Ауыл шаруашылығы өндірісін дамыта отырып, көздеген мақсатқа жету үшін қолда бар ресурстарды толық пайдалана білу қажет. Ауыл шаруашылығы өндірістік ресурстарына еңбек рсеурстары (адамдар), материалдың ресурстар (жер,су, құрал-жабдықтар, техника т.б.) және қаржы ресурстары жатады.
Ауыл шаруашылығында өнімнің барлық түрі жерді пайдаланудан шығады. Өндірістегі басқа ресурстардан өзгешелігі, жерді ұқыпты пайдаланса, оның құнарлылық қасиеті арта береді.
Жердің осы ерекше және аса маңызды қасиеттерін ескере отырып, барлық елдерде оны есепке алу, бөлу, иелену, пайдалану, қасиетін, құндылығын төмендетпеу үшін арнайы шаралар қолдану заңды түрде жолға қойылып отыр.
Егіншілік — ауыл шаруашылығындағы маңызды және күрделі салалардың бірі. Егіншілікпен шұғылданған кәсіпорындарда астық, қант қызылшасы, мақта, құнбағыс, көкөністер, картоп т.б. дақылдар өсіріледі.
Біз қарастырып отырған «Тамшыбұлақ» шаруа қожалығында сол жердің табиғатына байланысты қажетті дақылдар өсіріледі.
Жер өзінің құнарлылығына сәйкес пайдаланылады және шаруашылық орналасқан аймақтың ауа райы мен климатына байланысты өндіріс салалары дамиды. «Тамшыбұлақ» шаруа қожалығының жазы салқын, ең жоғарғы температура шілде айының бірінші және екінші он күндігінде 25-28°, ал ең суық айлар қаңтар және ақпанда — температура ( — 28-30°) суық болады. Қысы ұзақ болғанмен, қыратты жерлерде қар қалың түспейді, қой шаруашылығы үшін қолайлы. Шаруашылық егін шаруашылығымен шұғылданады және қой шаруашылығы даму үстінде.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатында пайдаланылатын жерлер ауыл шаруашылығы жерлері деп аталады. Оған жататындар: егістіктер, аңыздықтар, көп жылдық өсімдіктер өсетін жерлер, шабындықтар және жайылымдар. Әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін және таза пар ретіндегі жерлер егістік жерлер деп аталады.
Шаруашылықта бұрын егін егілген, әзірше техниканың жетіспеушілігінен пайдаланылмай қалған аңыздық жерлер, сонымен бірге пішен дайындау үшін пайдаланылатын шабындық жерлер бар.
Шабындық жерлер суарылмайды, олар бұрын түпкілікті және үстірт тәсілмен жақсартылған жерлер. Мал жаюға жарамды жайылым жерлер бар, олар жазықта, таулы-қыратты жерлерде орналасқан және пайдалану мерзіміне байланысты көктемгі, жазғы, күзгі және қысқы жайылым деп аталады.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі үнемі бірдей емес, жерді өңдеу, құнарлылығын арттыру мақсатындагы түрлі жұмыстарға және пайдалану мақсаттарының өзгеруіне байланысты олардың көлемі де өзгеріп тұрады. «Тамшыбұлақ» шаруа қожалығы жерінің көлемі 1-кестеде көрсетілген. Төмендегі кесте арқылы біз шаруашылықта барлық жер көлемінің 90% артық бөлігі ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатындығына куә болып отырмыз. Кесте мәліметтеріне қарағанда, ауыл шаруашылығы жерлерінің көпшілігі жайылым жерлер болып отыр. 2007 жылы — ауыл шаруашылығы жерлеріндегі жайылым жерлердің үлесі — 86,8%, 2007 және 2008 жылдары — 86,9%, болған.
Егістік жерлердің көлемі 2007 жылы 1 га ұлғайған, 2008 жылы сол қалпында қалған, ауыл шаруашылығы жерлерінен үлесі 2006 жылға қарағанда 1 га азайған. Шабындық жерлердің көлемі 2006 жылы 32 га болып, 2007 және 2008 жж 2 гектарға азайып қалған. Бұл жағдай шабындық жерлердің 2 га бөлігінен шөп жиналмағанын көрсетеді. Жайылым жерлер тұрақты 920 га қалпында, өзгермеген.
