Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының мал өнімдерін өндіру үшін мал өсірумен айналысатын саласы. Мал шаруашылығы халықты азық –түлікпе (сүт, май, ет, т. б.) жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін шикізатпен
( жүн, тері, ет өнімдері қалдықтары т.б.) ауыл шаруашылық өндірісін күш – көлік ( ат, өгіз, түйе, т.б.) және тыңайтқышпен қамтамасыз етеді. Мал шаруашылық өнімдері мен оның қалдықтарынан мал азықтары ( майы алынған сүт, ет –сүйек, және сүйек ұндары, т. б. ), дәрі –дәрмектер мен биологиялық белсенді ( активті ) заттар ( емдік сарысулар, гормонды қосылыстар, т.б.) алынды. Мал шаруашылығы салаларына сиыр, қой, ешкі, жылқы және түйе шаруашылықтары жатады.
Мал шаруашылығының тарихы осыдан 10 мың жылдай бұрын жабайы жануарларды қолға үйрету кезеңінен бастау алады. Алғашқыда мал шаруа-шылығы табиғи сипатта дамығандықтан малдардың өнімділік бағыттары мен тұқымдары санын ұлғайтуға жеткілікті жағдайлар болмады. Мал тұқымдарын шығарудың қарқын алуы мал шаруашылық өнімдерін өндіру тауарлары сипат алған капиталистік қатынастардың өркендеуімен тығыз баыланысты жүрді. Мыңдаған жылдық тарихы бар мал шаруашылығының Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуындағы орны ерекше болды. 20-ғасырдың басына дейін адамдардың әл – ауқаты мен тұрмыс тіршілік деңгейі түгелге жуық мал шаруашылығының өркендеу деңгейімен анықталды. Қазақстан жерінде мал шаруашылығы ежелден жайылым ауыстырып отыруды талап ететін көшпелі жүйе бойынша дамығандықтан негізінен қой, ешкі, жылқы және түйе өсірілді. Салыстыр — малы түрде күтімді және құнарлы азықтарды көп қажет ететін сиырдың кең таралуы, сондай – ақ, қазақ төрт түлік мал санатына қоспайтын шошқа өсірудің қолға алынуы 19 – 20 ғасырларда Ресейден орыс шаруалары – ның қоныс аударып келе бастауымен тығыз байланысты. Сол кездерде Орталық Қазақстан аймағындағы мал шаруашылығы ерекшеліктерін анықтау мақсатында жүргізілген зерттеулер нәтижесі мал түрлері үлес салмағының төмендегідей болғандығын көрсетті.
Қазақстанда 19 – гасырдың соңына дейін негізінен қой, ешкі, түйе және жылқы түліктері өсірілуінің бірнеше басты себептері бар. Жер аумағының 70 % — ға жуығын (182 млн га) осы малдарды өсіру арқылы тиімді пайдалануға болатын жайылым алқаптары алып жатты, айтылған малдар жергілікті табиғат жағдайларына барынша бейімделді, жыл бойына дерлік жайылым азығын пайдаланып өсіп — өнді , сонымен бірге, жергілікті халық олардың өзіндік құны төмен және зор сұранысқа ие өнім түрлерін өндіру мен оларды өңдеудің тиімді технологияларын (ет, май, сүттен, тағам, жүн теріден киім – кешек, көшпелі баспана – киіз үй жасау) жақсы меңгерді. Әр түрлі аймақтардағы мал шаруашылығының дамуы мен тұқым түрлерінің үлес салмағына қатысты аудандардың жер, су, ауа райы ерекшеліктері үлкен әсерін тигізеді. Сиыр өсіру ежелден – ақ топырағы құнарлы, шалғынды аймақтарда нәтижелі жүргізілсе, шөл және шөлейт жерлерде малдың негізгі бөлігін (80 % -дан аса) уақ малдар ( қой, ешкі) құрады. Қазақстанда 1916 ж. 18,4 млн бас қой мен ешкі, 4,3 млн жылқы, 733 мың түйе, 5,0 млн бас сиыр өсірілді. 