Шыңжаң қазақтарының музыка өнерінің зерттелуі

Шыңжаң жерінің қазіргі заман күйшілерінің өмірі және шығармашылығы жайында газет беттерінде немесе кітап беттерінде басылып шыққан мақалалар саусақпен санарлық. Мысалға, атап айтсақ: Дәулет Халықұлы туралы тек «Шалқар» газетінде 16/ XII 1993 жылы «Күй ғұмыр» атты мақаладан оқып таныстым, сондай-ақ қосымша, Пекин радиосынан алынған деректерден білдім. Қамал Мақайұлы жайында Д.Бекенов 1988 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Іле қазақтарының күйлері» атты кітабында жария еткен. Бұлардан басқа атағы шықпаған, Қазақстан жеріне белгісіз, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының күйшілері әлі қаншама. Шыңжан өңірі дегенде Алтай, Іле, Тарбағатай өңірлерін айтамыз. Бүгінде ол жердегі қазақтар саны 1.500.000-нан асады.

Тарихи деректерге сүйенсек Алтай және Тарбағатай өңірінде орта жүздің керей менен найман рулары түрақталған. «Алтай, Тарбағатай керейлер мен наймандардың ертеден келе жатқан алтын бесігі еді, бұл рулардың мемлекеті дәл осы жерде пайда болған» — деп жазады С.Мүқанов.КХР Шыңжаң жеріндегі Ұйғыр автономиялық районының құрамына Іле қазақ автономиялық облысы кіреді. Ол негізінен үш аймақтан тұрады. 1945 жылдан бері бұл үш аймақ «Шығыс Түркістан» деп аталған.

  1. Іле аймағы, астанасы Құлжа.
  2. Тарбағатай аймағы, орталығы Шәуешек.
  3. Алтай аймағы, орталығы Алтай қаласы.

Шыңжаң қазақтарында ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт- сана, өнер қазынасы мол мұра болып сақталған. Осы мұралардың бірі ата-бабаларымыздан қалған және бүгінде өз жалғасын тауып келе жатқан күйшілік өнерге оқырмандардың назарын аудармақпыз.

Қазақ халқы музыкалық фольклорға аса бай ел. «Жалпы қазақ мәдениеті тарихтан белгілі бір тұтас тұлға болғандықтан, оны шекараның екі жағындағы қазақ көркемөнерін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ол ұлтымыздың бірегей құндылығы болып саналады. Күй атасы Қорқыт пен Асан қайғы, Қазақстанның батыс аймақтарында жасаған Құрманғазы мен Дәулеткерей, Арқада Тәттімбет секілді әйгілі күйшілердің туындылары мен басқа да халық композиторларының әндері Шыңжаң қазақтарына ежелден таныс». Шығыс Түркістан өңіріндегі күйшілерді атасақ, олар да Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды күйшілердің замандастары, XIX ғасырдың өкілдері — Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872), Қожеке Назарұлы (1823-1881), Қайрақбай Шәлекенұлы (1828-1877), Әшім Дөңшеұлы (1896-1962) секілді домбырашыларды еске аламыз.

Бұл күйшілер өздерінің туындыларымен өз заманында халық үшін жасаған еңбектері мен ерлікгері үшін ел аузында қалған. Қазақ халқының музыка өнеріне мол үлестерін қосып шығарған күйлерін киінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған. Бүгінде осы мол мұраны жинақтап реттеу, нотаға түсіру үлкен міндет болып отыр. Шыңжаң облыстық мәдениет басқармасы халықтың мәдениет-көркемөнер қазынасын жинап қана қоймай, арнайы адам ұйымдастырып, халық ауыз әдебиетін, ән, күй, би сияқты асыл мұраларын жарыққа шығару жағында белгілі қызметтер істеп, осы төңіректе еңбек етіп келген өнертанушыларын да өз аясына тартты. Олар: Тайыр Белгібайұлы, Байақын Әлімбеков, Қытан Көксеғенұлы, Тұрсын Қаденұлы, Мүтәліп Әлемқанұлы, Қалтай Шалұлы, Жүмжұма Жазиұлы, Әсімқан Қайсаұлы, Құттыбай Сыдықұлы, т.б. зерделі ағаларымыз еді.Жоғарыда аталған тұлғалардың өмірбаяны мен шығармашылығы жайыңда жазылған Шыңжаң баспаларынан жарық көрген көптеген кітаптар бар. Бұлардың көбі сөзбен аралас, күйлер санды-ноталық үлігісмен Шыңжаң баспаларынан шыққандар. Мысалы: «Күй қайнары» Іле халық баспасынан шыққан, Күйтің қаласы 1985; «Күй толқыны» (Қожеке Назарұлының күйлері) 1984, Үрімші; «Қытай аз санды ұлттар музыкасы» 1986, Пекин; «Әшімнің күйлерінен» 1981, Үрімші; «Күй күмбірі» 1989, Үрімші; т.б. Қазақстанда басылып шыққандар: «Іле қазақтарының күйлері» Алматы, Өнер 1998; «Жетісудың күйлері» Алматы, Өнер 1998; және Қытай қазақтарының мөдениеті туралы жазылған ағылшын этнографы Линда Бенсонның «China’s last nomads» атты еңбектерін атап кеткеніміз жөн. Қарап отырсаңыз, ең көп басылымдар Қытай елінің баспаларынан жарық көрген. Жазулары араб әріптерімен теріліп, төте немесе көне жазу деп айтамыз ба, ескі жазулармен қолданылған. Күйлердің барлығы санды үлгісімен нотаға түсірілген. Әрине бұл кітаптар Қазақстанда жоқ, бар болған жағдайдың өзінде көпшілік халыққа түсініксіз болар еді. Біріншіден, жазу үлгісі төте (арабша) болғандықтан, екіншіден нотаның европалық үлгісінде көрсетілмегендіктен.

Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінің ғылыми және этномузыковедтік зерттеулер тұрғысынан, арнайы музыкаға арналған, оның ішінде домбыра күйлеріне қатысты толық қамтылған және Қазақстан баспаларынан шығарылған кітаптар кемде-кем. Бұл аталған аймақтардың күйлерін зерттеу бүгінде маңызды әрі өзекті мәселеге айналып отыр. Басты мақсат, зерттеу нәтижелері арқылы Шыңжаң өлкесіндегі қазіргі замандағы күйшілік дәстүрдің жалғастырушылары мен өткен ғасырлардағы халық күйшілерінің туындыларын қалай және кімдер арқылы жеткендігін анықтап, оларды халық арасына насихаттау.

Осы мақаланы жазар бұрын, тақырыпқа байланысты мәліметтер іздегенімде, ол туралы деректер тіпті мардымсыз болып шықты. Себебі, Қытай диаспорасына қатысты, оның ішінде орындаушылық өнер туралы әдебиеттер мүлдем жоқ. Осы мәселені жолға қою үшін, алдымен музыка саласындағы мамандар, осы өңірді зерттеуге, барынша қызығушылықтарын танытып, Қытай еліне көптеп фольклорлы-этнографиялық экспедицияларға шығуды қарастыру керек. Әрине, осыған дейін ешкім ол жаққа экспедицияға барған жоқ деуге де болмайды, музыка саласында осы аймақтарға қатысты белгілі Уәли Бекеновтің баласы Дархан Бекенов 1988-1991, 1993-1994 жылдары барып қайтқан болатын. Ол барған сапарларында ҚХР, оның ішінде Шыңжаң аймақтарында тұратын белгілі күйшілерден біраз деректер жинап әкелген. Соның нәтижесінде, «Іле қазақтарының күйлері» атты алғашқы кітабы 1998 жылы жарық көрді. Әрине, осындай экспедициялар көп болса, жұртқа-жария ететін мәліметтер де, ғылыми тұрғыдан зерттелетін мәселелер де молая түсетіні айдан анық.

Ал әзірге бұл мақала тек бірнеше қазіргі заман күйшілерімен шектеледі. Бүгінгі таңда ең танымал, мықты орындаушы дегендерін сөз ете отыра, ол жақта мұндай жеткізуші, әрі дәстүр жалғастырушы, шебер орындаушы күйшілер өте көп екенін ескергеніміз жөн. Әлбетте, осы тақырыпты дамыту мақсатында, кейінгі жазуларымда Шыңжаң өңіріндегі күйшілер жайында толығырақ мағлұмат алып оқырмандарға жария етемін.

Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының көпшілік күйлері негізінен шертпе дәстүріне жатады. Бірақ арасында аралас стильдегі күйлерде кездесіп қалады (төкпе мен шертпенің қатар үйлесуі). Осы аймақтардың күйлерінде музыкалық әуенінде, орындаушылық стиліне өзіндік бір қызығушылықты тудыратын, тындасақ ой салатын жағдайларда кездеседі.

Қазіргі заман күйшісі, XIX ғ. соңы мен XX ғ. ортасында өмір сүрген әйгілі Әшімнің күйлерін жинаушы, мұрагер шәкірті болып саналатын Қамал Мақайұлы.

