Оқушыларды туған өлке табиғатын аялауға баулу жолдары

«Жалпы білім беретін мектептерде табиғатты қорғау жұмыстарын күшейту туралы» әдістемелік хатта оқыту процесінде экологиялық тәрбие берудің маңыздылығын ашып көрсетуі, оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын тәрбиелеу ісіне қозғау салады. Қазіргі әлемдік экономикалық мәселелердің туындап отырған кезеңінде оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын қалыптастыру қажеттілігі, бүгінгі бастауыш сынып теориясы мен әдістемесінде қалыптасқан дәстүрді бұзып, оқыту әдісін гуманитарландыру, экологияландыру міндетін қойып отыр. Ал, бұл міндет осы салада нақты зерттеуді және оларды теориялық және практикалық тұрғыда негіздеуді қажет етеді.

Жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып оқушыларына ана тілі пәні және сыныптан тыс жұмыстар арқылы экологиялық мәдениеттің қалыптасуына, жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына және оның байлықтарын қорғауда адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бастауыш мектептің оқу-тәрбие үрдісінің мазмұны мен әдістемесіне экологиялық тәрбие беретін материалдарды ендіру жолдары біртұтастық жүйеде қарастырылуы тиіс. Ана тілі және сыныптан тыс жұмыстарда экологиялық білім мен тәрбие беретін материалдарды тиімді пайдалануда туған жер табиғатын және оның байлықтарын сүйіспеншілікпен тәрбиелеуді қамтамасыз етумен бірге қазақ этнопедагогикалық материалдарын ендіру қажет.

Ал, енді осы міндеттерді шешу үшін бастауыш сынып пәндеріне (Ана тілі 3 сынып) экологиялық мазмұндағы шығармалар қаншалықты қамтылған, бағдарламада атап көрсетілген міндеттерді шешуге мүмкіндік бар ма? Екіншіден сыныптан тыс өткізілетін тәрбие жұмыстарында экологиялық тәрбие беру мүмкіндігі қандай? Зерттеу жұмысымыз ең алдымен осы мәселелерді анықтауды қажет етеді.

2003 жылғы «Атамұра» баспасынан шыққан 3 сыныптың ана тілі оқулығындағы 150 тақырыптың 50-і табиғатқа қатысты материалдар.

Бағдарлама мынадай тарауларды қамтиды:

І тарау.        Туған елім, туған жерім.

ІІ тарау.       Білім — өмір шырағы.

ІІІ тарау       Маужырап барқыт қоңыр күз…

ІҮ тарау.      Өткен өмірден.

Ү тарау.       Қыс бейнесі.

ҮІ тарау.      Жақсы – Ай мен Күндей.

ҮІІ тарау.     Табиғат – менің өз үйім.

ҮІІІ тарау.    Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

ІХ тарау.     Жаздыгүн шілде болғанда.

Х тарау.      Сарқылмас қазына.

Мұндағы кейбір мәтіндердің негізгі идеясы да, тәрбиелік қуаты да табиғатты аялауға, қорғауға бағытталса, ал ендігі бір мәтіндерде табиғатты сүюге әсер етерлік үзінді ретінде келеді, бұл шығармалар – көркем табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін оятуға, табиғатта кездесетін сан алуан сұлулық пен көркемдікті көре, түсіне және бағалай білуіне жәрдемдеседі.

3 сыныптың оқу бағдарламасына енгізілген оқу материалдары көлемі шағын (2-3 бетке дейін) көркем шығармалар мен ғылыми көпшілік мақалалар, өлеңдер, халық ауыз әдебиетінің үлгілері (мақал-мәтелдер,ертегілер, жұмбақтар т.б.). бұл шығармалар – оқушыларды қоршаған табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін оятуға, олардың табиғатта кездесетін сан алуан сұлулық пен көркемдікті көре, түсіне және бағалай білуіне жәрдемдесетін, табиғатты қорғауға баулитын, балаларға экологиялық және эстетикалық тәрбие беретін, адамдар еңбегімен жан-жақты таныстыратын, заманымыздың даму деңгейіне сәйкес оқушылар ойының еркін жетілуіне интелектілік жағынан өсуі мен дербестік қасиетіні дамуына лайықты шығармалар: оқу барысын өмірмен, қоршаған ортамен, Отанымызбен, халқымыздың ұлттық ерекшеліктерімен тығыз байланыстыратын, ел өміріндегі елеулі тарихи кезеңдерден мәнді мәліметтер беретін, белгілі адамдардың өнегелі өмірлерін, тындырған істерінен хабар беретін шығармалар негізінде өткізіледі.

