Ойын әдістері өзін-өзі таныту

Жоғары оқу орындарында жиі қолданылатын әдістердің бірі — ойын әдісі.Ойынның интерактивтік және басқа да бірқатар ерекшеліктері оның адамның білім мен білікті терең меңгеруінің бір тәсілі ретіндегі орнының жоғары екенін көрсетеді, сондықтан оны өзін-өзі тану сабақтарында кеңінен қолданған тиімді саналады.

Ойын әлеуметтік-мәдени феномен ретінде жеке тұлғаның құндылық бағдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәдениеттанушылар ойынның бірнеше қызметін атап көрсетеді. Оның ең басты қызметі – жеке тұлғаны дамыту. Ойынның шындықтың өзі емес, көшірмесі екендігі және қиялдан туындауы оның символикалық қызметке де ие бола алатындығын дәлелдейді. Мұнда ойын нақты тәжірибе мен абстрактілі ойлаудың арасындағы алтын көпір болып саналады.

Ойынның тағы бір ерекше қызметі — тұлғааралық қарым-қатынасты дамытуы: шиеленістерді шешуі мен сезімдерді жеткізудің құралы болуы. Ойынның оған қатысатын ересектер үшін де, балалар үшін де өзін көрсету мен тұлғааралыққарым-қатынас жасайтын ортаға бейімделудің жолы екендігі дау тудырмайды.

Сан түрлі өмірлік жағдайяттарында ойнап көру адамдардың эмоциясының сыртқа шығуына ықпал етеді, оған сырттай баға беріп, қажет жағдайда басқаруға үйретеді. Ойындағы қақтығыстар оның кеңістігін ұлғайтудың элементі ретінде қызмет етеді.

Ойынның этикалық қызметі –адамдардың әрекет үстіндегі адамгершілік қасиеттерін танытуынан көрінеді. Әрекет үстіндегі моральдың механизміне ойынға қатысушының (жасына тәуелсіз) өз басынан барлық сезімді кешетіні және өздігінен шешім қабылдау алдында толқитыны, таңдау жасауда үлкен жауапкершілікті сезінетіні жатады. Ойынның адам іс-әрекеті ретіндегі ерекшелігі оның нәтижесінің материалдық емес, өнегелік сипатқа ие болуында жатыр.

Ойын міндеттері оның жоғарыда аталған қызметтерінен туындайды. Индивид үшін ол — әлеуметтік тәжірибені игерудің (мінез-құлық пен адамгершілік нормалары), нақты бір мәселелерді шешудің, белгілі бір білімдерді алудың, өзін-өзі бағалауын дамытудың, жағдаят пен тұлғааралық қарым-қатынасқа талдау жасауды үйренудің құралы. Қоғам үшін ол –қоғамның өнегелік және моралдық нормаларын қалыптастырудың, тұрмыстың барлық саласындағы мәселелерді шығармашылықпен шешуге үйретудің жолы.

Ойын өз табиғаты бойынша адам қызметінің барлық түрлерінің қайталамасы іспетті әрекет деп есептелінеді. Ойын барысында адам шартты белгіленген формада өзінің дүниеге, басқа адамдарға, өзіне деген қатынасын көрсетеді. Бұл адамның өзін-өзі көрсетуінің ерекше тәсілі болғандықтан, ойын үстінде әлеуметтік болмыстың белгілі бір типі қалыптасады, өмірдегі шындық жағдайларда кездесетін әр қилы сыни сәттерді болжаудың амалдары меңгертіледі.

Өзін-өзі тануға үйретуде интерактивтік ойындардың көптеген түрлері қолданылады: қозғалмалы, сюжеттік және рөлдік, іскерлік және иммитациялық (соңғы екі түрі кейде рөлдік ойынның түрлеріне жатқызылады).

Психологиялық тренингілерде түрлі оқыту бағдарламаларының аясында қолданылу барысында да ойын әдістерінің күшті жақтарына:

  • қатысушының белсенді болуы;
  • қатысушылардың тікелей тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беруі жатады. Бұлар ойынның дидактикалық әлеуетінің тегеуірінділігін танытады. Сондықтан да ойын барысында алынатын білім мен дағдылар жеке тұлғалық сипатқа ие болады, іс-әрекеттің әр қилы түрлерінде жүзеге асырылады;
  • көптеген ойындардың нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес, сондықтан оның өн бойында қатысушылардың қызығушылықтары мен әсерленуі бірге жүріп отырады;
  • топта жүргізілетін түрлі әрекеттерге қатысты мотивация, эмоциялылық өседі;
  • топтағы қатысушылардың саны әр түрлі болса да, ойын әдістерін нәтижелі қолдануға мүмкіндік төмендемейді.

Қозғалмалы ойындар. Қозғалмалы ойындар (бой жазу, жылыну, қыздырушы ойындар) өзін-өзі тану сабақтарында жиі қолданылады. Оларды қолданудағы негізгі мақсат — студенттердің эмоциялық және тұлғааралық белсенділігін арттыру, сонымен бірге денелерін шынықтырып, бойын жаздыру.

Қозғалмалы ойындарды қолдану мынандай міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:

  • Студенттердің эмоциялық белсенділігін арттыру. Мұнда олардың жағымды эмоциялары: қызығушылықтары, қуанышы, таңдануы негізге алынады;
  • Топты біріктіру, қатысушылардаың өзара сенімін қалыптастыру және бірлескен әрекеттердің үйлесіміне қол жеткізу;
  • Қарым-қатынас үлгісін көрсету. Мысалы, «бір аяқ жолда кездесу» ойыны (гимнастикалық отырғыштың үстінде немесе жерде сызылған жолақтың ортасында бір-біріне қарсы келе жатқан екі ойыншы екі жаққа айырылуы қажет) дау-дамай жағдайдың үлгісі ретінде көрінеді және адам әрекетінің мүмкін нұсқаларын көрсетуді талап етеді.Мұнда екі жақтың қатысушылары – дау-жанжал үстіндегі болатын ынтымақтастықты, бәсекелестікті, келісімпаздықты, бейімділікті, қашқақтауды немесе т.б. әрекеттердің бірін таңдауы тиіс.
  • Кері байланысты қамтамасыз етуі, тернингтегі өзге қатысушыларға қарап әркімнің өз әрекетіне баға беруіне мүмкіндік туғызу. Мысалы, «қимылдың қайталануы» ойынында қатысушы өзіге мүшелердің өз қимылын қайталап салуына қарап, іштей өзі туралы тұжырым жасайды.
  • Студенттердің ерік, зейін, , бақылау сапаларын дамыту.

Рөлдік ойындар. Өзін-өзі тануда рөлдік ойындар да маңызды болып саналады. Белгілі бір деңгейде рөлдік ойындар адамның әлеуметтену процесінде елеулі орын алады. Адамға белгілі бір рөл тапсырылғанда, ол соның талаптарының үдесінен шығуға ұмтылады.

Рөлдік ойынның мәні адамның уақытша болса да белгілі бір әлеуметтік рөлді қабылдап, өзі соған сай деп тапқан мінез-құлық үлгісін ұсынуынан көрінеді. Сол рөлдің шеңберіндегі нақты шешімдерді қатысушының өзі қабылдайды.