Нарықтағы өндірістік және басқару жүйелері

Бір-бірімен тығыз байланыста және өзара қатынаста тіршілік ететін элементтерден (өндірістік бөлімдерден) тұратын тұтас бірлік өндірістік жүйе деп танылады.

Өндірістік жүйеде өтетін материалдық және ақпараттық үдірістер (процестер) — жүйе тіршілігі мен өндірісті басқарудың негізі. Сонымен, өндіріс жүйесі басқару жүйесінсіз тіршілік ете алмайды, ал басқару жүйесі бірімен-бірі байланысты екі бөлімнем тұрады; басқарушы ішкі жүйе немесе басқару объектісі, яғни өндірістің өзі. Өндіріс жүйелері мақсатты, динамикалы, сатылы жүйелер тобына жатады.

Жүйенің мақсатын белгілеу (тағайындау) кейбір проблемаларды тұжырымдауға және оларды шешетін амалдар мен жоспарларды белгілеуге мүмкіндік туғызады. Жүйеге қойылатын маңызды талаптардың бірі оны сол мақсатқа сәйкес етіп ұйымдастыру болады.

Жүйенің күрделілігі деп — ондағы элементтер мен қатынастардың көп жақтылығын, осы көп жақтылықты бағалаудың күрделілігін түсіну қажет. Күрделі жүйелердің негізгі ерекшеліктері элементтер санының, элементтер арасындағы байланыстардың көптігінен, элементтердің өзінің күрделілігінен көрінеді.

Өндірістік жүйелердің күрделілігі жоғарыда айтылғаннан басқа да белгілердің (атаулардың) кейбір тізбегіне екі жақты тәуелді. Теория тұрғысынан, күрделі жүйенің түсінігі тұтастық түсінігіне жақын. Іс жүзінде күрделі жүйеге әлеуметтік, экономикалық жүйелер (қоғамдық, салалық, өндірістік және қосалқы кәсіпорындар) жатады.

Өндірістік жүйелердің экономикалық факторлары бүгінгі таңда түбегейлі өзгеруде, ал бұл ұйымдастыру және басқару тұрғысынан сәйкес өзгерістерді талап етеді. Айтылған өзгерістер өндірістік жүйелердің шаруашылық дербестік алуында, мұнсыз принципті түрде нарыққа көшу мүмкін де емес.

Кәсіпорындардың меншіктік басқа түрлерін былай қойғанда, мемлекеттік кәсіпорындар да Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығына сәйкес («Халық кеңесі», № 72, 11 шілде 1995 ж.), төмендегідей дербестік алған:

— Мемлекеттік тапсырысты орындау есебінен өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) бағасын өкілетті органның келісуі бойынша кәсіпорын өзі белгілейді, ал тапсырыстан тыс өндіретіндердің бағасын дербес белгілейді. Бұл жерде тек монополияға қарсы заңдар тәртібімен ғана кейбір шектеулер болуы мүмкін.

— Белгілі норматив бойынша иесіне (мемлекетке) жалпы пайдадан аударым жасағаннан қалған пайданы кәсіпорын өз қалағанынша жұмсайды.

— Мөлшерін өкілетті орган белгілеген кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының (тұтыну қорының) аумағында енбекақы төлеу нысаңдарын, сыйлық жүйесін, лауазымдық жалақы мөлшерін кәсіпорын дербес анықтайды.

— Кәсіпорын заңдарда белгіленген тәртіп бойынша сыртқы экокомикалық қызметтер жүргізуге құқылы.

Көп жылдар бойы біздің шаруашылық ісінде социализмнің негізгі заңы уағыздаған қоғамдық өндірістің мақсаты мен тікелей өндірушілер мақсаттарының арасында елеулі айырмашылық жоқ деген жалған түсінік арнайы қиыстырушы элементтердің керек еместігіне сендіріп келді. Сұранымды, талаптарды тұжырымдайтын жоспардың өзі қиыстырушы элемент болады-мыс және осы себепті жоспарды орындау кәсіпорынның мақсаты делінген еді. (4)

Іс жүзінде кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жиі-жиі өзіндік мақсатқа ауытқып отырды. Сол жоспарлар қажеттіктердің күрделі және қайшылықты жиынтығын ешуақытта тұжырымды қамти алмағандығына және осы жоспар орындалған уақытта да қажеттіктер толығынан қанағаттандырылмағандығына бүгін кімнің болса да көзі жетті.

Кәсіпорындар тек қана өз мақсатына бұратынын алғашқы шаруашылық дербестік берілген уақытта да байқадық. Қандай да болсын тосқауылдарды ескермей, олардың көздегені пайда ғана болды. Тұтынушы бірінші және екінші жағдайда да ұмыт қалды: ең соңында ол не өндірілсе, соған қанағат етті. Тек нарық қана шын мәнінде өндірісті тұтынушыларға бағыттайды.

Өнімге қажеттілік болғанда ғана өндіріс ұйымдастырылады. Өндіруші кәсіпорынды екі түрлі мақсатты өндірістік жүйе деп қарауға болады. Нақтылы бір өнімдерге қажеттілікті қанағаттандыру және мүмкіндігінше өзінің өндіріс потенциалдарын артықша пайдалану ең жоғары нәтиже алғанмен тең болады. Қорыта айтсақ, тауар өндірушінің (жалпы қандайда болсын қызметтің) мақсаты — ең тәуір нәтиже алу. Оның тірегі кәсіпорынның әр түрлі ресурстары, бұлардың жиынтығы оның өндірістік қуатын айқындайды. Әрине, өндіріс нәтижесі қолдағы потенциалдық сипаттамаларына және оны пайдалану үрдісін орындауға тәуелді. Осы тұста нарық — жүйенің потенциалына сырттан талап қоюшы және оның тыныс-тіршілігінің нәтижесін оң көзқараспен қабылдаушы орта болып танылады.

