Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен қызметі

Қазір әдебиетіміздің тарихында орны ойсырап тұрған, елге ежелден белгілі болған ақын, жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шәкәрімді атауымыз орынды деп білемін . Өйткені ол — Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда – бірегейі.

Олай дейтініміз, Абай шәкірттеоінің ішінде көп жасағаныда, көп жазғаны да музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол – терең ойшыл әрі бармағынан мөр тамған сегіз қырлы өнерпаз, үлкен мәдениет қайраткері.

Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында «Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен» ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын – төртеу, — дейді. – Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия; Абайдың өз балалары … Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері, Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін оқушы әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған… Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзейдің жолдарын айтады.. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушының мектебі сипаты болады».

ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ең ірі ақынымыз – Шәкәрім. Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң, халық шәкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген.

Шәкәрім ақын өзінің өмірдегі мұрат-мақсатын айқындап ашып айтқып, халқының алдында серт беріп, былай дейді:

Адамдық борыш ар үшін,

Барша адамға қамы үшін.

Серт қылғам еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін.

Ақын осы айтқан сертінен өл — өлгенше танған емес. Ақынның бір айтқан сертінен айнымайтын адалдығына, оның адамгершілік қасиетіне көзі жетіп, көңілі сенген туған халқы ардагер азамат ақынын ардақтаған.

«Әкенің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың», — деген Абай қағидасын Шәкәрім өмір бойы берік ұстап өткен адам. Ақын:

Адамның маған бәрі бір,

Не мұсылман, не кәпір.

Тамам адам бір бауыр,

Бөлінбесе өлген соң.

Мен ұлтшыл емеспін,

Жақыным мынау демеспін.

Ашылсын анық көмескім,

Айтайын кезі келген соң, —

десе, Шәкәрім туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді:

Бұл қазақтан мақсұты биік – алыс,

Таппаса да сөзіне құлақ алыс.

«Қазақ» деп жекелеме, «адамзат» де, —

Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.

Демеңіз тымақ киген бұл жай қазақ,

Киген киім, жүрісі, түріне қарап,

Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ,

Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап!

Белгілі революционер – большевик, азамат соғысының қаһарманы, журналист, әрі тарихшы Сабыржан Ғаббасов 1915 жылы «Айқап» журналында жарияланған «Тарих қазақ жайынан» деп аталатын еңбегінде, Абай мен шәкәрім туралы да жазған:

«Ибрахим мырза яғни Абайды білмеген жұрт жоқ. Абай мырза өте дана, өте шайыр философ бір адам. Бірақ жұрт қадірін тірі шағында білмесе де, осы күні әркім оны сағынады. Өлгеніне бірнеше жыл болған Құнанбай мырза мен Абай марқұмды жұрттың жадына қадірлі ақсақал Шәкәрім Құдайберді баласы да түсіреді. Бұл адамның жазған кітаптарын қолға алып қарай бастағанда, бұл кітап жазушы ақсақалдың үлкен ағасы марқұм қажы Құнанбай қандай болғанда, ағасы Абай қандай болған деп ойға алынады…

Бұл күнде ұлтына қаламымен қызмет етіп жатқан құрметті, аса қадірлі Шәкәрім, күмер тоқым, күміс белдік, жуан бос құрсаққа мас болып, қажы деген сөзге төбесі көкке жеткендей болып жүрген қазыларымызға үлкен – ақ үлгі боларлық зат… Шәкәрім сияқты ақсақалдарымыздың ғұмырына береке беріп, оқыған жастсрымызға Шәкәрімдей болуға нәсіп етсін», — депті

Сабыржан Ғаббасов Шәкәрімді жақсы білетін адам. Сабыржанның туып өскен жері Аягөз – Шыңғыстаумен көршілес ел. «Айқап» журналы шыға бастағаннан бері Сабыржан сол журналдың тұрақты жазушыларының бірі болған. Шәкәрім де «Айқапқа» жазып тұрған. Шәкәрімнің басылып шыққан еңбектерінен Сабыржан оқыған кітаптары: «Түрік, Қырғыз, Қазақ һәм хандар шежіресі», «Қазақ айнасы», « Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек» поэмалары т.б.

