Әбу-Насыр әл-Фараби және Жүсіп Баласұғынның адамгершілік туралы түсініктері

«Түрік сөздігі» адамгершілік ізденістер жөнінде: «Ұлықтық болса (тапсаң), сен ізгілік істе, Кішік болғын, бектер қатарында жақсылықты жалғастыр» дейді. Жақсы қасиеттерді жанына жақын тұтқан бектер секілді жұртқа әрдайым ізгілік нұрын  себуге ұмтыл деген идея өлең өрнегінде бой көрсетеді. Сондай-ақ «…біл, Шама жеткенше, қолыңмен көп ізгілік қыл» деп қолдан келгенше жақсылық жасауға шақырған сөздіктегі өлең жолы адамдық мектебінің алғашқы әліппесі тәріздес.

«Түрік сөздігінде» «адам — дүниеге қонақ» секілді діни сипаттағы идея қамтылған. Мынау кең дүниенің мәңгілік иесі саналмай, бірқыдыру мерзімге ғана меймандық еткен адам баласы бір-біріне дүшпан көзқараспен емес, қонаққа деген құрмет көзімен қарауы, демек, мейірбан  меймандостықпен қарым-қатынас жасауы қажет. Осындай ордалы ойды өлеңінде дамытып, «адам-қонақты» «оқырман-қонаққа» айналдырған Қадыр ақын дәстүр даңғылына жаңашылдығымен із тастайды. «…Қуатсыз жырды оқырман — қонақтатпайды, Татқанмен, ақын, сезімге ол жыр шаппайды». Дәстүрдің ұласуы ой қайталау көрінісімен шектелмейді, ойды дамыта жарасымды жалғастырады. Жырдан оқырман — қонағымыздың талғампаздығын байқаймыз, ол нәрсіз, қуаты жоқ жырларды керек етпейді. Өлең жолдарында қонаққа тек ең жақсынды ұсыну тілегі жатыр. Бұл өзіңнен бұрын өзгеге жақсылық жасау ізгі ниетімен астасатын, адамшылықтың аса биік талаптарының бірі.

«Түрік сөздігіндегі» қонақжай мінезді марапаттаған жырлар кеңпейілділік пен жомарттыққа жол аша отырып, сараңдықты сынауға ұласады. Жамандықтан жирену идеясын сараңдық  сарынында жалғап, көне тақырыпты тақырыпты түрленткен кейінгі дәуір дауылпаздарының жырлары бабалар танымынан аса алшақ кетпейді. Байлық жайында жыр толғаған ақындар сарандық, қанағатсыздық, ашкөздік, тойымсыздық пен уайымсыздық секілді жаман қасиеттердін бәрі де бір дәулеттің айналасынан туындайтынын айтады. XI ғасырда М. Қашқари бабамыз «сараңдықтан без» дегенді жырымен жеткізсе, XIX ғасырда Абай мен Шәкәрім «сараңдықпен жиган байлығың — баянсыз, ол жаныңа медет бола алмайды» деп байлыққа қызықпауға үндейді. Ал XX ғасырдың соңына қарай Қадыр, Мұхтар ақындар байлық алғашқы орынға шыққан заманның, рухынан қанағатсыз құлқы биік тұрған адамның қалпын қаз-қалпында береді.

«Түрік сөздігінде» адамгершілік тақырыбы аясында білімге шақыру идеясы бой көтерген. Бабаларымыз сөздікте:

 Өнер-білім ізде, үйренуден өркөкірек болма, жиренбе,

 Өнер-білімсіз білімдісінсе, сынақта қиналар,

-дейді білімділікке мастанып, өзгенің бәрін наданға балап, өркөкіректікке салынба, үйренуден жиренбе де! Және бір ескеретін жайт, ол — ақылсыз, ілімі жоқ жанның өтірік білмдісуі, өтірік қашан да ерге, баспақ емес, ондай жандар сүрлеуінен жаңылып, сынақта сүрінеді.

Адамгершілік қасиеттерді сөз еткенде білімділіктен кейін сабырлылыққа көңіл бөлу керектігі Қашқари сөздігінде айтылады. «Сабыр түбі сары алтын» деген халық нақылы сөздіктегі өлең жолдарына негіз етілген. Жырдың дәстүр негізіндегі жалғастығын Абай өлеңінен табамыз: «Асығыс түбі — өкініш, Ойланып алмақ — сабыр сол». Ал Қадыр ақын болса сабыр сөзін баламаларымен қатар қолданып, төзім, шыдам дегеннің де соны боларын,  сарқылатындығын сыр етіп шертеді.

