Түркияға барған қазақтар өзге елдерге барған қазақтардан гөрі молырақ зерттеуді қажет етеді. Өйткені, 1991 жылдың аяғына дейін Түркия әлемдегі түркі тектес барлық халықтардың бірден-бір тәуелсіз елі болып келді. Сондықтан да жат жұрттық отаршылдық қанаудан қашқан барлық түркі тектестер өздері барып паналайтын бірден-бір ел ретінде Түркияны қалады.
Түркияға қазақтар 1952 жылдан бастап қоныс тебе бастады. Түркияға қазақ көшін Елісхан Тәйжі Әліпұлы, Құсман Тәйжі Зайыпұлы,Сұлтан Шәріп Зұқаұлы, Құсайын Тәйжі Төлеубайұлы,Қалибек Райымбекұлы, Дәлелхан Жанымханұлы Жаналтай қатарлы жетекшілер бастап барды. Міне, сол уақыттан бері қарай өткен жарты ғасырлық мезгілде олар туралы бір сыпыра зерттеулер жасалды. Олардың өз ішінен шыққан қаламгерлер қазақтардың тарихын және салт – дәстүрін таныстырып кітаптар жазды. Осындай еңбектерді 4 кезеңге бөліп қарастыруымызға болады:
- 1953 – 1960 жж. Түркияға қонстанған қазақтарды шетелдерге таныстыру кезеңі;
- 1960 – 1980 жж. Түркиядағы қазақтардың өзін түрік жұртшылығына және өзінің жас ұрпағына таныстыру кезеңі;
- 1980 – 1990 жж. Қазақтардың Түркиядағы өмірін зерттеу кезеңі;
- 1990 жылдан бері қарай Түркия қазақтарының Атамекен, яғни Қазақстанмен қарым қатынас жасау кезеңі.
Осы жолда көптеген тарихшылардың еңбектері жарияланған. Айта кетер болсақ, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қараның «Түркиядағы қазақтар туралы жасалған зерттеулерінде» қазақтардың Түркияға Пәкістан және Кәшмірден барғандығын жазады. Олардың негізгі атамекені Қытай қол астындағы Шығыс Түркістан болатын.
1930 жылдары Шығыс Түркістанның қытайлық губернаторының езгісіне шыдай алмай Гималай мен Тибет арқылы Үндістан және Пәкістанға ауа көшіп, алды 1940 жылы, арты 1950 жылы келген қазақтардың алғашқы легінің тобы 1952 жылдың қыркүйек айында Түркияға келді
1950 жылдары Түркия және Батыс Еуропа елдері жұртшылығы қазақ халқын білмейтін, тіпті оның атынан өзін естімегендері де көп еді.Көбінесе қазақ халқы орыс казактарымен шатастырылатын. Міне, осы кезеңде кей ғалымдар, әсіресе қазақты бұрыннан білетін немесе білетіндердің кеңесі бойынша, «Қазақ» деген халық кім және де ол сонау Азияның кіндгінен қалай келіп отыр деген сұрақтарды қанағаттандырып, қазақтарды әлем жұртшылығына таныстыруға тырысты.
Осы мақсатпен Түркиядағы қазақ диаспорасының тарихын көптеген ғалымдар мен тарихшылар зерттей бастады. Соның ішінде ең алғашқылардың бірі болып, Түркиялық қазақтар арасынан шыққан зерттеушілердің бірі – Халифа Алтай. Ол кісінің екеуі түрік, біреуі қазақ тілінде жарық көрген үш еңбегі бар. Оның бірінші еңбегі 1977 жылы түрік тілінде жарық көрген «Қазақ шежіресі» деп аталады. Бұл шағын кітапшада Түркиядағы қазақтардың шежіресі жазылған. Екінші еңбегі 1980 жылы «Естеліктерім» деген атпен Стамбұлда қазақ тілінде жарыққа шықты. Халифа Алтай өзі көш барысында куә болған оқиғаларды өлең түрінде дастан етіп жырлайды. Кітапта автор қазақтардың көші туралы және де ондағы оқиғаларды баяндайды, әсіресе, Үндістан мен Пәкістанда өткізген өмірлеріне қатысты құнды мәліметтер береді. Бұл Түркияда қазақ тілінде жарық көрген алғашқы еңбек болып табылады.
