Педагогика әуел бастан-ақ балалар тәрбиесі жайындағы ғылым болып қалыптасқан. Тәрбие жайындағы белгілі мәліметтер адам баласының тәрбиесіне сүйенеді. Алғашқы қоғамдағы адамдардың тәрбие жөніндегі таным-мағлұматтары, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары заман ағымына орай бір буыннан екінші буынға ауысып отырды. Адамзат қоғамының, ғылым -білімінің дамуына байланысты тәрбиенің шығуын, оның даму заңдылықтарын ғылыми жолмен түсіндірудің қажеттігі туды. Осындай өмір, ғылым елегінен өткен мәліметтерді пайдаланып, педагогика адам тәрбиесіне қатысты мәселелерді жан-жақты түсіндірудің ғылыми және әдіснамалық жолдарын қарастырады.
Кейінгі кезде педагогиканы тек қана мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды зерттейтін пән деген ұғым шеңберінен шыға алмаушылық та бар. Оның себебі, педагогика орта және жоғары дәрежелі білім беретін кәсіптік оқу орындарының жұмысы мен жұртшылық арасындағы тәрбие мәселелерін зерттеумен айналысқан жоқ. Ал педагогика пәні жайындағы талас пікірлер, оның тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында болмай, тек қана терминологиялық тұрғыда айтылып келеді. Өйткені, оқулықтар мен оқу құралдарында педагогика пәніне берілген әр түрлі анықтамалардың өзі авторлар арасында бірыңғай көзқарастың жоқ екенін көрсетеді. Әрине, термин жөніндегі мұндай талас пікірлер педагогика ғылымының дамуына игі әсерін» тигізбейді.
Қазіргі кезеңде тәрбиенің ықпал жасау өрісі орасан кеңейе түсуде. Осыған орай, педагогиканы тек қана балалар тәрбиесі жайындағы ғылым деп шек қою дұрыс болмайды. Педагогиканың ғылыми таным саласы — тәрбие. Педагогика қоғамдық өмірдегі тәрбиенің мәні мен рөлін анықтайды. Сондықтан педагогика жалпы адам тәрбиесі жайындағы ғылым. Ал тәрбие — жастарды әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлау, оларға қоғамдық-тарихи тәжірибені үйрету процесі.
Педагогика пәнін және оны зерттейтін салаларын толық түсіну үшін ең алдымен негізгі педагогикалық ұғымдарды қарастырайық.
Әрбір ғылымның өзіне тән тану саласы және ғылыми ұғымдары бар. Мысалы, философияда мұндай ұғымдарды болмыс, материя, қозғалыс, экономикалық теорияларда — қоғамның өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастары, ал педагогикада — тәрбие, білім беру, оқыту жатады.
Ұғымдар (категориялар) — объективтік құбылыстарды, қасиеттерді және қатынастарды бейнелейтін ойлау формасы. Осымен бірге ұғымдар біздің санамыздың сатылары.
Педагогикалық ұғымдар арқылы педагогикалық құбылыстарды, олардың өзара байланысын танимыз. Педагогикада «мақсат», «құрал», «тәсіл», «даму» және «қалыптасу» сияқты ұғымдар да кездеседі. Бірақ, олар барлық ғылымдарға ортақ ұғымдар. Біз оларға да оқу, тәрбие тақырыптарына сәйкес тоқталамыз.
Педагогикалық ұғымдардың бірі — тәрбие. ‘Тәрбие жайында осы уақытқа дейін ор түрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені ересек адамдардың балаларға ықпал жасауы деп түсіндірушілер де бар. Бұл жағдайда бала пассивті объект түрінде қарастырылады. Ол педагогикалық процестің субъектісі бола алмайды, яғни, өздігінен ойланып, белсенді іс-әрекет жасау рөлін атқармайды. Бұдан тәрбиеге бір жақты анықтама беру байқалады.
Тәрбие баланың өздігінен табиғи және еркін дамуы үшін жасалатын жағдай деп анықтама берушілер де кездеседі. Бұл жерде балаға толық ерік беру мәселесіне ерекше көңіл аударылып, ал тәрбиенің рөлі бүркемеленіп, елеусіз қалып отыр.
Кейбіреулер тәрбиені практикалық тұрғыдан бір жақты жалаң тәжірибеге сүйеніп түсіндірмекші. Мұндай пікірді қуаттаушылар прагматистер. Олардың айтуынша тәрбие баланы тұрмыс қалпына бейімдейді, сондықтан ол өзінің күнін көруге пайдасы бар білімді, іскерлікті және дағдыны меңгеруі қажет. Осы жағдайда бала жеке басының қамын ойлап, өзімшілдік мүддесін қанағаттандырады деп дәлелдейді.
Педагогика ғылыми тәрбиені қоғамдық құбылыс, қоғамдық категория, өйткені тәрбиесіз өмір сүре алмайтындығын философия тұрғысынан қарастырып түсіндіреді. Егер қоғам тәрбиеден қол үзсе, онда адамзаттың мол тәжірибесі мәңгілік елеусіз қалып, тәрбие ілгері баспай, бір жерде тұра берген болар еді деді В. И. Ленин. Сондықтанда Ленин тәрбиені жалпы және мәңгілік категория деп тұжырымдайды.
Тәрбие жайында К. Д. Ушинский: «…мектеп, тәрбиеші не ұстаздар — адамның тіпті жалғыз ғана тәрбиешілері емес оның сонша күшті, ал мүмкін және әлде қайда күшті тәрбиешілері: табиғат, үйелмен, қоғам, халық… және оның тілі болады, — деді.
Ушинскийдің түсінуі бойынша бұл факторлардың әсері педагогикалық талаптардан басқа (әр түрлі дәстүр, үйелмен ішіндегі қарым-қатынас және т. б.) себептерге де байланысты. «Тәрбие» термннің әрдайым тар мағынада «тәрбиеші тәрбиелейді, кең мағынада өмір тәрбиелейді» деп қолданады. Мұның тәрбие жайындағы жалпы ұғымды анықтауда зор мәні бар.
Тар мағынада тәрбие деп мұғалімнің және тәрбиешінің ата-аналармен бірігіп, мақсатты түрде жүргізетін тәрбие жұмыстарын айтады. Әрине, тәрбие жұмыстарымен бір ғана мұғалім және ата-аналар шұғылданып қоймайды. Тәрбие — көптің ісі. Сондықтан тәрбие мәселелерімен кәсіподақ ұйымдары, қоғамдық мекемелер, еңбек ұжымдары және бүкіл жұртшылық болып айналысады. Олай болса тәрбиені кең мағынада табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың, бүкіл бұқараның тұлғаның дамуы мен қалыптасуына ететін ықпалы деп түсіну керек.