ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан тарихы пәнінің дамуындағы кемшіліктер

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін мектепке арналған тұңғыш бағдарлама «Тарихтың үлгі бағдарламалары» деген атпен 1920 жылы жарыққа шықты . Оларда жаңа қалыптасып келе жатқан кеңестік идеологияның талаптарын ескере отырып, халық бұқарасының қызметін, қоғам дамуындағы экономиканың рөлін, жұмысшы табының бостандық жолындағы күресін, Қазан төңкерісінің халықаралық маңызын оқытып, үйретуге баса назар аударылды. Бірақ та көп ұзамай тарих пәні дербес пән болудан қалды.

20-жылдардың бас кезінде мектептің оқу жоспарына «Қоғам тану» пәні енгізілді. Осы пән бойынша 1921 жылы шыққан алғашқы және 1923 жылғы «ГУС-тың бағдарламаларының» жетістік жақтары да, кемшіліктері де болды. Оларда тарихтағы халық бұқарасының роліне, тап күресі мәселелеріне, елдің ішкі және сыртқы жағдайына көбірек орын берілуі сол кездегі талап тұрғысынан әрине дұрыс та. Ал, азаматтық тарихқа мүлде көңіл бөлінбеуі, нақты тарихи оқиғалар мен тарихи қайраткерлер қызметінің оқытылмауы үлкен кемшілік еді. Тарихты оқытуда орын ала бастаған социологизм мен абстрактылық тенденция он жылдан астам уақыт үстемдік алып, жастарды тарих пәні арқылы оқытып, тәрбиелеу міндеттерінің толық жүзеге асуына кедергі келтірді. 20-жылдардағы Қазақстан мектептерінің тарихы мен олардағы оқу-тәрбие жұмысына арналған еңбектерде тарих пәнін оқыту мәселелеріне аздап болса да назар аударылған. Қазақ АКСР Халық ағарту Комиссариатының 1922 жылы бекіткен жеті жылдық қазақ мектебінің үлгі оқу жоспарына 14 пән енгізіліп, олардың апталық, жылдық сағаттары көрсетілген. Солардың ішінде «Отантану және география» (3-7-сыныптар), «Қоғамтану, саяси сауат» деген пәндер бар . Бірақ та бұл пәндердің бағдарламалары, оқулықтары, олардың құрылымы мен мазмұны, оқытылуы туралы мәлімет жоқ./1/

Әңгіме болып отырған он жылдан астам уақытта «Қоғамтану» пәнін орыс тілінде оқытатын мектептер Мәскеуден шыққан бағдарламалар мен нұсқаулар бойынша, ал қазақ, басқа да ұлт мектептері негізінен Қазақ АКСР Халық ағарту Комиссариатының нұсқаулары бойынша жүргізді. 20-жылдары бірінші басқыш мектептер көбірек, ал екінші басқыштар (жеті жылдық) азырақ еді, олар енді ғана қалыптасып жатқан болатын. Мұның өзі тарих пәнінің сапасыз оқытылуына соқтырды. Өйткені тарихи білімдерді көбірек қамтыған дүние жүзі тарихының материалдары 5—7-сыныптарда оқытылды. КСРО халықтары тарихының жеке элементтері соның құрамында үзік-үзік өтілді. Кеңес мемлекеті өмір сүрген алғашқы он бес жылда КСРО халықтары тарихының жүйелі курсының оқытылмауы кеңес мектебінде тарихтан білім беруде орын алған үлкен кемшілік болды

Жоғарыда аталған бағдарламаларда да, олар бойынша жарияланған оқу құралдарында да, оқыту мәселелеріне арналған орталықтан шыққан кітапшалар мен ғылыми-әдістемелік мақалаларда да республикаларға аты берілген халықтар тарихын оқыту мәселелері көтерілген емес. Осы жылдардағы кеңес мектептеріндегі тарих пәнінің оқытылу жайын баяндайтын ғылыми-әдістемелік еңбектердің бір де бірінде бұл мәселе қарастырылмайды

Қазан төңкерісінен кейін кеңес елінде қоғамдық құрылыстың барлық саласында, соның бірі халық ағарту саласында да түбірлі өзгерістер жасала бастады. Белгілі ғалымдар мен ағартушылар, қоғам қайраткерлері осы саланың келешегі туралы, жастарды қай бағытта тәрбиелеу, оларға нені оқытып үйрету туралы ойларын ортаға салды.

Қазақстанда тарих пәнін мектепте оқытуға қатысты пікірлерді алғаш айтқандардың бірі Ж. Аймауытов болды. 1918 жылы Семей қаласында шыққан әдеби-ғылыми, қоғамдық «Абай» журналының 1 2-сандарында оның «Тәрбие» атты көлемді мақаласы жарияланады. Мұнда автор баланы тәрбиелеуде өз елінің әдет-ғұрпын, салт-санасын үйретудің, қоршаған ортамен таныстырудың маңызына назар аударады.