Автордың үшінші әрі кең тараған еңбегі «Атажұрттан Анадолыға дейін» деген еңбегі болып табылады. Ол 1981 жылы Түркия мәдениет министрлігінің басылымдары арасында Анкарада түрік тілінде жарыққа шықты. Онда қазақтың салт – дәстүрі мен мәдениеті егжей – тегжейлі әңгімеленеді. Бұл кітап ықшамдалып қазақ тіліне аударылып 1995 жылы Алматы қаласында жарық көрді. Бұл еңбектер Түркиядағы қазақ диаспорасының тарихын зерттеуде маңызды рөл атқарады.
Түркия қазақтары туралы зерттеуді Түркиялық ғалым Сағдат Шағатай жасаған. Ол 1952 жылы қазан айында Кәшмірден бір топ қазақтың Түркияға қоныс аударғанын естіп, 1953 жылы ақпан айында Анкарадан Стамбұлға келеді. Қазақтар жатқан Стамбұл Сиркеджидегі босқын лагеріне барады. Сонда қазақтардың Кәшмірден Түркияға Құсайын Тәйжі жетекшілігінде қоныс аударған тобымен кездеседі. Сағдат Чағатай қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жіті білетіндердің алдыңғы қатарларының бірі еді. Сағдат ханымның қазақтарға көңіл бөлуі тектен тек емес еді. Ол Мұстафа Шоқайдың жақын досы Тахир Шағатайдың зайыбы болатын. Ол 1952 жылы Түркияға көшіп келген қазақтардың ауыз әдебиетіне көбірек үңіледі. Қазақтардан мақал-мәтел, айтыс, беташар, жар-жар, Қожанасыр әңгімелері сияқты ауыз әдебиеті үлгілерін жинады. Бұл зерттеу нәтижесінде 1961 жылы Анкара қаласында «Қазақша мәтіндер» деген кітап жарияланды. Кітаптың кіріспе сөзінде автор, Құсайын Тәйжіден көш туралы алған мәліметтерін келтіреді. Мұның да тарихи деректік маңызы зор. Өйткені, 1964 жылы Стамбұлда қайтыс болған Құсайын Тәйжінің тікелей өзінен алынған мәліметтер қазіргі күнде тапшы болып отыр.
Одан кейін ағылшын журналисі Лияс Годфрей қазақтардың босқындыққа ұшырау тарихын зерделей келе «Қазақ қырғыны» атты кітап жазады. Ол кітап 1956 жылы Лондон қаласында жарық көрді. Бұл кітапта Годфрей Қалибек Әкім жетекшілігінде Түркияға көшіп барған қазақтар туралы, сонымен қатар Шығыс Түркістан қазақтары туралы және Бөке батыр мен Оспан батырлардың қытайлықтармен болған қарулы көтерілістеріне жан – жақты сипаттама берген.
1960-1980 жылдар аралығында Түркиядағы қазақтар біршама ес жинап, түрік халқымен етене араласа бастайды.Өсіп келе жатқан ұрпақтарға өзінің кім екенін, қайдан келіп шыққандарын ұмыттырмау үшін кітаптар жазу керек еді. Өйткені, уақыт өте келе жастардың қазақ екендіетерін білмей қалулары ғажап емес еді. Сонымен қатар, сол кезеңде НАТО елдерімен Варшава елдері арасындағы «Қырғи-қабақ» соғыс салдарынан, НАТО-ға мүше Түркиядағы қазақтар мен Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан және Қытай қол астындағы Шығыс Түркістандағы қазақтар арасында ешқандай бір байланыс орнату мүмкін емес еді. Сондықтан келешек ұрпақтардың салт-дәстүр мен тілін ұмытуы, аталарының не себепті, қай жолмен және қандай қиындықтармен Түркияға келіп қоныстанғанын, тіпті өздерінің қазақ деген халықтың перзенттері екенін білмей қалулары әбден мүмкін еді./18/ Мұндай жағдайға ұшарамас үшін, Түркияға жасалған көштің қаһармандары тірі тұрғанда, олардың берген мәліметтері бойынша тарих пен салт дәстүрді қағазға түсіріп, рухани мұра ретінде келешек ұрпаққа қалдыру аса қажет саналды.
