Қазақстан Республикасы өзі алғаш құрылған күннен бастап, қандай қиын жағдайға тап болғанына қарамастан сырттағы қандастарымызға қамқорлық жасауды назардан тыс қалдырған емес. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақтар тұратын мемлекеттер басшыларымен кездесулерінде қандастарымыздың қал –жағдайына қатысты мәселелер сан мәрте ресми түрде қозғалды.
Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдері атамекенмен жалғыз байланыс— «Caspionet» арқылы бір сағаттық телебағдарлама көреді.Бұл бағдарлама бойынша отанымыздағы айтыс,концерт тағы да басқа мәдени шараларды көрсетеді. Мысалы, Дәруiш Қылыш былай дейдi: «Стамбұлда кешкi 5 пен 6 арасында далада жүрген бiрде-бiр қазақты көрмейсiң. Неге? Өйткенi дәл осы уақыт аралығында «Caspionet» телеарнасынан бiр сағат Айтыс көрсетедi. Бiз домбыраның даусын аңсаймыз ғой, сондықтан бәрiмiз теледидардың алдына жайғасамыз»— дейдi./52/Алты қабатты Қазақ қауымдастығының бiрiншi қабатын қандастарымыз арнайы телеарна көруге арнаған. Төрде үлкен үй кинотеатры тұр. Онда күнi бойы бiр ғана телеарна көрсетедi — «Caspionet». Стамбұлдағы қазақ жастары айтысқа қатты құмартпайды екен. Есесiне Түркияда 100-ден аса түрiкше телеарна болған соң, жастар көбiне жергiлiктi телеарналарды қызықтап көредi. Сондықтан Түркия қазақтарының бар тiлегi — «Caspionet»-тен қазақша хабарлардың да көптеп көрсетiлуi ғана. Ақпараттық экспансия өршiп тұрған заманда Қазақстаннан шығатын жалғыз телеарнаны шетелдегi қазақтардың мүддесi үшiн пайдалана алмай отырғанымыз — баяғы «шала қазақшылықты» аңғартпай ма? Дәруiш Қылыш та: «Балаларымыз қазақша телеарна көрмесе, қазақша кiтап-газеттер оқымаса, тiлдi ұмытпай ма?» — деп өкiнедi./53/
Жергiлiктi қазақтардың тiлдерi сәл түрiктенiп кеткен. Оның үстiне аты-жөнi, есiмдерiнiң денi — түрiкше. «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы Кәмiл Гезердың айтуынша, Түркияда бөтен аттарды түрiкшеге сай етiп жазуды мiндеттейтiн заң бар екен.Ол алғаш Түркияға көшіп келген қазақтардың аты мен тегінің кейін өзгеріске ұшырағандығын айтады.
Түркиядағы қазақтардың ассимиляцияға түсуiне өзiндiк септiгiн тигiзiп жатқан тағы бiр фактор — аралас некелер. Ақсақалдар тиым салуға қанша тырысқандарымен, аралас неке Түркияда да өріс алып келеді. Түрiктен қыз алып, не түрiкке қыз берiп жатқан қазақ отбасылары да жоқ емес.Олардан туған ұрпақтар түрік деп жазылады. Олардың қазақтықтан жырақтап бара жатқаны қазақтардың жандарына батады.Алайда, тiл мен қанды араластырмау үшiн Түркияда жаз айларында екi ай бойы арнайы той-мерекелер өткiзiледi екен. Оған Қазақстан мен Еуропадан қазақ отбасылары келiп, өзара танысып, той-думан өткiзiп, балаларының толыққанды қазақ отбасын құруына мүдделi болып, өзара жақсы араласады екен. Ата-жұртқа қайтып жатқан отбасылары да бар көрiнедi.Қазақ тілі қоғамының төрағасы Кәмiл Гезердiң мәлiметiне жүгінсек, жылда Қазақстанға 50 отбасы қарай жол тартады.
Түркиядағы қазақ жастарының арасында дәрiгерлер, полицейлер, мұғалiмдер, әскерилер, және көптеген маман иелерi бар. Олардың елге келгенде бір мәселе алаңдатады-ол тіл мәселесі. Өйткені олар кирилл әліпбиін білмейді./54/
Қазақстаннан тек қана кирилл әрпiнде шығып жүрген оқулықтар мен орысша кiтаптар таратылып жүрген соң, Түркиядағы қазақтар «Арман» деген журнал шығаруда. Түркиядағы қазақтар қауымдастығының негізі 1986 жылы қаланды. Түркиядағы қазақ қауымдастығы жанында қазақ тiлi мен дiн пәндерiнiң курстары, қайырымдылықпен айналысатын қор жұмыс істеуде. Өкiнiшке қарай, журнал түрiк тiлiнде шығады. Аталмыш журналда Қазақстан жаңалықтарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мәселелерiн қамтиды екен. Журналдың жалпы таралымы — 7500 дана. Оның 55 данасы Америка қазақтарына, тағы бiршама бөлiгi Германия, Бельгия, Францияда тұратын отандастарымызға таратылады.
Түркиядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Дәруiш Қылыш: «Бiз қазақша журнал шығаруға аса мүдделiмiз. Мұндағы түрiктер бiздiң түбiмiз бiр деп бiледi. Бiзде түрiкшеге аударылмаған кiтаптар өте көп қой. Тiптен, түрiктердiң өздерi қазақтың мәдениетi мен тарихын тануға құлықты болып отыр» — дейдi./56/ Мұндағы қазақтар журнал аясында Қазақстанның көрiктi жерлерiн насихаттауды да өзiне парыз деп бiледi екен. Бұл жөнiнде қазақ диаспорасының басшысы: «Қазiр әлемге қарасаңыз, дүние кiшiрейiп барады. Дамыған елдерге табаны тимеген адам кемде-кем. Сондықтан көпшiлiк: «Бiз бұрын-соңды ешкiм болмаған жерге барғымыз келедi» — демей ме?! Бұл мүмкiндiктi мүлт жiбермей, Қазақстанды әлемге паш ету керек қой. Көкшетау, Бурабай, Оқжетпестi бiз әлi де туристерге таныта алмай отырмыз. Сондықтан шетелге шығатын Қазақстанның «Caspionet» кабельдiк телеарнасы арқылы Қазақстанның тарихи, мәдени, яғни туристiк жерлерiн неге насихаттамасқа. Түркияның туризм кластерi өткен ғасырдың 80-шi жылдарында-ақ дамыған. Бұл орайда қандастарымыз елiмiздiң небiр тарихи, мәдени жерлерiн түрiк елiндей насихаттай алмай отырғандығын да тілге тиек етеді.
Қазақ диаспорасының кешенді мәселелерін зерттеу барысында назар аударатын ерекше мәселе – алыс және жақын шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың өзіндік ұлттық санасының әр түрлі деңгейдегі көріністері және оралман – репатриант қазақтардың этникалық дүниетанымындағы күрделі өзгерістерді зерделеу. Әрбір халықтың ғасырлар бойы қордаланатын рухани әлемі болады. Оның тарихи қалыптасуына, дамуына және келесі ұрпаққа сабақтастықпен жалғасып отыруына себепкер болатын көптеген факторлар мен жағдайлар жүйесі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Көші-қон мен демография агенттігінің мәліметтері бойынша, 1991-2000 жылдың аралығында тәуелсіз Қазақстан жеріне 42387 қазақ отбасы немесе 183652 адам көшіп келген. Елімізде «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға сәйкес шет елден көшіп келетін қандастарымыз квотамен орналастырады. Дегенмен, жоғарыда аталған Агенттіктің мәліметтері бойынша бұл квотаның орындалуы да ойдағыдай емес.
2002 жылдың шілде-тамыз айларында Түркістанда өткен симпозиумның қорытындысына сай Қауымдастық жанынан қазақ диаспорасының тарихын зерттейтін ғылыми орталық құрылды.
Шетелдегі қазақтардың, әсіресе жастардың ана тілін үйренуі үшін Түркияға бір топ мұғалімдер жіберілді. Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ана тілі оқулығы дайындалды.
Оралмандар Ата -жұртты аңсап, өз тарихи отанына ерінбей еңбек етуді мақсат тұтып, ұрпағының болашағын ойлап, сағынышпен оралғаннан кейін ортаға көптеген проблемелар туындайды. Проблемалардың бірқатары: үкімет көмек ретінде берген қаражаттың жетіспеуі, комуналдық қызметтің қымбаттығы, жұмысқа орналасудың қиындығы, қазақша сөйлей алса да жаза алмауы, орыс тілін білмеуі, елімізде бұрыннан қалыптасқан белгілі бір өмір сүру құлқына үйрене алмауы тағы басқалар.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр.Осыған байланысты халық санын көбейту мақсатында шетелдегі қандастарымызды елге қайтаруымыз қажет. Ол үшін мен мына мәселелерге баса назар аударуды ұсынамын:
- Елге келген оралмандарды әлеуметтік -экономикалық жағынан қаматамасыздандыру керек (баспана, жер, жұмыс т.с.с.)
- Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мақсатында төл құжат беру жағдайын жақсарту керек;
- Оралмандарға арналған беймідеу орталықтарын құру керек. Қазіргі таңда оралмандарға 6 айға дейін ғана уақыт беріледі. Сол мерзімді 1-1,5 жылға дейін ұзарту қажет;
- Көші –қонға әлі де қарқын беру керек. Әсіресе, квотадан тыс келгендерге айрықша назар аударған жөн.Әрине, мұның бәрі қаржыға келіп тірелетіні айқын. Дегенмен, квотадан тыс ірге көтергендердің негізінен өз күш жағдайына арқа сүйеп келгендігін ескерген дұрыс. Оларға ең алдымен баспана мәселесін шешуге көмектессе, қалғанын өздері тындырар еді. Осындай және өзге де квота беру мәселесіндегі келеңсіз жағдайларды шешу керек;
- Оралмандарға берілетін бір реттік көмек мөлшерін (600 доллар) көбейту керек;
- Оларға тіл үйрету, сауат ашу, өз ана тілінде оқып жазуды үйрететін арнайы орталықтарды көбейту қажет.
Осы тұста, оралмандарға жергілікті әкімшілік, Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Көші-қон агенттігі және Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп, ең оңтайлы нұсқа ұсынып, қолайлы жағдай жасап, қолдарынан келгенше көмек көрсетсе деймін.
Қазір мына жаһандану дәуірінде шетелдегі қандастарымыздың өзге елде жұтылып кетпеуі үшін мына өзекті мәселелерді шешуді ұсынамын:
- Түркиядағы қазақтардың, әсіресе жас ұрпақтың өз ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихын, ауыз әдебиеті мен музыкасын т.б. қазына байлықтарын игеруіне жағдай жасау керек;
- Жыл сайын Қазақстан Республикасы тарапынан мемлекеттік қаржыландырумен 1-2 айға қазақ тілін үйрететін мұғалімдерді жіберу керек;
- Түркияда жоғары білімі бар, 2-3 тілді білетін жастарымызды елге алып келіп жұмысқа орнату мәселесі шешілсе;
- Шетелдегі қазақтардың балаларын Қазақстанда оқыту мәселесі әлі күнделікті назарда болуы керек.Сырттан оқу іздеп қанша бала келсе, солардың бәріне қол ұшын беруді баршамыздың басты міндетімізге айналдыруымыз қажет.
- Түркиядағы қазақ елшілігі мен, сонымен қатар «Қазақ» ұлттық қоғамы мен жиі қарым-қатынас жасау қажет;
- Мемлекетіміз тарапынан Түркиядағы қазақ жастарын атамекенмен таныстыру мақсатында елімізге алып келіп, мәдени тарихи жерлерді таныстыру қажет.
- Диаспора мәселесі әлі жадағай қарастырылуда. Оны ғылыми негізге салу бүгінгі күннің негізгі мәселесі болуға тиіс.Осыған байланысты көші-қон тарихы да назардан тыс қалмауы керек. Тарихтың тауқыметіне жөнсіз ұшыраған қандастарымыздың тарихын кейінгі ұрпақ білуге тиіс.
- Қазақ Қазақстанға керек. Ол үшін алдымен ұлттық -патриоттық уағыз- насихатты шыңдап қайтадан қолға алуымыз қажет деп есептеймін.
Ал енді Түркияда қазақтану қай дәрежеде? Осы мәселеге байланысты Түркия ғалымы Әбдуақап Қара манадай көрсеткіштерді ұсынады:
Көріп отырғанымыздай, 1996-2006 жылдар арасында қазақтануға байланысты 200-ге жуық зерттеулер жүргізілген. Олардың көпшілігі Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару мәселелерін көтерген.
Ғалымдардың айтуынша Түркиядағы қазақ диаспорасы тарихы әлі де көптеген зерттеулерді қажет етеді. Өйткені қазірге дейін жасалған зерттеулер олардың бүкіл қыр — сырын толық ортаға салды деп айта алмаймыз. Сондықтан да алда жас тарихшыларды осы орайда көптеген зерттеулер күтіп тұр.
«Дүниеде қазақ деген ұлт біреу, демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы- барша қазаққа тән, оның ғажайып мол рухани қазынасы да бөліп жаруға жатпайтын ортақ байлық», деп- атап көрсеткен еді Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондықтан да әдебиет, мәдениет, өнер сияқты салалардағы қазынамызды сырттағы не Қазақстандағы қазақтардыкі деп бөлу ұлттық рухани байлығымызды қолдан жұтату болып шығады.
Мемлекетімізде қазіргі кезде 8 миллионға жетер –жетпес қазақ бар десек, жалпы қандастарымыздың 30 пайызына жуығы шетелде екен. Сол ағайындарымыз болашақта өздерінің ұлттық дәстүрі мен ерекшеліктерін сақтап, өсіп-өркендей ала ма, әлде өздері мекендеген елдің халқына мүлдем сіңісіп, жоғалып кете ме? – міне осы сұрақтарға нақты жауап беру, тиісті шаралар қолдану, оны іске асыру бүгінгі таңда бізді қатты ойландыруға тиіс деп есептеймін.