Бұл күндері Түркияда 30 мыңның үстінде қазақтар өмір сүреді. Нақты санын айту қиын, өйткені Түркия Республикасындағы қазақ елшілігінің хабарлауынша, тұрғылықты қазақтар санын дәл анықтау біраз қиыншылық туғызып отыр. Себебі Түркияда мемлекеттік санақ жүргізген кезде санақ қағаздарында «ұлты» деген баған толтырылмайды екен.
Түркияда тұратын қандастарымыз екі топқа бөлінеді. Біріншісін – «алтай қазақтары» құрайды — бұлар Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң ауданынан келгендер. Олар ерте кезде еліміздің шығыс аудандарынан Қытайға қоныс аударып, кейін Пәкістан мен Үндістан арқылы Түркия жеріне бас сауғалаған ағайындарымыздың ұрпақтары.
Екінші тобы- Ауғанстан жеріндегі соғыстан қашқан «ауған қазақтары». Олар – Қазақстанда Кеңес үкіметі орнатылып, колхоздандыру кезеңінде еліміздің Қармақшы, Жалғаш аудандарынан көшкендер.
Түркия жеріне негізінен қазақтардың бес бірдей мәдени ұйымы бар- Түркия қазақтарының қоғамы, Шығыс Түркістан, Ясауи атындағы діни орталығы, Ауғанстаннан көшіп келген қазақтардың Қорқыт Ата қоғамы.
Бизнес саласында негізінен тері өңдеу мен тоқыма саласын, тағы да басқа жеңіл өнеркәсіп саласын жақсы меңгерген. Жастарды тәрбиелеуде діни көзқарасқа баса көңіл аударатындығы байқалады. Стамбұлда бір топ зиялы қауым «Шығыс Түркістан атты» журнал шығарады. Олардың арасында мемлекеттік мекемелерде, Парламентте, Сыртқы істер министрлігінде, университеттерде қызмет атқаратындар бар.
Ауғанстанның Түркия жеріне қоныс аударған қазақ диаспорасы өкілдерімен болған кездесулерде келешекте саны 300 отбасының Қазақстанның оңтүстік аудандарына қоныстануға ниеттілігі анықталды. Аталған отбасы өкілдері негізінен жер өңдеп, диқаншылықпен айналысуды кәсіп етпек.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, ең алғашында Қайсері провинциясының Девели округінде -104 отбасы, Кония округнде -72 отбасы, Маниса провинциясының Салихли округнде -160 отбасы,Нигде провинциясының Ұлықшыла округінде- 562 отбасы қоныстанды.
Бұл жерге көшіп келген қазақ босқындары төрт түлік малдың терілерін өңдеумен айналысты. Тері бұйымдарынан киім тігуді бірінші қазақтар бастаған. Алғашында олар өз үйлерінде өңдеп, кейінен кішігірім шеберханаларда және кәсіпорындарда өңдей бастады. Одан түскен қаржыны жинай отырып ірі елдімекендердегі қалаларға барып фабрикалар ашады. Бұл күнде Түркияның тері бұйымдары әлемдік базарда алдыңғы орындардың бірін алады.
Қазар «Алтайтері», «Бірлік» тігін фабрикалары – Түркияның айтулы фабрикалары. Оның сыртында қазақтардың пластик өнімдерін дайындайтын «Түркістан», «Алтай», «Азия» қатарлы фабрикалары және де бар.
Қазақтардың барлығы дерлік жеке кәсіппен айналысады. Тері, тігін, цехы жоқ үй кемде-кем. Қазақтар Стамбул қаласының Гунешли ауданында Қазақкент атты өз қаласын құрады. Тері өңдеу саласының дамуына байланысты одан әр түрлі тондар, былғары киімдер, тұрмысқа қажетті заттар шығара отырып, фабрикаларда жұмыс істейтін маман кадрлар қалыптасады. Түркияның сауда қатынастарын дамытуда қазақтар үлкен үлес қосты.
Түркия қазақтары Стамбұл, Измир, Маниса қалаларында тігін шеберханаларын ұстайды. Измир қаласының іргесіндегі «Қазақ сайында» Шеризат Доғру мырза бүкіл Түркияға танымал «Алғашқы қымыз» фермасын құрған. Германиядан арнайы 50 бие алдырып, қымыз, ет өнімдерін дайындайды.
