XIX-шы ғасырдың ортасында Қиыр шығыста жүргізілген отарлаушы экспанцияны белсенді іске асырған мемлекет Англия болды. Англияның өнеркәсібінің үдемелі дамуы нәтижесінде өнеркәсіптік төңкеріс орын алып, ол әсерін отарларға да тигізді. Отар елдер шикі заттың көзі болды. Жалпы отарлау XV-ші ғасырда бастау алып, XIX -шы ғасырда ауқымды түрде жүргізілді.
Қытай рыногы ағылшын буржуазиясын ертеден-ақ қызықтырған. Қытайдың саяси және әскери әлсіздігі Қытайды оп-оңай өзіне бағындыруға мүмкіндік берді. Қытайдың өздігінен сауда жасауға қадам жасамайтындығын білген ағылшындықтар бұл жерде апиынның жасырын саудасын өркендете түседі. Қытаймен соғыс бастауға сылтау етіп,
«апиын » дауын қолданды. Өйткені, Цин үкіметі апиынды саудалаумен оны тұтынуға тиым салатын заң шығарды. Апиын мен контробандалық сауданың сақталып қалуына бірқатар Манчжурлық және қытайлық, Гуандундық сановниктер мүдделі еді. Өйткені, олар осы апиын саудасынан пара алу арқылы пайда тапты. Көпестер де құр қалмады.
Ұлттық қасіретке айналған апиын шегумен күрес мемлекеттің тағдырына алаңдаған Қытай қоғамының алдыңғы қатарлы тұлғаларының зейінін өзіне аудармай қоймады. Апиынмен саудаға Қытайдың билік топтарының бірқатар сановниктері мен ғалымдары қарсы шықты, солардың ішінде, Хуан Цзюэ-цзы, Вэй Юань, Гун Цзы-чжень және Линь Цзе-сюйлерді атауға болады. Апиын саудасына жергілікті халық та қарсы болды. 1838-ші жылдың екінші маусымында астаналық сановник Хуан Цзюэ-цзи Цин сарайына баяндама беріп, онда Қытайдағы апиын саудасынан келіп жатқан зардаптарды атап көрсетті. Император Даогуан баяндамамен танысып, провинция губернаторына осы жөніндегі пікірді айтуларын сұранды. Қытай үкіметі тарапынан апиын саудасына шектеу қою әрекеттері басталды. Шетелдік көпестерден апиын саудасынан бас тарту жайлы міндеттемеге қол қою талап етілді. Бірқатар уақыт сыртқы сауда тоқтатылды. Шетелдік көпестер Гуанчжоудан шықпай апиын қорын өткізулері тиіс болды.
Жергілікті Қытай өкімет орындары апиын жүктерін конфискелеген кезде, ағылшын үкіметі Қытайға «апиын соғысын» (1840-1842) бастады, бұл арқылы апиынды және басқа да ағылшын тауарларын, әсіресе матаны Қытайға әкелу правосын заңдандырғысы келді. Ағылшын флоты мен әскері Қытайдан оңтүстік-шығыстан шабуыл жасап, Кантонға өрт салды. Халық бұқарасы партизан отрядтарын құрды, алайда Цин үкіметі халықты қарсылық көрсетуге шақырудан қорықты. Оның әскері жеңіліске ұшырады. Қытайдың жеңіліп қалуының басты себебі – оның экономикалық және әскери-техникалық жағынан мешеулігі еді. Ағылшынның көп зеңбіректі желкенді әскери кемесіне және ең жаңа да күшті атыла тын қарумен жабдықталған әскеріне жебе, садақ, найзамен тойтарыс беру қиын еді.
Англия Гонконг аралын басып алып, Қытайды шетел көпестеріне бірқатар порттарды ашып беру жөніндегі тең правосыз шартқа қол қоюға көндірді. Қытай апиынның әкелінуін заңдандырғысы келмесе де, іс жүзінде ол жеткізіле берді.
1856-1860 жылдары «апиын соғыстары» қайталанды да, Қытайды ағылшын және француз әскерлерінің біріккен күші бұрынғыдан да бетер күйретіп салды. Олар императордың Пекин маңындағы қазына-байлыққа толы сарайын талқандап, тонады. Отаршылдар Қытайға тағы да тең правосыз шартты таңды. Шетелдіктерге бұрынғының үстіне тағы бірнеше порттарда сауда жасауға рұқсат етілді, басқа да артықшылықтар берілді.
