Тікелей нұсқау беру

Тікелей нұсқау беру. Құрылымы айқын пікірталастарда оны қалай жүргізу керектігі жөніндегі ережелер алдын ала нақтыланып, қатысушыларға дәлме-дәл түсіндіріледі. Мысалы, нақты қойылған мәселенің шешімін іздестіру кезінде бұл «миға шабуыл» ережесі болуы мүмкін (мәселені қою – бір-бірінің пікіріне ешқандай сын айтпай оны шешудің бірнеше нұсқасын ұсыну–сыни тұрғыда баға беру — олардың ішінен ең тиімдісін таңдау).

Кей кездерде талқылау құрылымын әдейі басқаша құруға да болады:

а) қатысушының біреуі қарастырылатын мәселенің мәнін түсіндіріп, оған қатысты жауап алу мақсатында бірнеше сұрақтар қояды, ә) әр қатысушы мәселені нақтылау үшін өз сұрақтарын қояды; б) әрбір қатысушы мәселеге қатысты өз көзқарастарын білдіреді әрі топқа қойылған сұрақтарға жауап береді; в) басында мәселені түсіндірген қатысушы айтылған пікірлерді қорытып, тұжырымдайды.

Пікірталаста қатардағы қатысушы ретінде сөйлейтін жүргізушінің өзіндік пікірі. Жүргізуші де өз пікірін білдіргенде өзіне дейін сөйлегендердің пікірлеріндегі ерекше айтылған ойларға назар аудара отырып, сол пікірлерден ортақ тұжырымдарды жинақтауына болады. Бір жағынан, жүргізуші сөзінің мазмұны басқалардыың сөзіне қарағанда қатысушыларға әсерлірек болады да, олар жүргізушінің әр сөзін ыждағаттылықпен тыңдайды. Екінші жағынан, жүргізушінің сөзі өзгелерге сөйлеудің үлгісін көрсететіндей, өте сауатты, жүйелі, мазмұнды болуы талап етіледі. Ол қатысушылардың эталоны қызметін атқарады. Пікірталасты тиімді ұйымдастыруда жүргізуші үшін келесі талаптар қойылады:

  • пікірталасты тек өзі дұрыс деп санаған ретпен ұйымдастырудан, өзге қатысушыларды мәжбүрлеуден аулақ болу;
  • пікірталастың барысын қатысушылардың диалог үстінде айтқан пікірлерінің даму бағытымен сәйкестендіріп отыру;
  • теориялық тұжырымдарды тәжірибелік жаттығулармен бекітіп отыруы;
  • қатысушылардың өзара тілдесуіне қолдау көрсетуі;
  • пікірталас барысында қатысушылардың өзі айтқан сөздерінің, ұсыныстарының, идеяларының, сұрақтарының мәнін түсінуіне көмектесуі;
  • айтылып жатқан сөздерді дұрыс тыңдай білуі, пікірталасқа қатысушылардың өзара тыңдау мәдениетін көтермелеп отыруы;
  • пікірталас үстінде өзіндік ой-пікірін, дәлелдемелерін ұтымды жеткізе білетін қатысушыларды көтермелеп отыруы;
  • қатысушылардың әр сөзі өзгелерді ойландыратындай болуын қадағалау;
  • өз пікірін айтуда, оны бекітуде абай болу, керісінше қатысушылардың ойлауына мол мүмкіндік беруге тырысуы;
  • Әңгімеге, диалогке, пікірталасқа өз билігін жүргізуге жол бермеуі;
  • Өз пікірін өтімді ету мақсатында пікірталасты бұрмалаудан бойды аулақ салуы;