Баянды болашақтың бастау-бұлағы. 2030 стратегиялық жоспар

Дамуымыздың даңғыл бағыт-бағдары болып табылатын “Қазақ­стан-2030” Стра-тегиясында білімді жастардан тұратын қауқарлы қоғам құру мәселесі бірінші кезекке қойылған. Осы бағдарламаның жалғасы іспеттес еліміздің “Білім туралы” Заңы мен оған енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыру­ларда, “Қазақстан Респуб­лика­сында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында” еліміздегі үздіксіз білім берудің ұлттық жүйесінің қалыптасып дамуына, оны әлемдік білім беру кеңіс­тігінің талаптарына сай ұйым­дастыруға ерекше мән беріледі. Үздіксіз кәсіби білім берудің қазақстандық моделі нарықтық экономика жағдайында болашақ мамандарға кәсіби білім берудің өзара сабақтас көп деңгейлі де икемді жүйесін қалыптастыруды көздейді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан халқына Жолдауындағы біздің елімізде білім алған жастардың кәсіби біліктілік деңгейінің шетелдерде танылуына қол жеткізудің аса қажеттілігін атап көрсетуі, көп деңгейлі үздіксіз білім беруді жүзеге асыратын бастауыш, орта, арнаулы кәсіби және жоғары білім беру мекемелерінің алдына үлкен мін­деттер жүктейді. Елімізде қалыпта­сып келе жатқан көп деңгейлі үздіксіз кәсіби білім берудің сапасы ең алдымен білім беру сатыла­рының арасындағы білім мазмұны мен оқыту технологиясының, білім беруді басқарудың ғылыми-әдіс­темелік негіздел­ген бірізділігі мен сабақтастығына тікелей байла­нысты болады.

Болашақ маманның өзінің қабілет, бейімділігі мен жұмыс берушінің талап­тарына сай үздіксіз білім беру жүйесінде білім алудың оңтайлы да икемді жолын таң­дауына мол мүмкіндік жасалуы тиіс. Оның өз мүмкіндігі мен қажеттілікке қарай көп деңгейлі үздіксіз білім алудың барлық сатысынан бірізді жүйеде өтуіне, болмаса алдымен орта кәсіби білім алып, соның негізінде жеделдетіл­ген бағдарлама бойынша жоғары бі­лім алуына немесе жоғары база­лық білім алып, соның негізінде кәсіби білімін қалаған бағытта магистратурада жалғастыруына, болмаса екінші жоғары білім алуына мүмкіндік жасалуы тиіс.

Қоғамның әлеуметтік-экономи­калық даму қарқынына сәйкес маманға деген сұраныс пен оның кәсіби білігі мен біліктілігіне қойылатын талаптардың өзі, бүгінгі жастарға болашақ мамандығының бағыты мен үздіксіз білім беру жүйесінде оны игерудің траекто­рия­сын дұрыс таңдай білу қажет­тілігіне әкеліп отыр. Сондықтан да, кәсіби білім беруді ұйымдастыру мен оны басқарудағы бірізділік пен сабақтастықты қамтамасыз ету бастауыш, орта және жоғары кәсіби білім беру мен мамандардың білімін жетілдіру мекемелерінің басты міндеті болып табылады.

Соңғы жылдардағы жоғары оқу орындарына студенттер қабылдау­дың көрсеткіштеріне назар салсақ, орта мектепті бітірушілердің басым бөлігінде, алдымен нақты кәсіби-практикалық білім беруге бағыттал­ған кәсіби-техникалық мектептер мен колледждерде, сәйкесінше, бастауыш немесе орта кәсіби білім алып, сонан соң жұмыс берушінің талабына сай кәсіби білімін қыс­қартылған бағдарлама бойынша жеделдетілген түрде универси­тет­терде жалғастыруға деген ұмтылыс анық байқалады. Соған сәйкес, универси­теттердегі студенттер контингентінде де орта кәсіби білімінің негізінде жеделдетіл­ген түрде білім алушылардың үлес салма­ғы жыл санап артып келеді. Мектепті бітірген бойда сырттай оқу түрінде жоғары білім алушы студенттердің саны да бүгінгі күні білім берудің осы түрінде оқитын студенттердің 20% ғана құрайды. Кәсіби білім беру жүйесінде қалып­тасқан осындай заңды бетбұрысқа байланысты елімізде бастауыш және орта кәсіби білім беретін кәсіби-техникалық мектептер мен колледждердің саны да артып келеді.

