Шәкәрімнің Шығыс әдебиетімен шығармашылық байланысын мысалдар жазуынан да көруге болады. Адамгершілік сапаларды аллегориялық көркемдікпен насихаттауды өз тәжірибесінде ақын «Бояушы суыр», «Қаншыр мен бөдене» , «Ақылшы торғай», «Қасқыр, түлкі, бөдене», «Епті тышқан» сияқты мысалдар арқылы жеткізеді. Арғы төркіні «Калила мен Димнадан» өрбіген мысал үлгілерін Шығыс ақындары талай нұсқада дамытқан. Мысал жанры қазақ арасына ауызша да, ақындар арқылы жазбаша да ерте таралған. Абай дәстүрімен де, өздігінен іздену және Шығыс әдебиеттерін оқу арқылы да Шәкәрім мысал жанрын жақсы игереді. «Қасқыр, түлкі, бөдене» мысалындағы кейіпкерлер: өктем күш иесі – қасқыр, айлакер түлкі, жазықсыз момын бөдене. Қасқырды түлкі алдап, зығырданын қайнатса, түлкіні бөдене орға жығады. Қулықтың түбі қазамен аяқталып, әділет жеңеді.
Шәкәрімнің бай мұрасында өмір сүрген дәуірдегі қоғамдық көріністер, ақыл – ой ізденістері, толғамды тұжырымдар ізін қалдырды. Шәкәрімнің дүниеге, өмірге, сан – сала құбылыс көріністерге, дінге көзқарасында кейбір қайшылықтар кездескенімен, ешқашан оған көзсіз берілген жоқ, өмірдің қуаныш рақатынан аулақ болуды уағыздайтын тақуа, бәрін жоққа шығаратын түңілген, торыққан адам емес. Дүниеге көз – қарасы жөнінен Шәкәрім көбінесе рационализмге, деисизмге бейім. Бұл философиялық бағыт дүниені жаратушы бір күш бар дегенді иойындайды, оған жаратылыстың керісті жарасымдылығы, жүйелі тынысы мен үнемі қозғалысын дәлел етеді, дүние ісіне құдай араласпайды, адамның болмысты танып білуі мен өзін — өзі жетілдірумүмкіншіліктерінде шек жоқ деп қарайды. Қазақтың ағартушы демократтары да көбіне осы дүниетанымды, көзқарасты жақтағаны белгілі. Шәкәрім де солардың ізінде болды.
Ақынның дүниеге, қоғамдық құбылыстарға көзқарастарында үстірт пікірлер, кейбір қайшылықтар бар. Әсірісе оның ертеректе жазған «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» атты кітаптары мен кейбір өлңдері жөнінде солай айтуға болады. Дүние жаратылысы, «өлшусіз ғалам» ғаламаты, «жоқтан бар қылған» ерен күш құдіреті жайындағы күш ақынның дінге көзқарасына, сеніміне негіз болған. Дін тарихы, теология туралы кітаптарды оқып, ол бір кезде мұсылман дінінің кейбір шарттарын адам мінез – құлқын жөндеуге пайдаланса деген түсінікке бой ұрады да, ислам ережелерін түсіндіруге тырысады. Мысалы, «Мұсылмандық шартында» «Иманның мағынасы», «Алла тағаланың сипаттарын білмек», «Кітаптарда иланбақ», «Адам жақсы мінезді болмақ», «Адам өзін таныса» тағы басқа тараулар бар.
Шәкәрімнің «Түрік, қығыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабы тарих қойнауына үңілу негізінде жазылса да, ондағы бір сыпыра пікір – тұжырымдарда қайшылықтар аз емес. Ол: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы есіткен – білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: Тәрбие – тарих ғұмуми, тарих ғұсмани, тарих антшар аласлам, Нәжип Ғасырбектің түрік тарихы, Баһадүр ханның язған шежірәй түрік және һәм түрлі кітаптардан алынған сөздер.
Шәкәрімнің жан – жақты қаламгер болып қалыптасуына, сөз өнері тарихына өзіндік ою — өрнек пен зор үлес қосуына көптеген факторлармен қатар онң алдында қазақ халқының бай ауыз әдебиеті факторлардан бірте – бірте бәлініп, жазба әдебиеттер белгілерін ғасырлар бойы қалыптастырғанбелгілі ақын — жыраулар мұрасы дамуы, жазба әдебиетінің саф алтын үлгілері Махамбет өТЕМІСОВ, ҰЛЫ АҚЫН Абай қазынасы болуы, Шығыс және Батыс әдебиеті алтын қорынан сусындау, меңгеру дәстүрі жетіле түсүі себеп болды.
Шәкәрім творчествосының басым көпшілігі – поэзиялық шығармалар. Сөз өнерінің осы байырғы түрі – поэзияда ең алдымен адам өмірінің қат – қабат қыры мен сыры, қупт бере қуанышы мен қартайтар қайғысы, алға тартар атманы мен жетелер үміті, сәулелі серпін туғызар мұрат – мақсаттары баршасы көркем бояулары мен сән қилы ою — өрнегімен көрініс табатыны хақ.