Сонымен бірге сонау ХV-XVIII ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларының ішкі  иірімдеріне бойлай көз жүгіртсек, онда бір ғана тақырыптың аясына сиятын ой кешу ерекшеліктеріне, үлгі-өнеге, тәрбие түрлеріне, тәрбиелік үгіт, насихат ой толғамдарына қайран қалмасқа болмайды. Қандай құбылысты алсаңыз да, халқымыз оны этикалық құндылықтарға негіздеген. Әлеуметтік тіршіліктің өзегінде, ойлау дүниесінің бел ортасында адамгершідіктің тұтқасы ретінде ең алдымен, адам баласының бойындағы жақсы, жаман мінез-құқықтары, кісілігі, қадір-қасиеті тұрды. Ендеше, данагөй аталарымыздың мұрасы — даналық, шешендік өнері арқылы жасалған адамгершілікті тану, игеру мектебі. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың  бірі, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған, атағы әлемге танымал болған қасиетті ғұлама философ әл-Фараби даналықты негізге ала отырып, өзінің философиялық және әлеуметтік-этикалық трактаттарында жеке адамдардың өмірі, олардың бағытқа жету жолдарын ғылыми философиялық негізде ашып беруге ұмтылған. Дана ғұлама «Бағыт жолын сілтеу» трактатыңда адам баласының қалауымен болатын талпыныс нәтижесіндегі игілікті мақсаттарының ішінде ең пайдалысын — бағыт дейді. Оған қолы жеткен тірі пеңде әр уақытта қанағат тұту керек. Мұндай пайымдаушылық әркімнің бағыт туралы ұғымын түрліше түсінікте қабылдауына әкеліп соғады. (Мысалы, байлық, т.б.) Әл-Фарабидің пікірінше бағытты көксеу әр адамнан өз бағытының шыңына жету жолының әдісі мен амалын табуды талап етеді. Бабамыз әлеуметтік-этикалық көзкарастарында адамның жеке басына қатысты бағыт ұғымын оның адамгершілігімен ұштастырады. Бағыт бір сөзбен, философиялық ой-зердесі, терең ақылдылық, сонымен бірге жақсы мінез-құлық үйлесімділігі. Соның  ішінде мінез-құлық табиғи жолмен жетілген адам жанының рухани байлығы. Ол әрқашанда адамдардың іс-әрекетімен танылады. Дана өзінің этикалық  шешімінде оның негізгі ажырамас бөлігі саналатын ақыл-ой мен адамгершілікті жоғары қояды. Оның пікірінше, қайырымды адам дегеніміз ақылды, яғни адамгершілігі мол адам. Мұндай адам өзіндегі адамшылық құндылықтарды танып, соған ие болып, оны одан әрі дамыту негізінде жетіледі. Ол үшін ең алдымен адам өзіне өзі адал болуы керектігіне баса назар аударады. Қытай халқының рухани  өміріңде өпшес із қалдырған ұлы ойшыл  Конфуций: «Парасатты адам танымының тереңдігімен, жанының жалындылығымен ерекшеленбей тұра алмайды. Оның жүгі ауыр, жолы ұзақ.  Ол көтеретін жүктің
аты — адамгершілік. Бұл ауыр жүк емей немене? Бұл жолдан оны
ажал ғана айыра алады.Дана адам асып-тасымайды, талғамайды, батыл адам қорықпайды» деген екен.

Сөз өнерінің шебері, адамгершіл ағартушы-гуманист Абай Құнанбаев өзінің тереңнен толғаған озық ойларында оның шынайы туындысы болған моральдық қисындарды, адамгершіліктің талап-тілектерін  ашып көрсеткен. Абайдың қара сөздерінің негізгі нысана болған этикалық тәлім жүйелері адамгершілік қағидаларға негізделген. Абай   бәрінен де ар-ұятты жоғары қояды. Адамның ең асыл касиеттері осылар деп білген. Абай «Адамшылықты алды — махаббат, ғаделет, сезім Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол — жаратқан тәңірісінің ісі» дейді.