Шәкәрімнің қалдырған мұрасы – сан салалары , сан алуан, ешқашан маңызын жоймайтын мол қазына.

Ақын 1931 жылы 73 жасында асыра сілтеудің құрбаны болды. Ақынның жазықсыз оққа ұшыуын баян етуден бұрын , оның басынан кешкен өмір жолын қысқаша болса да шолып өтеуіміз қажет болды.

Ақынның аты, еңбегі елге ерте әйгілі болмағанмен , оның өмірбаяны зерттеліп , жазылған емес. Өмірбаяннан мағлұматымыз болмай тұрып , жалаң оймен ақын туралы айтқан пікір ешкімді де иландыра алмайды.

Ақын өзі туралы былай дейді :

Кетермін ,артта жазған сөзім қалар ,

Кейінгі талапты жас қолына алар.

Таласып өздерінше сынға салар

Табиғи жол жол еткенді жаңа сынау,

Жаманнан жиіркеніп ,жақсыны ұнау.

Дәлеледеуге өлген соң, келмес тілім

Тіршілікте айтатын сөзім мынау:

  • сынау қиын біреудің сырын білмей ,

Кетпе өмірін , ортасын көзіңе ілмей .

Ауыр жүк арқалаған долаушыға

Жағада жүксізө тұрған жанща күлмей

Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,

Қанды оқпын, қатты толқын, қара түнде.

Заманым заманыма сәйкес келмес,

Сынап көр сол қайыққа сен де мін де.

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.

Өткен өмір жайымды түгел ұқсаң, —

Сонда анық білерсің кімдігімді.

Енді ақынның өзі мағлұматтары бойынша өмірбаянына шолу жасап өтйік.

Құнанбайдың Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы – Құдайберді, Құдайбердінің Дәметкен дейтін бәйбішесінен төрт ұлы болған: Омар, Мұртаза, Шахмардан, кенжесі – Шәкәрім.

Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туған балаларының бірі – Абай. Сөйтіп Құдайберді Абайдың ағасы болады. Құдайбердінің баласы Шәкәрім – Абайдың немере інісі.

Шәкәрім 1858 жылы, ескіше 11 июльде дүниеге келген. Бес жасында оқуға беріліп, жеті жасына шейін оқу оқиды. Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өтіп, Шәкәрім жеті жасында жетім қалады.

Шәкәрім жеті жасында өлең шығарып жаза бастаған. Ол өзінің бір әңгімесінде былай дейді:

-Жазғытұрым әкем өліп, ауылға ат қойып келіп жатқан адам көп болды. Мен осы кезде есік алдындағы төбешікте отыр едім, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құрты көріп, оны езіп өлтірдім. Әлден соң өлген құртқа жаным ашып аядым. Сонда жылап отырып, құрт болып өлең айтқаным бар. Содан ойымда қалғаны:

Өлтірдің, не таптың сен онан пайда,

Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.

Өлімнің қандайлығын көзің көрді,

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?

Менің де жетім қалды балаларым,

Олар да жылайдыіздеп аналарын.

Өзің жетім, жетімді аясаңшы,

Жоқ екен басыңда ми саналарың…

Сонда жазған өлеңімді шешелеріме оқып беріп, олар жылап, «өлең жазба»дегені есімде, — дейді.

Шәкәрім әкеден жетім қалды деген аты болмаса,жетімдік көрмеген, Құнанбайдың ерке немересі болып өскен. «Қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан марқұм қалып, жетімдікті сылтау қылып ойыма не келсе соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім», — дейді.

«Ойыма не келсе, соны істеп дегенде, ерке жетім, жас бала Шәкәрім не істеген? Оны өзінің жазған өмірбаянынан көреміз:

…Он жасыма келген соң.

Домбыра, гармонь білген соң

Мылтық атып жүрген соң,

Аңшы боп түстім азапқа.

Өзгеше болмақ сүйгенім,

Осыған басты игенім,

Киімді бөтен кигенім,

Ұқсатпай орыс, қазаққа.

Сағат пен орган жүргенім,

Таңырқап ашып көргемін,

Оның да сырын білгемін,

Ұзатпай біраз заматқа.

