Жобалау тәсілін мәдинетарлық қарым-қатынас жасауға үйретуде қолданылудың әдістемесі

Бұл бөлімде біз орта мектепте жоғары сынып оқушыларын неміс тілінде мәдениетаралық қарым-қатынас жасауға үйретуде оқытудың белсенді түрі болып табылатын жобалау тәсілін қолданудың әдістемесіне тоқталамыз.  Алдымен тәсіл деген ұғымға сипаттама беріп, содан кейін жобалық сабақ деген сөздің мазмұнын қарастырамыз. Одан кейін мәдениетаралық қарым-қатынас деген ұғымға түсініктеме бере келіп, оқушыларды мәдениет-аралық қарым-қатынас жасауға үйретуде жобалау тәсілін қолдану мәселесіне көшеміз. Сондай-ақ жобалық сабақтағы мұғалім мен оқушының әлеуметтік рөлі, мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынас мәселесі жайлы сөз болады.

Шетел тілін оқыту әдістемесінде тәсіл деген ұғым екі мағынаға ие болады: бірінші мағынасында, тәсіл оқытудың заңдылықтары толық зерттеліп қалыптасқан, бірнеше уақыттар бойы пайдаланылатын әдістемелік консепция ретінде анықталса, ал екінші мағынасында оқыту мен оқудағы белгілі бір мақсатқа жетудің әдіс-тәсілдері болып табылады .

Сонымен қатар әдістемелік әдебиеттерде көрсетілгендей, тәсіл мұғалім мен оқушының , оқушы мен оқушының бірлесіп ұйымдасқан әрекеттерінің жиынтығы болып табылады. Аталған процес негізінде оқушылардың шетел тілін меңгеру деңгейі қалыптастырылады, олардың осы тілді басқа мәдениеттің өкілімен басқа ортада қолдана алу қабілеті мен дайындығы және оқушының жалпы жеке тұлғасының әр саладағы жан-жақты дамытылуы көзделеді. Н. Д. Гальскованың пікірінше тәсіл дидактикалық категория. Ол әдістердің жиынтығы, белгілі бір теориялық және практикалық білімді меңгеруге бағытталған операция, таным процесін ұйымдастыру жолы. Сондықтан біз тәсіл мәселесіне тоқталғанда дидактикалық мақсатқа жетуді көздейміз.

Бүгінгі ғалымдар оқыту процесінде дидактикалық мақсатты шешуде оқытудың белсенді формаларына бет бұруда. Өзімізге белгілі, шетел тілін оқыту процесі мұғалім мен оқушының, оқушы мен оқушының арасындағы біріккен әрекетті көрсетеді. Мұғалімнің оқушылармен педагогикалық қатынасты ұйымдастыра алу қабілеті шетел тілін оқыту процесінің тиімділігін арттырады, сондай-ақ оқушының жеке тұлға ретінде қасиеттерін ашуға және оның шетел тілін мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде меңгеруіне жақсы ықпалын тигізеді. Жоғарыда айтып кеткендей шетел тілін оқытудағы мақсатқа жету үшін педагогтар мен әдіскерлер өздерінің еңбектерінде оқыту процесінде оқытудың белсенді формаларын қолдану қажет екендігіне тоқталады.

Оқушыларды мәдениетаралық қарым-қатынас жасауға үйретуде оқытудың белсенді түрі болып табылатын әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, көзделген нәтижеге жетуге болады. Соңғы кезде көп тараған тиімді тәсілдердің бірі – жобалау тәсілі. Жобалау тәсіліне неміс ғалымы Карл Фрей төмендегідей сипаттама береді: „Die Projektmethode ist ein Weg zur Bildung. Sie ist eine Form der lernenden Betaetigung , die bildend wirkt “ (12). Яғни автор жобалау тәсілін белсенді әрекет барысында білім алу жолы деп анықтама береді.

