Халқымыздың азаматтығы мен тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен ардагер азаматтарының бірі – Халел Досмұхамедов Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Алдымен ауыл молдасынан хат таниды. Кейіннен жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқиды. Одан соң Орал қаласындағы реалдық училищеге оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң Петербордағы әскери-медициналық академияда оқып, оны алтын медальмен бітіріп шығады. Академияда Х.Досмұхамедов дүние жүзі физиологтарының ақсақалы, шартты рефлекстер туралы әйгілі ілімнің авторы, академик И.П.Павловтың лекцияларын тыңдаған. Осы кездері оның дүниетанымы мен ой-өрісі кеңейе, жетіле түседі. Сол жылдары Ресейде болған буржуазиялық демократиялық төңкерісті өз көзімен көріп, оны түсіне бастауы, Халелдің, идеялық жағынан шыңдала түсуіне зор ықпал етеді. Ол қазақ халқын патшалы империяның аяусыз қанап, тонап отырғанына көзі жете бастайды. 1909ж. академияны бітірген соң әуелі Перм губерниясында, кейін 22 Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер болып жұмыс істейді.
1917ж. бастап Алашорда үкіметінің басшылық жұмысына белсене араласады. Оның Қазан төңкерісіне дейінгі осы іс-әрекетін бетіне шіркеу ғып, есімін атамай келгеніміз белгілі. Алайда оның ісі республика Жоғарғы сотының 1958ж. ақпандағы шешімімен қайта қаралып, толық ақталды. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында халық ағарту институтында оқытушы, Орта Азия университетінде ординатор қызметін, 1924ж. Ресей академиясынның Орталық өлкетану бюросының мүше корреспонденті болып сайланды. 1926ж. Қазақ педагогикалық институтының проректоры, кейіннен педология кафедрасының меңгерушісі, профессор қызметін (1929) бұған қоса қазақ АСР Денсаулық халық комиссариатының жоспарлау-ұйымдастыру басқармасының меңгерушісі болып істеді. Сол жылдары ұлттық мектептердің жаңа жүйесін құруға, қазақ тілінде ғылыми терминология жасау ісіне, ұлт тілінде журнал шығаруға белсене араласты.
Тарих, әдебиет, тіл ғылымдарына қатысты іргелі проблемалармен айналысып, «Қазақ халық әдебиеті», «Қазақ – қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», «Кенесары-Наурызбай», «Исатай қозғалысы турасында» (1925) «Адамның тән тірлігі» (1927), «Сүйектілер туралы» (1928), «Жануарлар» (1928), атты кітаптар жазды. Оның оқу-құралдарын жазудың методикасы, яғни шәкірт жанына лайықты етіп құрастыру жайлы айтқан пікірлері көңіл аударарлықтай.
«Алдымызда үлгі болмаған соң, ғылым кітабын жазу да қиын болады. Ғылымды өз тілімізге аударғанда, ең керегі ғылым тіліндегі қолданылған атауларды қазақ тіліне дұрыстап, түсінікті қылып аудару өте қиын жұмыс. Сөздің жүесін келтіріп, көркем қылып аудару өте қиын жұмыс. Сөздің жүйесін келтіріп, көркем қылып жазу да керекті нәрсе. Ғылым атауларына лайықты ат қоюмен қоса, ол бүтін ілгері болашаққа жол салатын нәрсе. Сондықтан алғашқы жазылған кітаптарда әсем қылып сөздің жүйесін келітірп жазудан гөрі ғылыми атауларға лайықты ат тағу жағын қарастыру керек», — дейді.
Х.Досмұхамедовтың фольклорлық тану саласынлағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны «Қазақ халық әдебиеті» (1928) очеркі. Онда халықтық педагогиканың кейбір проблемаларын сөз еткен. Бұл еңбектің тағы бір құндылығы: біріншіден, қазық ауыз әдебиеті үлгілерінің тәлімдік жағына баса көңіл бөліп, тұңғыш терең талдау жасауындағы болса, екіншіден, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін тұңғыш жинап, зерттеуші В.В. Радлов, Н.И.Ильминский, Г.П.Потанин, А.В.Алектаров, Ә.Диваев сияқты ғалымдардың ой-пікіріне сипаттама беруінде, үшіншіден, қазақтың халық әдеьиетінің ғылыми классификациясын жасап, жүйелеп, терминдерді қалыпастыруында болып отыр. Мәселен халық әдебиетінің мазмұны туралы айтқанда, шілдехана, бесік жырларының тәрбиелік мәнімен тоқтала келіп, «Қазақ баласының шыр етіп жерге түскеннен бастап, кімелетке толғанына дейінгі тыныс – тіршілігі ән-жырдыңғ құшағында өтеді. Қазақ баласын тәрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың» басты орынға шығуы, сірә, хаоық әдебиеті мен халық әуендерінің кең тарап, дамуы және оның тәрбие туралы болуы себеп болса керек», — дейді ғалым.
