Халықтың саны – 1095 млн адам, орташа тығыздығы шамамен әрбір км²-ге шаққанда 290 адамнан көп. Үндістан көп ұлтты ел. Елдің көпшілігі (72%) үнді-арийлер (300-ден аса этностық топтар), дравидтер халықтың 25%-ын, монғол тектестер 3%-ын құрайды. Елде барлығы 500-ден аса ұлттар мен тайпалар мекендейді. Мемлекеттік тілі – хинди және ағылшын тілдері, сонымен қатар 14 тіл (бенгал, тамиль, телугу және басқа да) елдегі түрлі штаттарда ресми тіл ретінде қолданылады. Хинди тілінің бір нұсқасы – урду Үндістанның солтүстігінде кең тараған. Жалпы елдегі тұрғындар 100-ден аса тілде және көптеген диалектілерде сөйлеседі.
Басты діндер – индуизм, ислам, христиан, сикха, будда.
2-диаграмма. Үндістандағы әлемдік діндердің таралуы
Мұндағы басты діндер – 1.индуизм (халықтың 82,5%-ы), 2.ислам (11,4%), 3.христиан (2,4%), 4.сикха (2%), 5.будда (0,7%), өзге де діндер 1℅-ды құрайды.
Үндістан – халықтың табиғи өсуінің жоғарылығымен ерекшеленетін ел. Туу көрсеткіші әрбір 1000 адамға шаққанда 27,78 нәрестеден келсе, өлім-жітім әрбір 1000 адамға 10,07 адамнан (бала өлімінің деңгейі әрбір 1000 адамға 76,3 адамнан) келеді. Елдегі өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші ерлерде – 58 жас, әйелдерде – 60 жас.
Халықтың жыныстық құрамына тән нәрсе — әйелдерге қарағанда ерлер көп. Халықтың 15 жастан үлкендерінің шамамен жартысына жуығы (ерлердің 64%-ы, әйелдердің 39%-ы) оқи және жаза алады, 31,7 млн еңбекке жарамды адамдардың 65%-ы ауыл шаруашылығымен айналысады. Шаруалар өте басым, олардың көбісінің жері аз, тұрмыстары өте нашар. Жұмысшылардың көбісі ұсақ, жартылай мердігерлік шеберханада жұмыс істейді. Соңғы уақытта техниканың соңғы түрімен жабдықталған кәсіпорындар көбеюде. Сыртқы көші-қон шектелген, ал ішкі көші-қон жылдам өсуде, ауылдан қалаға қоныс аударушылар жылдан-жыцлға өсу үстінде. Елдегі халықтың орналасу өзгерісін анықтайтын урбандалу жетекші үрдіске айналады.
Ұлыбританияның отары кезінде Үндістан өнеркәсіп орындары тек бірнеше ірі қалаларда (Калькутта, Мумбай, Мадрас) шоғырланған болса, қазір жаңа кәсіпорындар барлық штаттарда бар. Көптеген жаңа қалалар пайда болды, өнеркәсіп ареалдары қалыптасты. Өнеркәсіптің даму қарқыны ауыл шаруашылығынан басып озды[4].