Бетсыдырғы білім мен тамыры келте танымның тісі батпайтын Шәкәрім бабамыздың сыр сөздері — әдеби туынды ретінде қарастыруды қанағат қылмайтын рухани мұра. Бұған, әсіресе, ғұмырының соңғы жартысында жазған дүниелері жатады.
Қажылық сапарынан соң Шәкәрім өмір жолындағы шешуші кезеңге аяқ басады. «Ақылы саудың ойына сыймайтын алдамшы діндерді», «партия қуған өңкей қыртты», «…қатты адасқан, дау сабасқан діншілер мен пәншілердің» пайғамбарын парықтап, ақыл таразысына тартады.
«Таза хақиқат» тілеген жүрек елден жырақта, Шыңғыстауды жалғаз паналауға мәжбүр етеді. Бұл – тек қана «оңаша ой қорытып, шабыт шақырудың» амалы емес, пайғамбарлар мен әулие-әнбиелерден үзілмей үрдіс болған Хақ дидарына ұмтылудың шарықтау шегі, кемелдікке ұмтылған жанның қадамы еді. Әбу Саид, Бухари, Муслим сынды ғұламалар баян еткен хадисте былай делінеді:
«Пайғамбардан:
- Адамның ішіндегі асылы кім?-деп сұрап едік:
- Құдайдың жолында малы мен жанын аямай туралыққа ұмтылған жан, деген жауап қайтты.
- Ал, ең асылы кім?, дегенде,
- Кімде кім оңаша тауды мекендесе, Құдайынан қорқып, жұртқа жамандық қылмаса, сол адам – ең асыл жан», — деп жауап берді»
Жапанда жалғыз жаттым елден безіп,
Жалықсам аң қараймын тауды кезіп.
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға қатын, жақынға жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп.
Зауал жылдардың дүлей дауылы Шәкәрім жүрегіндегі Жаратқанның жаққан махаббатын өшіре алмады. Жайнаған иман шоғының қоламталанып қалмауын мақсат етіп, Шыңғыстауда бөлекше баз кешкен ақын осындай жолмен рухани мұрасының бүгінгі күнге дейін басы бүтін жетуіне себепкер болды.
Сонымен Шәкәрімнің арман қылған асылы, алуға асыққан асуы «әділетсіз қоғамнан көңілі қайтып, оңаша жерде творчествомен айналысуы ма», әлде бүркіт салып, аң аулап жүріп ара – тұра «Айқап» пен «Таңға» хат жазып қою ма?
Ақын бабамыз дидарына ғашық болған Жар, жарығына ұмытылған Шам, шұрайы мен шырынды аңқымасына ессіз еліткен Райхан гүлі өзі жырлайтын «жүрегінде сипаты бар бояуы мінсіз сұлу шын Жардың», яғни Алла тағаланың жұмбақталған баламалары еді.
Шәкәрім – Шығыс шайырлары желісін үзбей келген ізгілік ілімінің, Исламның ішкі мазмұнының мәнін бізге жеткезуші ұстаз. Әр сөзі Құран аяттарымен астасып жататын ақын жырларындағы кәміл махаббат үнін есту үшін қадірлі оқырман қауымның дін тарихы мен Ислам даналығынан, пайғамбар хадистері мен Ибрахим Әдһам, Зун Нун Мисри, Баязид Бистами, Омар Һәйям, Фарид ад-Дин Әттар, Джалалләддин Руми, Әмір Хұсрау Деһләуи, Муслихуддин Сағди, Қожа Ахмед Йасауи, Шамсуддин Хафиз, Низами Гәнджәуи, Әлішер Науаи сынды әулие ақындардың сырға толы жырларымен таныстығы болуға керек. Шәкәрім шығармаларын сопылық әдебиет өкілдерінің туындыларымен ұштастырудың керегі қанша деген ой тууы бек мүмкін. Сондықтан кеңестік дәуір бойы құлағымызға толассыз құйылған суфизм турасындағы ат үсті анықтамаларды парықтап алатын күн туған сияқты. Исламнан бөлек ағым ретінде көрсетіліп келген бұл жолдың керісінше соңғы діннің ділі екенін көп ешкім ажырата бермейді. Пайғамбарымыз с.ғ.а.-нана кейін әділ билік құрған төрт халифтің дәуірі өткесін таққа таласқан мұрагерлік құқық қуушылар сүннит және шиит ағымдарында бөлініп, олардың өз кезегінде сансыз бөлшектеуге ұшырағаны белгілі. Ислам діні мұндай саяси құрылымдар үшін заңдар жиынтығына айналып кетті де, ішкі рухани маңызы тысқары қала берді. Осындай кезеңде Хақтың жолын жалғастырушы, мансап пен малдан, тақ пен тәжден бас тартқан данышпандар Алла аманат, пайғамбар дәлелет еткен ізгілік ілімін таза жүрек тағылымы мен көркем мінез – құлық тәрбиесін таратып жер – жаһанды кезіп жүрді. Оларды «дәруіш» деп те, «қаландар» деп те, «сопы» деп те атады, «шейх», «ишан», «мақсұм» деген дәреже берді. Мұндай ұстаздар әрбір жерде мектептерін ашып, шәкірттер даярлады. Жоғарыда аты аталған шайырлардың әр – қайсысы белгілі ұстаздан тәрбие көріп барып ұлағатқа ие болғандар. Суфизм атауын жеккөрінішті, түсініксіз, тәркідүниелік сипатта көрсеткен жалған сопылардан айырмашылығы – мұндай «анық асық әулиелердің» еңбектері қолдан түспес қымбат дүниелерге айналды. Өйткені әрбір жан бұл кітаптардан өз дәрежесіне сай қанағат тапты.