Болашақ мамандардың қоғам сұранысына сай кәсіби білім алуға деген осындай талабына байланыс­ты Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университеті өзінің қалыптасқан оқу-материал­дық-техникалық базасы мен ғылыми-кадрлық әлеуетін пайдала­нып, аймақтың маманға деген сұранысын қанағаттандыру мақса­тында бірнеше жылдан бері кәсіби білім берудің өзара сабақтас көп деңгейлі жүйесін қалыптас­тырып келеді. Университет жанындағы бейімді білім беру лицейінде 9-сынып­тан кейін оқушылардың қабілетіне қарай гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми бағытта орта білім беру жүзеге асырылса, бастауыш кәсіби білім беру орталығында 25 жұ­мыс­шы мамандығы бойынша мамандар даярланады. Уни­верситетте даяр­ланатын жоғары-базалық білім — бакалавриаттың 56 мамандығына сәйкес университет жанындағы кол­ледж­де 32 мамандық бойынша орта кәсі­би білімді мамандар даярланып келе­ді. Сонымен бірге университетте жо­ғары оқу орнынан кейінгі магистрату­раның 15 мамандығы бойын­ша білім берумен бірге ма­мандарға қосымша білім беру мен ма­мандардың кәсіби біліктілігін арттыру­ды жүзеге асыратын арнайы факультет пен қа­шықтықтан оқыту орталығы жұ­мыс жасайды. Уни­верси­теттегі кәсіби білім берудің осын­дай көп деңгейлі құрылымында 60 ғылым докторы, про­фессорлар, 264 ғылым кан­дидаты, до­центтер мен жоғары санаттағы тәжі­рибелі мұғалімдер және оқытушы­лар дәріс береді. Бұл облыстағы ғалымдар әлеуетінің 77 пайызын құрайды.

Бір оқу орнының базасында кәсіби білім берудің барлық деңгейінде білім беру қызметін ұйымдастырудың, үздіксіз кәсіби білім берудің бірізділігі мен сабақтастығын қамтамасыз етудің мол мүмкіндігі бар екендігі сөзсіз. Оны жүзеге асыру үшін әрбір мамандық бойынша оқу жоспа­рындағы, әрбір пәннің оқу бағдарламалары мен оқыту технологиясындағы және білім беру қызметін басқарудағы бірізділік пен сабақтастыққа қол жеткізілуі керек. Әрбір облыс орталығында, әрбір аймақ­та орналасқан болашақ маман­дыққа бағытталған бейімді білім беру лицей­лері, кәсіптік-техникалық мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру меке­мелерінің білім беру қызметіндегі бірізділік пен сабақтастықты жүзеге асырмайынша, аталған проблеманың кешенді түрде шешілуі қиын болатыны сөзсіз. Ол үшін әрбір аймақта сол аймақтың әлеуметтік-экономика­лық дамуына сәйкес әртүрлі кәсіби деңгей­дегі мамандар даярлаудың бірізді жүйе­сін жасап, үйлестіріп отыра­тын аймақ­тық бірыңғай оқу-ғылыми-әдістемелік кешен қалыптастырылуы тиіс.

Сондықтан үстіміздегі жыл­дың қазан айының ортасында өтетін білім және ғылым қызмет­керлерінің кезекті ІV съезінде еліміздегі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастырып, оның бірізділігі мен сабақтасты­ғын қамта­масыз ету мақсатын­дағы аймақтық бірыңғай оқу-ғылыми-әдістемелік кешендер құрудың қажеттілігі жөнінде сөз болады деп ойлаймыз.