Қазақтардың Түркияға көшіп бару себептері

Қазақ халқы Жұбан ақын жырлағандай «мың өліп, мың тірілген» халық.  Сонау Азияның кіндігінде өмір сүріп  отырған қазақтар не үшін, қалай және қашан Түркия еліне қоныс аударды деген заңды сұрақтар туындайды. Түркияның Кония және Анкара уәлаяттарының шеткері аудандарында тек түр-түсі ғана емес, мінез-құлқы, әдет-ғұрыптары да қазаққа ұқсас үйірлі ел бар.Олардың кейбір қарияларының айтуы бойынша, аталары ХІХ ғасырда Жем өзенінің бойынан келіпті. Олар өздерін татар деп атайды. Бірақ Түркиядағы өзге татарлардан басқаша және қазаққа үйлес жақтары көбірек. Қазақстанның Жем өзенінен кезінде Түркияға алғаш барған қазақтар болуы мүмкін деген деректер кездеседі.

Түркияға алғаш барған қазақтардың бірі ретінде, осы жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Стамбұлда «Жаңа Түркістан» журналын шығаруға қатысқан Мұстафа Шоқайұлын атауға болады. Қазақтың Мұстафасы да сол заманның саяси құрбаны болып, Түркия мемлекетіне қоныс аударып, 1939 жылы «Ататүріктің реформалары» атты мақаласында ұлтты құтқару және сыртқы жауды жеңу керек деген ұрандар тастаған болатын.

Түркияға қазақ босқындарының көшіп баруына 2 себеп бар:

  1. Сол кездегі саяси жағдай шырғалаңы.
  2. Түркия елін  Шығыс Түркістандық қазақтар екінші  Отан етіп таңдауы.

Түркиядағы  қазақтардың  қалыптасу тарихы 2 кезеңнен тұрады. Олардың алғашқысы бұл елге сонау 50 ші жылдардың басында Қытайдан Үндістан арқылы келген. Ал, екінші толқын – 30 жылдары Батыс және Оңтүстік Қазақстан өлкелерінен Ауғанстанға өтіп, одан 70 жылдардың ортасынан бастап  Түркияға қоныс аударған ағайындар.

Өткен ғасырдың 1930-жылдарында Шығыс түркістандық қандастарымызға қайғының қара бұлты үйірілді. Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілістен кейін қазақтың бетке ұстар атқа мінерлері жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Шыңшысайдың қанды шөңгелінен қашып құтылуды ойлаған қандастарымыз топ-тобымен Гансу, Баркөл өлкелері арқылы Тибетке қоныс аударады. Алайда, Шыңшысай қызыл табан боп босқан қазақ ауылдарының соңынан қуып, ұшақпен бомбалап, сая таптырмайды. Шыңшысайдың хабар беруімен қазақ босқындарының алдынан Тибеттің қарулы әскері күтіп алады. Олардың осылайша екі өкпеден қысқан ажал оғынан аман қалған бір бөлігі Үндістан шекарасына келіп жығылады. Талай айдан бері сарпалаңға түсіп, өліммен үрейден зәтте болған қазақтар үнді мұсылмандарының қолдауына ие болады. Өлкедегі мұсылмандар оларға қолдарынан келгенше көмегін жасады. Жандары енді сая тапқан босқындар жергілікті ыс ауруына шалдығып, қырыла бастайды. Міне осылайша қиналған қазақтар Үндістан ағылшын билігінен азат етіліп, өзара екіге бөлінгеннен кейін мұсылман мемлекеті Пәкістанда 11-12 жылдай тірлік кешеді. Жергілікті елдің салт-дәстүрі, тілі, тұрмыс- тіршілігіне қанығады.

Алайда ұзын-саны 1400-ге жеткен бұл қазақтардың ендігі арманы ділі бір, діңгегі бір түркі тектес мемлекетке жетіп жығылу еді. Қайта қайтса Қытайдың қитұрқы саясатының құрбаны болып кетерлік қауіп бар. Қазақстанда босқындарды туғаным деп бауырына баса қоятын хал жоқ. Ал Пәкістанда тұр беретін болса, енді бірнеше жылда қазақтығын ұмытып кететін түрлері бар.