1918 – 21 ж. Азамат соғысы мен бірнеше рет қайталанған жұт нәтижесінде мал саны 1916 жылмен салыстырғанда 3 еседен аса төмендеді. 1923 – 29 ж. аралығында ауыл шаруашылығын игеруге қолданылған жан – жақты шаралар барысында мал саны қайтадан 1916 жылғы деңгейіне жеткізілді. Алайда, 1930 – 33 ж. ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру науқанында жіберілген қателіктер салдарынан мал басы 10 еседен аса қысқарды. Республика мал шаруашылығын қалпына келтіруде 1932 ж. Орталық комитет қабылдаған «Қазақстан мал шаруашылығы туралы» шешімінің маңызы зор болды. Әрбір отбасына 100–ге қой – ешкі, 8–10 сиыр, 3–5 түйе мен 8 – 10 жылқы ұстауға рұқсат берді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен өндірісті жоспарлы түрде дамыту, жаңа жерлерді игеру және отыршылық өмір салтының орнығуы мал шаруашылығының жаңа бағыттары – сүтті және етті ірі қара шаруашылығын, биязы және биязылау жүнді қой шаруашылықтарын, қаракөл қойы шаруашылығын өркендетуге кең жол ашты. 1934–90 ж. аралығында ұжымдық және кеңестік шаруашылықтар жұмысының жүйелі ұйымдастырылуы мал шаруашылығының барлық салаларын айтарлықтай жоғары қарқында дамытуға мүмкіндік берді. 1990 – 92 ж. Қазақстанда малдың 51, оның ішінде 18 қой, 11 мүйізді ірі қара, 13 жылқы, 3 түйе тұқымары мен тұқымдық топтары өсірілді. Олардың жартысына жуығы 12 қой, 4 сиыр және 3 жылқы тұқымы Қазақстан ғалымдары мен мал шаруашылығы саласы мамандарының бірлескен жемісті еңбегі нәтижесінде шығарылды. Осы мал тұқымдарының теңдік қорын тиімді пайдалану, зоотехникалық талаптарға сай азықтандыру мен бағуға негізделген технологиялардың кеңінен қолданылуы жыл сайын 1,5 млн т. ет ( сойыс салмағымен ), 5,5 млн. т. сүт, 100 мың т. (табиғи) жүн және 1700 мың данаға жуық қаракөл елітірісін өндіруді қамтамасыз етіп келді. 1990–2000 ж. ауыл шаруашылығын реформалауда жіберілген кемшіліктер салдарынан мал саны күрт кеміді, оның ішінде сиыр 2,4, қой мен ешкі 3,7, жылқы 1,7 түйе 1,5 есе азайды. Нәтижесінде негізгі мал шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі 2,5 – 3,0 есеге дейін қысқарды. Бұл ауыл халқының әлеуметтік жағдайының күрт нашарлауына алып келді, республика бойынша жан басына шаққанда ет және ет өнімдерін тұыну мөлшерінің 73 кг – нан 40 кг – ға , сүт және сүт өнімдерінің 311 кг – нан 208 – ға дейін төмендеуіне әкеліп соқты (ғылыми негізделген мөлшерден 2 еседей аз). Ел экономикасының тұрақталуына байланысты, 2000 жылдан бастап мал шаруашылығында оңды өзгерістер орын ала бастады. 