Жұртқа белгілі, 2004 жылы 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Онда 2008-2009 оқу жылында 12 жылдық мектепке өту жоспарланған.
12 жылдық білім беруге сапалы өтуді қамтамасыз ету үшін 2005 жылы 12 жылдық білім беру проблемаларының Республикалық ғылыми-практикалық орталығы (РНПЦ) құрылды. 12 жылдық мектептің білім стандартын жасау бұл орталықтың бірінші кезектегі міндеті болды.
12 жылдық мектептің білім стандарты мынадай үш құжаттан тұрады:
— негізгі ережелер,
пәндік стандарттар,
— білім берудің оқу бағдарламалары.
Білім беру мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының негізінде жасалған оқыту бағдарламаларымен анықталады.
Жалпы білім беруге арналған оқыту бағдарламалары типтік және жұмыс бағдарламаларынан тұрады. Типтік бағдарламалар стандарттар негізінде, ал жұмыс бағдарламалары тиісті типтік оқыту бағдарламалары негізінде жасалады.
12 жылдық мектептің оқулықтары осы құжаттар негізінде жазылуы тиіс.
Бүгінгі күннің шындығына келсек, осы кезге дейін 12 жылдық мектептің білім стандартының негізгі ережесі жоқ.
Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшылығы дайындалған 12 жылдық мектептің білім стандартының негізгі ережелерінің жобасын жетілдіру қажет деген бірден-бір дұрыс шешім қабылдады.
Қазіргі уақытты 12 жылдық мектеп бастауыш сыныптарының оқулықтары жазылып, сараптан өткізілді деген пікір айтылуда.
Мұнда біраз сұрақтар туындайды:
— егер 12 жылдық мектептің бастауыш сыныптарында 11 жылдық мектеп стандарты бойынша жазылған оқулықтар қолданылатын болса, онда қандай мектеп реформасы жөнінде сөз айтуға болады?
— жұртшылық қауым танысу үшін 12 жылдық мектеп стандарттарының негізгі ережелері жариялана ма?
— алдағы реформаның мемлекеттік маңызын қаперге ала отырып және оны сапалы өткізу үшін әлі де болса көптеген істер атқару қажеттігін мойындай отырып, 12 жылдық білім беруге көшудің мерзімін өзгертуге болмай ма?
Жалпы білім беру жүйесінің маңызды проблемаларының бірі – өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Жапония білім беру жүйесі – әлемде алдыңғы қатарлылардың бірі. Бүгінгі жапон мектебі, бірінші кезекте, жапондықтардың ұлттық рухын дәріптейді, өз тәрбиеленушілерінде адамгершіліктің тиісті нормаларын қалыптастырады, олардың бойына ұлттық мінез-құлықтың негізгі белгілерін сіңіріп, дамытады. Осы мақсатты іске асыру үшін Жапония мектептерінің оқу жоспарында әртүрлі гуманитарлық пәндерді оқытуға көбірек көңіл бөлінеді. Бұл пәндердің кейбірулері біздің мектептерде тіпті оқытылмайды, не өте аз оқытылады.
Соңғы кезде баспасөз бетінде Америка мен Батыс елдерінің ғалымдары “өскелең жастарды рухани және адамгершілікке тәрбиелеуде Шығыс елдерінің тәжірибесін зерттеп, оны пайдалану дұрыс болар еді” деген ой айтуда, өйткені, бұл фактор білім беру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Біздің ойымызша, біздегі ұсынылып отырған стандарт бұл тұрғыдан әлі де болса қайта қаралуы керек.
Отандық оқу құралдарын жасау 1996 жылы “Жалпы білім беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау мен басып шығару” атты мақсатты кешенді бағдарлама қабылданған соң басталды. Бұл білім беру жүйесін реформалаудағы маңызды қадам болды.
Кеңес одағы кезеңінде қазақ мектептері сабақтарды аударма оқулықтар арқылы жүргізді, елімізде мектеп оқулықтарын жасау тәжірибесі болмады. Осыған қарамастан, қысқа мерзім ішінде 11 жылдық мектептің барлық оқулықтары дайындалды.
Оқулықтар жазудың күрделі іс екенін жақсы білген ірі ғалым, академик А.Колмогоров оқулық жасау қиындығын реактивті ұшақ жасау қиындығымен салыстырған еді. Реактивті ұшақ жасау үшін ондаған институттар мен мыңдаған адамдар жұмыс істейтіні бәрімізге аян.
