Балаларда орын алатын шамадан артық психоэмоционалдық зорлануының көрініс беру түрлері

Жас балаларда психоэмоционалдық зорлану немесе стресс тез пайда болады да, көпке созылмай өте шығады. Ал ересек, әсіресе қартайған адамдарда ол көпке созылып жүйке арқылы ішкі мүшелердің қызметін бұзады, көбінесе жүрек-қан тамырлар жүйесін әлсіретеді.

Нәрестелерде қозу қарқыны тежелуден жылдамырақ және күштірек болғандықтан оларда стресс оңай тез туып, тез өшеді.

Мектеп жасындағылардың, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының стресс жағдайы жиі кездеседі, өйткені бұрынғы жүгіріп, ойнап жүрген балалар партада тапжылмай сабақ оқуы жүйке жүйесіне біршама салмақ түсіріп, қинайды.

Мектепте оқитын балалардың оқу белсенділігіне байланысты балалардың психоэмоционалдық жағдайы әртүрлі болатыны байқалған. Л.И.Прихожанның /36/ зерттеуі бойынша елгезек, жылдам қимылдайтын, жақсы оқитын оқушылардың психоэмоционалдық жағдайы тұрақты болады да олардың саны 54 %. Нашар оқитын, қимылдары сылбыр балаларда психоэмоционалдық жағдайының нашар болатындары — 20%-ке жақын болып, олардың басым көпшілігі эмоционалдық шамадан артық зорлану жағдайында жүретіндігі дәлелденген. Осы көрсетілген стресс жағдайы мен балалардың қарым-қатынасқа икемділігінің нашар болуының өзара қатынасы балалардың сынақ жұмыстарын орындау барысында, тақта алдында жауап берген кезінде айқын көрінеді.

Бастауыш сынып оқушыларында жиі кездесетін қиындықтар мектепішілік қарым–қатынаспен байланысты орын алады. Өсіп дамып келе жатқан бала бойында алуан түрлі қасиеттер байқалады. Осы бір көп сырлы қасиеттердің жағымды және жағымсыз жақтарымен қатар елеусіз мінез көріністері де бала бойында болады. Бала мінезінің жағымды жақтарына қайырымдылық, инабаттылық, сыйлаушылық, тілалғыштық, шынайы адалдық, жақсы-жаманды айыра білушілік, алдағы өмір жолына ұмтылушылық жатса, ал нашар мінез көріністеріне тұрақсыздық, өтірік айтушылық, өзімшілдік, беймазалық, ұшқалақтық сияқты қасиеттер жатады. Бала бойында назар салып бақылағанда байқалатын қасиеттерге: өзіне-өзі сын көзбен қарап, мінездегі кемшіліктерді сезіну, әділетті, әділетсіздікті аңғаруы ойлаған мақсатын орындап шығу үшін шыдамды болуы мен іскерлігі жатады. Егер кішкентай кезінен бала мінезіндегі көріністер өмірімен сабақтасып, тәрбиемен ұштасса, ол қайырымды, байсалды, бір сөзді, батыл жүректі, табанды болып ер жетеді, ал олардың бойында ынжық мінез қалыптасса біртіндеп ол сылбырлық, жалқаулық, күйгелектік, қорқақтық, мылжындық мінездерге айналады. Бала өскен сайын көп көріп, естіп білуге ұмтылады. Өз ойын айту, басқалармен қарым-қатынас жасау, достасу, пікірлесу сияқты мінез-құлық көріністері қалыптасады.

