Ауыл шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің өңдеуші салалары үшін негізгі шикізат көзі болып табылады, сондықтан олардың арасында тығыз байланыс қалыптасқан. Агроөнеркәсіптік кешеннің өңдеуші салаларына: тамақ өнеркәсібі (тамақ, ет, сүт,балық, ұн, жарма) мен жеңіл өнеркәсіп (былғары, аяқкиім, киім) жатады. Аталған салалар республика өнеркәсібінің маңызды секторлары болып табылады.
Тамақ өнеркәсібі — халықтың тағамға деген сұранысын қанағаттандырады. Біздің елімізде тамақ өнеркәсібінің ет, ұн тарту, жарма, қант өнімдері,балық, кондитер, шарап жасау т.б.салалары дамыған. Ауыл шаруашылығы тамақ өнеркәсібінің негізгі шикізат көзі болып табылады. Тамақ өнеркәсібі өнімдері еліміздегі азық-түлік қорының 90%-ын құрайды. Қазіргі кезде тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар заман талабына сай жаңа техникамен және технологиямен жабдықталған. Ауыл шаруашылығы шикізаттарынан ұзақ мерзімге сақталатын өнім дайындалады. Ал тез бұзылатын тамақ өнімдері тамақ өндірісі кәсіпорындарындағы қуаты жоғары тоңазытқыштарда сақталады. Тамақ өнімдерінің қалдықтары қайтадан ауыл шаруашылығында пайдаланылады.
Тамақ өнеркәсібінің базасы шикізатты пайдалану сипатына, түріне қарай үш топқа бөлінеді: өсімдік шаруашылығының шикізаттары, мал шаруашылығының шикізаттары, өндіріс шикізаттары (тұз өндіру, минералды сулар, балық аулау, теңіз өнімдері). Тамақ өнеркәсібі салаларын орналастырушыға әсер етуші негізгі факторлар — шикізат көздері және тұтынушылар. Осы факторлардың әсер ету дәрежесіне қарай тамақ өнеркәсібін үш салаға бөлуге болады:
- Шикізат көзіне жақын орналасқан салалар (қант, спирт, май шайқау, сүт, консерві, крахмал, сірне т.б.);
- Тұтынушыға жақын орналасқан салалар (наубайхана, сыра қайнату, сүт, макарон, кондитер өнімдері т.б.);
- Шикізат көзіне де тұтынушыға да жақын орналасқан салалар (ет, ұн тарту, шарап жасау, темекі өңдеу т.б.).
Елімізде тамақ индустриясын шикізат көздеріне және тұтынушыға жақын орналастыру өндірісті мамандандыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу салалары шикізат көздеріне жақын, ал дайын өнімдер шығаратын өндіріс тұтыну орталықтарына жақын орналастырылады. Технологиялық процестердің аумақ бойынша бөлінуіне шай өнеркәсібі мысал бола алады.
Ет өнеркәсібі — тамақ өнеркәсібінің ірі саласы, ол тамақ өнімдерінің 14-ін құрайды. Мал өнімдерінің сапасы құрамында жоғары сапалы нәруыз бен басқа да құрауыштардың болуымен анықталады. Еліміздегі ет тағамдарына деген сұраныстың өсуі — халықтың тұрмыстық деңгейінің жоғарылауын көрсетеді. 2002 жылғы көрсеткіш бойынша ет және ет тағамдарын тұтыну жан басына шаққанда 45 кг-ды көрсетті. Қазіргі таңда ет өнімдері жоғары техникамен жабдықталған ет комбинаттарында дайындалады.
Алысқа тасымалдауға жарамды өнімдер (ет консервілері, кептірілген және жартылай кептірілген шұжықтар т.б.) шикізат көздеріне жақын орналастырылған ет комбинаттарында шығарылады. Осындай өнімді шығаратын негізгі ет комбинаттары Семей, Петропавл, Орал, Алматы, Қызылорда қалаларында орналасқан. Ал тез бұзылатын өнімдер (тоңазытылған ет, құс өнімдері қайнатылған шұжық т.б.) шығаратын комбинаттар тұтыну көзіне жақын орналастырылады.
Қазақстанның барлық экономикалық аудандарында ет өнеркәсібінің дамуы мал шаруашылығының аумақ бойынша біркелкі таралуымен түсіндіріледі. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары ет өнімдерін шығаратын негізгі аудандар болып есептеледі. Мысалы Семей ет комбинаты еліміздегі ірі өнеркәсіп орталығы. Бұл комбинат малдың тірідей салмағының 98%- ын пайдалана отырып, дайын және жартылай дайын өнімнің 100-ден астам түрін шығарады.