1999 – 2000 жылдармен салыстырғанда, 2004 ж. сиыр 24,0 – 22,7 % — ға , оның ішінде аналық сиырлар 16 – 15,4 % — ға, жылқы 5,4 – 7,2 % — ға, түйе 18,0 – 17,6 % — ға көбейді. Бұл ретте ірі қарамен (сиыр, жылқы, түйе) салыстырғанда, уақ малдар саны (қой, ешкі) 20 ғасырдың 90 – жылдарының басында тез кеміген болса, ал қазір қарқындырақ артып отырғандығы байқалады. Бірінші жағдай реформаның алғашқы жылдарында уақ малдың баспа – бас есеп айыру құралы ретінде қолдануға тиімді болғандығымен, ал екінші жағдай олардың өсімталдық қасиеттерінің жоғарылығымен түсіндіріледі. Қазіргі уақытта барлық сиырдың 87,3 % — ы жеке меншікте, 6,2 % — ы шаруа қожалықтарында, 6,5 % — ы мемлекеттік ауыл шаруашылық мекемелерінде жиналталған. Бұл көрсеткіштер қой мен ешкі түліктері бойынша 80,2; 12,3 және 7,5 % — ға, жылқы түлігі бойынша 83,8; 10,6 және 5,6 % — ға, түйе түлігі бойынша 75,7; 11,3 және 13,0 % — ға сәйкес келеді. Ауыл шаруашылығы мекемелерінің шаруа қожалықтарына бөлінуінің артықшылығы ретінде 2000 жылдан бастап жеке және шаруа қожалықтарында орынсыз мал шығынына жол бермеу нәтижесінде соңғы 3 – 4 жылда түлік түлектері бойынша мал санының орташа өсімі 3 – 10 % — ға, ет, сүт өнімдерін өндіру 3 – 6,5 % -ға тұрақты артып келеді.
Мал шаруашылығы – қазақ халқының ата – бабаларынан қалған дәстүрлі кәсібі. Қазақстандағы мал шаруашылығының жетекші салалары – қой, ешкі, мүйізді ірі қара, жылқы, түйе шаруашылықтары. Шошқа, марал, құс, ара және жібек құртын өсіру – мал шаруашылығының қосымша салалары. Орасан мол табиғи жайылым мен шабындық жердің Қазақстанның мал шаруашлығын өркендетудегі маңызы зор.
Қазақстанның табиғи жайылымыды дала, шөлейт, шөл зоналарында және биік таулы аудандарында қой шаруашылығы дамыған.
Еліміздің табиғи жағдайы қой шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы.
Республикамыздағы қой шаруашлығы көп таралған өңірлер Оңтүстік, Батыс, және Шығыс Қазақстан аудандары.Қой шаруашылығы бірнеше бағытта дамыған. Қазақстанда биязы және жартылай биязы жүнді, жүнінің технологиялық сапасы жоғары арқар – меринос, ет – май бағытындағы еділбай тұқымды, елтірі беретін қаракөл тұқымды қойлар өсіріледі.
Биязы және жартылай биязы жүнді қой шаруашылығы еліміздің оңтүстігіндегі астықты аймақтары мен биік тау шалғындарында өркендеген.
Арқар – меринос тұқымды қой шаруашылығы биік таулы альпілік және субальпілік шалғындарда өсіріледі.
Ет – май бағытындағы еділбай тұқымды қой шаруашылығы шөлейт және шөл зоналарындағы аудандарда кеңінен таралған.
Елтірі беретін қаракөл тұқымды қой шаруашылығы шөл арқылы өтетін өзен бойларында, Маңғыстау түбегінде және Оңтүстік Қазақстан облысында мамандандырылған.
Еліміздің солтүстігіндегі орманды дала және дала зоналарында, сонымен бірге биік таулы аймақтарда етті – сүтті мүйізді ірі қара малы өсіріледі. Себебі бұл жерлер малды шырынды азықпен қамтамасыз етуге қолайлы.
Етті – сүтті ірі қара өсіру – республиканың егіншілікке маманданған бөлігі – Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстанның тау бөктерлеріндегі аудандарға тән. Ондағы жазық өзендердің аңғарларындағы мен көлдердің қазан шұңқырларындағы шүйгін шабындық жер және тау бөктерлері етті – сүтті мүйізді ірі қара мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы. Мүйізді ірі мал басының өнімділік дәрежесі әр түрлі. Шырынды азықпен қамтамасыз етуге қолайлы солтүстік аудандарда сүтті – етті, ал қала халқы тығыз орналасқан аудандарда сүт бағытындағы ірі қара өсіруге маманданған.