1986 жылы «Қазақ» атты қоғам құрылып, Тоқтаубай Топлы ақсақал оның төрағалығына сайланды. 6 жылдан кейін ол қоғамның төрағалығы Омар Жігіттің қолына өтеді. Бұл қоғамның құрудағы мақсат- ұлттық салт-дәстүрді жастар санасына қалыптастыру, жоқ-жітіктерге әлеуметтік тұрғадан көмектесу, жергілікті халыққа қазақшылықты таныту еді. Қазақ деген атты ешқашан ұмытпай, ата-баба салтын келер ұрпаққа қалдыру болды.
Түркиядағы екінші Отанында тамыр жайған қазақтар өзге диаспораларға үлгі боларлықтай деп толық айтуға болады. 1960-жылдары Түркияның урбанизацияланған аудандарына ығысқан қазақтар 1980-90 жылдары қоғаммаен біте қайнасып, түркілене бастаған еді. Бұны тоқтатудың жолын қарастырған Дәлелхан Жаналтай, Хамза Ұшар бастаған ақсақалдар ана тілін сақтау үшін Гүнешлі ауылын тұрғызып, қазақша оқытытын бастауыш және орта мектептер ашуға тырысады. Қазір қазақ ауылында тұрып, өз ортасын жасап, туған елдің тынысымен тыныстауға мүмкіндік туғызған Түркия басшылығына сол елдегі қазақ диаспорасының алғысы шексіз.
Қазіргі кезде Түркия қазақ зиялылары да қалыптасып үлгерді деуге негіз бар. 1992 жылы атамекенге отбасымен көшіп келген белгілі дін қайраткері, «Алаш» сыйлығының иегері Халифа Алтайды ерекше айтып кетуіміз керек. Ол кісі қазақ мұсылмандарына арнап Құран-Кәрімді қазақ тілінде басып шығарды. Сонымен қатар, Қазақстанда өткен құрылтай жиналыстарына қатысып, Түркиядағы қазақтардың мұң- мұқтаждықтарын таратып айтып берген. Өкінішке орай бұл кісі қазір біздің ортамызда жоқ.
Түркия қазақтары Қазақстан Тәуелсіз ел болғаннан кейін Атамекенімен жиі араласа бастады. Қазақстанда өткен бірнеше дүниежүзі қазақтары құрылтайларында Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдері келіп әлеуметтік – экономикалық жағдайларын өз қандастарына жеткізді.
1992 жылы 29 қыркүйекте Алматыда Абай атындағы академиялық опера және балет театрында Дүниежүзi қазақтарының тұңғыш құрылтайы болып өтті. Құрылтайға Түркия, Ресей, Өзбекстан және т.б. елдерден келген қазақтар қатысты. Біз қарастырып отырған Түркия мемлекетінен 104 адам келді. Дүниежүзі қазақтар құрылтайының мәжілісінде сөз кезегіне шыққан Дәлелхан Жаналтайдың көзіне жас алып,еңкілдеп тұрып айтқаны:
-Мен бұл күнді көрем деп ойлаған жоқ едім.Құдайға шүкір,өшкенім жанды, өлгенім тірілді! Енді арман жоқ!Осы сөз құрылтайдың өзегіне айналды.
Құрылтай қонақтарында ерекше толқу мен тебiренiс байқалды. Оларда атамекенге алғаш рет қадам басып, ел мен жерге қауышудың қуанышы сезiлдi. Бұл олар үшiн ондаған жылдар бойы қол жетпес бiр арман болып көрiнушi едi. Сондықтан, түркиялық құрылтайшылар, атамекенде жүргендiктерiне сенер-сенбестерiн бiлмей, қиял әлемiнде жүргендей сезiндi. Осыған дейiн тек бейнетаспалар мен суреттерде ғана көрiп жүрген Қазақстанда екендiктерiне мыңбiр шүкiршiлiк еттi.