Ұн тарту – жарма өнеркәсібі – тамақ өнеркәсібінің екінші саласы. Оған: ұннан жасалатын нан және макарон өнімдері, ұн, жарма жатады. Жан басына шаққандағы нан тағамдарын тұтынудың орташа көрсеткіші 120 кг-ды құрайды. Бидайды тасымалдау ұнды тасымалдаудан анағұрлым тиімді. Сондықтан ұн тарту және жарма өнеркәсіптері аумақ бойынша тұтыну көздеріне жақын орналастырылады. Ұн тарту еліміздің астықты және индустриялы экономикалық аудандарында, яғни Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жақсы дамыған. Мысалы, қазіргі кезде Астана, Тараз, Қапшағай, Қостанай ұн тарту комбинаттары елімізде жоғары сапалы ұнмен қамтамасыз етуде. Нан кәсіпорындары еліміздің барлық елді мекендерінде бар. Нан зауыттары жоғары сапалы технологиямен жабдықталған. Қазіргі шағын нан жабу кәсіпорындары ірі елді мекендердің бәрінде ұйымдастырылған. Макарон зауыттары Алматы, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Семей қалаларында орналасқан. Қазіргі кезде тамақ өнеркәсібі салаларын дамыту үшін жетілдірілген технологиялар, шағын зауыттар және басқа құрал-жабдықтар сатып алу жөнінде Қазақстан Республикасы бірқатар мемлекеттермен келісімшарт жасады. Мысалы Ақтөбе макарон фабрикасы Италияның макарон жасайтын технологиясымен жабдықталған.
Қант өнеркәсібі. Қант-маңызды тағам түрлерінің бірі, оны өндіру үлесі 2003 жылғы есеп бойынша 481419 т – ны құраса, жан басына шаққандағы тұтыну көрсеткіші 21,7кг – ға жетті.
Қант өнеркәсібі құмшекер және шақпақ қант шығарады. Қант өнеркәсібін салуда шикізат көздеріне жақын орналастыру факторы маңызды рөл атқарады. Қант қызылшасын ұзақ уақыт сақтауға шыдамайды және алыс қашықтыққа тасымалдау оның сапасын төмендетеді. 1т құмшекер алу үшін 6 – 9 т қант қызылшасы керек.
Республикамызда бірнеше қант зауыттары жұмыс істейді. Қант зауыттары қызылша егу шаруашылығымен айналысатын Жамбыл, Алматы облыстарында орналасқан. Боралдай, Тараз, Шу, Мерке, Қарабұлақ қант зауыттары құмшекермен қатар шақпақ қант шығарады. Құмшекер өнеркәсіптері өз елімізде өсірілген қызылшаны өңдеп қана қоймай, сонымен қатар шетелдерден келген қант шикізаттарын да пайдаланып, қант өнімдерін шығаруда. Қазақстанға қант құрағы Бразилия, Аргентина, Ау стралия т.б. елдерден әкелінеді. Өйіткені елімізде өндірілетін қант өнімдері халықты қантпен толық қамтамасыз ете алмайды.
Сүт өнімдері өнеркәсібі – тамақ өнеркәсібі салаларының ішінде үшінші орында, 2002 жылғы статистикалық мәлімет бойынша шаруашылықтың барлық түрінде сүт өндіру 4,1 млн т – ны құраса, әрбір сиырдан сауылатын сүттің орташа көрсеткіші – 2044 кг – ға жетті. Сүт, қаймақ, ірімшік, айран, ашытқы шығаратын сүт зауыттары мен сүт комбинаттары еліміздің әрбір экономикалық аудандары мен өнеркәсіп орталықтарында шоғырланған. Өйткені сүт өнімдерін алысқа тасымалдау тиімсіз. Қала халқын дер кезінде сүт өнімдерінмен қамтамасыз ету үшін сүт зауыттары әрбір қалада салынған. Ірі сүт зауыттары Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан.
Май шайқау, сыр қайнату, сияқты сүт өнімдері өнеркәсібі, негізінен, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан экономикалық аудандарында, сүтті ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда шоғырланған. Көкшетау, Қостанай, Алматы сүт комбинаттары сүт өнімдерінің 75 % — ын шығарады.
Сонымен қатар елімізде өсімдік майы мен маргарин майын шығаратын өнеркәсіп орындары жақсы дамып келеді. Өсімдік майы күнбағыс және шитті мақта дақылдарынан алынады. Күнбағыс майын Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары шығарады. Өскемен қаласында өсімдік майын айыру комбинаты жұмыс істейді. Шитті мақта майын шығаратын зауыт Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында орналасқан.
Қазір көптеген елді мекендерде өсімдік майын шығаратын шағын кәсіпорындар кездеседі. Бірақ онда шикізаттан май алу сапасы мемлекеттік кәсіпорындардан әлдеқайда төмен.