Осы уақыт ішінде Қазақстанда оқулық басып шығарудың әлемдік талаптарына жауап беретін бір де бір оқулық жасалған жоқ. Жақсы оқулықсыз жақсы білім болмайтыны белгілі. Сондықтан бұл маңызды мәселе 12 жылдық мектеп оқулықтарын жасау кезеңінде бөлек әңгімені талап етеді.
Білім сапасы туралы әңгіме қозғағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) туралы айтпау мүмкін емес.
Кез келген білім реформасы – бұл әртүрлі позициялар мен элементтердің қосындысы емес, басты білімдік және әлеуметтік-білімдік мақсат доминантындағы олардың бірыңғайлығы.
ҰБТ-да бұл бірыңғайлық болған жоқ. Керісінше, әрқайсысы өзіне басымдықты талап ететін әралуан мақсаттардың көзге ұрып тұрған қайшылығы болды. ҰБТ-ның өз қадірін түсіруі мен сенімді жоюының басты себебі – оның мазмұны стандарттың рөлін атқара бастауында болды (көптен бері атқарып келеді). Бұл жалпы білім берудің сапасының төмендеуі мен терең тоқырауына жол ашты. Арбаны аттың алдына қойып, ҰБТ-ның идеологтары, шын мәнінде оқу материалдарын ҰБТ-ны тапсыру құралына айналдырды. ҰБТ-ның идеологтарына оны өткізудің технологиялық базасының нашар екені әу бастан-ақ белгілі болды. Бақылау-өлшеу материалдарының (КИМ) зияндылығы анық еді. Соған қарамай басты назар осы нашар да әлсіз тестерге аударылды.
ҰБТ-ның ережелеріне сәйкес мектепті бітірушілер үш сағатта 120 сұраққа жауап беруге тиіс болды, былайша айтқанда, әр сұраққа жауап іздеуге 1,5 минөт берілді. Осы 1,5 минөтке есептелген уақытта кез келген пәннен дұрыс сұрақ түйіндеп, абитуриент бұл пәнді қаншалықты терең меңгергеніне баға беруге бола ма? Мұндай сұрақ қоюдың өзі күлкілі сияқты. Осындай қарадүрсін сұрақтар қойып, мектеп бітірушілердің тағдырларын шешуге бола ма? Тіпті осы жылдың өзінде 100-ден жоғары балл алған Алматы қаласының кейбір оқушыларының жылдық “үштік”, ал тоқсандық “екілік” бағалары болған.
Әрине ҰБТ-ны іске қосқанша тәжірибе жинақтап, кадрлар дайындау, т.б. керек еді. Бірақ бұл жасалмады. Әкімшілік ресурстың көмегімен қажетті бағытта түзеп отыруға келетін лездік нәтиже керек болды.
ҰБТ-ны біздің елде ендіру осыдан он жыл бұрын басталса да, осы уақыт ішінде оны жетілдіру мақсатында пәлендей өзгерістер жасалған жоқ. Ал ғылыми тестология бүгінге дейін ешкімге белгісіз, не педагогикалық жоғары оқу орындарында, не университеттерде оқытылмайды.
Қиыр шет елдерді айтпағанның өзінде, көрші Ресейде бірыңғай мемлекеттік емтихандарды (ЕГЭ) жетілдіру үшін үлкен жұмыстар істелді. ҰБТ-да қолданылатын қарадүрсін сұрақтар барлық тапсырмалардың 30%-ын ғана құрайды. Ресей бақылау-өлшемдік материалдарының (КИМ) екінші бөлімінде ашық тест бар. Ол бойынша берілген сұраққа көрсетілген жолда керекті сөзді (жауап) жазу керек. Ресей КИМ-дерінің үшінші бөлігін жабық тест құрайды, басқаша айтқанда, математикадан, физикадан, химиядан, биологиядан күрделі есеп шығару немесе гуманитарлық пәндерден эссе, шығармалар жазу. Осыған қарамастан, ММУ бастаған Ресейдің жоғары оқу орындары ЕГЭ-ні жетілдірілмеген деп, оның нәтижелері негізінде абитуриенттерді қабылдаудан бас тартты. ММУ ректоры, академик В.А.Садовничийдің айтуы бойынша, ЕГЭ ресейлік білімді модернизациялаудың кешенді міндеттерін өзімен алмастырып, бүтіндей тұншықтырды.
