Африканың батыс жағалауының өн бойымен ілгері қарай жылжумен қатар , сірә, итальяндық теңізшілердің қатысуымен болса керек , португальдықтардың оңтүстік – батыс және батыста ашық мұхитқа шығып алысқа жүзулері басталды. XV ғасырдың 20-жылдарында португальдықтар Мадейра аралдарына , 30- жылдардың басында – Азорларға барып орналасты. Ал 1456 жылы Жасыл Мүйіс аралдарына шейін жетті.
1492 жылы Христофор Колумб Атлантика мұхитын жүзіп өтіп , Батыстық жарты шарды ашты. Колумбтың өмірбаянының көптеген фактілерін , сондай – ақ оның географиялық ұғымдарының сан алуан қырларын түгелдей және дұрыс анықталды деп санауға болмайды. Қазірде Колумбтың – итальяндық екендігі және 1451 жылы Генуя маңында бір тоқымашының семьясында туғандығы баршаға мәлім болып отыр. Оның жүйелі білімі де болған жоқ. 1474- 1475 жылдары Шығыс Жерорта теңізіне кемемен сапар шекті. 1476 жылдың шамасында, сірә генуялық сауда үйлерінің бірінің агенті ретінде болса керек, Португалияға келеді , ал келесі жылы Англияға барады. 1479 – 1481 жылдары Мадейрада және оған көршілес Порту – Санту аралында тұрады. Осы жерде ол бір теңізшінің қызына үйленеді. Қыздың әкесінен көптеген теңіз карталары мен күнделіктер және түрліше жазбаларқалған екен.
1483 жылы үлкен теңіз экспедициясын жабдықтау туралы Португалиямен жүргізген Колумбтың келіс сөздері басталды. Португалия үкіметінің Колумбтың жасаған ұсынысын қабылдамауының себебі , тамаша бай Индияға барар теңіз жолы табылып , көздеген мақсатты жүзеге асыру соншалықты жақын тұрған кезде басқа бір жаңа қауіпті іспен айналысқылары келмеген болар. Келіс сөздер сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Колумб Испанияға келеді (1485 жылдың шамасы) . Сөйтіп, мұнда ұзаққа созылған келіс сөздерден соң корольдің ықпалды жақын адамдарының және ең бай испандық купецтердің қолдауымен король Фердинанд пен оның зайыбы Изабелланың экспедиция жабдықтауға берген келісімін алады. Король Колумбқа адмирал және “оның теңіз – мұхиттардан іздеп тапқан ” жерлерінің бәріне де вице – король болу атағын береді.
Колумбтың кітапханасындағы кітаптардың құрамына және оларға соққан белгілеріне қарағанда , оның Марко Полоның “ Сапарлар ” деген шығармасын оқығаны , сонымен қатар жердің шар тәрізді екендігі туралы ғылыми болжамды жақтаушы француз эпископы Пьер д , Алидің “ Әлемнің айнасы ” атты трактатын ерекше зейін қоя зерттегендігі байқалады. Бұл трактат Антика заманы авторларының , сондай – ақ орта ғасырлық авторлардың географиялық және космографиялық білімдер жөніндегі еңбектерінің жмнағы болып табылады. Тарихшылардың пайымдауынша , Колумб теңізден батысқа қарай жүзіп барып , сол кезде “ Индия ” деп аталынған Азияға жетуді ойлаған болса керек. Бұл ойды өзімен хат – хабар жазысып тұрған сол кездегі атақты итальяндық космограф Тосканелли айтқан болу керек. (Кейбір тарихшылар хат жазысуын Колумбтың Тосканеллимен жалған деп те санайды). Ал космографтар мен географтардың еңбектерін оқып зерттеген Колумб “ батыс жолы ” мәселесін өз бетінше – ақ ойластыруы мүмкін.
1492 жылы 3 августа үш кемеден құралған эскадра Испания порты Палосадан Канар аралдарына қарай бет алды , 10 сентябрьде одан әрі қарай сапар шекті. Кемелер суда жүзу сапасының жоғарылығымен және техникалық жағынан жақсы жабдықталуымен ерекшеленді. Колумб өзінің тамаша теңізші екендігін көрсетті , ол португальдықтар жеткілікті зерттеген Атлантиканың желдері мен теңіз ағыстарының жағдайларында жүзудің әдістерін асқан шеберлікпен пайдаланды. 12 октябрьде Колумб Багам аралдарының тобындағы бір кішкентай аралға келіп , зәкір тастады. Бұл жерді ол Сан – Сальводор деп атады.