Мүйізді ірі қара малын жайылымда немесе қолда ұстап бағады. Қазақстандағы асыл тұқымды мүйізді ірі қарадан ерекше көзге түсетіндері сүтті – етті ірі қырдың қызыл сиыры, алатау сиыры, талас сиыры және қазақтың етті – сүтті ақбас сиыры.
Республикамыздың барлық аудандарында жылқы шаруашылығымен айналысады. Жалпы көшпелі тұрмыс кешкен халықтардың көне заманнан бергі ең көп өсірген малы және төрт түліктің ішіндегі қастерлеп пір тұтаты – ны – жылқы. Тарихи деректер бойынша жылқының ең алғашқы қолға үйретілген негізгі отаны Шығыс Еуропаның далалық аймағы, Орталық Азия және Қазақстан деп саналады, Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда 1,3 млн жылқы болса, қазір оның саны 950 мыңдай.
Қазіргі кезде Қазақстанның арнайы жылқы өсіретін заводтары мен шаруашылықтарында жылқының 17 қолтұқымы өсіріледі. Қазақстанда ерте кезден бастап өсіріліп келе жатқан қолтұқымның бірі – қазақы жылқы. Ол жергілікті халық көлік ретінде әрі еті мен сүтін пайдалану үшін өсіріледі.
Қазақы жылқының өзін жабы жылқысы, адай жылқысы, көшім жылқысы, қостанай жылқысы деп бөледі.
Жабы жылқысын күш көлігі ретінде пайдаланады. Қалың қарда тебіндеп жайылады әрі қысқы аязға шыдамды келеді. Биелері тәулігіне 18 – 20 литр сүт береді. Жабы жылқылары Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір шаруашылықтарында өсіріледі. Мысалы, Ақтөбе облысындағы «Мұғалжар», Қызылорда облысындағы «Құланды», Алматы облысындағы «Басши» жылқы заводтарында бар.
Адай жылқысы салт мініске қолайлы, жүріске жеңіл әрі жүйрік. Қазақстанның батыс аймағының табиғат жағдайларына бейімделген. Биелері тәулігінде 12 – 15 литр сүт береді. Бұл жылқы негізінен Атырау мен Маңғыстау облыстарының шаруашылықтарында өсіріледі. Мысалы, Маңғыстау облысындағы «Құланды» және «Түнқараған» шаруашылықтарында адай жылқысының негізгі тобы таралған.
Көшім жылқысы қара жұмысқа әрі ұзақ жүріске шыдамды. Бұл жылқының негізгі топтары Батыс Қазақстан облысындағы «Красногор», «Пятимар», Ақтөбе облысындағы «Мұғалжар», Алматы облысындағы «Дегерес», «Алғабас», «Қызылағаш» және Жамбыл облысындағы «Құлан» жылқы заводтарында өсіріледі.
Қостанай жылқысы салт мінуге, көлік ретінде жегуге қолайлы әрі жүрдек келеді. Олар қыста қорада ұсталып, жазда жайылымға шығарылады. Қостанай облысының жылқы шаруашылығы жақсы дамыған.
Түйе шаруашылығы еліміздің неғұрлым шөлді аудандарында Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі. Шөл, шөлейт және дала зоналарындағы аудандарда түйе өсірумен айналысады. Өйткені олар жыл бойы жайылымда болады. Түйе шөлге төзімді, тікенекті, сораңды шөптермен коректенеді. Бірнеше күн су ішпей, ауыр жүк тарта алады. Қазақстанда 92 мыңнан астам түйе бар.
Халқымыз түйенің етін, сүтін және жүнін күнделікті тұрмыс қажеттіктеріне пайдаланады. Түйе сүтінен шұбат дайындалады, оның емдік қасиеті жоғары.