Егістік жерлер мен шабындық жерлердің азаюының себебі, жанар-жағар майдың жетіспеушілігінен, жер өңдеу мүмкіндігі болмағанымен түсіндіріледі.
Ауыл шаруашылығының қандай саласы болса да, өнім өндіру үшін көптеген өндіріс құралдары қолданылады. Шаруашылық өндірісі даму үшін куатты техниканы, электроэнергияны, ғылым мен техниканың жетістіктерін кеңінен пайдалану қажет. Әрбір еңбек заты мен еңбек құралдары ұтымды пайдаланылуы тиіс.
1-кесте «Тамшыбұлақ» шаруа қожалығы жерінің көлемі және құрылымы
Жерді пайдалану түрлері | 2006 | 2007 | 2008 | |||
га | % | га | % | га | % | |
Жалпы жер көлемі | 1158 | 1148 | 1144 | |||
Ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде: | 1059 | 100,0 | 1058 | 100,0 | 1058 | 100,0 |
— егістік | 107 | 10,1 | 108 | 10,3 | 108 | 10,3 |
— шабындық | 32 | 3,1 | 30 | 2,8 | 30 | 2,8 |
— жайылым | 920 | 86,8 | 920 | 86,9 | 920 | 86,9 |
Басқа жерлер | 108 | 108 | 102 |
Еңбек заты деп болашақ өнімнің материалдық негізін айтады. Еңбек құралдары деп осы заттарды өнімге айналдыру үшін қолданылатын әртүрлі құрал-саймандар мен жабдықтарды айтады. Еңбек заттары мен еңбек құралдары бірігіп, өндіріс құралдарын құрайды. Өндірістік құралдардың заттай және ақшадай өлшемдері бар. Олардың заттай өлшемі өндірістік қорлар деп аталады.
Өндірістік қорларға көптеген заттар жатады. Олар өздерінің өндіріске қатысу ерекшеліктеріне байланысты негізгі қорлар және айналымдағы қорлар болып екіге бөлінеді.
Негізгі қорларға машиналар, жабдықтар, қора-жай, ғимараттар сияқты бірнеше жыл пайдаланылса да, өздерінің бастапқы заттық түрін өзгертпейтіндер жатады. Олар тозған кезде өз құнын дайын тауарлар құнына бірте-бірте амортизация ретінде бірнеше жыл ішінде ауыстырады.
Айналымдағы қорларға отын, тұқымдық дән, мал азығы сияқты бір жыл немесе өндірістік бір циклде түгелімен пайдаланылатындықтан өзінің бастапқы заттық түрін жоятындар жатады. Олар өз құнын жаңа тауардың құнына қолма-қол ауыстырады да, тауарлар өткізілгеннен кейін оның құнының құрамында осы кәсіпорнына қайта оралады. Осындай айналымды қорлар жыл ішінде бірнеше рет қайталайды.
Ауыл шаруашылығындағы негізгі өндірістік қорлардың үш түрі болады: ауыл шаруашылығына арналған, ауыл шаруашылығына арналмаған және өндірістік емес негізгі қорлар.
Ауыл шаруашылығына арналған негізгі өндірістік қорларға әртүрлі машиналар, жабдықтар, құрылыстар, өнім беретін мал, көп жылдық екпе ағаштар, т.б. жатады.
Ауыл шаруашылығына арналмаған негізгі өндірістік қорларға өнеркәсіпке, құрылысқа, саудаға қоғамдық тамақтандыруға байланысты қорлар жатады.
Өндірістік емес негізгі қорлар тұрғын үй, тұрмыстық қызмет ету, халық ағарту, мәдениет, денсаулық, спорт және әлеуметтік қамтамасыз етуге байланысты қорлар жатады. Айналымдағы қорлар құрамына өндірістік запастар — мал азығы, тұқым, мал төлі, бордақыдағы малдар, қосалқы бөлшектер, отын, жанар-жағар майлар, минералды тыңайтқыштар және аяқталмаған өндірістер жатады.
Кәсіпорында негізгі және айналымдағы қорларды үнемі есептеп отыру қажет. Оларды заттай есептегенде белгілі бір мерзімде санақ жүргізіледі, ал акшалай есебі бухгалтерлік баланстар арқылы көрсетіледі. «Тамшыбұлақ» шаруа қожалығының негізгі өндірістік қорларының есебі келесі кестеде көрсетілген.