Батыстық жарты шар жерлеріне баратын жол ашылды. Мұның нәтижелері әрі ашылған жерлер үшін де , әрі Европа үшін де орасан зор болды. Колумб жүзуінің ұлы тарихи маңызы да осында еді.
Осы алғашқы саяхаты кезінде Колумб Антиль архипелагының бірқатар аралдарын , Кубаның сол жағалауларын өзі Эспаньола (Кішкентай Испания) атаған Гаити аралын ашты. Осы жерге Навидад (Рождество) фортын салып , оған өзінің 39 теңізшісін қоныстандырды. Бұл Европалықтардың Батыс жарты шарындағы ең тұңғыш отары еді. Бірақ көп ұзамай — ақ , испандықтардың зорлығына ызаланған үндістер форттың тас – талқанын шығарып бұзып, қоныстанушыларды қырып тастады. Алайда испандықтар бұдан қаймыға қойған жоқ. 1496 жылы Эспаньоланың оңтүстік жағалауына Сан – Доминго қаласының негізін қаланды.
Колумб жергілікті адамдардан алтын жөнінде сұрастырды. Ол өзінің нені ашқанын және қандай жерде тұрғандығын жете ұғынып біле алмады және білуге де болмайтын еді. Оның жүргізген күнделігіне қарағанда , Азияны шығыстан айналдыра көмкеріп тұрған аралдарының бірінде тұрмын – ау деген ойда болған және солардың арасынан континентке қарай өтетін жолды құр бекер іздеген.
1493 жылы 4-январьда Колумб кері қайтты. Испания оны зор құрметпен қарсы алды. Оның сол жылдың сентябрінде екінші экспедицияны ұйымдастыруына үлкен қаржы бөлінді . Екінші саяхатында Колумб Кіші Антиль аралдарын ашты. Кубаның оңтүстік жағалауының бір бөлігін бойлай жүзіп бара жатып, Колумб оны Азияның оңтүстік жағалауы екен деп ойлап тағы қателесті. 1495 жылы ол Испанияға қайтып келді. Колумб бұл жолғы саяхатында да Америка континентін тауып аша ала алмады. Оны европалықтар екі жылдан соң – 1497 жылы ашқан — ды. Осы жылдың майында Бристоль (Англия) қаласынан Англияда тұрып қалған генуялық, онда Джон Кабота деген атпен мәлім болған, Джованни Каботто теңіз сапарына шықты. Июньнің аяқ кезінде ол бір белгісіз жердің жағалауына келіп жетті, сірә бұл Лабрадор болса керек. Бірақ бұл жерді ол Азияның бір бөлігі екен деп санады. Тек, 1498 жылы өзінің үшінші саяхаты кезінде Колумб тұңғыш рет Оңтүстік Америкалық континентке, Ориноко өзенінің сағасына келіп жетті, бірақ өзеннің жағалауына шықпады. Орасан мол тұщы суды көрісімен — ақ, ол тағы бір беймәлім жаңа материкті аштым ба екен деген ойға келді. Бірақ Колумб өзінің король мен королеваға жазған хат есебінде бұл ойын айтуға батпады.
Осы екі арада португальдықтар Индияға баратын теңіз жолын тауып, онан түрлі жеміс және басқа да асыл товарлар алып келді. Колумбтың 1502 жылғы төртінші теңіз саяхаты Васко до Гаманың экспедициясына тікелей жауап ретінде жасалды. Куба аралынан оңтүстік — батысқа қарай бет алған Колумб бұрынғысынша, Азияның Шығыс жағалауына жеттім деп санап, Индияның жағалауына өтетін бғғазды талмастан іздеді. Бірақ бұл іздеулер ешбір нәтиже бермеді.
Колумбтың жасаған теңіз саяхаттары мен жаңа жер ашуларына жалпы алғанда Испания үкіметінің көңілі толмады. Жұмсалған орасан зор қаржы тектен — тек кеткендей болып көрінді. Теңіздердің ар жағындағы жаңадан ашылған жерлерден алтын да, күміс те , жеміс те Испанияға қарай ағылмады. Бұл байлықтар кейіннен, Колумб дүние салған соң (ол 1506 жылы қайтыс болды) барып келе бастады. Өмірінің аяқ кезінде Колумб өзінің проволары үшін және мұның ісіне көңілі толмаған Испандық үкіметтің о баста беріп қалған ерекше жеңілдіктерінен айырылмау үшін айтыс — тартыспен көп бейнет шекті.(3-122 б.)