Қамал Мақайұлы Құлжа қаласында тұратын күйші композитор, фольклорлық музыка өнерінің зерттеушісі. Ол 1926 жылы Шыңжаң өлкесінің Іле облысындағы Тоғызтара; ауданының Мұқыр-Жырғалаң деген жерінде дүниеге келген Қамалдың әкесі Мақай домбыра шертетін әрі сыбызғышы өнерпаз адам болған екен. Әшім күйші Мұқырға келісімен Мақай оны қонақ етеді. Сол жылы (1945) Қамал атақты күйшінің қасында болып, өнерінен тәлім алады. 1955 жылы Құлжадағы облыстық театрға келісімен өзінің ұстазы Әшімді қайта кездестіріп онымен бірге жұмыс істеп жақын араласады. Әшім күйші қайтыс боларда өзінің домбырасын Қамалға мұра етіп қалдырған екен. Өзі өмірден өтсе де, домбырасы шәкірті Қамалдың қолында сақталып, өнерімен бірге жалғасып келеді. Қамал Мақайұлы халық композиторы Әшім Дүңшеұлынан тікелей үйрену жолында күй орындаушылық шеберлігін дамыта келе өз жанынан да көптеген күйлер шығарған, елге танымал күйші-композиторлық дәрежеге жетеді. Өз туындыларына жиырма екі күй мен он шақты ән кіреді. Олардың көбі ел ішінде белгілі әрі сүйікті ән-күйге айналған. Атап айтсақ: әндері «Сушы қыз», «Қызғалдақ», күйлері -«Іле бойында», Менің домбырам», «Көркем Тянь-Шань», «Жайлау думаны», «Шопан жыры», «Жасыл алқан», «Шат дәурен», «Көркем Сайрам», «Қапшағай», «Ақындарға» т.б./; Шыңжаң өңірінің тағы бір дәулескер күйшісі — Дәулет Халықұлы туралы әңгіме етпекпіз. Дәулет Халықұлы 1939 жылы Шіңгіл ауданы Аралтөбе аулының Қарағаш деген жерінде дүниеге келген. 1956 жылдан бері Іле Қазақ автономия облыстық ән-би үйірмесіңде қызмет істейді. Дәулет Халықұлы қазақтың қара домбырасымен қатар скрипка, балалайка, прима сияқты музыкалық аспаптарын тамаша орындайды. Сонымен қатар, домбырада тек қазақ күйлерін орындап қана қоймай, шетел музыкасымен қоса, көршілес жатқан туысқан ұлттардың халық күйлерін аса шеберлікпен орындайды. Ол көптеген мемлекеттік байқаулардың және халықаралық өнер фестивальдерінің жүлдегері. 1994 жылы Іле Қазақ автономиялық облысы Дәулет Халықұлына, ұзақ жылдар бойы өнерге сіңірген ерекше еңбегін ескеріп «Даңқ» атты құрметті марапатын ұсынады. Дәулет аға мықты орынаушылығымен қатар белгілі сазгер. Оның көптеген күйлері бар, солардың бірі «Бақыт қайнары», «Туған жер», «Поезд келді», «Тарту», «Керуен» т.б. Барлық күйлері топтастырылып «Ақ қайнар» атгы жеке күй жинағы Шыңжаң баспасынан жарық көрген. Күйшінің репертуарында өз туындыларынан басқа көптеген халық күйлері сонымен қатар әйгілі домбырашылар Бейсенбі, Қожеке, Қайрақбай, Әшім сияқты халық сазгерлерінің шығармалары мол. Оның ішінде «Жорға аю», «Ақсақ қаз», «Желмая», «Шыңырау», «Сал торы», «Сары өзен» күйлерін орындаған.

ҚХР-ң Тарбағатай аймағы Толау ауданының Майлытау жерінен щыққан күйші Қайсабек Жанасылұлын айтар болсақ ол 1945 жылы дүниеге келген. Бүгінде сазгерлікпен қоса халық күйлерінің насихаттаушысы болып саналады. Онын. орындауындағы күйлер — халық күйлерінен өңделген «Бұлғын сусары», өз күйлері «Өкініш», «Мұңлы қыз», «Ана зары», «Әлди жетім» т.б. /55/

Қорытындылай келе, ҚХР-ң Шыңжаң өңіріндегі қазақ халқының арасында көне халық күйлері көптеп сақталғаны байқалады. Сонымен қатар бұл аймақтарда сыбызғы аспабында дәстүрлі орындаушылық өнері әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоғалтқан емес. Қаншама ғасырлар өтсе де, өзінің ұлттық тілі мен дінін, дәстүрі мен халықтық мұра құндылықтарын осы заманымызға дейін көне қалпында сақтай білген, шетте жүрген қазақ диаспорасының халқы мен келешек ұрпағына деген жаңашылдығын, ата-бабадан қалған керегендігін көрсетеді. Республикамыздың басқа аймақтарында, кезінде жоғалтқан дәстүрлеріміздің шалғайда жатқан, немесе шетел асқан қазақ бауырластарымыздың өнері мен тұрмыс тіршілік арасынан табылып жатса, ол біздің мәдениетіміздің асқақтағаны болып есептеледі.