ХІІІ ғ. дүниені дүр сілкіндірген мемлекет – Монғолия болды. Монғолияның даңқын бүкіл әлемге шығарған Шыңғыс хан мен оның балалары, немерелері болды.
ХІ ғ. басында қазіргі Монғолия монғол тілінде сөйлейтін тайпалардың мекеніне айналды. Онда бұрын тұрған түркі тілдес халықтар немесе қоныс аударды, немесе монғолдарға сіңіп кетті. Монғолдар Байқал көлінен Ұлы Қытай қабырғалары, Енесай өзені мен Ертіс өзендері арасында орналасқан. Монғол халқының негізін кереит, меркіт, найман, тайшыжүт, татар тайпалық одақтары құрады.
Солтүстігіндегі монғолдар тоғайларда, ал оңтүстігіндегі – ашық далада тұрды. Тоғайлардағы монғолдар аң, балық аулаумен шұғылданса, оңтүстігіндегілер – мал бағып, көшпелі өмір сүрді. Әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму деңгейі жағынан солтүстіктегі монғолдар оңтүстіктегі монғолдардан артта қалып қойған еді. Олар алғашқы қауымдық қоғамнан таптық қоғамға енді-енді өте бастаған болатын. Олардың үйлері ағаштан жасалды, киімдері аң терілерінен жасалатын. Бірте-бірте солтүстіктегі монғолдар мал бағумен де айналыса бастады. Мал басының көбеюі оларды тоғайдан шығуға мәжбүр етті.
ХІІ ғ. тоғайлық монғолдардың көпшілігі жартылай аң аулаушылар, жартылай мал бағушылар болды. Далада тұратын монғолдар ірі қара, жылқы, қой өсірді. Түйе ол кезде Монғолияда аз болды. Олар тез жиналып, тез қайта құрылатын дөңгелек киіз үйлерде тұрды. Әр рудың өзіне тиісті, бекітілген жайлау, қыстаулары болды. Монғолдар негізінен мал етімен, сүтімен қоректенді. Мал монғолдардың өздерінде жоқ егінге, қолөнер бұйымдарына айырбастайтын ақша орнына да жүрді. Қолөнер нашар дамыды. Олар жүннен киіз басты, арқан есіп, жіп иірді, мата мен темірден жасалған бұйымдарды Қытайдан алып отырды. Теріден қайыс-таспа, мес, қоржын, киім тікті. Ағаштан ертоқым, ыдыс-аяқ, садақ жасады. Аз пайдалынылытын темірден ара, балта, пышақ, садақ оғын… жасады. Монғолиядағы сауда Орта Азиядан, Шығыс Түркістаннан шыққан ұйғыр және мұсылман көпестерінің қолында болды.
Жалпы мәдениет деңгейі өте төмен болды: олар календарь дегенді білмеді. Қытай саяхатшысы Мэн Хун былай деп жазды: «Жылды шөптің өсуімен есептейді, біреуінен қанша жастасың деп сұрасаң: 20 шөп, 30 шөп деп жауап береді. Олар күзді көктемнен ажыратпайды, айдың күндерін білмейді».
Кейбір монғол руларының мәдениетіне батыста тұратын түркі тілдес ұйғыр халқы айтарлықтай ықпал етті. ХІІІ ғ. дейін монғолдардың өз жазуы болған жоқ. Монғол тайпаларының ішіндегі ең мәдениеттісі – наймандар ұйғыр жазуын қолданды. Дегенмен барлық монғол халқына, оның мәдениетіне Азияның сол кездегі ең озат елі – Қытай көп үлес қосты.
ХІІІ ғ. дейін монғол халқының көпшілігі шамандық дінді ұстанды. Басты құдай деп «мәңгілік көк аспан» саналды. Монғолдар жер құдайын да, рухты да мойындап, аруақтарды пір тұтып, сыйынды. Кереит тайпасының ірі ақсүйектері ХІ ғ. басында несториандық бағыттағы христиан дінін қабылдады. Наймандар арасында буддизм мен христиандық та тарады. Бұл діндер Монғолияға ұйғырлар арқылы тараған еді.
ХІІ ғ. аяғына қарай монғол қоғамының таптық сипаты айқын көріне бастады. Әрбір рудың өзнің «батыр», «мерген» атанған басшылары байларға айналып, өзінің кедей туыстарын қанай бастады. Мұндай ру басшылары «нояндар» деп аталды. Рудың меншігіндегі жерлерді біртіндеп осы нояндар өз қолдарына ала бастады. Олар мал жайлымдарын, жазғы, қысқы қоныстарды бөліп, өздеріне көбірек жақсы жерлерді қалдырып отырды. Монғол және қытай дерекнамалары бұл мәселе бойынша көптеген нақтылы мысалдар қалдырған.
Жердің иесі ретінде нояндар бақташылар – араттарды өздеріне тәуелділікте ұстады. Жер үшін араттар белгілі бір өтем төледі. Мысалы, ноянның малын өз малымен қоса бақты. Сөйтіп, жұмыспен өтеу рентасы қалыптасты.
Монғол қоғамының өмірінде құлдар үлкен рол атқарды. Құлдар жеткілікті болды. Соғыста тұтқынға түскендер құлға айналдырылатын. Дегенмен соншалықты көптігіне қарамастан , құлдар монғолдардың қоғамдық өндірісінде шешуші рол атқарған жоқ. Құлдарды негізінен ақсүйектер үйлерінде малай ретінде пайдаланды, енді бір үйлерде құлдар қолөнершілер ретінде де пайдаланылды. Құлдардың еріксіз еңбегі тиімсіз болды. Ол арнаулы бақылаушы адамдарды қажет етті. Құлдардың еңбегі мал басының өсуін қамтамасыз ете алмады. Монғол қоғамы алғашқы қоғамдық қауымнан құлдық қоғамға тоқтамай, феодалдық қоғамға көшті.Осы жолмен дамуына олардың дамыған феодалдық ел -Қытаймен көрші болуы да үлкен ықпал етті.
