Жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан тарихы өзінше курс болып, бірақ КСРО тарихы құрамында оқытылған (1958-1959 оқу жылынан) бастап, осы уақытқа (2000-2001 оқу жылына) дейін оның құрылымы үш рет үлкен өзгеріске ұшырады.
Оның алғашқы құрылымы 1958-59 оқу жылынан бастап 1990 жылдар аралығында пайдаланылды. Қазақстан тарихы бағдарламасы, оқулықтары бар мектептік курс деп аталғанмен, оның оқу материалы мектептің 4(5), 7 (8)-10 (11) – сыныптарында оқытылады, осы сыныпта 50-60 сағаттай ғана уақыт бөлінді.
4-5 сыныптағы «КСРО тарихынан эпизодтық әңгімелер» курсы құрамында «Қазақ КСР тарихының эпизодтық әңгімелері» 8-10 сағат көлемінде оқытылды.
Ал 7-8 – 10-11, яғни төрт сыныпта КСРО тарихының жүйелі курсы құрамында Қазақ КСР тарихы 47-48 сағат, көлемінде оқытылды. Қазақ КСР тарихының мазмұны алғашқы қауымдық құрылыстан осы уақытқа дейінгі араллықтағы тарихты қамтыды. Бұл курстардың мазмұнының өте қысқа болғаны, КСРО мектептерінде одақтас республикаларға аты берілген ұлттың тарихын оқытуда орын алған кемшіліктер мен келеңсіз тенденциялар туралы басқа тарауларда айтылатындықтан бұл жерде қайталаудың қажеті жоқ. /3/.
Қазақстан тарихы құрылымының үлкен өзгерісі 1991-1992 оқу жылында жасалды. Бұл өзгеріс өте қысқа уақытқа 10 жылға ғана созылғанмен дербес оқу пәні деп оқу жоспарына енген Қазақстан тарихының келешегі үшін үлкен маңызы болды. Өтпелі кезең деп аталатын аз ғана жылдарда тұңғыш рет «Жалпы білім беретін мектепте Қазақстан тарихын оқыту тұжырымдамасы» жасалып, баспасөз бетінде жарық көрді, оның оқулықтарына бәйге жарияланып, қорытындысы шығарылды. Пәннің құрылымы мен мазмұнының қалыптасуына аса қажет; Мемлекеттік білім стандарты, оқу бағдарламалары, жаңа оқулықтар мен бірқатар шағын әдістемелік құралдар жарыққа шықты. 1990-1999 жылдар аралығында Қазақстан тарихынан жалпы білім беретін мектептердің 5-11 сыныптарына арналған тек қазақ тілінде ғана 9 оқулықтың шыққанын және де олардың әрқайсысының 3-5 реттен басылғанын айтсақ та жеткілікті. Аталған құжаттардың, бағдарламалардың, оқулықтардың, әдістемелік құралдардың енді ғана дербес, жеке пәнге айналған Қазақстан тарихын оқытуды жақсарта түсуге көп пайдасы тиді, әсіресе тарихшы мұғалімдерге ғылыми-әдістемелік басшылық, әрі нақты көмек болды. Екінші жағынан, осы жылдары жарық көрген тұжырымдамалар, бағдарламалар, оқулықтар, әдістемелік құралдар мен нұсқаулар, ұсыныстар жасау тәжірибесі келешекте Қазақстан тарихының жаңа бағдарламаларын, жаңа буын оқулықтарын, оқу-әдістемелік кешенін жасауға көмек болды. Осының бәрі келіп «Қазақстан тарихын оқыту теориясы мен әдістемесінің» одан әрі қалыптаса түсуіне, дамуына пайдалы әсер етті.
Осы жағдайларға байланысты тараудың келесі параграфтарында 1990-1999 жылдары республика баспасынан шыққан мектептерде пайдаланылған
Қазақстан тарихының бағдарламалары, оқулықтары, шығармалары, кейбір әдістемелік құралдары қысқаша талданды, өйткені олардың бәрі осы курстың теориясы мен әдістемесінің жәнеоның әдістемелік жүйесінің құрамына енеді.