Еліміздің өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, ғылым мен техника, мәдениет пен өнер саласында қол жеткен табыстарын, оның жарқын болашағын жан-жақты бейнелейтін, адамдардың моральдықққасиетін аша түсуде оқушылардың танымдық білімділік қабілетін, көзқарасын қалыптастыратын, табиғатты, туған жерді қорғау, аялау сезімдерін қалыптастыратын көркем шығармалар мен өлеңдер балалардың жас ерекшеліктеріне лайықтап берілген.

Ана тілі пәнінің бағдарлама бойынша берілген әрбір тарауындағы табиғатқа байланысты тақырыптардың оқушыларға экологиялық тәрбие беруге мүмкіндігі бар. Әрбір тақырыптың маңызы, осы экологиялық тәрбие беру мәселесіне әкеліп соғады. Мысалы: 3 сыныптың ана тілі оқулығындағы «Білім — өмір шырағы», «Маужырап барқыт қоңыр күз…» тарауларындағы тақырыптарда арнайы экологиялық білім берудің бағыт-бағдары айқындалмаған. Бірақта мұғалімнің өзі, қазіргі еліміздегі экологиялық мәселелер, өз өлкесінің экологиялық жағдайы туралы газет, журнал, радио, теледидар хабарларын пайдаланып, түсіндіріп өтуге мүмкіндігі бар.

Оқушыларға сөз өнері арқылы экологиялық тәрбие беру табиғатты парықсыз зұлымдықтан сақтай білудегі, олардың жоғарғы адамгершілігін қамтамасыз ететін адамгершілік этикалық қатынасын қалыптастырады. Жоғарыда көрсеткендей, табиғатқа, адамгершілік — этикалық қатынасын адамдардың үйлесімді дамуын, шығармашылық іс-әрекеті арқылы әсемдікті жасауға, игілікті іске асыруға, бұзақылық пен опасыздыққа қарсы күресуге мүмкіндік туғызса, ал адамгершілік–этикалық қатынас адамдардың табиғатқа қатынасындағы іс-әрекетін, жақсылық пен жамандығын, әділдік пен әділетсіздік тұрғысынан моральдық бағалау формасында көрсетеді. Тіршілік атаулы мен жанды жаратылыс ретіндегі туыстықты сезіну – сөзсіз балалардың табиғатқа аяушылық сезімдерін білдіру, қайғысына ортақтасу, ол үшін күресу сезімін тудырады. Ал, оқушылардың табиғатқа деген мұндай сезімдерінің бейнеленуі ана тілі пәні материалдарында күресуге мүмкіндік туғызса, ал адамгершілік-этикалық қатынас адамдардың табиғатқа қатынасындағы іс-әрекетін, жақсылық пен жамандығын, әділдік пен әділетсіздік тұрғысынан моральдық бағалау формасында көрсетеді. Тіршілік атаулы мен жанды жаратылыс ретіндегі туыстықты сезіну – сөзсіз баланың табиғатқа аяушылық сезімін білдіру, қайғысына ортақтасуы, ол үшін күресу сезімін тудырады. Ал, оқушылардың табиғатқа деген мұндай сезімдерінің бейнеленуі ана тілі пәні материалдарында орын алған.

Табиғатқа деген экологиялық қатынас 3 сыныптңњ ана тілінде М.Сүндетовтың «Қайырымдылық» әңгімесінде, Б.Соқпақбаевтың «Қамқорлық», С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік» т.б. әңгімелерінде ашылса, қазір бұл тақырыптар адам мен табиғаттың қатынасын адамгершілік-этикалық тұрғыдан ашатын үлкен арнаға айналып отыр.

Ана тілі – бастауыш мектептердегі негізгі маңызды пән, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің негізі, қарым-қатынас жасау мен қоршаған ортаны танудың құралы, баланың интелектуалдық таным деңгейі мен шығармашылығын дамытудың арнасы.

Оқулықтар мен бағдарламаларға талдау жасай отырып, қоршаған орта мен адамдардың қарым-қатынас туралы, табиғаттың біртұтастығы туралы баланың табиғи ортада өзін-өзі ұстай білу ережелерін қамтитын материалдардың алынғанын байқауға болады.