Біз диплом жұмысында толығырақ тоқталайық деп отырған мәселе шетел тілін оқытуда жаңа технологиялардың біріне жататын жобалау тәсілі жоғарыда аталып өтілген талаптарға сай екендігіне бүгінгі таңда жобалау тәсілінің оқу процесінде жиі пайдаланып, ғылыми әдістемелік әдебиеттерде аталған тәсіл жайлы педагог- әдіскерлердің жобалау тәсілді шетел тілін оқыту процесінде қолданудың тиімділігі жайлы өз тәжірибелерімен белсене алмасуы куә деп ойлаймыз. Ғылыми әдістемелік әдебиеттерде оқытудың белсенді түріне жататын жобалау тәсіліне көптеген зерттеулер арналған. Онда ғалымдар жобалық тәсіл бойынша  жүргізілетін жобалық сабаққа әр түрлі анықтамалар береді. Осы орайда біз ұзақ уақыт бойы жобалау тәсілін зерттеп жүрген неміс ғалымы Карл Фрейдердің сипаттамасын беруді жөн көрдік .

Жобалық сабақ дегеніміз алдын ала жоспарланған, оқушылардың басқаруымен ұйымдастырылған, пәнаралық байланысты, белгілі бір мақсат нақтыланып, сол мақсатқа жетуде оқушы мен оқытушының және басқа да қатысушылардың бірлесіп жұмыс істеу  нәтижесін презентациялау арқылы  қоғамды демократияландыруға үлесін қосатын сабақтың бір түрі.

Бұл әдіскердің нұсқауларына қарасақ, жобалық сабақтар оқушыларды ізденіске дағдыландырады, өзіне лайықты жұмысты таңдай білуге, жұппен, топпен, ұжымда жұмыс істеуге баулиды. Алдына қойылған тапсырмаларды орындау барысында белгілі бір мақсатқа жетуге шешім қабылдау, бірлесіп жоспар құру, мәліметтер жинау сияқты іс- әрекеттерді жасау оқушылардың өздігінен ары қарай білімін жетілдіру, дағдыларын дамытуда зор үлесін қосады. Жобамен жұмыс барысында оқушылар шынайы жағдаяттарда басқа мәдениет өкілімен бетпе-бет келіп тілді мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде қолдануға мүмкіндік алады. Басқа елдің тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін түсіністікпен қабылдауға, айырмашылықтар мен сәйкестіктерін таба білуге үйретеді. Білім мен білік дағдыларын жаңа жағдаяттарда, шынайы іс- әрекетке пайдалану барысында олардың алған білімдерінің қажеттікке жарағына көздері жетіп, шетел тілін оқуға деген ынталары арта түседі. Сонымен қатар, сөз әрекетінің түрлері: оқу, жазу, тыңдап түсіну, сөйлеу оқушылар мәліметтер іздеу кезінде тапқан мәтіннің мазмұнын өз бетімен түсіну, одан түйгенін қысқаша етіп қағазға жазып алу, шағын хабарлар даярлау, мақала жазу, хат жазу, сұхбат алу, баяндама жасау, бірін- бірі тыңдау, өз пікірін айтып, баға беру сияқты әрекеттерді орындау барысында бір- бірімен үйлестіре жүргізіліп, бірін- бірі толықтырып отырады. Оқушылар өздері таңдап алған жоба тақырыбына байланысты мәселелерді түпкілікті зерттей отырып, іс жүзінде шынайы нәтижелерге жетеді. Соның барысында бірнеше дидактикалық міндеттер шешімін табады. Оқушылардың шығармашылық, ойлау белсенділіктері дамып, белгілі бір мәселенің шешімін табу, яғни алдарына қойылған мақсатқа жетуге деген талпыныс оқушылардың шетел тілін оқып үйренуге деген қызығушылықтарын одан әрі жоғарлатып, оқу процесінің тиімділігі арта түседі. Шынайы орын алып отырған мәселелерді бір пәннің ғана көлемінде шешу мүмкін болмағандықтан, таңдалып алынған жобаның тақырыбына байланысты оқушылардың бірнеше пән бойынша білімдері қамти алынады.

