыланатын мәселеге сәйкес субъектілердің өз тәжірибесін бөлісуі мен оны шешу жолдарына қатысты түрлі көзқарастарын ортаға салу. Егер талқылауға нақты бір мәселе қойылса, онда пікірталастың міндеті оны шешудің жолын таңдау болып табылады.
  • топ мүшелерінің жинақталған тәжірибесі (өмірбаяндық пікірталас). Өткеннің тәжірибесі тар мақсатта пайдаланылмайды. Егер сол тәжірибенің топ үшін бүгінгі мәселені оң шешуіне тигізетін ықпалы болса ғана қолданған дұрыс.

Әдетте топтық пікірталастардың бірнеше сатылары болатыны белгілі, оның жалпы реті төмендегідей болып келеді:

  1. Бағдарлау. Бұл кезеңде пікірталастың тақырыбы мен мақсаты анықталады. Пікірталас тақырыбының барлық қатысушыға теңдей түсінікті әрі өзекті болғаны тиімді. Керісінше болған жағдайда ондай әңгімені қозғаудың өзі мәнсіз;
  2. Ақпараттарды жинау. Бұл кезеңде қатысушылар қарастырылатын мәселеге қатысты өз ойларын, сезімдері мен пікірлерін білдіре алады. Егер пікірталас нақты бір мәселенің шешімін табуды көздесе, онда қатысушылардың қай-қайсысына да өздері ойлаған барлық шешімдерді ортаға салуға мүмкіндік берген жөн. Мұндайда сыни көзқарастардың (яғни «миға шабуыл» әдісін қолдану арқылы) өрістетуіне де шек қойылмауы тиіс, сонда ғана ол өз мақсатына жақындай түспек;
  3. талқылау барысында алынған ақпараттарды реттеу, негіздеу және бірлесе бағалау кезеңі. Бұл кезеңде талқылауға қойылған мәселені шешудің бұрын ұсынылған нұсқаларына сыни талдау жасалады.
  4. Пікірталастың аяқталуы: қорытындылар шығару, пікірталастың мақсаты мен алынған нәтижелерді өзара салыстыру . Егер нақты мәселе талқыланса, онда оны шешудің тәсілдері атап көрсетіледі.

Кейде топтық пікірталаспен қатар «кейс әдісі» де қоса жүреді. Өйткені кейсте де нақты бір мәселеге топтық талдау жасалады. Олай болса, студенттер үшін аса бір өзекті мәселе талқыланған тұста бұл әдіс тақырыптық топтық пікірталастың бір түрі деп саналады да, сол нақты мәселенің тақырыбы анықталады.

Егер топтық пікірталастың тақырыбын және оны ұйымдастырудың ретін жүргізуші өзі белгілейтін болса, онда пікірталас құрылымы бірізді жүреді; ал егер пікірталастың тақырыбы қатысушыларының өзінің таңдауы арқылы алынатын болса, онда пікірталастың жүргізілу реті де еркін болады, жүргізуші пікірталасқа қатысушы деңгейінде ғана араласып отырады.

Топтық пікірталасты басқару тәсілдері. Сұрақтар топтық пікірталасты бағыттап отыруға, оны белсенді ұйымдастыруға, барлық қатысушыларды толық қамтуға, талқыланатын материалдың мәнді тұстарына басым назар аударып отыруға мүмкіндік береді. Кейде пікірталастың құрылымы түгелдей дерлік оқытушының сұрақтары төңірегінде өрбитін жайлар да кездеседі. Ашық немесе қосалқы (бекітуші сипаттағы) сұрақтардың өнімді қызмет атқаратыны белгілі. Жалпы жабық (иә/жоқ жауаптарды қажет ететін) және «Неге…?» деп басталатын сұрақтарды пайдаланбаған жөн. Өйткені жабық сұрақтың пікірталасқа ұласпайтын, қысқа да нұсқа, бір мағыналы жауапқа әкеледі, егер ондай сұрақтардың саны көп болса, қатысушылардырда сыртқы қысымға ұшырағандай әсер қалыптасуы мүмкін. «Неге…?» деп басталатын сұрақтың жауабы қысқа болумен қатар, оның ойлауды қажет етпейтіні әрі қатысушылардың көпшілігіне қысым жасалғандай қабылдануы мүмкін. «Неге…?» деген сұрақтардың жауабы бірден «Өйткені…?» деп басталады да, негізінен, психологиялық құндылығы төмен сыртқы себептерді ғана термелеумен шектеліп жатады.

Ережелерді ендіру. Топтық пікірталас кезінде барлық ережелер қатысушыларға алдын ала ескертіліп, ол пікірталас барысында қатаң сақталуы тиіс. Әсіресе, студенттерді «біреу сөйлеп тұрғанда, басқалар тыңдауы тиіс» деген ережені ұстануға үйрету шарт. Егер бұл ереже сақталмаса, онда қосымша шарттар қарастырылуы керек:

Мысалы: қатысушыларға әлдеқандай зат — мысалы, кішігірім жұмсақ ойыншық беріледі. Сол ойыншық кімнің қолында болса, сол ғана сөйлейді де, қалғандары тыңдап отырады. Кей кезде мұндай ойыншықтың екеуін қатар қолдануға болады, ондайда оның біреуі тек жүргізушінің (яғни, жүргізуші екінші ойыншықтың қатысушылардың қайсысының қолында болғанына қарамастан, сөйлеу құқығын өзінде қалдыра алады) қолында болады да, ол қажет жерінде сөзге кірісіп отырады. Пікірталасқа қатысушы өзінің алдындағы сөйлеуші өзіндік ой қорытындысын жасағаннан кейін ғана пікірін білдіруіне болады.