2003 жылғы «Атамұра» баспасынан шыққан 3 сыныптың ана тілі оқулығы 10 тараудан тұрады. Осы оқулық ішінде экологиялық тәрбие беру мүмкіншілігі бар деген тақырыптарды іріктеп алдық.

«Табиғат – менің өз үйім»тарауындағы 4 тақырып қана, яғни М.Сүндетовтың «Қайырымдылық» әңгімесі, С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңі, Б.Соқпақбаевтың «Қамқорлық» әңгімесі, Ж.Аймауытовтың «Торғай»әңгімесі. Осы тақырыптар арқылы табиғатты қорғауға, экологиялық тәрбие беруге болады. Сонымен қатар, оқулық ішінен төмендегідей тақырыптарды, жыл мезгілдері, сол кезеңдегі табиғатта болатын өзгерістер, жануарлар дүниесі: үй жануарлары, оларды күтіп баптау; дала жануарлары, олардың тіршілігі; өсімдіктер дүниесі жөнінде; адамдардың пайдасы және Отан, туған жер туралы өлең, әңгімелерді іріктеп алдық. Бұл тақырыптар табиғатты сүйе білуге, қорғауға, оқушылардың табиғатқа деген эстетикалық, адамгершілік сезімдерін тәрбиелеуге болады деген мүмкіншіліктер бар.

«Маужырап барқыт қоңыр күз…» тарауында Е.Салықовтың «Күзгі орманның көріністері» әңгімесі, А.Құнанбаевтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалы, Ғ.Табылдиевтің «Күздің кереметі» әңгімесі, И.Базидің «Жеміс бағында» әңгімесі, Ғ.Нұршайықовтың «Жалғыз дән»әңгімесі, «Егінші мен қасқыр» ертегісі мен өлеңдер, мысалдар, жалпы табиғат, қоршаған орта, жыл мезгілдері, оның ерекшеліктері жөнінде болғанымен, табиғатты қорғау, экологиялық тәрбие беру мәселесі көп қарастырылмаған.

Мұғалім осы тақырыптарды өткізу кезінде, материалдарға сай келетіндей етіп, табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалану керектігін, өйткені, ол біздің күнделікті өмірде және болашақта жиі пайдаланатын заттардың бірі екендігін түсіндіріп, балаларға экологиялық тәрбие беру жағын қарастыруға болады.

Осы тараудағы «Күзгі орманның көріністері» атты әңгімеде күзгі орман көрінісінің әдемілігі мен сұлулығы, ормандағы аңдардың: тиіннің, қоянның мінез-қылығы, оның қысқа қалай дайындалатындығы жөнінде түсінік беріп, балаларға орманның қандай пайдасы бар екенін, орманда өсетін ағаштардың күнделікті адам өміріне қажетті тұрмыстық заттар: жиһаздар, кітап, қағаз жасайтындығын түсіндіріп және орманның ауадағы лас көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, таза оттегі бөлетіндігін және ормансыз аңдардың, аңдарсыз орманның өмір сүруі қиын екендігін бала санасына жеткізіп, осы табиғат байлықтарын қорғау керектігі түсіндіріледі.

Экологиялық тәрбиенің өзегі – Отанға деген сүйіспеншілік, отан, ол тек қалалар мен ауылдар ғана емес, бау-бақшалар мен ормандар, шалғындар мен жайылымдар, ауадағы құс, судағы балық, жер бетіндегі жануарлар дүниесі. Сондықтан отан мен оның табиғатына сүйіспеншілік тұтас бір ұѓым ретінде танылады.

Ана тілі сабағында Отанның, табиғаттың тек сұлулығымен бейнеленетін әңгімелерді ғана талдап, оқушыларға оның жақсы жақтарын ғана таныту болса, тәрбие ісі бір жақты болып қалар еді. Керісінше, адам іс-әрекетінің табиғатқа жасаған қиянаты туралы әңгімелерді, өлеңдерді талдап оқу барысында, тек адамдардың табиғатқа саналы қатынасы ғана оны гүлдендіре түсетінін үнемі ұѓындырып отыруы тиіс.

М.Пришвинше айтқанда: «Балыққа – су, құсқа – ауа, жануарға – орман, дала, тау керек. Ал, адамға – Отан керек. Табиғатты қорғау – Отанды қорғау» деген сөз.

Ө.Тұрманжанов «Отан» өлеңінде Отан мен табиғат ұғымын бірлікте жырлайды:

Әуелгі Отан – ана алды, оттың басы,

Ауыл алды, аунаған шөптің қасы.