Ондаған жылдар бойы жүректе жазылмайтын жара болып жүрген ел сағынышы, жер сағынышы аяқталған едi. Құрылтай жұмысы кезiнде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының iргетасы қаланды. Қазақстандағы басшылардан өзге қауымдастықтың төралқа мүшелiгiне Түркия тарапынан қазақтарының көш бастаушы ақсақалдарының бiрi Дәлелхан Жаналтай сайланды. Мұның өзi атамекеннiң Түркия қазақтарына деген ықылас, құрметiнiң бiр белгiсi ретiнде жоғары бағаланды. Құрылтай кезiнде Сергей Терещенко басшылығындағы сол тұстағы қазақ үкiметi бiр қаулы қабылдап, шетел қазақтарының Қазақстан азаматтарының құқықтарына ие екенiн жариялады.Құрылтайдан кейiн, Түркия қазақтарының Қазақстанмен байланыстары қарқындап нығая түстi. Өйткенi, осы байланыстарға кедергi боларлық ешқандай бiр жағдай қалмаған едi.
1997 жылы наурызда Стамбұлда қазақтардың кiшi құрылтайы өткiзiлдi. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Франция, Германия, Швеция, Австрия және Голландиядан өкiлдер қатысты. Түркия үкiметi де қолдау көрсеткен сол құрылтайды Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы мен Қазақ түрiктерi қоры бiрiгiп ұйымдастырды. Құрылтай кезiнде, Қазақ түрiктерi қорының жаңа салынып бiткен бес қабатты ғимаратының тұсаукесерiн Түркия Сыртқы iстер министрi Тансу Чиллер ханым жасады. Түркия қазақтары үшiн айтулы күндердiң бiрi, 2001 жылы Ыстамбұлда болып өттi. Халықаралық жоғары дәрежелi бiр кездесу үшiн Ыстамбұлға атбасын тiреген Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия қазақтарының өкiлдерiн қабылдады. Олардың атамекен туралы ой-пiкiрлерiне назар аударып, өтiнiш-тiлектерiне көңiл бөлдi. Мұның өзi, Түркия қазақтары үшiн ерекше құбылыс болды. Қазақтар, Елбасының өздерiне деген ерекше iлтипат-ықыласын сезiп арқаланып қалды.
Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына орай, Түркия және Еуропа елдерiнен төрт адам Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың алтын медалiмен марапатталды. Түркиядан Дәлелхан Жаналтай мен Шiрзат Доғру, Еуропа елдерiнен Абдiрахман Шетiн мен Шәрiп Найманға берiлген осы медальдар, олар арқылы, Түркия және Еуропа қазақтарына деген атамекеннiң ыстық iлтипаты мен ықыласы ретiнде жоғары бағаланды.
Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев бастаған қауымдастық делегациясы Түркияда болып, Стамбұл, Салихлы қалаларында жергілікті билік органдарының және осы өңірдегі қазақтардың белсене араласуымен ұлы ақынымыз Абай күндерін өткізіп қайтты. Түркияның баспасөзі әділ бағалағанындай, аталмыш күндер туысқан екі халықты бір-біріне кеңінен таныту ісіне қосылған үлес болды.
1992 жылы 28 наурызда Стамбулда Дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті .Онда «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының соңғы 5 жыл көлеміндегі жұмысы туралы »және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, бекіту туралы» мәселелерді талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Дәл осы жылдың шілде- тамыз Түркістанда өткен симпозиумның қорытындысына сай Қауымдастық жанынан қазақ диаспорасының тарихын зерттейтін ғылыми орталық құрылды.Шетелдегі қазақтардың, әсіресе жастардың анна тілін үйренуі үшін Түркияға бір топ мұғалімдер жіберілді.Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған анна тілі оқулығы дайындалды.