Марал шаруашылығы – мал шаруашылығының ерекше және шағын саласы. Марал шаруашылығымен Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданы айналысады. Маралдың еті мен терісін азық және киім ретінде пайдаланады. Мүйізінен құнды дәрі – дәрмек жасалады.
Құс өсіру шаруашылығы ірі өнеркәсіп орталықтарында, қалаларға, астық өндіретін кәсіпорындарға таяу аудандарда шоғырланған. Құс шаруашылығы толығымен өнеркәсіптік технологиямен жұмыс істейді. Онда жұмыртқа мен құс еті өндіріледі. Құс шаруашылығымен республикамыздың Солтүстік, Орталық , Оңтүстік Қазақстан облыстары айналысады.
Омарта шаруашылығы Алтайдың, Жоңғар Алатауының және Тянь –Шаньның шырынды өсімдіктер көп өсетін биік тау бөктерлерінде орналасқан. Еліміз Алтайдың тау балын мақтан етеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Путинцево шаруашылығы ерекше көзге түседі.
Жібек құрты Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаға қосымша шаруашылық ретінде өсіріледі. Ол тұт ағашы жапырағымен коректенеді де, талшық береді.
Қой шаруашылығы – қой өсіру мал шаруашылығының негізгі салаларының бірі. Жеңіл өнеркәсіптер үшін (жүн, тері, елтірі) , бағалы азық – түлік (ет, май, сүт) өнімдерін береді. Қой өсіру адамзат тарихында неолит дәуірінен басталады. Қола дәуірінде Орталық Азия тайпалары қылшық жүнді қой өсірген. Биязы және биязылау жүнді қой тұқымдары осы кезеңде Кіші Азияда шығып, дүние жүзіне тараған.
Қой өсіру қазақ халқының ата кәсібінің бірі болып табылады. Төрт түлік малдың ішінде жылқы мен қойға ерекше мән берген қазақ халқы қой жаюдың, оны көбейту мен тұқымын асылдандырудың өзіндік әдіс – тәсілдерін қалыптастырған. Мал шаруашылығына қолайлы табиғи ортаның мол болуы, соған орай қыстау, көктеу, жайлау, күзеумен байланысты көшпелі өмір салтының орнығуы қазақ халқының дәстүрі Қой шаруашылығын берік қалыптастырғандығының айғағы. Қазақстанда негізінен қылшық жүнді қазақы қой өсірілді. 19 ғасырдың соңына қарай Ақмола, Семей, кейінірек торғай және Жетісу өңіріне орыс шаруалары меринос тұқымдарын ала келді. 1913 ж. қазіргі Қазақстан жерінде 19,6 млн. уақ мал болды. Азамат соғысы жылдары өзге түліктермен бірге қой саны да азайып, (1929 ж. – 8,8 млн.), елдегі мал шарушылығына үлкен нұсқан келтірді. Кеңес өкіметінің жаңа экономикалық саясатына байланысты 1928 жылға дейін дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшеліктері ішінара сақталып қалды. Сол жылғы үкімет қаулысынан кейін елдегі ірі байларды жаппай кәмпескелеудің соңы мал шаруашылығын, оның ішінде Қой шаруашылығын да қатты күйзеліске ұшыратып, 1930 – 32 жылдардағы ашаршылыққа алып келді.1936 ж. республикада небәрі 4,3 млн. қой қалды. Күштеп ұжымдастыру науқанынан кейін қазақ халқының дәстүрі Қой шаруашылығының қарқынды дамуына тежеу салынып, 1928 – 85 жылға дейінгі аралықта Қой шаруашылығының кеңестік жүйесі қалыптасып, дамыды. Қой тұқымдарының санымен қатар сапасын да көтеру шараларының нәтижесінде 1960 ж. республикадағы барлық қойдың 84,6 % — ы, 1974 ж. 99,99 % — ы, 1980 ж. 100% -ы асыл тұқымды мал тобына жатқызылды. Сондай-ақ, 1966 – 70 ж.