Жүйенің ұйымдастырымдылығы оның қалыптасқан потенциалы арқасында белгілі уақыт мерзіміндегі даму барысында тікелей тіршілік параметрлерімен және потенциалдың ең жоғары тиімділік көрсеткіштерімен анықталады. Әрине, мұндай ең маңызды параметр деп тыныс-тіршіліктің нәтижесін білу қажет, ал нәтиже ретінде, бір жағынан, кәсіпорын шығарған тұтыну құнын, екінші жағынан, өнімді өткізуден түскен кірісті немесе пайданы түсінген жөн.

Өндірістік жүйені ұйымдастыру тыныс-тіршіліктің механизіміне айналып және нақтылы экономикалық мазмұнмен толыса отырып, өндіріс нәтижесіне тура әсер етеді. Бұл жүйенің әлеуметтік жүйе екенін де баса айтқан жөн, өйткені оның ең маңызды элементі -адамдар: жұмыскер, қызметкерлер. Олардың жүйеге деген қатысы, жүйенің оларға қатысы — нәтижелі істің өте мәнді факторы. Бұл жерде жеке қызметкерлерге де және тұтас ұжымға да потенциалын ашудың қажетті шарты олардың толық дербестігі, басқаша айтқанда экономикалық субъектінің максимальды бостандығы болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, өзінше дамудың, өзін-өзі басқарудың, өзін қамтамасыз етудің бостандығы дегеніміз — дербестік.

Бірақ қимылдың, қызметтің, жалпы істің себебі мүдде түрінде айқындалып ұғынылатын қажеттік.

Мемлекет және жергілікті өкімет меншік түріне тепе-тең құқықтық және ресурстық мүмкіндік жасауға тиіс. Дәл осы жағдай ғана мемлекеттік, жалгерлік, акционерлік, кооперативтік және жекеменшік тауар өндіруші кәсіпорындардың тәуелсіздігінің діңгегі болмақ. Ал соңғылардың міндеті осы белгіленген мүмкіндіктерді пайдалану, осы жолда олар өз ісін ұйымдастырудың лайықты амалдарын қолданады. Іскерлік, иегерлік қимылдар атқарады. Бұл жерде тек қана мүмкіндік ештеңе емес, бұған қоса қабілет, икемділік, толық мағыналы коммерциялық есеп қажет.

Кәсіпорынның қуатын құрушы өндірістік ресурстар — адам (еңбек), сондай-ақ ңегізгі және айналымды өндірістік ресурстардан тұрады. Кәсіпорынның қуатын пайдалану оның қорларының айналысын қажыландыру ресурсынсыз іске аспақ емес. Өндірістік және басқарушылық істің манызды элементі — ақпараттық ресурстар. Осыларға технологиялық ресурстарды да қоса айтуға болады.

Нарықтық қатынастан бөлінгісіз шаруашылық дербестік істі әжептәуір жақсартады. Бір жағынан, еңбекке ақы төлеудің тиімді әдістері және әділеттілік мүмкіндіктері қызметкерлердің еңбек құралдары мен өніміне көзқарасын өзгертеді. Басқа жағынан, еңбек нарығының болуы адамдарды өзінің өндірістегі және қоғамдағы орны үшін жауапкершілікке итермелелейді. Ал кәсіпорын өз жағынан келгенде, адамдардың тиімді еңбек етуі үшін барлық мүмкіндікті жасауға мәжбүр, өйткені осы адамдар нарыққа сай өнім шығарады және бұл әрбір қызметкердің тұтас ұйымның жақсы хал-ахуалының жалғыз көзі.

Нарыққа көшу өндірістік ресурстармен байланысты болып отыр. Бұл жағдайлардағы сенімді жол -кәсіпорын зәру болып отырған ресурстарды өңдеуші кәсіпорындармен тура қатынасқа көшу, осымен қатар қолдағы техниканы жөндеу, материал шығындарын мейілінше азайту; өте зәру және төтенше қажетті бұйымдарды, қосалқы бөлшектерді және т.б. өз бетінше өндіруді іске асыру. Ал, егер мемлекеттік тапсырма болса, оны мемлекет өзі ресурспен қамтамасыз етуі қажет. Тауар өндірушілердің басқа бір басты аспектісі өзіндік қажылану болады. Бұл іс жүзінде орын алу үшін кәсіпорынның (әрине, мемлекеттік) кірісінің нақты бөлігі өзінде қалумен бірге, осы қалған кірісті ол өз бетінше пайдалануға толық мүмкіндігі (құқы) болуы керек. Бірақ қалай болғанда да кәсіпорын осы қалған кірісін тек қана еңбекақыға жұмсауы теріс болар еді, оның бір бөлігін өндірісті дамыту жолына және осы арқылы нарықты қоғамға қажет өнімдермен толтыру бағытына арнауы ауадай қажет.

Дербестіктің әр түрлі аспектілерін шолуымызды мынандай сөздермен аяқтаған жөн: қазіргі біздің тауар өндірушілеріміз батыс тәжиірбесінде болып өткен сатушылар (өндірушілер) нарығының маңайында, мақсат — сатып алушылар (тұтынушылар) нарығына өту. Бұл жолды түзу жүріп өту үшін біздің кәсіпорындар өздерінің барлық мүмкіндіктерін іске қосып, үнемдей, сапаны өсіріп және батыстың тәжірибелерін де пайдаланып отырғаны дұрыс.

Осындай мол тәжірибенің бірі — нарықтану-маркетинг деп аталатын теориялық және практикалық бай, тиімді құрал. (5)