Осы жылдың тамыз айында Ресей Федерация Кеңесінің төрағасы Сергей Миронов оқушылардың білімін және жоо-ға түсуін бағалай алмайтын, пайдасы жоқ құрал ретінде Бірыңғай мемлекеттік емтиханды қолданыстан алып тастауды ұсынды. Спикердің сөзі бойынша, “ресейлік білім жүйесі бүлдірілмей тұрғанда ЕГЭ-ден бас тарту қажет. “Антикоррупциялық” аргумент те жұмыс істемеді”.
Федерация Кеңесінің спикері ЕГЭ-мен жасалған эксперимент өз нәтижесін бермегенін, өзін ақтамағанын ашық мойындауға шақырды. Оқушылардың білімін ЕГЭ-мен қалай болса солай тест өткізу арқылы бағалауды үзілді-кесілді тоқтатуды талап етті.
Көріп отырғанымыздай, біздің ҰБТ-да қолданып жүрген тестер Ресей ЕГЭ-сінде қолданып жүрген тестермен салыстырғанда, әлдеқайда қарадүрсін. Осындай тестермен қаруланған жоғары сынып оқушылары 1998 жылдан бастап ҰБТ бойынша емтихан тапсыратын пәндерді терең зерделеп оқымайтын болды. Тестілеудің ең қарадүрсін әдісін елімізде ендіре отырып, соңғы сегіз жылда балалардың барлық пәндерден іргелі білім алуға талпынысын қайтарып тастадық. Жоғары сынып оқушылары оқулықтарды, көркем әдебиетті оқуды, мәселенің мәнісіне үңілуді, теорияларды, құбылыстарды, бейнелерді талдап түсіндіруді, өз ойларын жүйелеуді, негіздеуді қойды. Сонымен тестілеудің бұл жүйесі еліміздің білім беру жүйесіне орны толмас нұқсан келтірді.
Реформалау үрдісінің тиімділігі білімді басқару мен жоспарлауға байланысты екені белгілі. Германия білім жүйесін басқару моделі мен жоспарлау жүйесі көрсетіп отырғанындай, басқаруда шешімдер қабылдау үшін онда кеңесші, ұсыныс беруші және үйлестіруші органдардың келісімі керек. Мысалға, Германия жоғары білім жүйесінің маңызды мәселелерін талқылауда ғылыми кеңес кеңесші орган болып табылады. Ол федералдық үкімет пен жергілікті үкімет өкілдерінен, жоо мен ғылыми-зерттеу институттарының, сонымен бірге кәсіпорындарының өкілдерінен тұрады. Ғылыми кеңестің міндеті жоғары оқу орындары құрылымдары және оқытылатын пәндер мазмұны, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен оған дұрыс бағыт беру туралы ұсыныстар мен құнды пікірлерін беріп отыру. Жыл сайын ғылыми кеңес жоғары білім жүйесінің қай объектісіне қанша күрделі қаржы салу керектігі жөнінде де өз ұсыныстарын беріп отырады. Үкімет болса, бұл ұсыныстарды өз қаперіне алады.
Елімізде, Білім және ғылым министрлігі жанынан кеңесші, ұсыныс беруші және үйлестіруші органдар құрылған болса, онда білім саласында жүргізіліп отырған реформалар сапасына тек министрлік қана жауапты болмаған болар еді. Бұл білім беру жүйесінің дамуына басқа да мемлекеттік органдармен бірге қоғамдық ұйымдардың араласуын қамтамасыз етіп, оған жалпы қоғамның да жауапкершілігі арта түсер еді.
Білім беруді жоспарлау халықаралық институтының директоры Ж.Аллак бір кезде былай деген: “Көп елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, білім беру үрдісі күрделілігінің басты себебі тек қаржыда жатқан жоқ, ол ақшаны үйіп-төгіп шеше салуға болмайтын қиындықтарда жатқандығында”. Осы лауазымда оның алдында болған көрнекті американдық зерттеуші, әрі білім қайраткері Ф.Кумбе бұл ойды одан қатаңырақ түйіндей түсті: “Дағдарысты ауыздықтау үшін білім берудің әр жүйесіне ақшаға сатып алуға болмайтын идеялар, батылдық, қайраттылық, іздену мен өзгерістерге ұмтылыс және өз істегеніне өзі сыни баға бере алатын бейімділік керек» [6, 45 б ].