Сағынғанда тым ыстық көрінеді

Жаста ойнаған үйшік қып сайдың тасы.

Отан дейміз от жаққан жерімізді,

Отан дейміз өсірген елімізді.

Отан дейміз туған жер, атамекен –

Биік тау, орман, тоғай, көлімізді…

Отан мен табиғат бірлігін айқындай, көркем де терең етіп жеткізіу қиын-ақ шығар. «Отан – табиғат, табиғат – Отан» деген ұғымды М.Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңі, Б.Ысқақовтың «Сенің Отаның» атты өлеңі толықтыра түседі. «Үш бақытым» өлеңінде ақын:

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Кім мықты? – десе біреу, — Отан дер ем, — деп жырлайды.

Ал, «Сенің Отаның» деген өлеңінде ақын:

Көп аузынан түспейтін,

Отан деген немене?         

Оның тұлға, түс, кейпін,

Достым, білгің келе ме?

Отан – сенің ата-анаң,

Отан – досың, бауырың,

Отан — өлкең, астанаң,

 Отан – аудан, ауылың.

Осындай өлењдерді оқыту кезінде Отан дегеніміз табиғат екенін, Отанға деген сүйіспеншілік табиғатқа деген сүйіспеншілік екенін бала санысына сіңіруге болады.

Атақты кеңес жазушысы Л. Леонов: «Бізде Отанды сүюге тәрбиелеуде атүсті дерексіз ұғымдар арқылы көтеріңкі, даурықпа сөздерді көп айтады. Оның орнына балаларға біздің табиғатымыз Отанымыз екенін ұқтыра отырып, оларды табиғатты қорғауға баулыса, бұл нағыз практикалық патриотизм болар еді», дейді.

Ө.Тұрманжановтың «Отан», Б.Ысқақовтың «Сенің Отаның», Д.Әбілев «Туған тілім» өлеңдері және т.б. шығармалар Отанымыз туралы: біздің жеріміздің ұлан байтақтығы, қазақ халқы мен атамекен туралы; оны ардақтап сүйе білу, қорғау жөнінде, яғни экологиялық тәрбиеден гөрі адамгершілік, эстетикалық, идеялық-саяси тәрбие беруге лайықтанған. Бірақ та мұғалім өз шеберлігі арқылы балаларға табиғатты, Отанды қорғау, оның байлықтарын көздің қарашығындай сақтау жөнінде мағлұматтар беруге болады.

«Жаздыгүн шілде болғанда» тарауында Ө. Тұрманжановтың «Малсақ бала» өлеңі жалпы үй жануарлары, оларды күтіп баптау жөнінде, ал «Сарқылмас қазына» тарауындағы «Құмырсқаның қанағаты» ертегісі балаларды қанағатшылдыққа, табиғат байлықтарына ысрапшылдықпен қалай болса солай пайдаланбауға, үнемділікке тәрбиелейді.

«Қыс бейнесі» тарауында А.Құнанбаевтың «Қыс» өлеңі, С.Шаймерденовтың «Қар» әңгімесі, С.Сейфуллиннің «Қызыл шұнақ» өлеңі, М.Әуезовтың «Боран»әңгімесі, «Қар астындағы ұялар» (аңшы әңгімесі), Б.Соқпақбаевтың «Шынықсын денеміз» өлеңі, М.Иманжановтың «Қысқы кеш» әңгімесі, М.Дулатовтың «Қоян» әңгімесі, З.Шүкіровтың «Арпалыс» әңгімесі және осы тарауға лайықтап жыл мезгілі, табиғат құбылыстары жөнінде мақал-мәтел, жұмбақтар берілген.

Бұл тақырыптарда айнала қоршаған орта, өлі және тірі табиғат құбылыстары, қыс, боран, қар, аяз туралы, жылдың осы мезгілі және дала аңы қоянның қалай өмір сүретіндігі жайлы мәселелер сөз болған. Бұл тақырыптар арқылы балаларды табиғат құбылыстарымен, олардың ерекшеліктерімен таныстыруға, таным түсініктерін молайтуға көбірек көңіл бөлінген және сонымен қатар экологиялық тәрбие беруге де мүмкіншілік бар.

