Микроскоптардың құрылысы және микроскоппен қарау техникасы

Микроскоппен көру техникасын меңгеру үшін жарық көмегімен көрсететін микроскоптың құрылысын білу; уақытша микропрепараттар дайындауға төселдіру.

Биологиялық зерзаттарды зерттеудің негізгі әдістерінің бірі жарықтың көмегімен көрсететін микроскоп болғандықтан, биология курсы бойынша өтілетін сабақтар үшін ғана емес, дәрігердің сарамандық жұмысы — зертханалық диагностика, т.б. үшін де микроскоппен қарау техникасын меңгеру, уақытша микропрепараттар жасай білу қажеттігін естен шығаруға болмайды.

  1. Тиісті әдебиеттерден материалды тауып оқып, мына сұрақтарға жауап бере білу: а) микроскоптың негізгі бөліктерін атап, олардың атқаратын қызметі мен құрылысын түсіндіру; ә) микроскоптың механикалық, оптикалық және жарық беретін бөліктерін көрсету, олардың құрылысын айтып беру; б) микроскоппен жұмыс істеу ережесін білу; в) биологиялық зерзаттарды зерттеуге арналған ұлғайтқыш аспаптардың басқа түрлерімен жұмыс істеу қағидаларын баяндау.
  2. Бастапқы және қорытынды бақылаудағы тестілік сұрақтарға жауап беру.

Оқытушы дәріс оқитын болғандықтан, орындалатын жұмыстың қысқаша мазмұнын беруді жөн көрдік.

Мазмұны. Студенттер мыналарды: а) МБР-1, МБИ-1, Биолам (биологиялық зертханаға арналған микроскоп — БЗАМ) микроскоптардың құрылысын; ә) зерзатты микроскоп арқылы көру ережесін; б) уақытша пайдаланылатын препарат жасау техникасын оқып үйренуі тиіс.

Құрал-жабдықтар. 1. МБР-1, МБИ-1, БЗАМ, МБС-1 микроскоптары.2. Төсеніш және жабын шынылар, су құйылған стақан, иммерсиялық май, дәрі тамшуыр, Петри табақшасы, көзге арналған серіппелі қысқыш. 3. Иммерсиялық объектив (х 90). 4. Алдын ала дайындалған тұрақты микропрепараттар: пияз үлпегінің жасушасы, жапырақтың көлденең кесіндісі. Көрнекі кестелер: микроскоптардың құрылысы, олардың жеке бөлшектері, жарық жинағыш жүйе (конденсор) және объектив аралығындағы жарық сәулесінің жолын көрсететін сызба нұсқалар.

Бастапқы бақылау тестілері

1 нұсқа. 1. Микроскоптың тетіктік бөлшектерін атаңыз: а) тұрғы,ә) түтікше (тубус), б) окуляр, в) зырғытпа.

  1. Жарық жинағыш жүйе (конденсор) және диафрагма көмегімен жарықты объективке қалай мол түсіруге болатынын баяндаңыз: а) конденсорды жоғары көтеру; ә) самалалы диафрагма санылауын кішірейту; б) конденсорды төмен түсіру; в) самалалы диафрагма саңылауын кеңейту.
  2. Микроскоптың оптикалық бөлшектерін атаңыз: а) жарық жинағыш жүйе (конденсор); ә) окуляр; б) айна; в) объектив.
  3. 4. Мыналардың қайсысы азырақ ұлғайтатын объективтер (х7, х15, х8, х40)?
  4. 5. Мына объективтер неше есе ұлғайта алады: (х7, х15, х8, х40)?

ІІ нұсқа. 1- Микроскоптың оптикалық бөлшектерін атаңыз: а) окуляр,ә) конденсор,б)объектив,в)микрометрлік бұранда.

  1. Микроскоптың жарық түсіру жүйесінің құрам бөліктерін атаңыз: а) айна; ә) конденсор; б) диафрагма; в) зырғытпа.
  2. Айналмалы табақша немесе зырғыма қандай қызмет атқаратынын баяндаңыз: а) тубусты қимылға келтіреді; ә) объективтерді ауыстырады; б) жарық сәулелерін жинақтайды; в) қажетті объективтерді тубус астына орнықтырады.
  3. Конденсор мен самалалы диафрагма табақшасының қалпын объективке мол жарық түсіру үшін қалай өзгертуге болатынын айтыңыз: а) конденсорды төмен түсіру, ә) самалалы дифрагма саңылауын кішірейту, б) конденсорды жоғары көтеру, в) самалалы диафрагма саңылауын ұлғайту.
  4. Мына объективтердің қайсысы иммерсиялық объективтігі аз және көп ұлғайтады: ( х 8, х 15, х 40, х 90 )?
  5. Мына объективтердің қайсысы иммерсиялық объективтігі аз және көп ұлғайтады: ( х 8, х 15, х 40, х 90 )?