Әдебиетші соны теңеулерге таңдай қақса, философ бағалы пайымдарына бас шайқады. Ғұлама терең мазмұнына тәнті болса, өнертанушы шексіз қабілетіне қайран қалды. Мінсіз Құдайға ғашық мұндай құлдардың махаббаты да мінсіз, айтқан сөздері де мірдің оғындай.
Олардың һәммасына ортақ сырлы ұғымдарды Шәкәрім жырларынан жазбай танимыз. Айырмашылығы жалғыз – қазақ тілінде жатық берілуі. Енді осы ұғымдарға қысқаша тоқталып өтейік. Әуелі пайғамбардың аузынан шыққалы бері шайырлардың шабытына арқау болған бұлбұл мен райхан гүлі бейнелері. Күні – түні сарғайып тосқан гүлі таң ата хауызын ашқан сәт сайрап қоя беретін бұлбұл Жаратушының пәк, мінсіз дидарының бір қырын жүрек көзі шалған сәт Иасауише айтқанда «рақс уа самағ ұрып», яғни сырт қараған жанға ән мен би сияқты көрінетін Құдайды пәктеу жырын – зікірді айтып қоя беертін әулие сипатын танытса, Хафизше айтқанда «аңқымасы естен айыратын, алайда ұстайын десең тікені алақанға кіретін Райхан гүлі» өзіне жақындағысы келген құлын екі өліммен – тірісінде нәпсісін өлтіру және бұл дүниелік тынысы тоқтайтын түбі бір өліммен сынайтын Алла тағаланың жұмбақталған символын білдіреді. Көбелек пен Шам бейнелері де осымен тамырлас мәнді теңеулер. Мұнда жанып тұрған Шам Құранның Нұр сүресіндегі әйгілі аяттарда аян етілген шаммен астастырылады. Румидің Тілінде шебер өрнектелген һикая Шамды танымаққа талап қылған үш көбелек үш түрлі рухани дәрежедегі адамның болмысын көрсетеді. Біріншісі шамды ыстық шиша деп, екіншісі жанып тұрған білте деп ұғады. Сырттай бақылаудан аса алмаған бұлар Хақты тани алмайды. Тек үшінші көбелек шамның ішіне сүңгіп кіріп, жалынмен тұтаса тұқылы қалмай жанып кетеді. Оның бұл әрекеті Шамды, яғни Алланы тануға ынтық жүрегіндегі шынайы махаббат ұшқынының ұлы махаббат Иесінің алып жалынына қосылуы деп айшықталады. Шәкәрім бабамызға тән мәселенің түп – төркінін тез танықыш ықшам тіл мұндай ұғымдарды бір – екі шумақпен – ақ қамтып отырады:
Сол бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те Шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.
Жарға ғашық болғаныма,
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында
Менде Асықтың нұры бар…
Сұлу жар, Пірмұған, шарап пен мастық туралы жырлар түгел дерлік Шығыс шайырларында кездеседі. Жар – парсының «йар», «дос», «жақын» сөзінен шыққан атау. Ал, «йар» өз кезегінде арабтың «уәли» сөін алмастырған. Құранда Алла тағала қайырлы істермен және терең танымымен өзіне ұмтылған құлдарын дос – уәли дәрежесіне көтереді. «Аулиа Аллаһи» — Алланың достары тіркесі жиі кездеседі. Адасқан аудармашылар әлі күнге дейін «сұлу қыз, көрікті әйел» деп тәржімелеп келеді. Бұл қателікке Шәкәрім бабамыздың тілімен жауап берейік:
Менің Жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры
Оны сезер сіз емес,
Көзден таса бұл сыры
Жасырып тұр Жар өзін,
Бас көзімен қарама
Жүрегіңнің аш көзін,
Жардың сырын арала.
Пірмұған – шарапқананың қожайыны деген мағынаға ие. Ал шарап – астары түрде жеткізілген Құдайдың нұрының белгісі. Лық толы тостақ – Құдайдың нұрын әбден сіңірген жүрек. Пірмұғанна мейлінше мол шарап сұрау – рухани асқа деген шексіз сұраныс таныту. Жұрекке шыпылдап нұр толған сәт дүниені де қажет қылмай бір Алланың сырларынан дәметіп отыратын хал мастық күйі ретінде бейнеленген.
Көрем десең Жарымды,
Мас бол, жүрек тазала,-
деп Шәкәрім бабамыз осыны меңзейді.
Ақынның ақық сөздерінің бағамын бір – екі ауыз сөзбен түйе салам деу еш мүмкін емес. Қазағының төбеліне таныс, торысына таңсықтау сыр сөздерді ұғыну атар таңға сілтер шаруа еместігін, танудың, зерттеудің тым қажет екендігін зерделесек керек.