Экономикадағы меншік категориясының ролі мен орнын түсіну үшін адамдар үшін қажетті материалдық игіліктер өндірілетін өндіріс тәсіліне жалпы сипаттама беру керек. Өндіріс тәсілінің екі жағы бар: 1-ші өндіргіш күштер – материалдық игіліктерді өндіруде қолданылатын өндіріс құрал-жабдықтары мен адамдар; 2-ші өндіріс процесінде адамдар арасында қалыптасатын өндірістік қатынастар (өндірістік және экономикалық).
Экономикалық қатынастардың ішінде анықтаушы рольді меншік қатынасы алады. Меншік қатынасы жүйесінде үш бөлімді қарастырады. Біріншісі — өндіріске қатысушы жұмысшының еңбек құрал-жабдығымен бірігу түрі мен тәсілін сипаттайды. Бұл бөлім жұмыс күшінің өндіріс құрал-жабдығымен қалайша бірігетіндігін: қожайын, өндіріс құрал-жабдықтарының иесінің басшылығымен немесе жұмысшылар теңдей қатынаста жүргізілетінін сипаттайды. Екінші бөлім: өндіріс нәтижесі мен құрал-жабдықтарды салыстырмалы иеленудегі адамдар арасындағы экономикалық қатынасты анықтайды. Бұл құрал-жабдықтарды иелену формасына сәйкес келуі керек. Үшінші бөлім: шикізат пен материал, энергия, қондырғы және т.б. өндіріс факторларын бөлу мен пайдалану шартын сипаттайды.
Осылайша экономикалық категория ретінде меншікті өндіріс нәтижесі мен құрал-жабдықтарды иелену формасына сәйкес және өндірістік құрал-жабдықтарын бөлу мен пайдалану, иелену арқылы сипатталатын адамдар арасындағы экономикалық қатынас жүйесі ретінде анықтауға болады.
Меншік категориясы экономикалық теорияда басты, анықтаушы рольді атқарады. Осы теория шеңберінде меншіктің негізгі типтері мен формалары ерекшеленеді.
Қоғамдық меншік — өндіріс нәтижесі мен құрал-жабдықтарды бірігіп иелену арқылы сипатталады. Бұл жерде өндіріс қатысушылардың мүдделік тепе-теңдігінің келісімі мен үйлесімділігіне бағытталады. Қызметтің жалпы жоспары қоғамдық өндірістің барлық қатысушыларының мүдделері мен мақсаттарының жан-жақты толық келісімі есебінен жүзеге асырылады.
Ұзақ уақыттар бойы қоғамдық, жалпы халықтық, социалистік меншікке мемлекеттік меншікті жатқызып келдік, бірақ оны бөлу мен пайдалану халық үлесінде емес, аз ғана әкімшілік-әмірші жүйе өкілдерінің үлесінде болып келді. Сондықтан да өндіріс нәтижесін иелену, өндірілген өнімді бөлу мен тұтыну және барлық қоғамдық байлықты иелену әкімшіліктің бетке ұстар қаймақтарының қолында болды. Ондаған жылдар бойы басқарудан кейін соңғы жылдары мемлекеттік меншіктің көп бөлігін материалдық игіліктерді өндіру өндірісіне өз еңбегімен қатысушылар қолына беру процесі жүргізілуде.
Жеке меншік, меншік иесінің мүддесі ұжым немесе қоғам мүддесінен жоғары тұратын, құрал-жабдықтарды немесе өндіріс нәтижесін иеленудің бір түрін көрсетеді. Бұндай мінездеме жеке меншіктің сипатын толық көрсете алмайды. Бұған біріншіден, өндірушілердің жеке еңбегіне негізделген өзіндік меншік, екіншіден жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп аталатын кішігірім топ немесе бірнеше тұлғаның топтық меншігі, үшіншіден, акционерлер меншігі енеді. Жеке меншік басқа адамдарды пайдалануға қолданылмаса, қоғам мүддесінен жоғары тұра алмайды, өйткені бұл меншіктің иелері болып жеке адамдар тобы есептеледі.
Меншік түріне байланысты барлық кәсіпорындар, фирмалар, компаниялар мен басқалай ұжымдар негізі үш топқа бөлінеді:
— мемлекеттік;
— ұжымдық;
— жеке.