Ш. Уәлихановтың орыс мәдениетінің алдыңғы қатарлы қайраткерлерімен творчестволық байланыстарымен өрістеуі мен дамуына оның орыстың ұлы жазушысы Ф.М. Достоевский арасындағы таныстық 1854 жылы Достоевскийдің Семейде айдауда болған кезінде басталып, әрі қарай Петербургте де жалғасты. Сонымен бірге олар алты жыл бойы (1856-1862 жылдар) өзара үзбей хат жазысып тұрды.
Ф.М. Достоевский мен Ш. Уәлихановтың жазысқан хаттары аса құнды тарихи-педагогикалық дерек болып саналады. Өйткені онда орыс пен қазақ қайраткерлерінің арасындағы достық қарым-қатынастардың тууы мен дамуы өте әсерлі баяндалған.
Ф.М. Достоевский өз хаттарында қазақ досына мейлінше кең ағартушылық міндеттер ұсынады. Атақты жазушы оны туған халқының ағарту жолындағы ой-арманын білдіруші болуға шақырады. Бұл жөніндегі ойын ол:
«… қазақ даласының не екенін, оның маңызын және өз халқыңыздың Ресейге қандай қатысы бар екенін Ресей халқына түсіндіріп беруші ең бірінші қазақ болу дегеннің өзі нағыз ұлы мақсат емес пе, оның бер жағында орыстар арасында өз Отаныңыздың ағарту жолындағы іздеушісі болуыңыздың өзі қандай игілікті іс»,- деп білдіреді.
Ф.М. Достоевскийдің пікірінше, мәдениет қайраткерлерінің ағартушылық талпыныстары мен творчестволық еңбегі негізінен ел, халық жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысына, оқу-білім таратуға, қазақ жерінің өмірі мен тұрмысын мейлінше толық және жан-жақты көрсетуге бағытталуы тиіс.
Ф.М. Достоевский Уәлихановпен достығы, қазақ ғылымына шынайы қамқор ойлары, ақыл кеңестері арқылы орыс-қазақ мәдени қарым-қатынастарының кеңеюі мен дамуына зор үлес қосты. Ш. Уәлиханов -педагогика тақырыбына арнайы еңбек жазбаған адам. Бірақ оның ғылыми туындылары, орыс ғалым, жазушыларымен жақын достық байланыстары педагогикалық және ағартушылық жағынан мәнді болды.
Ол өз елінің оқу-ағарту мен ғылымын дамыту үшін күресті. Қазақ халқында экономика мен мәдениет саласында артта қалуына қатты қынжыла да қинала ой жіберіп, халық бұқарасын сол азаптан арылту жолында талмастан үлкен жұмыс жүргізді.
Ш. Уәлихановтың орыс-қазақ мәдени-педагогақалық байланысының тарихындағы өшпес еңбегі сол — ол орыстың озат білімі мен ғылымын таратушы, насихаттаушы болды, артта қалушылық пен надандыққа қарсы күресті. Бұл жөнінде оның жақын достарының бірі Н. Ядринцев: «Ол (Ш.Уәлиханов) орыс қоғамын түсінетін және еуропалық цивилизация негізінде онымен туыстас болып кетуге дайын еді», — деп жазды.
Ш. Уәлиханов ағарту мәселесіңде орыстың революциялық-демократиялық педагогикасының бағытына жақын болды. Сондықтан да оның пікірі халық ағартудың жайы саяси өкіметтің сипатына тәуелді болып келмек деген революционер-демократтардың пікірімен үндесіп жатады. Н.Г. Чернышевский «Июль монархиясы» деген еңбегінде «Саяси билік, материалдық әл-ауқат және білімділік — осы үш нәрсе бір-бірімен тығыз байланысты» десе, Ш. Уәлиханов та сол ізбен: «Халықтың жетіліп дамуы үпіін бостандық пен білім қажет… Демек, оларды ең алдымен оқыту қажет»,- дейді.
Оның ойыніпа мектептер ұйымдастыруда тәрбие мен білімнің халықтығы принципіне сүйену қажет. Тілмаштар мен билеп-төстеуші чиновниктер әзірлейтін мектептердің орнына еуропалық ғылым мен гуманизмді таратуға болатын мектептер мен тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруды арман етті.
Ш. Уәлиханов қазақтар арасында орыс білімін, оның ғылымы мен өнерін таратудың тиімді шаралары үшін күресті. Ол Қазақстанда «нағыз шынайы білімділер» ұясы болатындай мектеп түрлерін ұйымдастыруды талап етті. «Тек ақиқат білім ғана күдіктерден құтылуға жәрдем етіп, өмірмен материалдық әл-ауқатты бағалауға үйретеді»,- деді ол.