Маргарин майын алу үшін – шикізат ретінде өсімдік майын және сүтті пайдаланады. Мұндай кәсіпорындар тұтынушы көзіне жақын орналастырылады, себебі маргарин майы тез бұзылатын өнімдер қатарына жатады. Алматы қаласындағы маргарин зауыты халықтың тұтыну қажетін өтеп келеді.
Балық өнеркәсібі – балық аулау және балықты өңдеуден тұрады. Қазақстандағы балық өнеркәсібі Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Атырау облысында шоғырланған. Каспий теңізінің солтүстігінен қара уылдырық беретін бекіре, қызыл балық және итбалық ауланады. Балық өңдейтін ірі кәсіпорындарға Атырау, Баутион, Балықшы, Зайсан, Призорный, Балқаш балық зауыттары жатады. Балық өнімдерін дайындайтын Арал мен Мойнақ кәсіпорындары Арал теңізінің су деңгейінің төмендеуіне байланысты уақытша тоқтап тұр. Атырау мен Балқаш зауыттары елімізді балық консервілерімен қамтамасыз етуде.
Республикамызда азық – түлік молшылығын жасау бағдарламасына және балық етінің құндылығына орай теңіз өнімдерін өндіруді ұлғайтуға үлкен бетбұрыс жасалып отыр. Осыған байланысты теңізден, өзен – көлдерден ауланатын балық өнімдерімен, олардан жасалатын тағам түрлері де молаюда.
Қазақстанда тамақ индустриясының қосымша салалары кондитер тағамдары, шарап жасау, темекі өндірісі де қарқынды дамып келеді. Автоматты қондырғылармен жабдықталған Алматыдағы «Рахат», Қостанайдағы «Баян сұлу» және Қарағанды кондитер комбинаттары халықты кондитер тағамдарымен қамтамасыз етуде.
Жүзім көп өсірілетін Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында шарап жасайтын зауыттар жұмыс істейді. Сонымен қатар елімізде минералды және таза бұлақ суларын, түрлі шырындар мен шөл қандыратын сусындар шығаратын өндірістердің ұлғайып келе жатқаны байқалады.
Алматы облысында егілетін темекіні пайдаланып жұмыс Алматы темекі комбинаты – Қазақстандағы тмемекі өндіретін негізгі кәсіпорын. Оны 1993 жылдан бастап Американың «Филип Моррис» фирмасы басқарып келеді. Компания Алматы облысының Шелек ауданында темекі өсіру бағдарламасын жасады.
Жеңіл өнеркәсіп халықтың жеке сұранысын қанағаттандыратын әр түрлі өнім түолерін шығарады. Бұл – индустрияның ең қарқынды саласы. Бұым дайындауда дәстүрлі кәсіпті меңгерген,көркемдік мәдениеті мен талғамы жоғары жұмысшы күшіне деген сұраныс жеңіл өнеркәсіп саласының негізгі ерекшелігін айқындайды.
Ғылыми – техникалық прогресс жеңіл өнеркәсіптің дамуына күшті әсер етуде. Бұл шикізат базалары саласының өзгеруінен және жаңа техника мен технологияны пайдалануынан байқалады. Жеңіл өнерңәсіп құрамындағы жартылай дайын және дайын өнімдердің сапасына, оларды безендіруге байланысты талап күн сайын артуда. Киім үлгілерінің жылдам ауысып отыруы жеңіл өнеркәсіп құрал – жабдықтары мен өндірістің ұйымдастырылуына да жаңалықтар енгізуге мәжбүр етуде.
Жеңіл өнеркәсіп құрылымының біршама күрделі екенін байқауға болады. Ол табиғи немесе химиялық шикізаттарды қайта өңдеудің технологиялық кезеңдерінен тұрады.
Жеңіл өнеркәсіп құрамына кіретін салалар орналасу принциптеріне байланысты республика аумағында әр түрлі тараған. Мысалы, шикізат өндірістері (мақта тазалау зауыттары, жүн жуатын фабрикалар, жүнді өңдейтін кәсіпорындар) ауыл шаруашылығы шикізат базалары бар жерге шоғырланады. Шикізат өндірістері АӨК – тің құрамына кіреді. Тоқыма, былғары, тері т.б. кәсіпорындар кәсіби жұмыс күші және тұтынушылары бар қалаларда орналасады.
Соңғы жылдары тұтынушыға қажетті дайын өнімнің (тігін, тоқыма, кілем және тері бұйымдары, бас киімдер, былғарыдан тігілген бұйымдар – аяқкиім т. б.) үлесі артып келеді. Дайын өнімнің бағасы жартылай дайын өніммен (мақта, былғары, тері) салыстырғанда жоғары. Дайын бұйымдарды сыртқа шығару жеңіл өнеркәсіп өндірісі үшін де тиімді.
