Ұлттың болмысын, тіршілік ету тәлімін, өмірге деген көзқарасын, рухани өресін, танымы мен нанымын жалпақ жұртқа жайып, өзін-өзі жұрағаттап танытатын әрі мәшһүр ететін халықтың ежелден келе жатқан ескі салт-дәстүрлері меп әдет-ғұрыптары, жөн-жоралғылары болса керек. Талай ұрпақтардың ұлан-ғайыр көшін ұзатып салып, тар жол, тайғақ кешуді замана зобалаңдарынан өткен өрісті тарихымыздың өнбойында өшпей, өскін жайып, халық тірлігінің өзегімен өріле жасасып келе жатқан бұл қасиетті қазыналарымыз өзінің өміршеңдігімен тәнті етеді. Өйткені мұніда бәріміздің бас иер киелеріміз, халықтың тілі, діні, ділі жатқанын көреміз. Халқымыздың бағы да, бары да, құты мен құдіреті де осыларда жатыр. Бұларсыз баянды болашақтың көкбайрағы көтеріле алмайды, емін-еркін тыныстап еңсесін тіктеу де қиынға түседі, танымы мен сеніміне сеніп, болашағына батыл бет бұрған рухани түлеуге де қолы жетпейді. Ұлттық дәстүрді сақтай білу — ұрпақтардың өз тағдырына аялай қарауы, қадірлеп қастерлеуі, иманды тірлігінің ұятына сенуі.
Әр халықтың пеншенесіне жазылған тағдыры болады.
Ұлттық келбетіміз жайлы ой қаузағанда, сол тағдырдың сан сүрлеулі соқпағына түскен халқымыздың қилы-қилы өмірі, заманалық эволюциясы көз алдымызға келеді. Оның түйінді тораптары, ілкімді арналары тереңдерге жетелеп, тарих қатпарларынан сыр сабақтағанда, халқымыздың даналығына, қайсарлығына, төзімділігіне, кеңпейілдігіне, қарапайым-дылығына қайран қалып, көңілге мақтаныш толады. Ал халық басына түскен зауалдар тақсіреті неше қилы өкініштер мен опыныстарға да бөлейді.
Осы тарихқа қарап тұрсақ, қазақ халқының көрмегені де, кешпегені де аз емес екен. Отаршылдықтың, империялық өктем саясаттың ноқтасынан басын көтере алмаған халықта не хал болушы еді? Бүгежек-тірлік белін жаздырмай, адымын аштырмады, рухани жағынан әбден тұралап, жүдеп-жадап, жарық дүниеге келгеннен қасаң қағида — жат уағыз миына тықпаланды, өткеннің бәрін жоққа шығару саясаты мәңгүрттікке алып келді, ақыр соңында танып-білгенімізден — ұмытқаымыз, тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп болып шықты. Оны енді ғана ашық айтып жатырмыз. Қазіргі біздің кеудеміздегі қорқынышты жеңіп, еңсемізді тіктеген серпілісіміз мәңгірген жанның есін жиған алакөбең әлпетін елестетеді. Егеменді ел болып етек-жеңімізді жиып, ертеңгі күнімізге алаңдай бастауымыз соның айғағы. Жадымыз бен қанымызда қалған ұлттық болмысымыз-оянып, санамызға сәуле шуағы тарап, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың, тіліміздің, дініміздің жоғалтып алған өмірлік нышандарын жаңғыртып, жандандырып, қайта оянып жатқан жайымыз бар. Халықтық нәрсенің бәрі де жермен, елмен, халықпен бірге біте қайнасып, бірге жасайтынына, оны ешбір қатал қысым да, заң да, зорлық та өшіре алмайтынына көз жетіп, көңіл қаныққандай болады.
Ғасырлар бойы өмірдің өткелдерінен өтіп, қилы-қилы кезеңдерінде бір кұлап, бір тұрумеи келе жатса да,, бар өнеге-өсиетін, әдет-қасиетін, ғұрып пен рәміздерін сақтап қалуға ұмтылып баққан халқымыздың маңдайы енді жарқырады, бағы енді ашылды. Өмірге қайта орала бастаған ұлттық үрдістеріміз бен салт-дәстүрлеріміздің көбейе түскені соның айғағы.
Солардың ішінде халқымыз бен қайта қауышып жатқан, өзінің болмысында халықтық сипаты мол, ізгілік пен мейірімділікке үндейтім, ел ішіне кең тараған салт- дәстүрлеріміздің бірі.— ораза тұту, айт, құрбан айт мерекелері.