Халықтық тәрбиенің жаңа жүйесін ойластыра отыра, Ш. Уәлиханов ең алдымен жасөспірімдерді ғылым мен техниканың табыстарымен, дүние жүзі мәдениетінің бай қазынасымен таныстыра алатындай діннен (өз кезеңі үшін бұл ақиқат еді Ж. Ә.) бөлінген дүниелік білімдерді енгізуді жақтады. Қазақтар мен Орта Азия халықтарының артта қалуының басты себебі, — Ш. Уәлихановтың пікірінше, монархиялық тәртіп пен ислам діні. Сондықтан да ол ислам дінін қатал сынға алды. Діннен келетін ешбір пайда жоқ, адамдарды аздыра түседі, ой мен сезімнің дамуына кеселін тигізеді», — деп жазды ол. Шоқан діннің халықтарымыздың бірлігіне қауіп туғызатынын атап көрсетті.
Шоқанның психологиялық пікірлерінің екінші бір арнасы оның дін жөніндегі толғаныстарымен астарласып жатады. Ағартушы ғалым алғашқы адамның қиялы мен діни сенімдері оның табиғатқа тікелей қатынастарының бейнесі ретінде пайда болғанын айтады. Ол қазақ даласында кейінірек тараған шаман дінінің пайда болуының да белгілі себептері бар дейді. Білім-ғылымнан кенже, тәжірибесі аз адамның табиғатпен күрестегі енжарлығы, оған тәуелді болуы — діни елестер мен сенімдердің пайда болуының көзі. Оның ойынша, діни сенімдердің пайда болуының екінші бір көзі адамның жан дүниесінін, оның сана-сезімінің кейбір ерекшеліктерінен туындайды. Дүниедегі ерекше бір керемет — адамның өзі. Оның жаны, қабілеті, ойлайтын және бәрін білгісі келетін рухани өмірдің зерттелуі аса қиын нәрсе. Адамның табиғат күштерінен қорқуы — діни түсініктердің пайда болуының басты себептерінің бірі. Жас сәбиге ұқсаған алғашқы адам үшін табиғаттың апаттары қанша қаһарлы болса да ол одан жасырына жансауғалай алушы еді. Ендігі бір үлкен қырсық адамның өзінде болды. Өзі сезінетін, бірақ түсіне алмайтын сиқырлы күглтен қорқу, үрейленуден теріс түсініктер туындады.
Шоқан қазақ халқындағы шамандық ұғымдардың (ем, ұшық, сиқыр, арбау, кесір, кие, тіл тию, ырым т.б.) шығу тегін түсіндіргенде де, оның психологиялық жақтарын ашқанда да материалистік позицияны берік ұстады. Ол осы ұғымдардың адам баласының ерте кезеңде табиғаттың алдында дәрменсіздігінен, оның сан қилы құбылыстарын түсінуте шамасы келмеген кезде пайда болғандығын, мұның дала жұртының ғылым мен мәдениеттен кенже қалғандығынан күнделікті тұрмыста әлде де сақталып келе жатқандығын нақтылы мысалдар келтіре отырып, тәптіштеп түсіндіреді.
Ғалым діннің гносеологиялық (шығу тегін) тамырын ғылыми тұрғыдан түсіндіре алса да, оның әлеуметтік-таптық мәнін терең түсіндіре алмады.
Шоқан психологияда өзіндік теориялық тұжырымдар ғана жасап қоймай, өзін шын мәніндегі практик психолог реттінде де көрсете алды. Оның ғалымның жекелеген адамдарға берген сипаттамалары жақсы дәлел. Мәселен, құлжалық Тоғалдай деген кісіге берген психологиялық сипаттамасында былай деп жазды: «Тоғалдай сығыр қисық көзін үлкен көзілдірігімен сәндеген, қаршыға тұмсық, арықтау келген қарт. Оның аузы сәл қисық, үстіңгі ерні үш бұрыш сияқты, ортасы үш бұрыштың төбе қиығындай да, ернінің екі іпеті ерінге тіреледі… қушиған сүйір ерні қылтанақсыз, тап-таза. Еріңдерінің арасынан онымен тамаша табысқан көгілдір-буырылдау кофе түсті сынық тістері көрініп тұрды. Жасына қарамастан, ол өте сөзшең екен, шұнаңдап-ақ тұр. Үстіне жібек шапан киіп, қара белбеу буынған, оған темекі дорба мен желдеткіш ілген…». Ал, Шоқанның қытай қызына берген мінездемесі де тамаша. «Бет ажары бір қыдыру сүйкімсіз де емес… қою қара шашы артына қарай жиналып, сәнді өрілген сүмбідей өкіыесіне түсіп тұр. Басына әр түрлі көбелектер мен сүйкімсіз бүршіктері бар қолдан істелген гүл шашылған. Еріндеріне далапты қалың жаққан және ол маржан тасындай қып-қызыл. Ол өзінің қысықтау көзімен біресе жоғары, біресе төмен қарап, көз алдыңнан әсте кетпей қояды».