Жобалау тәсілінің тиімділігі оның төмендегідей ерекшеліктеріне негізделген:

  • Жобамен жұмыстың оқушыларға тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолдануға дем бере отырып, қарым-қатынас жасауға ынталандыруы;
  • …………………………………………….

Жобалық сабақтардың негізгі бір ерекшелігі оның теория мен практиканы байланыстырып, оқушыларға алған білімдерін іс жүзінде, нақты жағдаяттарда қолдануға мүмкіндік береді.

Жобалық сабақтың өзіне тән ең негізгі сипаты оның бірнеше кезеңдерден тұруы. Ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге шолу жасап, талдау кезінде байқағанымыз, авторлардың ұсынған кезеңдері бірыңғай емес, бірақ барлығына тән және маңызды кезеңдерді Херберт Гудиюнс “Наndlungsorientiert lehren und lernen” деп аталатын еңбегінде ұсынған.

 Ол кезеңдер төмендегідей (13).

  • Дайындық
  • Тақырыпты нақтылау
  • Мақсатын анықтау
  • Жоспарлау
  • Жүргізу (негізгі кезең)
  • Презентациялау
  • Қорытындылау

Енді жобалау тәсілінің негізгі принциптерін жақынырақ қарастырайық .

  • Жобалау жұмысының тақырыбы шынайы өмірмен байланысты болуы,
  • Оқушылардың қызығушылығын ескеру;
  • Мұғалімнің кеңесші, көмекші ретінде рөлі;
  • Мәселелерді бірлесе отырып шешуге қажетті әлеуметтік өзара іс-  әрекет ету қабілетін жетілдіру;
  • Белгілі бір мақсат қоя отырып, жобалау жұмысын жоспарлау;
  • Пәнаралық байланыстың болуы;
  • Нақты бір нәтижеге жету;
  • Оқушылардың өз іс-әрекеттерін өздері ұйымдастырып, өздерін жауапты сезінуі;

Бұл принциптерге төмендегіше сипаттама бере отырып, олардың мағынасын ашуға болады.

  1. Кез-келген жобалық жұмыстың тақырыбының шынайы өмірмен байланысты болуы жобалау тәсілінің басты талабы. өйткені бүгінгі таңда теория мен практиканың арасы алшақтап бара жатыр. Сол себепті бұл талап теория мен практиканы байланыстыру мақсатынан келіп туындайды.
  2. Жобамен жұмыс барысында оқушылардың өз тарапынан таңдалып алынған тақырыпқа қызығушылықтың жоғары болуы жобамен жұмыстың нәтижелі, жемісті болуының, жобамен жұмыс барысында білім алудың тиімділігін арттырудың алғы шарты болып табылады. Жобалық сабақтың тақырыбын оқушылар бірлесіп өздері таңдап алғаннан кейін, білім мазмұны да оқушылардың коммуникативтік-танымдық қызығушылығына сай болып, олардың неміс тіліне деген ықыласын, талпынысын арттыра түсіп, қиялы мен шығармашылық қабілетін ұштауға көмектеседі.
  3. Мұғалімнің біліктілігі мен кәсіби шеберлігі ортақ мақсатқа жетуге, ынтымақтастыққа жетелеуге бағытталған, «мұғалім және оқушы» қарым-қатынасы серіктестік тұрғыда болады. Мұғалім мен оқушы тең құқылы субьект болып табылады. Мұғалім оқушылармен пікірлесе отырып, жол нұсқап, оқушылардың өздеріне деген сенімдерін бекіте отырып , кеңесші қызметін атқарады. Топтағы жағымды атмосфера оқушылардың өзін еркін сезінуіне, ойын ашық айтуына , белсенділігінің артуына жақсы ықпал етеді.
  4. Оқушылардың арасында серіктестік әрі әріптестік әрекеттестік қалыптасып, бірлескен шығармашылық топ пайда болады. Оқу тобында бәсекелестік емес, бір-бірінен үйренуге деген ынталары артады.
  5. Жобаның мақсатын белгілеу оқушыларға белгілі бір тақырып көлемінде жан-жақты білім алуға , ой-өрісін жетілдіруде жақсы әсер ететінін ескеру қажет. Жобамен жұмыс барысында оқушылардың алдарына қойған мақсаттары сол тақырып бойынша білім алуда қозғаушы, қызықтырушы күш болуы аса маңызды.
  6. Шынайы мәселелерді тек бір пәннің көлемінде ғана шешу мүмкін емес, сондықтан да жобамен жұмыс барысында жобаның тақырыбына байланысты бірнеше пәнді  қамти алуға болады.
  7. Оқушылар жобамен жұмысты жоспарлау кезінде өздеріне жобамен жұмыстың түпкі нәтижесі не болуы мүмкін деген сұрақты қойып, талқылайды. Жобамен жұмыстың түпкі нәтижесі оқушылардың жұмыс барысында алған білімі, тәжірибесі, театр көрінісі, көрме, оқушылардың өздерінің газетке жазған мақалалары, күнделік, кітапша, баяндама т.б. болуы мүмкін.
  8. Оқушылардың өз іс-әрекетін өздері ұйымдастырып, оның нәтижесіне өздерін жауапты сезінуі жобалық сабақтың негізгі сипаты болып табылады. Оқулықтағы дайын мағлұматтарды, ой-пікірлерді оқып, сонымен шектеліп баға алып жүрген оқушылардың дүниетанымы кеңейіп, жаттанды пікірлермен шектелуден саналы түрде бас тартады.