Мектепке дейінгі жас кезеңінде балалардың мектепте оқуға даярлықтан өту-өтпеуіне, отбасындағы тәлім-тәрбие алу ерекшеліктеріне байланысты бала психологиялық дамуында әр түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Олардың ішінде депривация көрініс берген және осы симптомы барлардың мектепке қабылдау алдында коррекциядан өтпегендері мектептік қарым-қатынасқа және оқушының күнтәртібіне адаптациядан өтуі қиын болады. Депривация (жетіспеушілік деген мағнаны береді) орын алған себептеріне байланысты бірнеше түрге бөлінеді:

  1. Сенсорлық депривация баланы қоршаған сыртқы ортаның аз және ондағы тітіргендіргіштерінің аз өзгеруімен байланысты орын алады. Баланың жаңалықтарға қызықпаушылығымен және танымдық қажеттілігінің шектеулілігімен сипатталады. Мұндай жағдайда балалардың қоршаған ортада болып жатқан неше түрлі құбылыстарға әсерленуі, теледидардағы бағдарламаларға деген әуестігі шектелген болып, олар көптеген балаларға қызықты нәрселерге онша кқңіл аудармастан, барлық жаңалықтарға селқос қарайды. Нәтижесінде балалардың оқу процесіне де қызығушылығы төмендейді, ынжық мінез көрсетеді.
  2. Когнитивтік депривация керісінше, қоршаған орта заттары мен құбылыстарының ретсіз өзгеруімен байланысты оларды танып білуге, мазмұнын ұғынуға мүмкіндік бар екеніне бала түсінбей қалады, сондықтан олардыың танымдық әрекеті шектеулі және қажеттілігі дамымаған болады. Мұндай ерекшелік байқалған балалар оқу барысында үстіртін қарап, барлық нәрселерге терең, жан-жақты меңгеруге деген қабілеті төмендейді. Нәтижесінде баланың білімге, іскерлікке деген құштарлығы онша көрініс бермейді, ал жақсы оқитындарға қазғаншақтықпен қарап, ескертулерге дөрекілік көрсетеді.
  3. Эмоционалдық депривация баланың өзіне эмоционалдық жақын адамынан айрылуымен, ата-анасы немесе олардың орнында болған туысқандарымен қатынас жасауының шектелуімен байланысты көрініс береді. Эмоционалдық депривация өкімет үйлерінде тәрбиеленген балалардың барлығына ортақ психологиялық проблеманың түрі болып табылады. Отбасында тәліс-тәрбие көрген балалардың да ішінде эмоционалдық жүйесі онша жетілмегендер отбасында орын алған ата-аналарының арасындағы келіспеушілік, ажырасу т.с.с. себептермен байланысты орын алады. Балалар өздерінің отбасындағы жағдайынан ұялып, басқалардан сыр сақтап, қарым-қатынасын шектеп жүреді. Жағдайы жақсыларға қызғаншақтықпен қарап, агрессиялық мінез көрсетеді.
  4. Әлеуметтік депривация баланың ден саулығымен байланысты өзіне тән әлеуметтік функциясын орындауға мүмкіндігінің шектеулілігімен байланысты қалыптасады. ДЦП, сал аурулары, созылмалы қабыну тағы басқа сырқаттардың салдарынан кейбір балалар ойын шағындағы өздерінің құрбыларымен қимыл ойындарға толық қатынасуға шамасы келмегендіктен өзін кем санау синдромы қалыптасады. Сондықтан олра басқалардың саулығын қызғанып, өмірге ренжіш күйде болып жүреді де, өздерін кемтармын деп есептеп, тұйықтанып, басқалармен қарым-қатынасы шектеулі болады.

Аталған депривация түрлерінің барлығы балалардың эмоционалдық жағдайын нашарлатып, оларды шамадан артық эмоционалдық зорлану жағдайына алып келуі мүмкін. Сондықтан балаларды дер кезінде осы депривациялық күйден шығармаса ол созылмалы стресс жағдайында болып, баланың неше түрлі қырсық мінез көрсетуіне алып келеді.

Шамадан артық эмоционалдық зорлану нәтижесінде балаларда жиі кездесетін ауытқу – агрессивтілікке алып келеді. Агрессия дегеніміз өзге адамдарға болмаса жануарларға себепсіз зиян келтіруге тура бағытталған қиянат. Ал агрессивтілік – бұл жеке тұлғаның мінез-құлықында көрініс беретін стрессогондық жағдайдан өзін-өзі қорғау реакциясы болауы мүмкін. Бастауыш сынып оқушыларының агрессивтілігінің негізгі себебі қорғаныс функциясымен байланысты.