Осы орайда Түркия қазақтарының өз ішінен шыққан Хасен Оралтайды айта кеткен жөн. Хасен Оралтайдың «Бостандық жолында Шығыс Түрістан қазақ — түріктері» атты еңбегі 1961 жылы Стамбулда жарық көрді. Ол жалпы қазақ тарихы мен мәдениеті туралы мәлімет беріп, әкесі Қалибектің төңірегенде өткен оқиғаларға кеңінен тоқталады. Сонымен қатар Оспан батырдың қарулы күресі мен уақытша құрылған Шығыс Түркістан үкіметінде Қаржы министрі қызметін атқарған Жанымхан қажы Тілеубайұлының саяси іс — қимылдары жөнінде құнды мәліметтер береді. /19/ Кітап 1976 жылы Стамбұлда екінші рет жарық көреді.
Түркиядағы қазақ жазушыларының бірі Хызырбек Ғайретолланың «Алтайдағы қанды күндер» атты еңбегі 1977 жылы Шығыс Түркістан босқындар қоғамының басылымдары арасында жарық көрген.
1960 жылы Шығыс Түркістандық қазақтар мен ұйғырлар бірлесіп Стамбұлда іргесін қалаған аталмыш ұйым, Түркиядағы қазақтардың тарихы мен мәдениетін зерттеу үшін, 70-ші жылдардың орта шенінде арнайы комитет ұйымдастырады. Бұл комитет қазақтың тарихи оқиғаларының бас-қасында болған ірі тұлғалары және көне көз қарияларымен сұхбаттар өткізді. Сондай-ақ үй-үйді аралап тарихи мәні бар құжаттар мен суреттерді жинады. Жазушы және журналист Хызырбек Ғайретолла жиналған осы материалдардың негізінде аталған еңбекті түрік тілінде баспаға дайындады. Кітапта қазақтардың көш тарихы турасында, оқиғалардың бел ортасында жүрген куәгерлердің мәліметтеріне сүйенген өте құнды деректер баршылық. Кітаптың соңғы беттерінде құнды суретер басылған.
1980-1990 жылдар қазақтардың осы елде тамырын кең жая бастаған, әрі жаңа елдегі әлеуметтік, шаруашылық және мәдени өмірін зерттеуге қызыққан кезең болды. Қазақтардың Түркияға қоныстанғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтіп, және мұншама уақыттың өтуіне қарамастан олар өздерінің ана тілін, салт-дәстүрін сақтап отырса да, жаңа ортада тіршілік етулеріне байланысты олардың рухани өмірлерінде кейбір өзгерістер де болмай қойған жоқ. Көптеген тәжірибелер мен оқиғаларды бастан кешірді. Сонымен қатар бұл кезеңде Түркиядағы қазақтар мен Атамекен қазақтарының арасында алғашқы байланыстар жасала бастаған еді.
Қазақтардың осындай қам-қарекеті Швециялық ғалым Ингвар Сванбергтің назарын аударды. Ол Түркия қазақтарының тарихын зерттеп, алғаш докторлық диссертация қорғаған ғалым. Ингвар Сварберг 1979 -1986 жылдар аралығында Түркия қазақтары арасында зерттеулер жүргізді. Осы зерттеулердің нәтижесінде 1989 жылы «Түркиядағы қазақ босқындар» деген кітабын жариялады. Уппсала қаласында ағылшын тілінде жарық көрген кітабында Сванберг, Түркия қазақтары туралы жан-жақты мәлімет береді. Кітабын дайындау барысында ол, Түркияның Стамбұл, Нигде, Измир, Маниса сияқты қазақтар тұратын бүкіл қалаларын аралауға тырысты. Сонымен қатар ол, Түркия қазақтарының бір бөлігі 1960 жылдардан бастап қоныс аударған Германия мен Швеция елдерінде де зерттеулерін жалғастырды. Сванберг қонақты жатырқамайтын аса меймандос қазақтар арасында зерттеу жүргізудің онша қиын еместігін баса көрсетуде. Оның айтуынша Түркия қазақтарымен жақсы қарым-қатынас орнатудың бірден бір тиімді құралы сүт қосып қазақша дайындалған ақ шай ішу. Қазақтар әдетте үйіне келген қазақ емес қонақтарға түрікше дайындалған шай ұсынады. Егер, — дейді Сванберг – сіз қара шайдан гөрі ақ шайды ұнатам десеңіз онда үй иесінің қуанышында шек болмайды және де ет жемейтіндер қазақтар арасында зерттеу жүргізе алмайды.