уақ малдан алынатын ет өнімдері орта есеппен – 471,3 мың т, 1981 – 83 ж. – 493.3 мың тоннаға жетті. Қойдың мол өнімді жаңа тұқымдары – қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқар – мериносы, солтүстік қазақ мериносы, қазақтың оңтүстік мериносы, дегерес қойы, т. б. шығарылды. 1984 жылдың басында Қазақстанда 36567,8 мың (барлық шаруашылық түрлерінде) қой болды. Қой саны жағынан Қазақстан КСРО бойынша 2-орын (Ресейден кейін), қаракөл елтірісін дайындау жағынан 1-орын алды. Қазақстан шаруашылығы , әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан (Семей), Жамбыл, Алматы облыстарында қарқынды дамыды. Жаңа тұқым шығару мақсатында Қазақстандағы таңдаулы қой тұқымдары мен шетелдік тұқымдар; австралия мериносы, австралия корриделі, линкольн қойы, ромни – марш қойлары, т. б. пайдаланылды. Қазақстанда Қой шаруашылығының дамуында негізгі үш бағыт айқындалады. Олар елдің табиғи климаты, жем – шөп, жайылым жағдайы, қойдың биологиялық ерекшеліктері, т. б. байланысты төмендегіше 3 аймаққа бөлінді: 1) далалық, қуаң – шөлейт, аймақтар мен оңтүстік таулы өңір. Мұнда биязы және биязылау жүнді қой тұқымдары (барлық қойдың 65 %-ы ) өсірілді. 2) шөл және шөлейт аймақ. Бұл жерлерде негізінен етті – майлы, ұяң не қылшық жүнді қойлар (барлық қойдың 16 %-ы ) шоғырланды. 3) Қаракөл қойлары өсірілетін оңтүстік және батыс аймақтар. 1990 жылдың басында 1250, оның ішінде 702 арнайы мамандандырылған ірі қой шаруашылықтары болды.
Алайда экономиканың өзге салалары секілді Қой шаруашылығы да кеңестік науқаншылдыққа ұрынып, қой санын 50 млн – ға жеткізу туралы елдің нақтылы мүмкіндіктеріне сай келмейтін қисынсыз жоспарлар жасалынды. Жоспарды орындау мақсатында қойды қолдан жасанды ұрықтандыру тәсілі кең етек жайып, асыл тұқымды қойлардың азып – тозуы мен миллиондаған елтірінің шын мәнінде жарамсыз қалуына, кеңестік жалған ақпардың белең алуына алып келді. Мал өнімдерін өңдеу, жаңа технологияларды игеру, т.б. мәселелер кенже қалды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы экономикалық дағдарыстар мен формалар нәтижесінде Қой шаруашылығы елеулі түрде құлдырады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 12,3 млн. уақ мал бар (2004). Мұның негізгі бөлігі жеке – меншік иелікте өсіріледі.
Жылқы шаруашылығы – мал шаруашылығының негізгі бір саласы. Бұған жылқы санын көбейту, сапасы мен өнімін арттыру, әр түрлі мақсаттарда (ет және қымыз өндіруге, күш көлігі ретінде, спорттық жарыстарға қосуға, шет елдерге сатуға, т. б.) тиімді пайдалану жатады. Жылқы өнеркәсібі және бие сауу қазақ халқының ата кәсібі болып табылады. Қазақ халқы жылқыны үйірге (25 – 30 бие) бөліп, жақсы тұқымынан айғыр салатын болған. Мұндай айғырлар үйірін шашау шығармай, ит – құсқа жегізбей, қысы – жазы қорғайды. Бірнеше үйір қосылып қос құраған. Бір қоста 500 – ден 1000 – ға дейін жылқы болады. Айғырдан шыққан биелер 10 айдан кейін (сәуір-мамыр айларында) құлындайды. Құлындар отығып, жетілген кезінде байланып, бие сауылады. Алғашқы кезде бие тәулігіне 3 немесе 4 рет сауылады, ал одан кейін саууды көбейте береді (5 – 6 ретке дейін).