2-кесте. Шаруашылықтағы негізгі қорлар
2008 ж
Көрсеткіштер | құны, мың тг | құрылымы, % |
1. Негізгі өндірістік қорлар, оның ішінде: | 16330 | 100,0 |
— көлік құралдары | 860 | 4,9 |
-машиналар мен жабдықтар | 3020 | 18,5 |
-өнім беретін мал | 11400 | 69,8 |
-жұмыс малы | 1050 | 6,4 |
2. Өндірістік емес қорлар | — | — |
Шаруашылықта материалдық ресурстарға жататын ауыл шаруашылығы негізгі қорларынан — екі қой қора, екі трактор, екі ГАЗ-53 автомашинасы, бір «Москвич-2715» (пирожковоз), екі жер жыртатын соқа, төрт сеялка, бір «Беларусъ» тракторы тіркемесімен, бір астык тазартқыш машина бар. Маусым кезінде астық пен картоп тасу науқаны басқа мекемелерден автомашиналар жалдау арқылы жүргізіледі. Кесте мәліметтерінен көрініп отырғандай, негізгі қорлардың басым бөлігі—өнім беретін малдар. Машиналар мен жабдықтардың үлесі 18,5%, мұнан байқалатыны ауыл шаруашылығы техникасы өте аз, барының өзі ескі машиналар. Шаруа қожалығы құрылғаннан бері 6 жылда қаржының тапшылығынан ешқандай жаңа техника сатып алынбаған. Сонымен бірге көлік құралдарының үлесі де өте аз (4,9%). Жұмыс малы 6,4% құрайды, яғни бұл шаруашылықта машина көлігінен гөрі, жұмыс малы көбірек пайдаланылатыны көрініп түр.
Шаруа қожалығының негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру. Өндірілген өнімдердің бір бөлігі ең бірінші шаруашылықтың ішкі қажеттілігін өтеуге жұмсалады, қалғаны сатылады. Шаруашылықта өздерінің белсенділік-қалауымен бірнеше отбасы жиналып ұйымдасып, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы салаларында еңбек етеді. Себебі, барлық салаларда да өндіріс нәтижесі адамдардың еңбегін дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Қандай еңбек ұжымын алсақ та, ол адамдардан құралады.
Адамдардың әр тобына немесе әрқайсысына нақты тапсырма беріледі және сол тапсырманы орындауға қажетті өндіріс құралдары бекітіліп, жағдай туғызылады. Яғни, әрбір кәсіпорын көздеген мақсатына жету үшін негізгі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, еңбекті ғылыми негізде ұйымдастырып және оны әрқашан жетілдіріп отыру қажет. Шаруа қожалығында екі мал шаруашылығы фермасы, егіншілікпен шұғылданатын екі бригада және бір картоп, көкөніс өсіруші бригадалар бар. Жұмысшылар саны 3 -кестеде көрсетілген. Төмендегі кестедегі көрсеткіштер арқылы жұмысшылардың жыл сайын азаю себебі: шаруашылық құрылымына байланысты екендігіне көз жеткіздік. 2006 жылы тұрақты жұмысшылар саны 26 болса, 2007 жылы бір жұмысшыға, 2008 жылы ол көрсеткіш екі адамға кеміген. Сол сияқты уақытша жұмысшылар саны да бір адамға кеміген.
Қандай шаруашылық болмасын, ондағы басшы қызметкерлердің міндеті – шаруашылықтағы еңбекті ұйымдастыру және жетілдіру жоспарларын дайындап, олардың орындалуын қадағалап отыру. Себебі: барлық салалардағы өндіріс нәтижесі еңбек ресурстарын пайдалану тиімділігіне тікелей байланысты.
3-кесте Шаруашылықтағы еңбек ресурстары
Жұмысшылар категориялары | 2006 | 2007 | 2008 |
Шаруашылықтағы барлық жұмысшылар,
оның ішінде: — тұрақты жұмысшылар — маусымдық жұмысшылар — қызметкерлер оның ішінде: — жетекшілер — мамандар — мал шаруашылығында — өсімдік шаруашылығында
|
33
26 7 5
1 4 10 11 |
32
25 7 5
1 4 10 10 |
31
23 6 5
1 4 10 8 |