Қытайға таңылған шарттың теңсіздігі, әсіресе, мынадай жағдайлардан анық көрінді. Қытай жерінде тұратын ағылшын және француз азаматтары қытай заңына бағынбайтын болды, оны қытай соты соттай алмады. Егер олар қылмысты болса, оларды елдің тиісті консулы өз заңы бойынша соттады. Қытайда артықшылықтарды бәрінен көп пайдаланған Англия болды, өйткені оның теңіз саудасындағы басымдығы күшті еді. Теңіз жағалауларындағы үлкен қалаларда арнайы кварталдар құрылды, онда тек шетелдіктер тұрды, оған қытай өкімет орындары кіре алмады.
Реакциялық Цин үкіметінің шетел агрессиясына тойтарыс беруге қабілетсіздігі оның өкіметін әлсіретті. «Британ қаруы алдында, — деп жазды К. Маркс, — маньчжур әулетінің беделі көкке ұшты; мәңгілік Аспан империясы туралы ырымшыл түсініктерге өлтіре соққы берілді ». «Апиын соғыстары» шаруаларды қанауды күшейте түсті. Жеңген елдерге соғыс салығын төлеу үшін жаңа салықтар жинау енгізілді. Аренда ақысы өсті. Шетел тауарларының басып кетуі жергілікті қолөнершілерді күйзелтті. Мұндай жағдайда күшті шарулар соғысы бұрқ ете түсті. Ол 1850 жылы елдің оңтүстігінде, Кантонға таяу жерде басталды. Маньчжур әулеті мен помещиктерге қарсы күрес отаршылдарға қарсы күреске ұласты. Көтерілісшілерді басқарған шаруаның баласы, мектеп мұғалімі Хун Сюцюань болды. Ол жалпыға бірдей теңдік идеясын насихаттап, «Жаппай рахат кешетін аспан патшалығы мемлекетін » құруға шақырды. Сондықтан шаруалар соғысына қатысушыларды тайпиндер деп атады.
1939 жылдың тоғызыншы қыркүйекте ағылшын кемелерімен және қытай джонкаларының арасында қақтығыс болды. Алғашқы оқты ағылшын кемесі «Перл» жасады. Он үшінші қарашада ағылшын және қытай кемелері Чуаньби маңында қақтығысты. Жиырма алтыншы қарашада Цин императоры бұл хабарды есітіп, ағылшындармен сауданы тоқтатуды бұйырды.
1840 жылдың тоғызыншы маусымында ағылшын әскери эскадрасының алғашқы кемесі пайда болып, айдың соңына қарай ол жерде он жеті ағылшын әскери кемесі бес жүз қырық қарумен, артиллериямен жабдықталған бу кемесімен, және жиырма жеті жүк тасушы кеме жинақталды. Осы уақытта Қытайда үш полкпен төрт мың адамнан тұратын инженер-сапер бөлімдері әскерлер Чжуцзянь бұғазында жинақталды. Олар белсенді әскери әрекеттерден бас тартты. Отызыншы маусымда ағылшын эскадрасы Гуандун провинциясының оңтүстік бөлігін тастап, солтүстікке бет алды. Төртінші шілденің таңында олар Чжоушань түбегінің маңына келді. Цин әскерлері ағылшын кемелерін көріп, қаша бастады. Ағылшындықтар қаланы қатыгездікпен тонады. Ағылшын эскадрасы Байхэ маңында якорға тұрып, он алтыншы тамызда ағылшын әскери басшылары Цин чиновниктеріне Г. Пальмерстонның нотасын берді. Осылай ресми түрде он күннің ішінде жауап беруі талап етті. Англия үкіметі Қытайға келесі талаптарды берді. Гуандунде ағылшын көпестерінің апиынын тәркілегені үшін, оның құнының орнын толтыру, «Гуанханның ағылшын көпестеріне көпжылдық қарызын төлеу», ағылшын өкіметі капитан Ч. Эллиоттың ар-намысына нұқсан келтіргені үшін Гуандун билеушілерін жазаға тарту, Англияға континентальды Қытай жағалауында орналасқан Қытайға тиесілі қос аралдардың бірін беру, Қытайға әскери экпедицияны жарақтандырумен байланысты Англияның шығынының орнын толтыру.