«Масатыдай құлпырар жердің жүзі» тарауында А.Құнанбаевтың «Жазғытұры» өлеңі, І.Жансүгіровтың «Жазғытұрым» өлеңі, «Көктем сәні» атты ертегі, С.Сейфуллиннің «Орман» әңгімесі, Б.Майлиннің «Жаңбыр» өлеңі, М.Төрежановтың «Бұлбұлдың әні» әңгімесі, М.Дулатовтың «Қош келдің, Наурыз!» әңгімесі берілген. Бұл аталған тақырыптар жыл мезгілі, соның ішінде көктем туралы оның қызығы, көктемгі табиғаттағы өзгерістер, табиғаттың құлпырып гүлденуі, ормандағы ағаштар, табиғат құбылыстары, жаңбырдың пайдасы, наурыз мерекесі, жануарлар туралы мағлұматтар қамтылып, балалардың дүниетанымын кеңейтіп, айнала қоршаған әсем табиғаттың сұлулығына сүйсіндіріп, балалардың эстетикалық сезімін дамытып, сұлулықты, көркемдікті, әсемдікті түсініп, оны бағалай білуге, қорғай білуге тәрбиелейтін шығармалар.

«Табиғат – менің өз үйім» тарауындағы берілген материалдар, мысалы: Ы.Алтынсариннің «өзен» өлеңі балаларды табиғаттағы сұлулықты сезіне білуге, қорғай білуге тәрбиелесе, М.Сүндетовтың «Қайырымдылық» әңгімесі қайырымсыз, мейірімсіз балалардың күшікті қорлауы, Мұхтар деген баланың күшікті құтқарғаны балаларды адамгершілікке, қайырымдылыққа, табиғатты қорғай білуге тәрбиелейді.

С.Мұқановтың «Көкшенің көрінісі» әңгімесі мен И.Байзақовтың «Алтай аясында» өлеңінде ақын-жазушыларымыз Көкше мен Алтайдың әсемдігін, сұлулығын, ақұлпа бұлт көмкерген ұшар басын шеберлікпен суреттеген.

Ә.Қоңыратбаевтың «Киіктің айласы» әңгімесі, К.Сегізбаевтың «Арқарға үлкен мүйіз неге керек?» атты әңгімелері дала жануарларының жауларынан қалай қорғанатындығы, олардың пайдасы, сұлулығы, өзіндік ерекшеліктері шынайы әңгімеленіп, балалардың дала жануарлары жөнінде мағлұмат алып, оларды табиғатқа деген эстетикалық, адамгершілік жғне экологиялық қатынаста тәрбиелейді.

С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңі тікелей табиғатты қорғауға арналған шығарма. Ол арқылы оқушыларды табиғат байлығын, соның ішінде сахараның сұлу аңы киікті атқан мергенге жиіркеніш сезімін туғызып, олардың жанашырлық, аяушылық сезімін, экологиялық санасын қалыптастырады. Оқулықтағы қысқартыла отырып іріктелініп алынған өлең мәтіні киіктің шөл дала сәні, тұла бойы тұрған сұлулық екені және осы сұлулыққа оқ атқан мейірімсіз аңшыға деген ақын лағынеті суреттеледі.

Тарауда тақырыбы ортақ туындылардың үлкен тобы оқушыларды құстарға қамқорлық жасап, оларды қорғай білуге бағыттайтын әңгіме, өлеңдер (Торғай, бүркіт, балапан торғай т.б.).

Б.Соқпақбаевтың «Қамқорлық» әңгімесінде Жантас пен Қожаның торғай балапынына деген екі түрлі қатынасын ашу арқылы оқушылардың құстарға деген жанашырлық сезімдерін тереңдете түсудің мүмкіндігі мол.

Мұндай тақырыптардың тәлімдік әсері мен мәнін экологиялық тәрбие беру мақсатында пайдалануда оқушыларға құстардың шаруашылыққа пайдалы екенін ұғындырумен бірге олардың табиғат сұлулығының бөлінбес бір бөлігі екенін әрдайым түсіндірген дұрыс.

Мұғалім «Қамқорлық» әңгімесін оқушыларға оқып, мазмұнын түсіндіреді. Кейіпкерлердің балапанға деген қатынасын даралау үшін мынадай сұрақтар қойып, оқушылардан жауап алады.

Мұғалім: Жантас қандай бала?

Оқушы жауабы: Жантас жаман бала.

Мұғалім: Неге жаман?

Оқушы жауабы: Ол торғайдың балапанын азаптады.