Жеңіл өнеркәсіптің аса маңызды салаларының бірі – тоқыма өнеркәсібі.
Ол – шаруашылықтың ежелгі саласы. Қазақстандағы тоқыма өнеркәсібі қазіргі заманғы техникамен жабдықталған, машиналы өндіріске айналып отыр.
2003 жылғы есеп бойынша Қазақстан экономикасындағы тоқыма және тігін өнеркәсібінің үлес салмағы 1,8 % — көрсетті.
Мақта мен жүн тоқыма өнеркәсібінің шикізаттарына жатады. Мақта дайындау процесі бірнеше саыдан тұрады. Мақтаны тазарту және жүн жуу кәсіпорындары шикізат көзіне жақын орналастырылады.
Мақта тазалау зауыттары Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент, Түркістан қалалары мен Мақтаарал елді мекенінде орналасқан.
Жүн жуу комбинаттары Семей мен Тараз қалаларында салынған. Алдын ала өңдеуден өткен мақта мен жүннен жіп иіріліп, боялып, мақта мата комбинаттарына жіберіледі.
Мақта мата өнеркәсібі мақтадан әр түрлі (шыт, бөз, түкті мата, дәке т. б.) маталар шығарады. Мақтадан жасалған маталардан іш киім, сырт киім, көйлек, киімнің ішкі астары, сәндік бұйымдар т. б. тігіледі. Маталарды жасап шығару процесі, мысалы матаны бояу, оған әртүрлі түсті суреттер түсіру т. б., кәсіпорынның арнайы мамандануын талап етеді.
Тоқыма өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорны – Алматы мақта мата комбинаты. Жүннен тоқыма бұым жасап шығаратын өнеркәсіп. Мақтадан жасалған матамен салыстырғанда, жүннен тоқылған матаның құрылымы мен пайдаланылуы күделірек. Мұндай матаға машинамен тоқылған жартылай жұқа мауыты маталар жатады. Жүннен тоқылған маталар тоқыма өнеркәсібінде ең қымбат маталар қатарында. Қарғалы мен Қостанай комбинаттарында дайындалған жоғары сапалы жүннен тоқылған маталардан пальто, костюм тігіледі.
Сонымен қатар елімізде тігін, трикотаж, галантерея, шұлық шығаратын т. б. кәсіпорындар бар. Тігін комбинаттары қалаларда және аудан орталықтарында жиі кездеседі.
Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Жезқазған қалаларында трикотаж бұйымдарын шығаратын фабрикалар орналасқан.
Шұлық шығаратын фабрикалар Семей, Қарағанды, Шымкент қалаларында орналасқан. Астана қаласында жүн иіретін комбинат, ал Өскеменде жібек маталарын шығаратын комбинат жұмыс істейді.
Халықтың жеңіл өнеркәсіп бұйымдарына сұранысын қанағаттандыру мақсатында елімізде ұсақ және орташа кәсіпорындар құрылып, олар тері мен былғары бұйымдарын шығарады. Былғары және былғарыдан жасалған бұйымдар мен аяқкиім өндірісінің Қазақстан экономикасындағы үлес салмағы 2003 жылғы есеп бойынша 0,1 % — ды құрады.
Орал, Қызылорда, Тараз, Қостанай қалаларында орналасқан былғары, тері илеу зауыттарының елімізде маңызы зор. Тері илеу зауытттарында қой терісі және құндыз, түлкі, қасқыр, ақ тышқан, қоян терілері де өңделеді.
Аяқкиім өнеркәсібі. Аяқкиім тігу үшін қажетті шикізат түрлері әр түрлі болғандықтан (былғарыдан, мақтадан тігілген, резеңке мен пластмассадан жасалған), аяқкиім түрлері де көп. Аяқкиім өнеркәсібін тұтынушыға және шикізат көздеріне жақын орналастыру тиімді. Негізгі кәсіпорындары Алматы, Семей, Тараз, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Талдықорған қалаларында орналасқан. Бұл кәсіпорындарда аяқкиім шығару халықтың сұранысын қамтамасыз ете алмайды, сол себебті елімізге аяқкиім түрлері сырттан әкелінеді. Ал былғары шикізаттары жеткілікті болғандықтан – еліміз сыртқа шығарады. Халықтың тұрмыс қажетін өтейтін жеңіл өнеркәсіптің тағы бір саласы – фосфор – фаянс бұымдары. Ол, негізінен, Астана және Қапшағай қалаларында орналасқан.