Жорыда айтып өткендей, мұғалімнің рөлінің өзгеруі әр-бір оқушының жеке бас ерекшілігін ескеруге мүмкіншілік береді. Шетел тілі сабағындағы мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынас мәселесі көптеген ғылыми еңбектерде зерттеледі. Ағылшын ғалымы Р.Л. Олрайттың пікірінше, оқыту процесінің нәтижелі болуы, мұғалім мен оқушының аталған процеске бірігіп жауапты болуына байланысты. Бұл жауапкершілікті төмендегі түсініктемеден де көруге болады. Мұғалім деген ұғым екі мағынада қолданылады: біріншіден ол әлеуметтік рөлді көрсетеді, екіншіден ол белгілі бір әрекетке бағытталады. Осыған орай оқушы деген ұғым да екі түрлі мағына береді: біріншіден оқушы ретінде әлеуметтік рөл болса, екіншіден әрекеттің жүзеге асуына тікелей себепкер болып табылады (14).  Берілген рөлдердің негізінде дәстүрлі шетел тілі сабағындағы интеракцияда мұғалім белсенділігі жоғары деңгейде болып, ал оқушының әрекеті, оның сөйлеу қабілеті едәуір шектеледі. Сонымен бірге мұғалімнің оқыту процесіндегі маңызды рөлі — оқушының өзбетінше коммуникативтік, танымдық, шығармашылық әрекетінің басқарушылық пен жүргізушілікке қарағанда ұйымдастырушы рөлі кеңірек қалыптасады. Өйткені жобалау тәсілінде мұғалім белсенділігі ұйымдастырушылықта, бақылаушылықта болса, ал оқушылар әрекеті белсенді болып табылады. Оқушылардың біріккен қарым-қатынастағы тілдік әрекеттерін толық қалыптастыра алады. Шетел тілі сабағында барлық оқушы бірігіп белсенді түрде жұмыс істеуі тиіс, мүмкіндігінше бір-біріне көмектесуі тиіс, бір-бірін моральдік тұрғыдан қолдауы тиіс, біріккен әрекет нәтижесі үшін әрбір оқушы өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс. Мұнда төмендегідей мәселелер шешіледі:

  • Оқыту процесі оқушыға бағытталады. Бұл жерде ең алдымен оқушының қызығушылығы, мүддесі жеке ерекшелігі көзделеді.
  • Жобалау тәсілі оқыту процесін ұйымдастырудың әртүрлі формаларына қол жеткізеді; яғни оның негізінде оқушылардың бір-бірімен және мұғаліммен біріккен әрекеті көрінеді. Ал ол әрекет негізінде мұғалім рөлі тең құқылы әріптеске немесе кеңесшіге ауыса алады.
  • Оқушылардың белгілі бір жұмыста жеке, жұптық және топтық жауапкершілігі арттырылады.
  • жобалау тәсілі оқушылардың шетел тілін оқуға деген мотивациясын ұлғайтатын эмоционалдық сферасын қозғайды.
  • Қажетті ақпаратқа өз бетінше қол жеткізе отырып, оқушылар шығармашылық жұмыстарының жемісін көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Жобалық тәсіл оқушылардың өзбетінше ойлау қабілетін белсенді түрде дамытуға бағытталады, оқушылар білімді есте сақтап қана қоймай, оны іс жүзінде қолдануға үйренеді. Жобамен жұмыс барысында жоғарыда айтып өткендей сөз әрекетінің барлық түрі қамти алынады. Шетелдік және отандық әдіскерлер еңбектерінде көрсеткендей, жобалау тәсілі тілдік материалды шығармашылық тұрғыдан қолдануды қамтамасыз етіп, осы аталған дидактикалық міндеттерді шешуді және соған сай шетел тілі пәні сабағын тілді мәдениетаралық деңгейде шынайы жағдаяттарда қолдауды көздейтін, қызықты, белсенді үйірмеге айналдырады (15). Бұл жағдайда әрбір оқушы өз жұмысының нәтижелі болуын, әсіресе бірлескен әрекеттің нәтижесін көрсетуге тырысады. Сол себептен тілдік тұрғыдан білімі төмен оқушылар озат оқушылардан тапсырманың орындалуы жайлы ақылдасып көмек алса, ал озат оқушылар осы топтағы әріптестерінің берілген тапсырманы толық түсініп, оны орындауларына кеңес береді. Осылайша оқушылар бірігіп мәселені шешуге тырысады.

Шетел тілін оқытуда жобалау әдістемесін пайдалану оқушылардың сабақта да, сабақтан тыс уақытта да жұмыс істеуіне жақсы әсерін тигізеді. Жобамен жұмыс істей отырып, оқушылар оқып үйреніп жатқан тілді шынайы іс әрекетте пайдалана отырып, өздеріне қажетті мәліметтерді табуда түрлі дерек көздерін қолдануға дағдыланады. Жобамен жұмыс барысында бірігіп іс әрекет жасау ұжымды жақындастырады, оқушылардың өзара қарым-қатынасы, бірін –бірі түсінуі жақсарады, тек өз ісіне ғана емес, бүкіл топтың жұмысына деген жауапкершілік артады. Әрбір оқушы өзінің қалап алған тақырыбы бойынша жасаған жұмысының толық нәтижесі үшін, оны жақсы аяқтауға тырысады. Оқушы өзінің ойын айтуға және оны нақты деректермен дәлелдеуге үйренеді.

Қорыта айтар болсақ, бұл тәсілдің мәні бірігіп бір істі жасау емес, бірігіп, бірлесіп, ұйымдаса, басқаларға көмектесіп, алдарына қойған мақсатарға жету барысында тілді шынайы жағдайларда қолдана отырып тілді оқып үйрену болып табылады. Яғни, жобалық сабақтың құндылығы тамаша етіліп жасалған көрнекіліктермен ғана бағаланбайды, ең бастысы жобамен жұмыс жасау барысында шетел тілін оқытудағы коммуникативтік, білімдік, тәрбиелік және дамытушы мақсаттарының іске асырылуы болып табылады. Ғылыми-әдістемелік әдебиеттерде шетел тілін оқытуда оқытудың белсенді формасына жататын жобалау тәсіліне көптеген зерттеулер арналған. Осы зерттеулердің теориялық негізіне сүйене отырып, жобалық тәсілді шетел тілін оқытуда қолдануға берілген нұсқауларды, аталған тәсілдің негізгі сипаттамаларын басшылыққа ала отырып, жүргізілген жобалық сабақтардың шетел тілін оқытудағы барлық мақсаттарға жетуде, шетел тілін бүгінгі күн талаптарына сай оқытуда тиімділігі мол деп ойлаймыз.