Телеграмма жайын білуге,

Оны да сынай жүруге,

Бір үйден тарттым бір үйге,

Ішекті керіп қадаққа.

Телеграмма олй емес қой,

Ұқсатар ма екем деген ой,

Құлақпен естіп, жетпей бой,

Тым жас едім ол уақта

Шеберлікке де бет қойдым,

Сурет салып, түр ойдым,

Ұқсамақ емес бұл ойдың

Түбі олақ намартқа.

Он бесіме келгенде,

Қаршыға, бүркіт көргенде,

Құс салып жүрдім серуенде,

Еркіндеп шығып азатқа.

Ойым бар өлең айтқандай,

Ғылымға таман қайтқандай,

Жыбырлатып тартқандай,

 Қармақ салып шабаққа.

Бұл, әрине, ойына не келсе соны істейтін, жеңіл мінезді, ақылдан ада,ойсыз ерке, шолжаң баланың істейтін ісі емес. Ткысынан талантты, табиғи дарынды, әр нәрсенің сырын білуге құштар, зерделі, зерек, қабілетті, талапты жасқа ғана тән ерекше мінез. Жас шағынан бастап, құштар болған жан – жақты өнерін Шәкәрім өмір бойы шыңдап, өркендетіп, өсіріп отырған Абайдың: «Адамның адамдығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес»,- дейтіні осы болады.

Жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастаған Шәкәрім ғылым жолына ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.

Жиырмадан өткенде,

Азғана ғылым оқыдым.

Алғызып кітап шеттен де,

Көңілге біраз тоқыдым.

Білмегенді сұрадым,

Жиыстырдым, құрадым,

Оқыған сайын ұнадым,

Жолына түстім осының.

Білімге салып тілекті,

Сыбанып едім білекті,

Ағартуға жүректі,

Аршымақ болып қоқымын.

Өлең мен сөзді шеберлеп,

Айтқаным мақұл болар деп,

Ындын қойып ентелеп,

Жарайды деп осыным,

Ондағы өлең, жырларым,

Ұнадым жастар тыңдарын,

Ескермей елдің мұңдарын,

Қаси алмадым қотырын.

«Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, — дейді ол шежіре кітабында. – Қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім», — дейді. Шәкәрім ауылдан ұзап шығып, ешбір оқу орнында оқымаған адам. Оның мектебі де, университеті де – Абай.

«Өлеңмен сөзді шеберлеп, айтқаным мақұл болар деп», анық ақындық өнер жолына түскенде, он тоғыз жасында жазған өлеңін өзі құрбылас талапты жастарға арнап, оларды Абайдан үлгі — өнеге үйреніп, тәлім алуға шақырады.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айда, зорлықсыз мал табалық.

Өтпес өмір, таусылмас мал берелік,

Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал ондай болса кімді алалық,

Қазақта қай жақсы бар көз саларлық…

 …Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға, жүр, баралық.

Білімді сол кісіден ізденелік,

Әдейі іздеп біз келдік сізге, — делік,

Өмір зая болмастық өнер үйрет,

Ақылыңды аяма бізге делік.

Көп қуға көзіңізді сүзбе делік,

Ұқпас деп бізден үміт үзбе делік.

Залымдар заң үйретіп адастырды,

Бізді сал жөнделерлік ізге делік…

… Мынау Абай – бір ғалым жол шығарарлық,

Замандасы болмады сөзді ұғарлық.

Амалы жоқ айналды енді бізге,

Күн туды етегіне жабысарлық…

Ақынның жиырма жасында жазғандары көбінше жастық, махаббат өлеңдері болады: Мысалы:

Гауһардай көзі,

Бұлбұлдай сөзі.

Жаннан асқан бір пері.

Жүзі бар айдай,

Мінезі майдай,

Өзгеден артық сол жері.

Дариядай ақыл мол еді,

Жан ғашығым сол еді…

деп, басталатын өлеңін 21 жасында жазған. Енді бір өлеңі:

Жиырма үш жасымда бұл өлең жазыған,

Табылмай басында өзіңе лайықты ән… –

деп басталады. Бұндай өлеңдері көп және өлеңдерінің бәрі де Абай үлгісімен жазылған. Әрбір өлеңіне арнап әнін де қоса шығарған.