Осы сәтте торғайдың Жантастан көрген азабына байланысты оқушылар бойында эмоция тудыра білудің мәні ерекше. Ол үшін торғайдың тартқан азабын бейнелейтін мәтіндегі мына үзінділерді мұғалімнің мәнерлеп оқып беруінің немесе оқушылардың өздеріне оқытудың әсері мол:

«…Жантас екінші рет атып үлгергенше балапан торғай жан далбаса ұша жөнелді. Балапан торғай алыс шырқап ұша алмайтын еді… Бір шоқ талға талықсып әрең жетіп қонды. Жүрегі кеудесіне симай дүрс-дүрс соқты… Жантас ентелеп тағы жетті… және атты. Балапан торғайдың қыр соңынан қалмады, ауылды шыр айналдырып қуа берді. өкпесі өшіп, әлсіреген балапанның енді көтеріліп ұшуға халі де қалмады. Әлсіз аяқтары сырғанақтап, сүріне құлап «Аяшы!» «Атпашы!» деп жалынғандай шыр-шыр етеді. Бірақ безбүйрек Жантас оған құлақ аспады. Қол созым жерде тұрып атқылай бастады… Дәл топшысынан дөп тиген тас балапан торғайды домалатып түсірді…».

Мұғалім болған оқиғаға сай дауысты өзгерте отырып, мәнерлеп оқылған мұндай үзіндіні тыңдап отырған оқушының балапанға жаны ашиды, оның көрген қасіретіне ортақтасады.

Мұғалім: Балапанды кім қорғап қалды?

Оқушы жауабы: Балапанды Қожа қорғап қалды.

Мұғалім: Қожа қандай бала?

Оқушы жауабы: Қожа жақсы бала, балапанды Жантастан арашалап алды.

Мұғалім: Қожа балапанға не істеді?

Оқушы жауабы: Ол жаралы балапанды үйіне әкелді, жем берді, үй жасап ілді.

Мұғалім оқушылар жауабын толықтырып, сабақты қорытындылайды.

Шынында да Қожа мейірімді, қайырымды бала. Ал Жантас керісінше, мейірімсіз, қайырымсыз бала. Қожа Жантастан азап шеккен жазықсыз кішкене балапанды арашалап алды. Бәріміз де Қожа сияқты әлсіздерге қамқор болып, балапанды қорғай білсек болар еді. Олар біздің қанатты достарымыз екенін ұмытпайық.

Осылайша мұғалім құстарға деген мейірімділік, жанашырлық, адамгершілік пен сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыру арқылы оқушылар бойына адамгершіліктің алғашқы нышандарын сіңіріп, экологиялық тәрбие бере алады.

«Сарқылмас қазына» тарауында төрт түлік туралы жырлар, құстар туралы, мысалы: «Торы құлын», «Сиыр», «Қой», «Ешкі», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Қарлығаш пен Шөже торғай» атты өлеңдер берілген. Бұл өлеңдерде үй жануарлары мен құстардың пайдасы, олардың сыртқы бейнесі жөнінде ұѓым-түсініктерін қалыптастырумен қатар малдың пірлері жөнінде мағлұмат беріп, оларды аялап, қорғауға, тәрбиелеуге болады.

«Жаздыгүн шілде болғанда» тарауындағы жаз мезгілі тақырыбына арналған шығармаларды оқыту барысында оқушыларға экологиялық тәрбие берудің мүмкіншіліктері бар. Оқытудың түсіндірмелі, мәнерлеп оқу әдістерін пайдаланып отырып, көптеген көрнекі құралдарды пайдалануға болады. Жаз мезгіліне байланысты табиғат туралы білімдерін толықтырып, табиғат байлығының адамдарға пайдасын, оны игерудегі және жаз мезгіліндегі адамдардың атқаратын еңбегінің рөлін, осының бәрін балалардың эстетикалық сезімін, табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтап, оның қорын көбейтуге қалай жұмыстанатынын, экологиялық қиын жағдайдан құтқару мүмкіндігін іздестіруге болады.

Осы тарауда А.Құнанбаевтың «Жаз» өлеңі, М.Дулатовтың «Шілде» әңгімесі, С.Сейфуллиннің «Дала», М.Әуезовтың «Кешкі дөң басында» әңгімесі, Ә.Нұрпейісовтың «Кеш» әңгімесі, С.Мұқановтың «Шыбынсыз жаз» әңгімесі және осы тарау материалдарына ойластыра жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер берілген.