Даналықты игеру жай ғана меңгеру емес, даналықтың диалектикасын игеру деген сөз. Дана адам — даналықты игеріп қана қоймай, оны шеберлікпен әрі қарай дамытып отырады, Дара тұлғалардың даналығының өзі — қазақ халқына тән адамгершілікті игеруден, сіңіруден келіп шықты. Демек, даналық және адамгершілік біте қайнасып жатыр, әрі бірін-бірі толықтырып жатыр. Сайып келгенде, даналық және адамгершілік бір-бірінсіз өмір сүрмейді.

Ж.Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіндегі қоғамдағы адам өмірі, жалпы игілік пен жеке бақыттың үйлесімділігі, ізгіліктер мен қателіктер, адамдық пен надандық, өлім мен өмір, әділдік пен достық сияқты адамзаттық тіршіліктің әр тынысымен тамырлас түбірлі сұрақтарды қамтитын ізгіліктік белсенділіктер жеке тұлғаның өзін-өзі рухани жетілдіру әдісі және адамзаттық тәртіпті реттеуші компоненттері ретінде қарастырылады.

Ізгілік — адам болмысының ішкі жан дүниесінің, шындық жолға сай, толығымен тазарып, қайтадан өмірге келгендей сапалы өзгерісін қажет ететін күрделі де маңызды рухани құбылыс. Жолы тура болғанымен, азапты келетін ізгіліктің тұрақтап қалу мүмкіндігі де бар. Ол мүмкіндік адамның өз қолында. Ізгі адамның қағидасы жалғыз: «Өз игілігім — ел игілігі». Адамның тұлғалық бақытының мәні де осында.

Ізгі ой, ізгі сөз, ізгі көңіл, ізгі тіл, ізгі жүрек, ізгі тірлік, ақыл, білім белсенділіктерінің табиғаты мен өзара қатынасы, өзара тәуелділігі — ғұлама ізгілігінің негізін құрайды. Кейінірек сөз қозғайтын ізгі жол, ізгі бек — жоғарыда аталған ізгіліктік белсенділіктердің ізін баса, болып отыратын, көріне алатын нәтижесі. Алғашқы аталған ізгіліктік белсенділіктер басым қызметте көрінеді. Бұл басымдылық әрбір ізгіліктік белсенділіктің адам болмысына ізгілік рухын дарытып, ізгілік жолына түсуіне тигізер ықпалы мен әрекетіне байланысты анықталады.

«Ізгі ой» — адамның рухани дүниесіне елеулі әсер етер алатын күшке ие ізгіліктік белсенділік. Ой — ізгілікті тудыратын да, ізгілікке қарсы бағытта қозғайтын да маңызды компонент. Ой қозғайтын ниеттің дұрыс болуы — адамның өз қолындағы іс. Ниеттің туралығына тірек болар негізгі қағиданы ақыннын өзі-ақ ұсынады: «көп тыңда және тандай біл!». Мұндай жағдайда жан әлемінің тылсым жағындағы ниеттің «ізгі ойды» адам болмысына бейімдер мүмкіндігі де мол. Іс-әрекетке ұмтылған субъективтік-тұлғалық ниеттің байлық, атақ-даңқ, кек алу мақсатына емес, ізгілікке бағытталуы — ізгілікке қажет маңызды шарт. Жүрек ой мен сезім күшіне бағынады. Мәселе, қарама-қайшылықта немесе алғашқылықта емес, жүрек пен ой, сезім күштерінің біртұтастығында. Бұл — ғұлама ізгілігінің ішкі, аса бір мәнді жағы. Ізгіліктің кепілі — жүректің тазалығында, ізгілігінде.

Адамды адам қылатын екі қажеттіліктің бірі — оның ішкі жан дүниесі; яғни көңілі болса, екіншісі — тілі екен. Бұл жағдайда басым қызмет, негізгі рөл көңілдікі, сондықтан тіл көңіл ағысына көп қарсы келе алмайды. Жүрек материя,  көңіл мен тіл — оған тән рух. Екеуінің бірлігі  адамды тіршілігіне қажет күш, құралмен қамтамасыз етіп отырады.; Егер тілді желдірер сөзге зиян келсе, сөз бұзылса болғаны, онда тілің мен тәнің, көңіл мен көркіңнің де құрдымға кеткені. Адам осылайша адамдық мәнінен айрылмақ. Тілдің адамды әлемге би етер қызметінен басқа, оның өзін жоқ қылар зияны мен қасіреті де бар екеніне ғұлама терең мән берген.