Осы жылы 22 наурызда Стамбулда Дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Бұл бас қосуға Түркия Республикасы Примьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Тансу Чиллер ханым қатысты. Түркияның барлық ақпарат құралдары бас қосу туралы кеңінен баяндады. Сөйтіп, бұл жиын қазақ халқын Түркияға тағы бір реет танытқан, насихаттаған шараға айналды.Түркияда тұратын қазақтардың мерейін бір өсіріп тастады. Олардың Стамбул қаласындағы қоғамының беделін бұрынғыдан да көтере түсті. Бас қосуда қазақ халқының түрік дүниесінде алар орнына, Қазақстан мен Түркияның, басқа да туысқан елдердің байланыстарын нығайтуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қауымдастық өкілдері Стамбулда жаңадан ашылған Түркия қазақтарының орталығына ұлттық үлгідегі кішігірім мұражай мүліктерін табыс етті. Бұл бас қосуда төмендегідей рухани-мәдени проблемаларға көңіл аудару қажеттігі айрықша айтылды. Олар:
1.Кезінде әртүрлі қуғын-сүргінге ұшырап,атамакенінен айрылған қазақтарды қабылдап, оларға айрықша қамқорлық көрсеткені үшін Түркия Республикасына алғыс білдіру;
2.Қазақстан мемлекеті өзінің шетелдердегі диаспорасына қамқорлық жасай отырып,олардың ата-бабаларына Ресей империясының, кеңестік тоталитарлық жүйенің отарлау саясатының құрбанына айналып, халқының үштен бірі жазықсыз жапа шегіп, өз отанын тастап кетуге мәжбүр болғандығын, олардың үрім-бұтақтарының отан алдында кінәсіз екендігін,оларды байырғы атамекеніне оралтуға бар мүмкіндік жасалатыны жарияланып, арнайы заң қабылдануын уақыттың жеткенін мәлімдеу;
3.Қазақстан Республикасы сырт жерлердегі қазақтарға оқу- білім, мәдени- рухани жағынан көмек көрсетуде, олардың атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалынып, бұл ретте Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асатынына сенім білдіру;
- Бүкіл түрік дүниесінің тарихын зерттейтін академия құрып, ооның өз журналы,газеті болып, ол латын әріпімен шығарылатын ортақ баспа Ашу;
5.Болашақта бүкіл түрік халықтарына ортақ телехабар таратып, ортақ әліпбиге көшу мәселесін жүзеге асыру.
Түркияға қоныстанған қандастарымыздың бүгінгі ұрпағаның бір бөлігі қазір Еуропа елдерінде еңбек етіп жүр. Өздерінің ғибратты тыныс-тіршілігімен Көне құрлықта дүниеде қазақ деген ел бар екендігін кеңінен танытып келеді.Соның мысалы ретінде 2002 жылдың 16-20 мамырында Германияның Кельн қаласында Қауымдастықтың жылдық жоспарына сәйкес және әлем қазақтарының кезекті құрылтайы қарсаңында Еуропа елдерінде тұратын қазақтардың кіші құрылтайының дүрілдеп өткенін айтсақ-та жеткілікті.Оған Еуропадағы қазақтардың бір мыңнан астам өкілдері қатысты. Бас қосудың күн тәртібіндегі мәселелер түгел қаралып, оң шешімін тапты.
Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына орай, Түркия және Еуропа елдерiнен төрт адам Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың алтын медалiмен марапатталды. Түркиядан Дәлелхан Жаналтай мен Шiрзат Доғру, Еуропа елдерiнен Абдiрахман Шетiн мен Шәрiп Найманға берiлген осы медальдар, олар арқылы, Түркия және Еуропа қазақтарына деген атамекеннiң ыстық iлтипаты мен ықыласы ретiнде жоғары бағаланды.
2002 жылы Ыстамбұлда қазақтардың Түркияға орналасқанына елу жыл толуы кеңiнен аталып өтiлдi. Осы жылдың күзiнде Түркiстан қаласында Дүниежүзi қазақтарының II құрылтайы өткiзiлдi. Оған да түркиялық қазақтар көптеп шақырылды.Жыл сайын 50-100 отбасы Қазақстан Көшi-қон және демография агенттiгiнiң ұйымдастыруымен Түркиядан Қазақстанға бiржолата көшiп баруда./48/
Сонымен Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан бергi жерде, Қазақстан мен Түркия қазақтары арасында 14 жылдық осы байланыстарға көз жүгiрткенiмiзде, Қазақстанның Түркиядағы отандастарына ыстық iлтипат көрсетiп отырғандығын айта аламыз. Әсiресе, Президент Назарбаев, Түркия қазақтарына ерекше назар аударып, көз қырын салып отырғандығын әрi сондағы қазақтарға, әрi түрiк халқына орайы келген сайын көрсетiп бердi.