Автор түс жорудың, болжам өлеңдерінің мән-мағынасына тоқтала келіп, «түс жорудың қазақтар арасында үлкен мәні бар, ел ішінде арнайы мамандар – түс жарушылар да ұшырасады. Бұлардың айтуынша, түс жору перғауынның түсін болжамаған Жүсіп пайғамбардан басталады. Әрбір қазақ түсіп біреуге жорытуға тырысады және осы жору сөзге әрдайым сенеді. Мысалы, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш» т.б. жырларда түс көру мен оны жорудың поэтикалық суреттемесі баршылық» дейді.
Х.Досмұхамедов халықтың астрономиялық түсініктері мен ырымдарына да үлкен мән береді. Мысалы, ол «Халық әдебиетінде әпсаналар» үлкен орын алады. «Жер мен көктің жаратылуы», жұлдыздардың пайда болуы, топан су қатауы т.с.с. аңыз әңгімелер қазақ арасында өте көп тараған.
Автордың халық поэзиясының асыл мұраларын халықтың педагогикалық інжу-маржандары деп бағалап, «Қазақтың ұшықиырына көз жетпес кең даласы, оның құмы, өзені тау-тасы, орман-тоғайы, салт-дәстүрі, ойын-сауығы, күйініш-сүйініші, қайғы-қасіреті бәрі-бәрі халық әдебиетімен өзекті орын алған», — деген пікірмен әбден келісуге болады.
Автордың лиро-эпос, тұрмыс-салт жырларына, қазақтың ұлттық өнеріне жасаған талдауларының ғылыми-педагогикалық мәні зор.
Х.Досмұхамедов халқымыздың шаруашылық кәсібі, тұрмыс-тіршілігі, аңшылық өмірі, киіз үй мен оның барша жиһазы, ұлттық киімдері, әсіресе қыздар тағатын алтын-күміс, т.б. тізбектей келіп, осылардың жас буынды еңбекке, кәсіпшілдікке, адамгершілік қасиеттерге баулып тәрбиеленудің маңызы зор екенін нақты деректер келтіріп дәлелдейді.
Х.Досмұхамедовтың қазақтың ою-өрнекті, зергерлік қолөнері мен сәулет өнерінлегі мұраларын зерттеуге арнаған.
Халелдің тәлім-тәрбие, педагогика, психология ғылымдары саласында арнайы жазған ғылыми еңбектерінің де болуы ықтимал. Бірақ бұлары бізге әлі күнге дейін мәлім болмай отыр. Әйтсе де, оның ғылым, білім, мектеп, ағарту, тіл жайындағы ой-тұжырымдарына қарап, оны тәлім-тәрбие ғылымының да білгірі деуге болады.
Халел тіл, сөйлеу-адам психологиясының басты белгілерінің бірі екенін айтады. «Тіл – жұрттың жаны». Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Мектеп пен баспананың тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді дейді.
Халелдің психологияның жеке мәселелеріне байланысты пікірлері де терең. «Адамның табиғат тағы бір мінезі, — дейді. Ол, — ойын-сауық қылып, қызықтар көруі. Ойламайтын адам жоқ. Күлмеген адам адам емес» — дейді.
Х.Досмұхамедовтың осындай пікірлері корнекті орыс психологы Б.М.Тепловтың (1896-1965) «Әдеби мұралар психология ғылымы үшін еш уақытта да мәнін жоймайтын, бірден-бір қажетті материал болып табылады» дейтін түйіндерімен астарласады.
Х.Досмұхамедовтың, педагогика, психология ғылымдарына қатысты бұл айтылғандардан басқа да әртүрлі ой толғаныстар көп. Бұлардың бәрін ғылыми талдауға алу арнаулы зерттеуді қажет етеді.