ХІІ – ХІІІ ғ.ғ. Монғолияның қоғамдық өндірісіндегі басты фигура – ерікті шаруа – арат болды. Араттар әлі басыбайлы емес, ерікті шаруалар болып қала берді. Олардың бір нояннан басқа ноянға кетуге хақысы болды. Бұл ерікті шаруалардың нығайып келе жатқан феодалдық қатынастарға қарсы күресі туралыдеректер бар. Мысалы, Шыңғыс хан таққа отырар алдында монғол қоғамына былай деп сипаттама берген болатын: « Балалары әкелерін тыңдауды қойды, інілері ағаларына бағынбады, санаспады, ерлері әйелдеріне сенуден қалды, ал әйелі ерін сыйлауды қойды… Сол себепті қарақшылар, бұзықтар, безбүйректер көбейді. Сөйтіп, қоғамда тәртәп, мәніс қалмады».
Шыңғысханның өмірге келген жылы туралы нақты дерек жоқ. Әр деректе әр түрлі берілген. Бір деректерде 1155 жылы, ал кейбірінде 1162 жылы, бірінде хижраның 559 доңыз жылында Білұн иылдық деген жерде дүниеге келді. Туғанда бір қолын жұмып туылған. Кіндік шеше болған әйел қолын ашып қарап еді, бір уыс қан көрді. Мұны келіп әкесіне айтты, отырған кісілердің ешқайсысы бұл ненің нышаны екенін айта алмады, тек бір кісі ғана «бұл бала дүние жүзіне патша болар, көп елдерді қаталдықпен өзіне бағындырар, бұл – соның нышаны», — деді. Ол кісінің айтқанындай Шыңғыс хан хан болып ел басқарады. Әкесі атын Темучин қойды, хан көтергенде Шыңғыс, — деп шаман Көкөші лақап ат берген.
Шыңғыс ханның әкесінің аты – Есуки баһадүр боржігін руынан шыққан. Есуки баһадүр өлгенде , оның үлкен ұлы Шыңғыс хан он үш жасында еді, інілері жас еді. Шыңғыс ханның анасының аты – Оолұн, анасы Ақнұр руынан. Ол кісі ақылды, кең пейілді, ұстамды әйел болатын. Қонқамар руынан бәрі Шыңғыс ханға қосылады. Бодынжар хан нәсілінің баршасы Есуки баһадүрге бағынатын. Монғолдың әдеті бойынша патша қарауындағы елдің жылқы, түйе, сиыр, қойының яғни төрт түлік малының оннан бірін алып отыратын еді. Егер патшаның бес немесе он ұлы болса, әкелері өлгеннен кейін олардың бірін хан көтерер еді, өзгесі халыққа қосылар еді, олардан хан жылына бір ет я болмаса бір түйе алар еді, олар өліп, балалары қалса, өзге халықтан неше мал алса, олардан да сонша мал алар еді.
Есуки баһадүрге мал беріп тұрған елі отыз-қырық мың үй болатын. Шыңғыс ханды туыстары жас деп одан қорықпады. Адам баласында «алмақ жақсы, бермек жаман» дейтін пиғыл бар.
Есуки баһадүрге бағынатын елдің ішінде малы мен басы көбірегі Тайжұт руы еді. Басқа руларға бас болып, өз руымен басқа жерге көшіп кетті. Ол уақытта Тайжұттың басшысы Барғұнай қырылдақ еді. Есуки баһадүрдің елі екіге бөлінді. Ханның үлкен атасы Брден ханнан туғандардан Маңғыттың жартысы өзге елдерден екі жүз үйі, жүз үй, елу, он, бес үйден қосылды. Маңғыт көп емес еді, хан қасында қалған маңғыттардың басшысы Қойылдар. Қатаған, Хажут, Жойрат, Қият түгелімен Тайжұтқа қосылды. Меркіттер атысып, шабысып, жылқы айдап кетуші еді.
Тайжұттың азғыруымен көп рулар он үш жасар Шыңғыс ханға жау болып, көп жылдар атысты, шабысты. Алайда 1206 ж.көктемінде Онон өзенінің бастауында Ұлы құрылтайда монғолдардың түкпір-түкпірінен келген нояндар мен хандар Теміжүнді хан сайлап, қонқамар руынан Меңлік ечекенің ұлы Көкше Темучинға Шыңғыс хан деп атақ берді. Сөйтіп Шыңғыс хан атанып, елді қолға алып, әуімшілік аудандарға бөліп, мыңдықтар, жүздіктер, ондықтар отрядын құрып, көптеген жорық жасап, жеңістерге жетті.
Өмірінің соңғы күндерінің бірінде Шыңғыс хан жаман түс көріп, шошынып, жуырда өлетінін ойлап жүр еді, аяқ астынан ауру жабысып, нашарлап балаларын шақыртып, оларға көп ақыл кеңес берді. «Бір біріңе аз пайда үшін араздаспаңдар, ойларыңа сәл күдік түссе ойларыңнан шығарыңдар, жауға бірігіп ғана қарсы тұра аласыңдар, менің орныма Үкідайды хан сайлаңдар» дейді де 1227 жылы қайтыс болады.
Шыңғыс бірде аң аулап жүріп, бір биік ағашты көріп, мен өлгенде осы жерге өрлеңдер деген екен. Шыңғыстың балалары сол ағаш түбіне жерлейді.