Васко да Гаманың саяхатынан туған әсер ғажап болды. Адам шығыны мен көптеген қиыншылықтарға қарамастан ақыры, ертегідегідей бай елдерге теңіз жолы табылды. Португальдықтар енді жыл сайын үлкен эскадралар жасақтады, оның құрамы кейде 20 кемеге дейін жетті, олар артиллериямен қаруландырылды, көптеген экипажы мен солдат отрядтары болды. Қару-жарақтың басымдылығының арқасында португальдықтар Үнді мұхитынан арабтардың купецтерін ығыстырып шығарып теңіз саудасын өз қолдарына алды. Олар өздеріне тап болған барлық кемелерді, мейлі ол арабтардікі болсын, мейлі Индияныкі болсын әйтеуір оларды тонап командаларын айуандықпен қырып тастап отырды.
Бұл жөнінде ерекше қатігездік көрсеткен, әуелі экскадраның бастығы, содан соң Индияның вице – королі Альбукерке болды. Ол арабтардың мұхитқа шығатын жолдарын жауып , тіректі пункттерге тек португальдықтар бекінулері керек деп санады. Осы мақсатпен Альбукерке Қызыл теңіздің кіре берісіндегі Сокотру аралын және Персия шығанағының кіре берісіндегі аса маңызды сауда және страгетиялық пункт — Ормузды басып алды. Арабтардың Үнді мұхитынан португальдықтарды ығыстырып шығару әрекеттерінен нәтиже шықпады. 1509 жылы арабтардың флоты Диу түбінде болған шайқаста Индияның солтүстік – батыс жағалауында толық жеңіліске ұшырады.
Португальдықтар Индияның өз ішінде кең көлемді территорияларды басып алмағанымен көбінесе жағалаудағы тіректі пункттерге ие болуға тырысты. Альбукерке, Малабар жағалауындағы Гао қаласын басып алғаннан соң ондағы халықты түгел қырып тастап қаланы Португалияның Индиядағы билігінің ең басты тірегіне айналдырды. Жауласушы раджалардың қарсылығы да күйреді. Португальдықтар әдетте жергілікті князьсымақтардан әр түрлі сауда — саттық жеңілдіктерін немесе әр түрлі алым – салықтар мен оброктар жинау правосын күштеп алу арқылы жергілікті халықты мейірімсіз қанады. Сонымен қатар князьсымақтар аса арзан бағамен бұрыш, қалампыр, дәмқабық, имбирь, жұпар жаңғағы, шайыр және басқа товарларды жеткізіп тұруға міндетті болды. Бұл бағалар Лиссабоннның рыногындағы бағаларға қарағанда 200-250 есе төмен болды. Тіпті “ерікті” рыноктан стып алынған товарлардың өзі, мысалы бұрыш 700-800 процент пайда келтірді. Товарларды шет елдерге шығару қатаң шектелді. Жылына 5-6 кеме татымды жеміс қана шығарылды.(5 –142 б.)
Индиямен сауда жүргізу Португалия королінің монополиясына айналды және зор пайда келтіріп отырды.
Индияға берік бекініп алғаннан кейін португальдықтар енді шығысқа қарай жылжыды, өйткені Малабар жағалауындағы қалалар Зонд және Молукк аралдарынан татымды жеміс жеткізілетін транзитті сауданың пункттері ғана болды, бұлардың ең басты рыногы Малакка порты еді. 1511 жылы португальдықтар Малакканы басып алды, он жылдан кейін Малукка аралдарында португальдық факториялар да пайда болды.
Португальдықтардың Индонезияға қарай жылжып, ілгері басуына олардың Индия мен арабтың, ал кейініректе Малаяның тамаша теңізшілерінің көп ғасырлар бойындағы тәжірбтесімен жете танысқандығы өте-мөте көмектесті. Бұлар европалықтардың келуінен көп бұрын-ақ Үнді мұхитының оңы мен солын бірдей шарлаған еді. Осындай жақсылықтарының есесін европалықтар отарлық басқыншылықпен және олардың сауда-саттық жұмыстарын жоюмен қайтарды.