Шәкәрімнің поэзиялық шығармаларының мазмұны да бай, әр алуан салада жазылған. Егер тақырыптық және жанрлық мазмұн тұрғысынан қарасақ, Шәкәрім поэзиясында азаматтық, философиялиқ, махаббат, табиғат лирикалары бар, онда элегия, сонет тарихи баллада, халық өлеңдері түрінде жазылған шығармалар да кездеседі. Бұл жағынан ақын қазақ лирикасын йтарлықтай жаңғыртып, байыпты, поэзия мәдениетін дамытты.
Шәкәрім өзінің өлеңдер жинағының алғашқы басылымына «Қазақ айнасы» деп жинақы да мағыналы, бейнелі де орамды ат қойып, өзі өмір сүрген кездегі қазақ қоғамының хал – жағдайын кейбір көріністерін көрсету арқылы халықтың ақыл – ой сана – сезіміне әсер етуді көздеген. «Қазақ айнасы» жинағы ақын бұрын жазған өлеңдерін сұрыптап, жүйелеп берумен де, баспадан кітап болып шыққандығымен де қымбат.
Шәкәрім ақындық міндетті биік бағалай келіп, өзіндік пікр ұсынған ақын:
Өлең айт дарын өрге өрлегендей,
Сезімді қозғап, тәтті ой кернегендей.
Жанды сөз бойды ерітіп, мұжырайтып,
Әлдилеп жыр бесігі тербегендей.
Қауымның қалауына тап келгендей,
Болғанын,болашағын айт көргендей.
Керістен тартып жырды жебелі оқтай,
Дәл тигіз қалағанға қас мергендей.
«Қазақ айнасы » жинағына Шәкәрімнің мына өлеңдері енген: «Өзім», «Жуандар», «Қорқақ бай», «Бай мен қонақ», «Қайтқан шал», «Өмір», «Еріншек», «Құмарлық», «Қысқа сөз», Тойымсыз нәнсі», «Тұрақсыз дене», «Ақылшы торғай» және тағы да басқалар. Бұл өлеңдерінің аттарының өзі – ақ мазмұн байлығын, көтерілген мәселелерінің ауқымының кеңдігін ақыл – ой, сезім тнреңдігінің, ұстанған бағытының әлеуметтік сыншылдық, гуманистік сипаттарын да аңғартқандай.
Шәкәрімнің лирикалық өлеңдерінде оның дүниеге көзқарасы, сан қилы өмір қиылыстары мен көрінітеріне қатысты ой – сезімі, асыл армандары, көңіл – күйі, ынта – ықыласы бейнеленген, қоғамды әлеуметтік, философиялық, моральдық мәні бар толғаныстар көп.
Шәкәрімнің лирикалық шығармалары қазақ әдебиетінде лирикалық жанры мықтап өркендеген, дәстүрі қалыптасқан кезде, Махамбет, Абай үлгілері жалғаса дамыған кезде дүниеге келгендіктен, идеялық – көркемдік деңгейі де биік туындылар болып шыққан. Ең құндысы сол – онда ақынның «мені» — лирикалық кейінкері қоғамдық ой, халықтың көкейкесті сырларымен астасуы. Шәкәрім өлеңдерінің көпшілігі революциадан бұрын шығарылғандықтан болуы – керек онда көбіне қазақ елінің қиын өмірі, мұң – зары, толғағы жеткен ауыр ойлар, қоғам, бұқара үшін мәні бар тебіреністер, идеялар айтылады.
Шәкәрім мұрасында эпостық жанрдың ьір түрі, белгілі бір оқиғаны өлеңмен баяндайтын, сюжетке құрылатын шығармалар – поэмалар елеулі орын алған.
Шәкәрім поэмалары – бас – аяғы жинақы, сюжеттері ширақ, адамдардың қарым – қатынастары, тартыс – таластары, сүйініш – күйініштері, іс — әрекеттері нанымды суреттелген, идеялық – көркемдік қасиеттері мол туындылар. Сырттай қарағанда Шәкәрім поэмаларының тақырыптары ұқсас, үйлес – биік махаббатты жырлау болып көрінгенімен, онда қоғамдық — әлеуметтік қарым – қатынастар астары астасып, қиыстырылып өсірген.
«Қалқаман – Мамыр» поэмасында Шәкәрім «Қазақ тілінде жазылған тарихи хикая» деп атап, «Мұтылған» деген атпен жарияланған. Шығарма Семей қаласында «Жәрдем» баспасында1912 жылы басылып шыққан,.
«Қалқаман — Мамыр» поэмасы болған оқиға негізінде жазылғандығы айтылады. Абай ықпалында өскен Шәкәрім көркем шығарманың шыншыл, реалистік тұрғыда болғанын парыз тұтқан.
«Қақаман — Мамыр» шығармасының ән бойына өрілген:
Қалқаман мен Мамырды жаздым бұрын,
Оқығандар байқадың оның сырын.