Осындай шарасыз күйде жүргендерінде Түркияның сол кездегі Президенті Джелал Баяр мен Примьер –министрі Аднан Мендерестің үні жетеді. Ол кезде Түркиядағы түріктердің үлес салмағы басқа ұлт өкілдерінен әлдеқайда төмен еді. Ал түрік басшыларының мақсаты қандас ағайындарын жинап, оларға қамқорлық таныту, түріктердің үлес салмағын арттыру болатын. Осы оңтайлы сәтті пайдаланған біздің қандастарымыз Пәкістандағы Түркия елшілігімен жолығып, өз тілектерін білдіреді. /27/

1952 жылдың 13 наурызында Түркияның Министрлер кабинеті өзінің №3/14595 шешімімен қазақ босқындарын түрік мемлекетіне қабылдайтынын мәлімдейді. Елдің  президенті Джелал Баяр, үкімет басшысы Аднан Мендерес және 16 үкімет мүшелері қол қойған арнайы құжат қабылданады./28/

Осы жылдың 6-шы тамызында Түркия елшілігінен хат келеді. Онда Түркияға көшіп барғысы келетіндердің тізімін беру  туралы айтылады. Сол жылдың қыркүйек айында Кашмирден шыққан қазақ босқындарның алғашқы тобы Стамбулға келіп жетті. Алтайдан басталып, Үндістан мен Пәкістан арқылы жүрген бұл көш 1956 жылы көктемде аяқталған еді. Тарихи отанынан күшпен ығыстырылған Алтай қазақтарының Түркия елін таңдап, үкіметіне өтініш жасауы, әрине, тектен- тек еместін. Мәселен, көшіп келіп, орналасуға келісім АҚШ тарапынанда түседі. Дегенмен Үндістанмен Пәкістандағы қазақ босқындарының басшылары түбі бір туыс, діні мен ділі жақын Түркияға тоқтаған болатын.

Ғалым Халифа Алтай «Қазақстандықтар мұндайды тағдыр тауқыметі деп жүр, ал меніңше сол кездегі саяси жағдай шырғалаңы басты себепкер болған. Соңың салдарынан Алтайдың күн бетіндегі он екі керейдің бір талайы 30-шы жылдарда үдере көшті. Бірнеше көш үздік соқдық кетті. Біздің көш Гансу, Цинхай өлкесіне барып 1941 жылы Үндістанға жетті. Одан қырыла-қырыла үш мың адамнан бір мыңдайымыз қалып көше-көше жүріп, 1954 жылы Түркияға барып орналастық. Қандай жағдай болмасын қазақ даген ат жойылып кетпесе екен деп соны хан көтердік».-дейді.

 Үндістаннан Бопалға барғанда аз уақыт қоныстанған лагердің атын «Қазақабад» деп қойыпты. Азып-тозып жүрсе де, қазақ атын қастерлеген.

Одан Пәкістанға барғанда қазақ босқындар қоғамын құрды. Осы күнде Түркияның бір шетінде «Қазақкент» қаласын мекен етіп отыр. Кентте Алтай, Баркөл, Ертіс, Бәйтік атты төрт көше бар.

1952 жылы Елісхан Тәйжі Әліпұлы, Құсман Тәйжі Зайыпұлы , Сұлтан Шәріп Зұқаұлы, Құсайын Тәйжі Төлеубайұлы, Қалибек Райымбекұлы, бастаған көш Түркияның  Урфа провинциясының Жайранпина елді мекеніне қоныстанады. Түркия бұл көшті «искалла» ретінде, яғни квота түрінде қабылдап, ақшалай жәрдем етеді.  Үндістан мен Пәкістаннан келген қазақтарға «еркін мигрант» статусын береді.

Түркия өкіметі қазақ босқындарына жаңа ортаға бейімделуге қажет көмегін аяған жоқ.Олар арнайы бөлінген қонақ үйлерге орналастырылып, ең қажет деген мұқтаждықтары қанағаттандырылды. Жер-сумен, үй-жаймен қамтамасыз етіп, тірлік қылып кетуіне мүмкіндік тудырады.  Түрік тілін үйренуге және жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік туғызатын оқу курстары ұйымдастырылды. Бір – екі жыл мерзім өткен соң әр – бір отбасына өздері  қалаған жерге барып орналасуына рұқсат берілді./31/

Әрине, жаңа ортаға келіп қоныстанушылардың басым бөлігіне ата кәсібі — мал өсірумен шұғылдану тиімді еді. Сондықтан да оларды Батыс Анадолыға орналастырды. Түркияға көшіп келуші еркін мигранттарға төл құжат беріп, Түркия мемлекетінің №2510 Көші-қон заңы бойынша  еркін көшіп келген мигрант үй салуға жерді жалға алуға құқығы болды. Олар әскери қызмет етуге 5 жылға босатылды. Босқындар Стамбул қаласындағы  Түзле, Серкеджи, Зәйтүн – бұрын  деген лагерлерге жайғасты.