Ағытылған бие құлынымен бірге жайылымда бағылады. Қазақ халқы биені 6 ай бойы сауады. Бие қымызының химиялық құрамы үнемі тұрақты бола бермейді, ол малдың физиологиялық күшіне, азықтандырылуына, күтіп – бағылуына және тұқымына қарай өзгеріп отырады. Қымызда 1,8 – 2,2 % — дай белок болады, сондай – ақ адам денсаулығына қажетті витаминдердің барлығы кездеседі. Әсіресе қымыз А және С витаминдеріне бай. Жылқы етінің сапасы өте жоғары, сіңімді. Сондай – ақ, жылқыдан көптеген мал ауруларын емдеу үшін қолданылатын қан сарысуы алынады. Қазір Қазақстанда 1 млн – нан астам жылқы өсіріледі (2002). Жылына олардан 40 мың тоннадан астам ет, 35 мың тоннаға жуық қымыз өндіріледі. Жылқы өндірудің жалпы мамандандырылу бағыты республикамыздың табиғи – шаруашылық аймақтарына байланысты айқындалған. Жылқының асыл тұқымдарын көбейту мақсатында Қазақстанда 13 асыл тұқымды жылқы заводттары (Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, т.б. облыстарда), жылқы тұқымын асылдандыратын 39 мемлекеттік шаруашылықтар (Ақтөбе облысы, Атырау облысы, т.б.) ат жарыстыратын алаңдар және асыл тұқымды жылқы фермалары ұйымдастырылған. Қазақстанда асыл тұқымды жылқы саны 9 мыңнан асты (2000). Республикада жылқының міністік, сыдыра желісті тұқымдары және қазақ жылқысы өсіріледі. Дала және құрғақ дала аймақтарында жылқы негізінен жұмыс көлігі ретінде пайдаланылады. Қуаң, қуаңшылық және тау бөктеріндегі аймақтарда ауа райы жылы, жылқыны жыл бойы жайылымда бағудың мүмкіншілігі бар. Бұл жерлерде жылқы шаруашылығы ет алу мақсатында ұйымдастырылған. Қазақстанның кең байтақ жайылымы бар орталық, оңтүстік, шығыс және батыс аймақтарының көптеген аудандарында жылқы үйірлеп бағылады. Жықыны үйірлеп бағудың бірнеше әдісі бар. Бос бағуда жылқы жыл бойы жайылымда болады, қатты боран не көк тайғақ болғанда ғана пішен, жем беріледі. Табындап баққанда жылқы жынысына және жасына қарай табынға бөлінеді. Шаруашылықтағы жылқының санына байланысты табынды 150 – 180 бие, 180 – 200 бойдақ жылқы, ал жазық далада 350 жылқыға дейін болады. Боран және аяздан қорғау үшін жайылымда жеңіл – желпі жылқы қора, қалқа, ықтасын лапас салынады, құдық қазылады, суаттар жасалады. Жайылым орталығына әр жылқыға 3 – 5 центнер пішен, 0.5 – 1 ц. жем қорын дайындайды. Құлынды 10 – 12 айлығында енесінен айырады. Қорада не қоршалған шарбақта 1 айғырға 20 – 25 биеден үйірлеп шағылыстырады. Қолда ұстап баққан жылқыны қыста ашық, жылы күндері шығарады, қатты боран, аязды күндері қорада ұстап, пішен және жем береді. Орта есеппен әр жылқыға 30 ц пішен, 6 – 8 ц жем дайындайды. Қолда ұстап баққанда бие мен айғырды сұрыптап таңдап алып шағылыстырады және қолдан ұрықтандырады. Жылқыларды 1,5 жасында мінуге, жегуге үйретеді, үйірдегі жылқыны таңбалайды. Биелерді қорада құлындатады. Құлындаған биелерді күн жылынғанша құлынымен бірге қорада ұстап, құнарлы пішен мен жем береді. Құлынды 6 – 8 айлығында енесінен