Осы үзінділердегі адам портреті сом күйінде суретшінің қыл қаламымен полотноға түсірілген бояулы суреттей бейнеленген. Бұл суреттемелер өзінің көркемдігімен, адам жанының нәзік қырларын көрсеткендігімен оқырманды өзіне бірден баурап алады. Шоқан шығармаларында осы іспеттес психологиялық бейне жасау мол. Мәселен, Құлжадағы түрлі ұлт өкілдері саудагерлердің киген киімдері, сырт-келбеттері, нақты істері мен сөздері тіпті қолдарындағы заттары мен шылдырлаған теңгелеріне дейінгі ұсақ-түйектер автор назарынан тыс қалмайды. Мұның бәрін білгірлікпен суреттеп беру тек адам жанын жазбай танитын аса сезімтал психолог кісінің ғана қолынан келетіні белгілі.
Көркем очерк түрінде жазылған Шоқан күнделіктері мен жол жазбалары — «Құлжа сапарының күнделігі», «Қашқария сапарының күнделігі» психологиялық жағынан құнды дүниелер. Табиғатты көз алдына әкеліп кісіні қызықтыратындай бейнелеп жазу, бұларды сол өңірдегі халық өмірімен жеке адамдардың қайталанбас өзіндік психологиялық ерекшелігімен байланыстыру шеберлігі жағынан Шоқан күнделіктері Байрон мен Лермонтовтың Қавқаз очерктерімен өте ұқсас және бұлардан еш кем түспейді», — деп жазды қазіргі Шоқантанудың асқан білгірі академик Әлкей Марғұлан.
Шоқан туған халқының әдет-ғұрпының түрлі жақтарын талдай келіп, қазақ арасындағы кейбір жағымсыз әдеттерді де мейлінше сынап, бұларға қазақ қауымын ілгері бастырмай келе жатқан мерездер деп қарады.
Ш. Уәлиханов қазақ халқының болашағы мистицизмге де, аскетизмге де емес, тек цивилизапия мен оқу-ағартудың табыстарына байланысты деп білді.
В.Г. Белинский сияқты, ол да халыққа діни уағыздар мен өсиеттердің орнына, оның адамгершілік сезімін оятып, ұлттық сана-сезімін дамыту қажет дейді. Бұл үшін Шоқан өкіметтің ислам дінін таратушыларға қамқорлық жасауға тыйым салуын, мұсылмандық діни мектептердің орнына орыс мектептерін ашуды талап етті. Өзінің бұл талаптарын ол «Даладағы мұсылмандық туралы» деген мақаласында негіздеді.
«…ақыл-парасаты тың, ұғымтал қазақ халқы бұл татар ағартушы-ларынан ақыл-ой мен сезімнің өркендеуіне тосқауыл ғана бола алатын өлексе схоластикадан басқа не күте алады. Біз қалай да болса татар дәуіріне соқпай өтуіміз керек, ал өкімет бұл жөнінде де бізге жәрдемдесуі керек. … Сөйтіп қазақ округтарында татар мектептерінің орнына орыс мектептерін ашу керек»,- дейді.
Ш. Уәлихановтың дінге қарсы күресі Қазан төңкерісіне дейінгі қазақстандағы діни фанатизмге, надандық пен қараңғылыққа ағартушылық тұрғыдан алғашқы ашық түрде қарсы шығу болған еді. Бұл күрес Ресеймен жақындасу, орыс пен қазақтың мәдениет қайраткерлерінің достық-ынтымағы бағытында өрістеді. Оның айрықша маңызы да осынды еді.
Ш. Уәлиханов орыс ғалымы мен педагогикасындағы халықтық және ұлттық принципті негізге ала отыра, қазақ ағартушыларының ішінен бірінші болып өз елінің табиғатын, тарихын, өмірі мен мәдениетін зерттеуге баға жетпес үлкен үлес қосты.