Бұл жоғарыда аталған шығармалардың біреуінде жыл мезгілдері, соның ішінде жаз мезгіліндегі табиғаттағы өзгерістер, ауылдың жаз мезгіліне сай өзгерістері суреттелсе, енді біреуінде сол кездегі табиғаттағы құбылыстар, жануарлар мінез-құлқы, оның сұлулығы, әсемдігі өзіндік ерекшеліктерімен сипатталып, бала жанын өзіне тартатындай сұлулыққа, әсемдікке, сол сұлулықты сақтай, қорғай білуге тәрбиелейтіні сөзсіз.

Ақындар мен жазушылардың табиғат туралы әсем өлеңдері мен әңгімелері оқушыларды толқытып, әсерлендіріп, тамсандырады. Балалардың білуге құштарлығын, көре білуге, ести білуге, айналадағы дүниені қабылдауға тәрбиелейтін, олардың ойын, тілін, эстетикалық сезімін, экологиялық санасын дамытатын – осы шығармалар болып табылады. Әрине бұл шығармаларды оқыту әрбір мұғалімнің ізденісіне, ой-өрісіне, біліміне, педагогикалық шеберлігіне байланысты болады деп ойлаймыз.

А.Құнанбаевтың «Жаз» өлеңі осы мезгілдегі табиғат құбылыстарын, оның сұлулығын, жануарлардың, құстардың мінез-құлқын бала санасына жететіндей етіп шебер суреттеген:

Жаздыгүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бғйшешек

Ұзарып, өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда;

…Ат, айғыр, биелер

Бүйірі шығып ыңқылдап…

Арасында құлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап,

Жоғары-төмен үйрек, қаз

Ұшып тұрса сымпылдап…

Бұл өлең баланың көз алдына құлпырған жаз жайлауды, ондағы гүл, бәйшешек, күркіреген өзенді, көшіп-қонған ауылды, жан-жануарлар мен құстардың қимылын елестетеді. Сол арқылы баланың эстетикалық сезімін, табиғатқа сүйіспеншілік сезімін туғызады.

Осы тараудағы «Дала» өлеңі туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін, азаматтың ар тазалығын танытатын Сәкеннің жүрек сөзімен жазылған өлеңі. Даласын аңсап келген ақын онымен алғаш ұшырасуын:

«Құшағын жайған кең дала

Төсін ашқан анадай.

Қаладан келген сағынып,

Бейне бір жас баладай».     

деп суреттесе, дала-анаға деген еркелігін:

«…Далаға келіп көк жасыл,

Кестелі жібек көрпедей,

Жас баладай шаттанып,

Құлай кеттім еркелей,-»

дейді.

Ақын-перзенттің дала-анаға деген сағыныш аңсары қаншалықты мол болса, ананың оған деген мейірімі одан да шексіз. Перзентіне көк ала кілемі – шөбін төсеп, аңқыған жас исімен жан дүниесін балқытады. Шалғын көк «кетпе» деп аяғына оралса, гүлдер алдынан жосып, жібермей майысады. өлеңді оқытуда ақын мен дала арасындағы осы қиыспастықты аша отырып, сезімге бөлеу оқушыларды туған жерін қасиет тұтып, табиғатын ардақтай білуге жетелейді.

Туған жер табиғатының әсем келбеті мен нәзік сырларын танытып, оқушы бойына эстетикалық сезім мен рухани қуат беруде табиғат көріністеріне жазылған пейзаждық шығармалардың маңызы ерекше.

М.Әуезовтың «Кешкі дөң басында» әңгімесінде жаздың жайлы кешін: «Зәрі қайтқан қызыл күн әлсізденіп таудан асып, ұясына кіріп барады. Жұқалтаң, ұзынша көп бұлт қызыл сеңдей болып, батар күнді ентелеп қамап тұр. Қара көк тұңғиық аспан күнбатысқа тақаған жерінде қызыл торғындай толқынданады. Кейбір жерінде қызулы өрттің жалынындай жайнайды. Күннің ақырғы сәулесі түсіп тұрған тау бастары. Олар көлеңке басқан қоңыр жердің алтын шатырындай нұрланып қызғылттанады»,- деп суреттейді.

Осы шығарманы оқыту арқылы балаға тәуліктің таң, түс, кеш мезгілдері туралы ұғым-түсініктерін қалыптастырып, ондағы әдемілік пен әсемдікті сезіндіруге болады. балалардың кешкі табиғат көріністерінің қандай болатындығын байқап жүруін, байқағандарын әңгімелетуіне болады.

