Көне түріктердің наным – сенімінде құстардың маңызды рөл атқарғанын әдебиетте қалған іздерінен байқауға болады:
Қызғыштың даусы көбейді
Көлден аққуу сырылды,
Қайырымы кеткен соң
Мырзадан қоңсы жырылып,
Елім дер ер қалмады,
Артынан қарар бұрылып / 19,64/.
Аққу құс культі тәңіршілдік дінінде ерекше құрметке ие болған. «Жоғарғы әлемнің түрлі рухтары негізінен құс түрінде түсіндірілуі шамандық атаулыға тән құбылыс, аққу мен қаз шаманның аспан әлемін шарлауына жәрдемдесетін рухтары болып есептеледі, және бұл ең байырғы ұғымдар еді» /33.33/.Қазақ мифтерінде өдерінің шығу тегін аққумен байланыстырады: «Ерте кезде көп қолды басқарған Қалша қыдыр дейтін батыр қолбасшылық қолы қырылып бітеді. Өзі жау қолынан жараланып елсіз шөлде жығылып жалғыз қалады. Шөлден әбден қақырығы түтеп өлуге айналады. Осы сәтте көк аспаннан бір аққу ұшып келіп, ауызына су тамызып, оны өлімнен құтқарады. Айдын көлдіңт жағасына апарып жарасын емдеп жазады. Кейін бұл аққу асқан сұлу аруға айналады. Қалша қыдыр оған үйленеді. Олардан қазақ халқының арғы аталары туады. Қазақтың үш ұлы – Бекарыс, Ақарыс, Жанарыстан қазақ халқын құраған үш жүздің ұрпағы тарайды» / 37,47/. Дулат өлеңінде осы мифтік сарын сақталған, ақын көлден аққу сырылып, қайырымға кеткен билер, ел үшін жанын қияр ер қалмаған заманын бейнелейді.