Сванбергтің «Түркиядағы қазақ босқындар» деген кітабының бір бөлігі орыс тіліне аударылып, Алматыда 1997 жылы жарық көрген. Онда «Казахская диаспора: Проблемы этнического выживания» деген кітаптың «Казахские беженцы в Турции» деген тарауы орын алған.
Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін шеттегі қазақтарға, оның ішінде Түркия қазақтарына назар аудара бастады. Одан алдын шеттегі қазақтар туралы Қазақстан баспасөзі мен радио хабарларында мәлімет бермейтіні, олар жөнінде әңгіме қозғалмайтыны әркімге белгілі жайт. Тек Қазақстан Мәскеудің бұғауынан құтылып, өз алдына ел бола бастағаннан кейін ғана өзінің шетелдегі отандастарына көңіл бөле бастады. Қазақстан ғалымдары мен журналистері Түркияға барған сапарларында сонда тұратын қазақтардың жағдайларымен таныс болып, көрген білгендерін Қазақстан жұртшылығына жеткізіп мақалалар жариялады.
Түркия қазақтары жайында қазақстандықтар арасында алғаш рет арнаулы зерттеу жүргізіп кітап жазған Шоқан Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Гүлнар Меңдіқұлова болды. Оның еңбегі «Қазақ диаспорасының тарихи тағдыры,тууы жіне дамуы» деген атпен 1997 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрді. Кітап диаспоараға арналғанымен автор Түркия қазақтарына кеңінен тоқталған. Бұл еңбек Қазақстан жұртшылығының Түркия қазақтары туралы мәлімет сұранысын толығымен қанағаттандырады.
Ал енді Түркияда қазақтануға қатысты зерттеулерге келер болсақ, ХХ ғасырдың басында қазақтың біртуар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай мен башқұрт тарихшысы Зәки Уәлиди Тоғанның Еуропаға келуімен қарайлас басталды. Олар алдымен «Түркістан» және «Яш Түркістан» журналын шығарып тұрды. Зәки Уәлидидің 1929 жылы қазақтан мен Орта Азия халықтарының тарихына қатысты «Бүгінгі түркелі Түркістан және оның жаңа тарихы»атты кітабы жарық көрді. Содан бері 80 жылдай уақыт өтсе де, әлі құнын жоймаған бұл кітапта қазақ тарихы жайлы толық мәлімет алуға болады.
Түркиядағы қазақ диаспорасының тарихын Қазақстанға таныстыру барысында Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» деген кітабы 1999 жылы Стамбұлда жарық көреді. Автор Шығыс Түркістандағы қазақтардың Қытайға қарсы көтерілістерін, көш жолында әкесі Қалибектің төңірегінде болған оқиғаларды және Түркияға қоныстанғаннан кейін жаңа елге тамыр жаю барысында болған өмірін баяндайды.
Қорыта айтқанда Қазақстанға қатысты жазылған зерттеулер мен еңбектерді мазмұн-маңызына қарай ғылыми зерттеулер,танымдық зерттеулер, жалпы мәлімет беретін дерек көздері және саяси әдебиет деп төртке бөліп қарастыруға болады. Өзге елдермен салыстырғанда, Түркиядағы қазақ диаспорасы тақырыбы толық болмаса да, біршама игерілгені байқалады. Осының бәрі қазақ халқының мәдениетін зерттеп, кешегі тарихын екшеп, бүгінгі беталысын байыптауға септігін тигізе алады. Ал көптеген елдерде ел мәдениетін таныту – сыртқы саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады. Біздің сыртқы саясатта осы бағытта жұмыстар жүзеге асырылуда.
Ғалымдардың айтуынша Түркиядағы қазақ диаспорасы тарихының жоғарыда аталып көрсетілген 4 – ші кезеңі әлі зерттелуде.