Бүгінгі күнде республикамызда шағын бизнес субъектілеріне салық салу қалай жүргізілуде деген сұрақ көптің көкейінде тұрары анық. Бұл ретте қазіргі кезеңде елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне салық салудың арнайы салық тәртібі қарастырылған, яғни ол бір реттік талон, патент және қарапайым декларация негізінде жүргізілуде. Кәсіпкер бұл арада өзінің қызметінің меншігіне, алатын табысының мөлшеріне байланысты осындай немесе басқадай түрін қолдануға құқылы. Мұның өзі әр адамның өз шамасына қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік берілген деген сөз. Енді әрі қарай кәсіпкерлік рұқсаттың қалай берілетінін талдап көрейік:
- Бір реттік талонды пайдалану кәсіпкерлік қызметте эпизодтық сипатпен жүретін, яғни бірыңғай тұрақты емес жеке тұлғаның қызметін реттейді.
- Салық салудың жеңілдетілген тәртібі патент негізінде, сауда, қызмет көрсету саласында шағын және орта бизнеске қолданылады. Мұндай жағдайдағы өлшем ретінде өткізуден түскен айналымға қатысты екенін айту керек.
Патент бойынша төленетін салық сомасы жарияланған салық төлеушінің алдын-ала табысынан 3% мөлшерінде белгіленген. Мұндайда табыс әрқашанда барлық шығындарды есепке ала отырып, жалпылама алынады. Патенттің құны бюджетке жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық түрінде тең үлесте енгізіледі. Патент негізіндегі жеңілдетілген тәртіп сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғаларға да қолданылады. Патент құнына заңды тұлғаның табыс салығы, қосымша құн салығы, әлеуметтік салық, жер салығы, мүлік салығы, көлік салығы енгізіледі. Патент құнын есептей келгенде бюджетке төленетін салықтар сомасы 80%-ға азаяды.
- Жеңілдетілген декларация негізіндегі салықтарды төлеу шағын бизнес субъектілері үшін мемлекетпен есеп айырысудың негізгі практикалық нысаны болып табылады. Салық салудың осы тәртібі тоқсан аяқталған соң нақты алынған табыс бойынша салық міндеттемелерінің есептесуі болып табылады. Мұндайда салықтар шығыны есептеусіз бірыңғай ставка бойынша есептеледі.
Жеңілдетілген декларация, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға мынадай өлшемдерге сәйкес таратылады:
- жеке кәсіпкерлер үшін жұмысқа тартылған қызметшілердің саны 15 адамнан аспауы тиіс, оның ішіне кәсіпкердің өзі де кіреді, кәсіпкерлік қызмет түрлері 5-тен аспайды, тоқсандық табысы – 4,5 млн теңгеден аспауы тиіс;
- заңды тұлғалар үшін қызметшілердің орташа тізім саны 25 адамнан, кәсіпкерлік қызметтің түрі 7-ден, тоқсандық табысы 9 млн теңгеден аспауы тиіс.
Төлем төлеудің жеңілдетілген тәртібі бойынша тек қана әлеуметтік және табыс салығын төлеу қарастырылған, оған төлем көздерінен ұсталған табыс салығы кірмейді.
Шағын бизнеске қатысты жүргізілген бұрынғы салық саясаты шағын кәсіпорындардың «көлеңкелі» экономикаға қарай бет бұруына себепші болғаны жасырын емес. Ал, қазіргі кезде сарапшылардың бағалауы бойынша ресми емес секторларда 20%-дан 40%-ға дейінгі шағын кәсіпорындар жүр. Кәсіпкерлердің өздерінің айтуы бойынша әрбір кәсіпорын өз табысының 50%-нан астамын, ал кәсіпорындардың 40%-ы 60%-нан астамын салық түрінде аударады. Әлемдік практикада таза табыстан 33-35% салық салу оңтайлы деп есептейді.