Ж.Баласағұнның ең құнды ойларының бірі — адам болмысына адамдық, мәнділік берер екі негіз – көңіл мен тілді өз деңгей, дәрежесінде ұстап тұратын күш, құрал — ақыл мен білім категорияларының ерекшеліктерін ашып қана қоймай, олардың арасындағы органикалық байланыс заңдылығының мәнін түсіндіріп бере алуы. Адам өміріне ізгіліктік сипат берер екі құндылық — ақыл мен білімнің ажырамас байланысының маңызын екеуінің қоғам мен табиғат арақатынасындағы адам орнын анықтап, рөлін көтерудегі қызметінің ұқсастығы арқылы көрсетеді. Қорыта келгенде, тілден айырылу — елдіктен айырылу. Бұл -ақынның шешімді ойы. Ғұламаның пікіріне сүйенсек, тілді сақтап қалудың шарттары төмендегідей: біріншіден, әр адам сөз әдеби бойына сіңіріп, сөз өнерін үйренгені абзал; екіншіден, тілді демейтін ақыл мен білім ағысын ізгілікке бұрудың негізін баланың сәби кезінен-ақ санасына қалауды ұсынуы; ең негізгі шарты – сөз бен істің арасындағы алшақтықты азайтуы арқылы, сөздің мәні мен тіліміздің қасиетін жоғалтып алу қасіретінен елінің болашағын сақтап қалу. Тілден айрылу қасіретінің нәтижесінен сақтандырған Ж. Баласағұн — ел болашағын, бүтіндігін биік көзқараста білдіріп қана қоймай, қорғап, қолдай білген гуманист, қоғам қайраткерінің өшпес рухын өзіне сіңіріп, өзінен көрсете алған ақиық Ренессанс тұлғасы.

Ізгілік — адамның адамшылық өлшемі. Ғұлама қоғам өмірінің мәнді, маңызды салаларындағы қайшылықты құбылыстар мен келеңсіз көріністерді шешу міндетінің жауапкершілігін ізгі жүректі ізгі жанға әкеліп тірейді. Ізгі жан тұлғалықтан гөрі қоғамдық қасиетімен көбірек ерекшеленеді. Ізгі жанды көптің ішінен тану да қиын емес, «ісімен ізіне қара да қорытынды шығар», — дейді ақынның өзі. Ізгі жанның ізгі тірлігінің бір нәтижесі — шапағат. Ғұламаның пікірінше, шапағат — «халық үшін қайтпай құрақ ұшатын» ізгі жанға деген елінің алғысымен, ризашылығымен сипатталатын қоғамдық рухани құбылыс. Оның ұрығы — әр адамның ішкі әлемінде. Оның көріну, өркендеу деңгейі тағы да әр адамның іс-әрекетіне байланысты.

Ізгіліктің ғұлама үшін өте қозғалмалы екендігіне, ізгілікті бар қылатын да, жоқ кылатын да, дамытатын, алып жүретін де — адам деп бағалауы дәлел. «Құтты білік» — тарихта мәнін ешуақытта жоймайтын, адамзат болмысының өзіне, қоршаған ортасына деген қарым-қатынасын өте жоғары дәрежеге көтеретін құтты принциптерге сүйенеді. Бұл принциптердің негізгі өзегі — адамгершілік, даналық, достық, бірлік, білімділік сияқты баға жетпес адам қасиеттері.

Ізгілік — барша адамзат өзіндік қасиеттері мен қабілеттері арқылы қол жеткізе алатын мүмкіндік. Ақыл және білім де — міне осы қабілеттердің бірі. Бұ дүние қамы — жауың болса, оның жан мен тәнге әсерін білім мен ақылдың тоқтата алатын құдіретті күшіне акын сенімді. Ізгілік пен надандық арасындағы тартыс, күрес терең философиялық мәнге ие мәселе дәрежесіне түрік-мұсылман өркениеті  кезеңінде көтерілген.  Надандық біртіндеп  субьективтіліктен обьективтілікке өте алады. Мұндай қауіпті жағдай бар, шындық формаға енгенде, адам — надандықка тәуелді субъектке айналады. Надандықтың-рухани дертке өте алу мүмкіндігінің барлық мәселесі — қай кезеңде болмасын, озық ойлы ғұламаларды толғандырып келген .

Ізгілік — адамның ішкі дүниесінің тұрақтылығына негіз болатын, адамдық қасиеттерінің ішкі бірлігінің көрінісін сипаттайтын рухани дүниесінің ең жоғарғы сапасы екендігін Ж.Баласағүн «Құтты білігінде» дәлелдей алды.