Қазақ халқы ежелден кең далада емін-еркін өмір сүріп үйреніп қалған. Сонымен қатар мал шаруашылығы ата-баба кәсібі болып табылады. Қазақтардың осындай жағдайларын  ескере отырып,  Түркия үкіметі Маниса, Кония, Ақсарай, Қайсері және Нигде сияқты мал шаруашылығына қолайлы аймақтардан оларға арнайы жер бөліп, үй, қора – қопсы салып алуға көмек берді.

Түркияның мемлекеттік істер жөніндегі бақан-министрі Фатын Рүшті Зорлұ лагерді аралап көріп, бірқатар жағдаймен танысқаннан кейін лагердегі  барлық қазақты үлкен бір залға жинады. Ол:-Түркия асқан бай ел емес. Түркияның сіздерге берері туысқандық мейірім. Сіздер Түркияға келген күніңізден бастап бес жыл салық төлемейтін боласыздар. Ел ішінде жүріп-тұру ісінде де, мемлекет иелігіндегі көліктер де сіздерге арнаулы арзан бағамен билет беріледі. Ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деушілерге ауылдық жерлерден егістік жер беріледі. Ал сауда және қол өнер ісімен шұғылданамын деушілерге қалалық жерден тегін үй беріледі. Жұмыс істеймін дегендеріңізге мемлекет меншігіндегі фабрика- зауыттардан жұмыс беріледі.

Туысқандар! Бұл Отан, мына Түркия- бәріміздікі. Бұны барлық жаудан қорғау, өркендету- дамыту бүкіл түрік тектестердің борышы. Сіздер ата жұрттан қашқанда, Түркияға барамыз дедіңіздер. Құдай сақтасын! Түрік тектестердің енді Түркиядан басқа қашып барып, баспана сұрайтын елі жоқ. Түркия- әлемдегі барлық түрік тұқымды халықтардың қазіргі таңда, бірден-бір тәуелсіз мемлекеті.

Қазақстанның тәуелсiздiгiн бiрiншi болып  Түркия Республикасы таныды. Мұның өзi, Түркия қазақтарының қуанышын еселеп өсiрiп жiбердi. Тәуелсiздiктен бұрын Түркия қазақтарының атамекенмен байланыстары шектеу­лi болды. Өйткенi, ол кезеңде, әлем батыс және шығыс блок болып екiге бөлiнiп, өзара салқын соғыс бүкiл ызғарымен жүрiп жат­қан-ды. Ал Қазақстан мен Түркия болса бiр-бiрiне жау блоктар iшiнде орын алып, бiр-бiрiмен туыстық байланыс орната алмады. Қазақстан, Кеңестiк социалистiк республика ретiнде Варшава, Түркия болса НАТО тобына тәуелдi едi. Осы екi топқа кiрген әрбiр ел, қарсы топқа жатқан елдiң азаматтарына күдiкпен қарауды әдетке айналдырды. Сол себептi, атамекендегi азаматтардың Түркиядағы қазақтармен байланысқа енуiне ыңғайлы жағдай болған жоқ.Әрқандай бiр мүмкiн­шiлiктi пайдаланып, екi ел арасында байланыс жасағандар тыңшылық әрекетте бол­ғандар деп айыпталды. Сонымен қатар, Қазақстаннан Түркияға туристiк сапармен аттанғандарға, ондағы қазақтарды капита­лизмнiң қол жаулықтары ретiнде қарап, өздерiне олардан әрқашан түрлi қастандық әрекеттер жасалады деп күдiктендi. Оларға, шетел қазақтарының  алтындарын дорбалап алып қашқан байлардың ұрпақтары екенi айтылды.