Ал, 1924 жылы Орынборда жарияланған «Тәрбие жетекшісі»  деген еңбегінде тарих пәнінің маңызын ерекше көрсете келіп, оны қай кластан бастап оқыту керек деген мәселеге тоқталады. «Тарихты оқыту— бала әр тараулы білім алып, әзірленіп, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып, айтып берерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен жағырафиядан едәуір білім алғаннан кейін басталсын — дейді. Ал, қандай тарихты оқыту керек деген сұраққа: «Дүние жүзі тарихы, не СССР тарихынан бұрын алдымен балаларды күнделікті өмірдің тұрмыс-салтымен, тіршілігімен байланыстыратын өз жұртының тарихын оқытудан бастаған жөн. Басқа жұрттың тарихынан жергілікті тарихқа керекті, һәм қазіргі заманға қатысы бар жерлерін ғана алу керек — деп тұжырымдайды.

4-класта әдебиетті, тарихты, жағырафияны біріктіріп (интеграциялап) «Біздің Отан» деген атпен оқыту қажет деген ұсыныс жасайды. Арада жетпіс жылдан астам уақыт өтседе Ж. Аймауытовтың осы айтқандарының бәрінің де дұрыстығын өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр. Оның ұсынған идеяларын кеңес дәуірінде Қазақстан мектептерінде толық жүзеге асыруға жол берілмеді. Ал, қазіргі уақытта оның жасаған қорытындыларын, есіресе 4-класта өз жұртының тарихын оқу, «Біздің Отан» деген интеграциялық курс туралы айтқандарының дұрыстығын өмір көрсетгі./3/

Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда тарихты оқыту, соған қоса өз ұлтының тарихын мектептерде оқыту туралы пікір айтқан ағартушылар, ғалымдар болған болса, кейінірек, әсіресе 20-жылдардың екінші жартысынан бастап мұндай пікір айтушылар мүлде байқалмады. Мұның үлкен саяси-тарихи себебі бар еді. 20-жылдардың екінші жартысынан бастап бүкіл елде, Қазақстанда да саяси қуғын-сүргін басталды.

30-жылдардың басында мектептің оқу жоспарларындағы тарих пәнінің рөлі, оның бағдарламалары мен оқулықтарын, оқыту әдістемесін жасау жөнінде үлкен пікір таласы болды. Көп ұзамай мектепте тарихты оқытуда түбірлі өзгеріс жасаған, оны осы мемлекет пен коммунистік идеологияға қызмет ету талаптарына сәйкестендірілді./4/

1936 жылы 3—4-сыныптарға арналған «КСРО тарихының қысқаша курсы» жарыққа шықты, ол 1939 жылы қазақ тіліне аударылып басылып, қазақ мектептерінде пайдаланыла бастады. Кеңес елінде жарық көрген тарих оқулықтары ішінде бүл қазақ тарихынан аздап болса да материал енгізген тұңғыш оқулық болатын. Оқулықта 67 тақырыпша-сабақ бар. 32-тақырыпша «II Екатеринаның жаңа жерлерді жаулап алуы» деп аталады. Осындағы «Қазақстан және Қиыр солтүстікте жүргізілген жаулап алушылықтар» деген әңгімеде Қазақстан туралы бір бет материал берілген. Онда XVIII ғасырда қазақтардың мал баққаны, үш жүз деп аталатын мемлекеті болғаны, оларды хандар мен сұлтандар билегені айтылады. «Ілгеріде қазақ елін монғолдар жаулап алған еді. Олар қазақтарды 200 жылдай езіп келді. 1731 жылы Әбілқайыр ханның сұрауы бойынша кіші жүз Ресейге қосылды. Қалған жағын және бүкіл Орта Азияны Ресей жаулап алды. Қамалдар салды, орыс әскерін ұстады, қазақ жерлерін талау саясатын жүргізді. Оған қарсы қазақ халқы бірнеше рет көтеріліс жасады…» дей келіп, 1783 жылғы С. Датов бастаған көтеріліс туралы қысқаша тоқталады . Оқулық кейін бірнеше рет орыс тілінде де, қазақ тілінде де қайта басылған, бірақ та Қазақстан тарихына қатысты материал өзгеріссіз қалған.

Сол кездегі тарих ғылымының даму дәрежесіне байланысты берілген тарихи материалда жаңсақтық бар еді. Мәселен, «мал баққан» жоқ, мал шаруашылығымен айналысты, «үш жүз деген мемлекет» емес, Қазақ хандығы деген мемлекет болды. Ал, кейбір маңызды тарихи фактілер мен құбылыстар тарихи шындық тұрғысынан бағаланған. Оларға: Қазақстанның көп жерін және бүкіл Орта Азияны патшалы Ресейдің жаулап алғаны, оларды айналдыра қамалдар салып, әскер ұстағаны, патшалы Ресейдің отаршылдық саясат жүргізгені, соған қарсы қазақ халқы мың бірнеше рет көтеріліске шыққаны туралы материалдар жатады. 30-жылдары жарық керген КСРО тарихының осы алғашқы оқулығында одақтас республикалар тарихына байланысты материалдар, әсіресе Орта Азия мен Қазақстан халықтарына қатыстылар мүлде аз болды. Кейбір ұлт республикаларында өз халқының тарихын мектепте оқытуға талпыныс байқалды, соның бірі Қазақ АКСР-і еді