айырып бөлек күтеді. Қазақстанның оңтүстік, орталық және батыс аймақтарында бие сәуір – мамырда құлындайды. Ерте туған құлын күзге дейін өсіп жетіледі де қыста бағуға көнбісті келеді. Ет өндіру бағытында жылқы өсіру кезінде жыл басында табын құрамында 35 % бие, 6 % байтал, 14 % ұрғашы тай, 14 % ұрғашы жабағы, 2 % айғыр, 5 % құнан, 10 % еркек тай, 14 % еркек жабағы, ет – сүт бағытында өсіргенде 45 % бие, 5 % байтал, 5 % ұрғашы тай, 18 % ұрғашы жабағы, 2 % айғыр, 4 % еркек тай, 18 % еркек жабағы болуы қажет. Қазақстанның әрбір аймақтарының табиғи экономикалық жағдайларына байланысты асыл тұқымды фермада ат қора – жайылым (көбінесе, қолда ұсталады) әдісін қолданғанда ат қорада әр жылқыға 10 – 14 м2 орын болады; ат қораның ауласын екіге бөледі: ат биенің күйтін байқайтын және шағылыстыратын алаң; ә) Тай мен құлындарды үйрету және баптау алаңы.Ат қораларда тайлар мен құнандарды жаттықтыратын және айғырларды серуендететін тапталған жол жасайды. Асыл тұқымды жылқы өсіретін фермасы жанынан мал емханасы салынады. Асыл тұқымды фермада жайылым – ат қора (көбінесе жайылымда бағылады) әдісін қолданғанда бие, айғыр және жас жылқылар тұратын жылқы қораларын салады, бас үйрететін және жаттықтыратын алаң жасайды. Жаттықтыруға және сатуға бөлінген жылқыны жеке қорада ұстайды. Ат қора жанына мал емханасын салады.
1998 жылдан бері мал мен құстың барлық түрі санының тұрақтану үрдісі байқалады, 1998 жылмен салыстырғанда 2001жылы өсім мынадай болды: мүйізді ірі қара мал-8,5%, қой-9,7, түйе-8,3 және құс-24,4, ал жылқы 1998 жылғы деңгейде қалды.
Мал шаруашылығы өнімін өндірудің қазіргі көлемі ішкі рыноктың төлем қабілетті сұранысының деңгейімен сәйкес келеді. Ішкі рыноктың сыйымдылығы шектеулі және өзінің табиғи өсу қарқыны болғанымен халықтың төлем қабілетіне тәуелді. Сондықтан мал шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрі ішкі рынокқа — сүт өндірісіне, сондай-ақ құс, жылқы шаруашылықтары өнімдерін өндіруге бағдарланған.
1990 жылдары сүт өндірісінің жалпы көлемінің 61% және ет өндірісінің жалпы көлемінің 71% қайта өңдеу кәсіпорындары арқылы өңделді. Бүгінгі таңда өңдеу деңгейінің төмендеуіне байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ішкі рынокта шикізатты: сүттің — 92% және еттің — 85% дейін бастапқы өңдеусіз сатуға мәжбүр.
1990 жылмен салыстырғанда барлығы 209 асыл тұқымды шаруашылық қана қалды. Асыл тұқымды мал басының үлес салмағы: ірі қара мал-15%- дан 2,9%-ға дейін, қой -19-дан-3,8%-ға дейін, жылқы-9-дан-1%-ға дейін, құс-20-дан 01,8%-ға дейін қысқарды, бұл республикамыздың асыл тұқымды төлге мұқтаждығын тек 5-8%-ға ғана өтей алады
Мал шаруашылығындағы мал тұқымын асылдандыру ісін қаржылай қолдаудың көлемі аз болуы малдың жасы мен жынысы бойынша топтарын есепке ала отырып, асылдандыру ісін қаражаттандырудың анық тетіктерінің болмауы малдардың гендік қорын сақтау және молайту саласындағы қиын жағдайды түзете алмайды.