Дамуымыздың даңғыл бағыт-бағдары болып табылатын “Қазақстан-2030” Стра-тегиясында білімді жастардан тұратын қауқарлы қоғам құру мәселесі бірінші кезекке қойылған. Осы бағдарламаның жалғасы іспеттес еліміздің “Білім туралы” Заңы мен оған енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларда, “Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында” еліміздегі үздіксіз білім берудің ұлттық жүйесінің қалыптасып дамуына, оны әлемдік білім беру кеңістігінің талаптарына сай ұйымдастыруға ерекше мән беріледі. Үздіксіз кәсіби білім берудің қазақстандық моделі нарықтық экономика жағдайында болашақ мамандарға кәсіби білім берудің өзара сабақтас көп деңгейлі де икемді жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауындағы біздің елімізде білім алған жастардың кәсіби біліктілік деңгейінің шетелдерде танылуына қол жеткізудің аса қажеттілігін атап көрсетуі, көп деңгейлі үздіксіз білім беруді жүзеге асыратын бастауыш, орта, арнаулы кәсіби және жоғары білім беру мекемелерінің алдына үлкен міндеттер жүктейді. Елімізде қалыптасып келе жатқан көп деңгейлі үздіксіз кәсіби білім берудің сапасы ең алдымен білім беру сатыларының арасындағы білім мазмұны мен оқыту технологиясының, білім беруді басқарудың ғылыми-әдістемелік негізделген бірізділігі мен сабақтастығына тікелей байланысты болады.
Болашақ маманның өзінің қабілет, бейімділігі мен жұмыс берушінің талаптарына сай үздіксіз білім беру жүйесінде білім алудың оңтайлы да икемді жолын таңдауына мол мүмкіндік жасалуы тиіс. Оның өз мүмкіндігі мен қажеттілікке қарай көп деңгейлі үздіксіз білім алудың барлық сатысынан бірізді жүйеде өтуіне, болмаса алдымен орта кәсіби білім алып, соның негізінде жеделдетілген бағдарлама бойынша жоғары білім алуына немесе жоғары базалық білім алып, соның негізінде кәсіби білімін қалаған бағытта магистратурада жалғастыруына, болмаса екінші жоғары білім алуына мүмкіндік жасалуы тиіс.
Қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына сәйкес маманға деген сұраныс пен оның кәсіби білігі мен біліктілігіне қойылатын талаптардың өзі, бүгінгі жастарға болашақ мамандығының бағыты мен үздіксіз білім беру жүйесінде оны игерудің траекториясын дұрыс таңдай білу қажеттілігіне әкеліп отыр. Сондықтан да, кәсіби білім беруді ұйымдастыру мен оны басқарудағы бірізділік пен сабақтастықты қамтамасыз ету бастауыш, орта және жоғары кәсіби білім беру мен мамандардың білімін жетілдіру мекемелерінің басты міндеті болып табылады.
Соңғы жылдардағы жоғары оқу орындарына студенттер қабылдаудың көрсеткіштеріне назар салсақ, орта мектепті бітірушілердің басым бөлігінде, алдымен нақты кәсіби-практикалық білім беруге бағытталған кәсіби-техникалық мектептер мен колледждерде, сәйкесінше, бастауыш немесе орта кәсіби білім алып, сонан соң жұмыс берушінің талабына сай кәсіби білімін қысқартылған бағдарлама бойынша жеделдетілген түрде университеттерде жалғастыруға деген ұмтылыс анық байқалады. Соған сәйкес, университеттердегі студенттер контингентінде де орта кәсіби білімінің негізінде жеделдетілген түрде білім алушылардың үлес салмағы жыл санап артып келеді. Мектепті бітірген бойда сырттай оқу түрінде жоғары білім алушы студенттердің саны да бүгінгі күні білім берудің осы түрінде оқитын студенттердің 20% ғана құрайды. Кәсіби білім беру жүйесінде қалыптасқан осындай заңды бетбұрысқа байланысты елімізде бастауыш және орта кәсіби білім беретін кәсіби-техникалық мектептер мен колледждердің саны да артып келеді.
Болашақ мамандардың қоғам сұранысына сай кәсіби білім алуға деген осындай талабына байланысты Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өзінің қалыптасқан оқу-материалдық-техникалық базасы мен ғылыми-кадрлық әлеуетін пайдаланып, аймақтың маманға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында бірнеше жылдан бері кәсіби білім берудің өзара сабақтас көп деңгейлі жүйесін қалыптастырып келеді. Университет жанындағы бейімді білім беру лицейінде 9-сыныптан кейін оқушылардың қабілетіне қарай гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми бағытта орта білім беру жүзеге асырылса, бастауыш кәсіби білім беру орталығында 25 жұмысшы мамандығы бойынша мамандар даярланады. Университетте даярланатын жоғары-базалық білім — бакалавриаттың 56 мамандығына сәйкес университет жанындағы колледжде 32 мамандық бойынша орта кәсіби білімді мамандар даярланып келеді. Сонымен бірге университетте жоғары оқу орнынан кейінгі магистратураның 15 мамандығы бойынша білім берумен бірге мамандарға қосымша білім беру мен мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын арнайы факультет пен қашықтықтан оқыту орталығы жұмыс жасайды. Университеттегі кәсіби білім берудің осындай көп деңгейлі құрылымында 60 ғылым докторы, профессорлар, 264 ғылым кандидаты, доценттер мен жоғары санаттағы тәжірибелі мұғалімдер және оқытушылар дәріс береді. Бұл облыстағы ғалымдар әлеуетінің 77 пайызын құрайды.
Бір оқу орнының базасында кәсіби білім берудің барлық деңгейінде білім беру қызметін ұйымдастырудың, үздіксіз кәсіби білім берудің бірізділігі мен сабақтастығын қамтамасыз етудің мол мүмкіндігі бар екендігі сөзсіз. Оны жүзеге асыру үшін әрбір мамандық бойынша оқу жоспарындағы, әрбір пәннің оқу бағдарламалары мен оқыту технологиясындағы және білім беру қызметін басқарудағы бірізділік пен сабақтастыққа қол жеткізілуі керек. Әрбір облыс орталығында, әрбір аймақта орналасқан болашақ мамандыққа бағытталған бейімді білім беру лицейлері, кәсіптік-техникалық мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің білім беру қызметіндегі бірізділік пен сабақтастықты жүзеге асырмайынша, аталған проблеманың кешенді түрде шешілуі қиын болатыны сөзсіз. Ол үшін әрбір аймақта сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сәйкес әртүрлі кәсіби деңгейдегі мамандар даярлаудың бірізді жүйесін жасап, үйлестіріп отыратын аймақтық бірыңғай оқу-ғылыми-әдістемелік кешен қалыптастырылуы тиіс.
Сондықтан үстіміздегі жылдың қазан айының ортасында өтетін білім және ғылым қызметкерлерінің кезекті ІV съезінде еліміздегі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастырып, оның бірізділігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатындағы аймақтық бірыңғай оқу-ғылыми-әдістемелік кешендер құрудың қажеттілігі жөнінде сөз болады деп ойлаймыз.