Бала агрессиясын зерттеушілер оған әр түрлі анықтама береді. Біреулері ол адамның қоршаған орта құбылыстарынан өзін қорғауға арналған тұқым қуалаушылыққа негізделген қасиет деп көрсетсе (Лорнед, Анри), екіншілері адамның өзі өмір сүретін ортада жетекші роль атқаруға бағытталған әрекет (Моррисон) деп түсіндіреді. Агрессияны фрустрациямен байланыстыратын теориялар да бар (Маллер, Дуб, Доллард) Агрессия терминімен жеке тұлғаның субъект субъекттік қатынаста деструктивтік әрекетке жақындығын белгілейді.

Деструктивтік әрекет дегеніміз – адамның алдында тұрған бөгетке кедергі жасап, қиындықты жеңуге деген белсенділігі. Сондықтан агрессияның оң және теріс көріністері бар екендігін жақсы түсіну қажет. Мысалы, адам өз өмірін немесе басқа адамдардың өмірін сақтауға, табыс көзіне төнген қауіпті жоюға бағытталған агрессияны ақтауға болады. Сонымен қатар, ешқандай ақтауға болмайтын агрессия байқалуы мүмкін. Барлық басқа психологиялық қасиеттер сияқты агрессия әр адамда әртүрлі көріністе болады. Агрессиясы өте төмен немесе мүлдем жоқ болса, ол адамның қорғаныс функциясы төмен болады да ол енжарлық, иланушылық пен конформдылыққа алып келеді, ал кейбір адамдардың агрессиясы өте жоғары дамыған болады да ол шатақ мінезділікке, конфликтіге, қоршаған ортамен өзара түсініспеушілікке әкеледі. Баланың агрессивтілігі келесі көрсеткіштермен бағаланады: агрессияның пайда болуының жиілігі және жеңілдігі; агрессияны туғызған жағдайға бала реакциясының адекватты емес дәрежесі; агрессия жүруінің екпіні; агрессивті әрекеттің асқыну дәрежесі. Агрессия жеңіл жүрген жағдайда ол  ол вербальды формада болады, ал асқынған, ауыр жағдайларды физикалық түрде көрініс береді.

А.Басс және А.Дарки агрессияны сипаттағанда оны негізгі екі топқа бөледі. Біріншісі – мотивациялық агрессия. Осы құбылысты туғызған себеп сылтаулар. Психолог ең алдымен агрессияның осы түрін анықтап алуға тиіс. Екіншісі – инструменталдық агрессия немесе өзін-өзі қорғау үшін, басқаларды жәбірлеуге қолданатын әрекеттері. Бұл қасиеттің көрініс беруі сегіз формада болуы мүмкін. Агрессияны зерттеуге қолданылатын әдістемелердің бірі – Басса-Дарки сауалнамасы (бірінші кітапта берілген). Бұл әдістеме көмегімен агрессияның формасын диагностикалауға болады.

Балаларда себепсіз агрессия немесе жалған қауіпке бағытталған шабуылшылық орын алуы мүмкін. Бұл құбылыстың түрлерін, себебін және мөлшерін анықтауға болады. Психолог осы мәселені зерттеп, нормадан тыс дамыған агрессия байқалған балалардың ата-аналарына оның табиғатын түсіндіріп, ал балалардың өздерімен коррекция жұмысын жүргізуі керек.

Бастауыш сынып оқушыларының кері эмоцияларын тудыратын себептердің жиі кездесетін түрі – дезадаптация. Бала өмірінде мектепке барып, оқушы статусында болу өте күрделі кезең. Сондықтан осы оқушы статусына үйрену, оның барлық міндеттерін толық мойындап алу — бала үшін күрделі сын болып табылады. Адаптациядан өту жолдарын зерттеушілер оның құрылымын анықтаған. Адаптация келесі құрамды бөліктерден тұрады:

А) Мамадық адаптация. Мектепте оқитын баланың мамандығы – оқушы. Мектепке жаңадан келген бала осы мамандыққа адаптациядан қысқа мерзімде өтуі керек. Бұл адаптация баланың оқушы міндетін орындауға, оқу процесін ұйымдастыру ерекшеліктеріне, мектеп режиміне және оқу мазмұнын меңгеруге тез икемделуні және өз бетімен үйге берілген тапсырмаларын орындауға икемделуін көрсетеді.