М.Дулатовтың «Шілде» әңгімесінде шілде айының ерекшеліктерін, сол кездегі табиғаттағы құбылыстар мен өзгерістерді, адамдардың әрекеттерін бейнелейді. «Шілдеде күн ұзарып, түн қысқа болады. күннің ыстығы соншалықты – тас пен құм қызып кетеді. Бұл – қымыз молайып, қозы піскен кез. Ел жайлауда бірін-бірі қонақ қонақ қылып, қазақ салты өз алдына бір қызық. Қыз ұзатса, ұл туса, жұрт жиналып той болып, ат шаптырып өткізеді…». Жазушы табиғаттың сұлулығын бала санысына жеткізетіндей қылып суреттейді де, осы сұлу табиғат жаздың ешқандай шыбынсыз, маса-шіркейсіз болатындығын әңгімелейді. Бұл шығарма арқылы балаларды жазғы шілдедегі табиғаттың әсем көріністерімен, адамдардың тіршілігін таныстыра отырып балалардың эстетикалық, экологиялық сезімін қалыптастырып, табиғатты қорғауға тәрбиелеуге болады.

Ал, С.Мұқановтың «Шыбынсыз жаз» әңгімесі Алатау өлкесінің жаз айларында құлпырған табиғатын былайша суреттейді: «ешбір көркем кілемнің, ешбір көркем кестенің бетінен табылмайтын ғажап бояуларды көрсеңіз! Не деген сұлу сурет ол! Гүлденгіш қурайлар мен бұталар өсетін тұстан тау басына қарай көтеріліңіз. Онда бойларын жарыстыра, таудың биігіне тырмыса өскен қалың шырша тоғайына кездесесіз одан әрі өрлесеңіз, тақырлана, ұйыса өскен қалың бетегеге тап боласыз. Ол – қарлы жотаға жақын тұс». Жазушы табиғаттың сұлулығын баланы сүйсіндіретіндей қылып суреттеп, жаздың ешқандай шыбынсыз, маса-шіркейсіз болатындығын осылай сипаттайды. Осы шығарма баланың табиғаттың сұлулығына, әсемдігіне деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, осы сұлулықты, әсемдікті қастерлеуге, қорғауға тәрбиелейді.

Ә.Нұрпейісовтың «Кеш» атты әңгімесінде: «…Күн қызара төмен жылжып барады. Асықпай қараған адамға күн аспаннан түсіп келе жатқан қызыл доп сияқты көрінеді. Ұясына жақындаған сайын оның бояуы қызарып,қоюлана түседі. Міне, күн ұясына кіріп барады. Енді ол өзі ғана қызармай, бүкіл батысты да қып-қызыл түске айналдырды».

Күн батардағы табиғаттың қайталанбас осы бір әсем сәтін бұдан артық дәл, көркем етіп суреттеу қиын шығар. Өйткені, көркем сөз арқылы өрнектелген ғажайып көріністі оқушысына қалай сезіндіруге болады? Балаларды шығармадағы табиғаттың ғажап сұлулығымен сусындатып, рухани дүниесіне эстетикалық сезім нәрін қалай сіңіруге болады?

Мұғалім бұл тақырыптарды өтуден бұрын оқушылармен бірге күннің батар шағын бақылауға болады. сонда ғана мұғалім жақсы нәтижеге жетіп, бала көзі көргенмен оқығанды салыстыра отырып әңгімені жақсы түсінеді.

Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ақыл-ойына, сана-сезіміне сай түсінікті болатындай, экологиялық тақырыпқа арналған әңгімелер айту, өлең жолдарын оқып, мақал-мәтелдер айтып, мағынасын түсіндіру әрбір мұғалімнің міндеті.

Табиғат туралы халық даналығында хайуанаттар мен жәндіктерді сақтау жөнінде ежелден қалыптасатын әртүрлі ырымдар мен тыйым сөздер, мақал-мәтелдер өте көп. Бұрынғы ата-бабаларымыз туған жердің тау, тас, өзен, көл, орманын діл аман күйінде кейінгі ұрпаққа тастап кетуді мақсат еткен. Мынадай ақыл-нақыл немесе тыйым сөздерден-ақ байқауға болады: «От орнынан шөп шықпас», «Аққуды атпас болар», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Қарлығаштың ұясын бұзсаң, үйің өртенеді» және сол сияқты «Обал», «Сауап» деген ұғымдарды түсіндіруді қажет етеді.