Бүгiнде кейде осы  пропаган­да­ның  әсерiмен шетел қазақтарына қаш­қын байлар көзiмен қарағандар кездесуi, мiне, осы жағдайдың салдары. Бұған ұқсас жағдай Түркияда да қалыптасты. Осылайша, түркиялық бiр қазақтың атамекенмен байланысқа енгендерiне кү­дiк­пен қаралды. Оларға коммунист, кең­естiк жансыз немесе сатқын деген айдар тағылды. Тiптi бұлар үшiн заңдық тексерулер жүргiзiлгенi де байқалды. Екi бауырлас ел болған Қазақстан мен Түркия арасындағы осынау орынсыз да не­гiзсiз қиын-қыстау кезең, Кеңес Одағының күйреуi және Қазақстанның тәуелсiз­дiгiне қол жеткiзуiмен аяқталды.

Түркия қазақтарының өмiрiндегi ең маңызды оқиға 1991 жылғы 16 желтоқсанда орын алды. Сол күнi Қазақстан өзiнiң бағымсыздығын, яғни тәуелсiздiгiн бүкiл әлемге жария еткенi мәлiм. Түркиялық қазақтар, жалпы қазақ тарихында зор маңызға ие осы оқиғаны жүрекжарды қуанышпен қарсы алды.

Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялағаннан соң, шетелдердегi отандастармен 70 жылдай үзiлiп қалған байланыстарын қайта қалпына келтiруге жол ашылды. Қа­зақстан мен Түркия қазақтары арасында 14 жылдық осы байланыстарға көз жү­гiрткенiмiзде, Қазақстанның Түркиядағы отандастарына ыстық iлтипат көрсетiп отыр­ғандығын айта аламыз. Әсiресе, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев, Түркия қазақтарына ерекше назар аударып, көз қырын салып отырғандығын әрi сондағы қазақтарға, әрi түрiк халқына орайы келген сайын көрсетiп бердi.

Түркиядағы қазақтар қауымдастығының берген мәлiметi бойынша, бүгiнде Стамбұлдың Зейтiнбұрны ауданында 13400-дей қазақ тұрса, Гүлеш ауданын 6000 қазақ мекендейдi екен. Сапагөй, Шекпенжер аудандарында — 1500-2000, Измирде 1000 қазақ тұрады екен. Жалпы, қауымдастықтың Түркияда 31500-32000 қазақ бар деп межелеп отырған жайы бар. Осы қазақтар өзге ұлттардың жетегiнде кете ме, кетпей ме? Әрине бұл ойландырарлық жайт. Ендеше Қазақстан  мұндағы диаспора өкiлдерiн ұлтқа бөлмей, қазаққа тартып, қазақыландыра бастауы тиiс.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Осыған байланысты халық санын көбейту мақсатында шетелдегі қандастарымызды елге қайтаруымыз қажет.

Оралмандар Ата -жұртты аңсап, өз тарихи отанына ерінбей еңбек етуді мақсат тұтып, ұрпағының болашағын ойлап, сағынышпен оралғаннан кейін ортаға көптеген проблемелар туындайды. Проблемалардың бірқатары: үкімет көмек ретінде берген қаражаттың жетіспеуі, комуналдық қызметтің қымбаттығы, жұмысқа орналасудың қиындығы, қазақша сөйлей алса да жаза алмауы, орыс тілін білмеуі, елімізде бұрыннан қалыптасқан белгілі бір өмір сүру құлқына үйрене алмауы тағы басқалар.

Осы тұста, оралмандарға жергілікті әкімшілік, Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Көші-қон агенттігі және Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп, ең оңтайлы нұсқа ұсынып, қолайлы жағдай жасап, қолдарынан келгенше  көмек көрсетсе деймін. Онсыз дамыған 50 ел түгiлi, «мемлекет» атаулы санатқа кiруiмiз неғайбыл.

Қазақстан мен Түркия қазақтары арасындағы байланыстардың ауқымы жеткi­лiктi ме? — деген сұраққа келсек, әрине оған ауыз толтырып жауап беру үшiн уақыт әлi ерте. Меніңше, осы байланыстар­дың көңiл қанағаттандырарлық деңгейге көтерiлуi үшiн, көбiнесе мәдени жә­не әлеу­меттiк салаларда жасалған байланыстар­ға үшiншi саланың да қосылуы шарт. Ол, атап айтқанда, экономикалық байланыстар. Әр нәр­сенiң басының экономикаға келiп тiрел­генiн ескерсек, осы үшiншi сала­да да байланыстарды дамытқан жағдайда, Түркия қазақтары мен Қа­зақстан арасындағы байланыстардың ойдағыдай толыға түсерi рас.