Б) Әлеуметтік-психологиялық адаптация. Жеке тұлғаның сыныптағы балалармен топішілік қатынасқа түсуге және оқытушылармен қарым-қатынас жасауға икемделуі, көпшілік ортасындағы сыйысымды мінез-құлықының қалыптасқандығы. Әлеуметтік-психологиялық икемделу барысында жеке тұлға өзін қоршаған ортаның ерекшеліктерін меңгеріп, сол ортада өмір сүру стратегиясын ішкі дискамфортсыз қабылдайды. Бастауыш сынып оқушыларының мектеп өміріне адаптациядан өтуі дұрыс жүрсе оның барлық іс-әрекеттерде табысты болуының кепілі болады. Психологияда бірінші сынып оқушыларының мектеп өміріне адаптациядан өтуінің келесі үш формасы анықталған:

  • формалдық адаптация, мектептің жұмыс тәртібіне, мектептің құрылымдық ерекшеліктеріне, мәліметтік-танымдық әрекеттер түрлерін меңгеруге, жаңа орта талаптарына және өз міндеттерін орындауға адаптациялануы.
  • әлеуметтік адаптация, мектепке қабылданған баланың өзі оқитын сыныптағы және басқа оқушылармен қарым-қатынасының қалыптасуы, мұғалімдердің балаға көңіл аударуы, оның оқу әрекеттерін бағалауы, оқушылар тобының ішкі интеграциясының қалыптасуы және топтың жалпы мектеп ұжымымен интеграцияда болуы.
  • дидактикалық адаптация, оқушының оқулықтар және басқа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуі, оқу-әдістемелік жұмыстардың формаларына үйренуі.

Адаптациядан өтудің қиындықтрын зерттеушілер оның бірнеше себептерін анықтаған. Е.Е.Кравцова, А.А.Нурахунова, В.В.Степанова т.б. зерттеуілердің айтуы бойынша баланың эмоциялық өрісіндегі сезімге бой алдырғыштығы: ашуланшақтық, қызғаншақтық, долылық, өкпелегіштік, өзіне-өзінің көңілі толмаушылық, жылауықтық баланың икемделгіштігін төмендетеді. Сонымен қатар отбасының әлеуметтік тұрмысы: толық емес отбасы, жағдайы жоқ отбасы баланы мектепте оқуға даярлықтан өткізе алмауына алып келуі мүмкін. Отбасында баланың жеке тұлғалық дамуына психологиялық бірізді жүйенің болмауы баланың еріктік өрісінде біршама қиындықтар туғызады. Олардың ішінде үлкен әсер ететіндер ретінде А.В.Запорожец, Л.С.Выготский /28/ т.б. зерттеушілер келесі түрлерін көрсеткен: жалқаулық, қыңырлық, сенімсіздік, өтірік айту, өзімшілдік т.б.

Кей кезде балалардың үлгерімі нашар болуы, оның сабақ мазмұнын толық түсінбеушілігімен және үй тапсырмаларын өз бетімен орындауды ұйымдастыруға үйренбегендікпен, өз уақытын дұрыс пайдалану дағдысының қалыптаспағандығымен байланысты болады. Л.С.Выготский, Л.В.Занков, А.Н.Леонтьев /52/, Л.А.Венгер, Д.Б.Занков баланың танымдық өрісінің бұзылуының көрсеткіштері ретінде келесілерді атаған: бала әрекетінде өнімсіз іс-әрекеттердің басымдылығы, дұрыс ойлай алмауы, жалпы танымдық әрекеттерінің жетілмегендігі. Оның негізгі себебі бала бойындағы жеке тұлғалық қабілеттіліктерді уақытында байқап, оларды психологиялық заңдылықтар бойынша дамыта алмаушылық. Бұл жағдай баланың дидактикалық адаптациядан өтуінде қиындықтар туғызады.