Қазақстан мен Түркия қазақтары арасындағы байланыстардың ауқымы жеткiлiктi ме? — деген сұраққа келсек, әрине оған ауыз толтырып жауап беру үшiн уақыт әлi ерте. Меніңше, осы байланыстардың көңiл қанағаттандырарлық деңгейге көтерiлуi үшiн, көбiнесе мәдени және әлеуметтiк салаларда жасалған байланыстарға үшiншi саланың да қосылуы шарт. Ол, атап айтқанда, экономикалық байланыстар. Әр нәрсенiң басының экономикаға келiп тiрелгенiн ескерсек, осы үшiншi салада да байланыстарды дамытқан жағдайда, Түркия қазақтары мен Қазақстан арасындағы байланыстардың ойдағыдай толыға түсерi рас.
Қазақ шын мәнiнде үлкен сынның алдында тұр. Шет елдердегi қазақтар өзге ұлттардың жетегiнде кете ме, кетпей ме?
Түркиядағы қазақтар қауымдастығының берген мәлiметi бойынша, бүгiнде Стамбұлдың Зейтiнбұрны ауданында 13400-дей қазақ тұрса, Гүлеш ауданын 6000 қазақ мекендейдi екен. Сапагөй, Шекпенжер аудандарында — 1500-2000, Измирде 1000 қазақ тұрады екен. Жалпы, қауымдастықтың Түркияда 31500-32000 қазақ бар деп межелеп отырған жайы бар. Бұл орайда қауымдастық төрағасы Дәруiш Қылыш былай дейдi: «Қазақ Президентi мен мемлекетiнен тiлейтiнiмiз — Қазақстан латын әрпiне тезiрек көшсе екен. Түркиядағы қазақтар болсын, Еуропадағы қазақтар болсын, кирилл әріпінде жазылған кiтап-журналдарды, баспасөздi оқи алмайды. Ресейдегi 1,5 миллион қазақ орыстанып жатыр, Қытайдағы 1,5 миллион қазақ қытайланып жатыр, Түркиядағы 30 мың қазақ түрiктенiп жатыр, ал Қазақстандағы қазақ өз елiнде өзi би бола алмай, санасы әлi күнге дейiн кеңестiк идеологиядан арылмаған «советтiк қазақтардың» кесiрiнен «қазақстандық ұлтқа» айналып барады.
Қазақстанның демографиялық ахуалының Ресейден де қиын екенiн көпшiлiк бiлер. Сондықтан сырттағы әрбiр қазақтың бiз үшiн орны бөлек. Дегенмен, Түркиядағы қазақтардың көбi елге оралуға асықпайтын сияқты. Себебi мұндағы қазақтардың денi шағын бизнеспен айналысады. Яғни, тұрмыстық деңгейi өте жақсы. 90-шы жылдардың басында күрт дамып кеткен терi өңдеу бизнесi жергiлiктi қазақтардың әл-ауқатының өсуiне зор септiгiн тигiздi. Дәруiш Қылыш өз бизнесiн Қазақстанға көшiруге ынталы. Бiрақ Қазақстанда шағын бизнестi ашудың қиындығын айтады. «Стамбұлдан елге қайтайын десек, Алматыда үйдi жалға алу өте қымбат. Сосын екi елдегi үй бағасының ара-қатынасы жер мен көктей.
Алматыда үй бағасы шарықтап тұр. Оның үстiне бюрократия бар. Бiр кәсiпорын ашайын десек, бiр емес, бiрнеше есiктiң табалдырығын тоздыру керек екен. Қазақстанға барып, бюрократияның кесiрiнен орныға алмай, қайтып келгендер де бар» — дейдi, Дәруiш аға. Сондықтан сырттағы қазақтарды елге үлкен жеңiлдiктермен көшiру мәселесi де қамтылса жөн едi. Әсiресе шетелдегi қазақтардың шағын бизнесiн елiмiзге көшiруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлсе жөн болмас па едi?! Бұл да шетелдiк қазақтардың бiр тiлегi.
Ал енді демограф М.Тәтімовтың статистикалық зерттеулеріне сүйенер болсақ, шет елдерде тұратын қазақтар саны мынадай:
№ | Мемлекет атауы | Саны |
1 | Қытай | 1млн 296 мың |
2 | Өзбекстан | 870 мың |
3 | Ресей | 660 мың |
4 | Монғолия | 157 мың |
5 | Түркия | 30 мың |
6 | Украина | 15 мың |
7 | Иран | 15 мың |
8 | АҚШ | 10 мың |
9 | Германия | 7 мың |
10 | Франция | 4 мың |