Енді айтамын Еңлік пен Кебек сөзін,
Тағы сынай көріңіз мұның түрін,-деуіне
Қарағанда «Қалқаман – Мамыр» 1912 жылы жарияланса да, жазылу мерзімі ертеректе шамасы ХІХ ғасырдың соңғы жылдары болса керек. Бұл кезде феодалдық – патриархалдық дәуірдегі тамыр жайған озбырлық, қатыгез әдет – ғұрыптар мен еркіндікті көксеу, халық ой арманының толқындары шиелінесе түскен – ді. Ел тағдыры қатты толғандырған Шәкәрім тарих тағылымына, әлеуметтік қақтығыстарға, әділетшілдік пен әділетсіздік, озбырлық пен адамгершілік қасиеттер табады. Жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр бір – біріне ғашық болып қосылады. Алайда олардың тағдырына зұлым қара күш араласады. Ескі салт – сананы қуаттаушылар феодалдық – рушылдық қоғам өкілдері жастардың бір рудан шыққандығын, «дәстүр бұзып» некеленгенін сылтау етіп, қуғындайды. Өлім жазасына кесіледі. Жазықсыз Мамыр туысы Көкенайдың қолынан қаза табады. Қалқаман сұмдығы, озбырлығы мол ортаны – Кеңкірбай би елін тастап, басқа жаққа кетеді. Поэмада Қалқаман Бұхар жақта өсіп — өніп, ұрпағы үлкен қауым болғаны айтылады. Поэмада өмір тауқыметіне, озбырлыққа, өктемдікке қарсы тұрып, еркіндікті аңсап, өз еңбегі арқылы өсіп-өнген Қалқаман образы жастарға үлгі.
Қазақ әдебиеті тарихында, Шәкәрім творчествосында өзіндік ерекше орны бар шығармаларының бірі «Еңлік – Кебек» поэмасы. Поэма 1912 жылы Семейде «Жәрдем» баспасында «Жолсыз жаза яки болған іс». «Еңлік – Кебек» деген атпен жарияланған Шәкәрім мынадай, аз да ьболса мәнді, кіріспе жазған:
Өткен адам болады көзден таса,
Өлді — өтті, оны ешкім ойламаса.
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп, ұмытпаса.
Ақыл деген денеге егулі дән,
Суғарылса кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп — өніп зораймағы –
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.
Естіп, біліп, көз көріп, ойға салмақ,
Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ.
Қызықпақ, не жек көрмек, жиіркенбек,
Бастан көшкен әр істен белгі қалмақ.
Қазақ даласындағы тайпалар мен рулар қарым – қатынастарының күрделілігі, ру басыларының қақтығыстарының қоғамға, әсіресе жастарға зияны туралы Шәкәрім көп толғанғанда, сол қоғамдық кеселді, сұмдықты болдырмау жолын іздеген.
Шыңғыстау маңын мекендеген Тобықты руы батырларының бірі Кебек жас шамасы жиырмаға келгенде күш – қайраты тасып, болашағына, алыс атыраптарға асыққандай алдында не боларын білгісі келеді де, болашақты болжағышдуалы данышпан атанған қарт Нысан абыздың мекенін іздеп табады. Бұл болашақты болжауды аңсаған ел арманының әрі наным – сенімге, тағдырға иланудың бір көрінісі.
Шәкәрім шығармаларында бірде адам болмысын, тағдырын жан – жақты суреттеуге тырысушылық, бірде күнделікті кейбір өмір құбылыстарының көріністері, сыр – сипаттары арқылы толғамды ой жүйеленуі кездеседі.
Шәкәрім шығармашылығындағы келесі бір көркем шығарма – “нартайлақ пен Айсұлу” поэмасы адамдар арасындағы қақтығыстарды бейнелеуге арналған.
Поэма:
Естілер көп жазады әңгімені,
Жазбайды ермек үшін әлденені.
Жиреніп жаманынан, жақсыны ұғып,
Алсын деп жазады ғой өнегені.
Залымды жек көргізіп күйгізеді.
Ақ үшін әділетті сүйгізеді.
Өгейлік, өзімшілдік, бақ-күндестік,
Мейрімсіз, залалкесті білгізеді, — деп
басталады да, адамдар арасындағы күрделі де қиын қарым-қатынастар:әке-шешесінен жетім қалған апалы-сіңлілі Айсұлу, Нұрсұлудың қайғылы тағдыры, еріксіз ұзатылуы, көрген қорлықтары, ізгі жүректі Нартайлақтың оларға көмектесуі әңгімеленеді. Шығарма желісі шұбалаңқылу, адам қақтығыстары жадағайлау. Кейбір нанымсыз жерлері де бар. Нартайлақтың Айсұлу қабірін іздеп тапқанда мұздай бетінен сүюі бұған мысал бола алады. Алайда “Нартайлақ-Айсұлу” – ақынның демократиялық-гуманистік, адамгершілік көзқарастарына сай жазылған поэма.