Кәсіпкердің мақсаты — белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асыруға қажетті жағдай. Мақсатты анықтаған кезде ең алдымен үш мақсатты элементті анықтайды:
- Мақсаттың мазмұны;
- Мақсаттың көлемі;
- Мақсаттың уақыт факторы;
Өндірістік кәсіпкерліктің мақсаты екі сипатта болады. Өндірілген өнімді сата отырып пайда түсіру. Оны мүмкіндігінше көбейту — кәсіпкерліктің тікелей мақсаты. Бірақ пайданы сұранысқа ие болған, тұтынушыларға керекті өнімді өндіру арқылы ғана алуға болады. Сондықтан да кәсіпорын бір мезгілде басқа мақсатты да алдына қою керек. Ол – тұтынушылардың қажеттілігін жоғарғы дәрежеде толығымен қамтамасыз ету.
Басты мақсаты пайда түсіру болатын кәсіпорындар «коммерциялық» деп аталады. Құрылған коммерциялық кәсіпорындардың нақты мақсаттары мен тапсырмалары оларды құру туралы құқылық құжаттарда тіркеледі («Кәсіпорын жарғысы», «Құрылтайшылар жарғысы» және т.б).
Кәсіпкерліктің маңызды мақсаттарының ішіндегі ең маңыздысы – тауар және қызмет өндірісі, кірісіті көбейту, кәсіпті дамыту.
Өндіріс сферасындағы кәсіпкердің басты мақсаты — өнімге (жұмыс, қызмет) деген сұранысты табу және қалыптастыру, сұранысты өнім (жұмыс, қызмет) өндіру жолымен қанағаттандыру және осы өнімдерді (жұмыс, қызмет) тиімді сату.
«Жеке кәсіпкерді демеу және қорғау туралы» заңда кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың міндеттері қарастырылады.
Кәсіпкерлер еңбек заңына сәйкес азаматтарды жұмысқа қабылдаған кезде олармен еңбек шартын немесе келісім-шартын жасаулары керек. Келісімнің қай формасын таңдаса да өз жұмысшыларымен еңбек қатынасын жазбаша жасаулары керек. Ал жұмысшылар жұмысқа қабылданған кезде жазбаша жүргізілетінін білулері керек, болмаса басқаша жағдайда олар өздерінің құқығын дұрыс пайдалана алмайды.
Еңбек ұжымының талабы бойынша жеке кәсіпкер «ұжымдық келісім» заңына сәйкес ұжымдық келісім жасауы керек, сонымен қатар өзінің жұмысшыларының әлеуметтік-экономикалық жағдайларын қорғау мақсатында кәсіподаққа біріккісі келсе оған кедергі жасамауы керек. Бір мекемеде бірнеше кәсіподақтың болуы мүмкін.
Заң бойынша кәсіпкер жұмысқа қабылданған жұмысшыларына еңбекақы төлеуді ұйымдастыруға міндетті, яғни ол жұмысшыларына ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен емес мөлшерде еңбекақы төлеуі қажет.
Егер еңбекақы төлеуге ақшасы болмаса ше? Бұндай жағдайда сақтық қорын пайдалануға болады, ал егер де сақтық қоры да болмаса онда кәсіпкер өзін банкрот деп жариялап, жұмысшыларын жұмыстан босатуы керек.
Арнайы құрылған тарату төралқасының шешімімен жабылған мекеме мүлкін сатып жұмысшыларьшен есеп айырысуға тиісті.
Кәсіпкердің ең басты міндеті – мемлекет алдында салық және басқа да қаржы міндеттемелерін толық орындау.
Бұл есептерді кәсіпкерлердің өздері жасайды да салық инспекциясына тексеруге, бақылауға ұсынады және есептелген соманы сәйкес шоттарға аударады.
Кәсіпкерлер экологиялық қауіпсіздікті, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария мен гигиенаны сақтауға да міндетті. Сонымен қатар ол қазіргі жағдай мен нормаға сай жасалуы керек.
Қажетті нормативті құжаттарды білмеймін деуге болмайды, бұл істе оны алу кәсіпкердің жұмысы, ал нормативті актіні сақтау міндеті. Кәсіпорынның қызмет істеу сферасы бойынша заңға сәйкес рұқсат құжатын алуға міндетті.