Бүйрек — құрсак қуысында I — II бел омыртқа тұсында орналасқан жұп безді мүше. Бүйрек құрсақ қуысының артын ала, ішперденің сыртында байламдарға байланып, жоғарғы жақтары бір-біріне шамалы жақын орналасады. Бауыр қысымында болғандықтан, оң бүйрек сол бүйрекке қарағанда жарты омыртқадай төмен орналасады. Бүйректердің артқы беттері көкет етегімен және белдегі шаршы бұлшықеттермен, ал алдынан ток ішектің өрлеме және төмендеуші бөліктерімен шектеледі. Бүйректің орны жас және жыныс ерекшеліктеріне байланысты өзгереді. Олар әйелдерде — төмендеу, ал жаңа туылған кезде одан да төмен, жамбас сүйегіне тіреліп жатады. Бүйректің ұзындығы —12 см, ені — 6 см, қалыңдығы — 4 см, салмағы —120 г. Бүйрек сыртынан жұқа, бірақ тығыз талшықты қабықпен қапталады. Екі бүйірі мен қақпа бойын май ұлпа қаптап, бүйректің майлы қабын құрайды. Ересектерде
Бүйректің беті тегіс, ал нәрестеде бұдыр болып келеді.
Бүйректің қабаттары немесе орнықты ұстайтын заттары. Бүйректі сыртынан жұқа талшықты қабат қаптайды. Оның сыртында, әсіресе қақпа бойында және артқы бетіне таман бүйрек миының қабаты болатыны жоғарыда сөз етілді. Майлы қабаттың сыртында бүйректің шандыр қабығы бар, ол талшықты қабатпен байланысып, екі жапырақша түзеді. Оның біреуі бүйректің алдында, екіншісі артына қарай бағытталады. Бүйректің шеткі жиегінде екі жапырақша бір-бірімен бірігеді де ішперденің сыртында жалғасады. Ортаңғы жиек жағындағы екі жапырақшалар бірімен-бірі бірікпей, алдыңғы жапырақшасы бүйрек алдындағы тамырларға, қолқаға, төменгі қуыс венаға жалғасады. Артқы жапырақшасы омыртқа денесінің алдынан орап, алдыңғы жапырақшаға бірігеді. Бүйректің жоғарғы ұшы жағындағы екі жапырақшалар бүйрек үсті безін қоса жауып, бірімен-бірі бірігеді де бүйректі жоғары жібермей ұстап тұрады, ал бүйректің төменгі жағы ондай жапырақшамен жабылмайды.
Бүйректің мекемденіп, қозғалмай тұруына құрсақ қысымы, бүйректің шандыр қабықтары, белдің үлкен бұлшықеттері, белдің шаршы бұлшықеті, қан тамырлары жағдай жасайды. Егер олар бүйрек маңында шамадан тыс азғындап кетсе, онда бүйрек орнында тұра алмай, жылжығыш болады. Оны «кезбе бүйрек» деп атайды. Мұндай бүйректі көтеріп, тігіп қоюға тура келеді.
Бүйректің құрылысы. Бүйректі екіге қак жарғанда оның ішкі қойнауы болады, ал қойнаудың ішінде тостағаншалар мен астаушалардың жоғарғы бөлігі орналасады. Сондай-ақ қойнауды (қақпадан басқа) айналдыра бүйрек заты қоршайды. Бүйрек заты қыртыстан және жұмсақ заттан құралады.
Бүйректің қыртыс және жұмсақ заттары. Қыртыс заты мүшенің шеткі қабатын түзеді. Оның қалыңдығы — 4 мм. Жұмсақ заты сүйір пішінді бүйрек пирамидаларынан түзілген. Пирамидалардың түбі (кең жағы) бүйректің беткі жағында, ал оның сүйір ұшы бүйрек қуысына бағытталады. Олардың екі немесе одан да көп сүйір үштары бірігіп, емізіктер құрайды. Ондай емізіктердің саны 12 болады. Әрбір емізіктің ұшында майда тесіктер болып, одан шыққан зәр тостағаншаға құйылады.
Қыртыс зат пирамидалардың арасында кірігіп орналасады. Оны бүйрек бағанасы дейді. Ондағы зәр түтіктерінін тамыры тік орналасқандықтан жолақты болып көрінеді. Жұмсақ затпен қыртыс заттың араласып орналасқан жерін сәулелі бөлігі, ал аралығын оралған бөлігі дейді. Екеуін қосып, қыртыс бөлігі деп атайды.
Бүйрек-күрделі түзілген түтікті без. Ол түтіктерді бүйрек немесе зәр түтіктер деп аталады. Бұл түтіктердің тұйық ұштары екі қабатты болып, оны қылтамыр қан тамырлары қоршап жатады. Ондай орамдар тостаған тәрізді шұңқырларда орналасады. Оны Шумлянский — Боу мэн капсуласы деп те атайды. Олардың барлығын қосып бүйрек денешігі дейді. Ондай денешіктер жай көзге қызыл болып көрінеді. Бүйрек денешігінен нефронның ирек түтігінің бастамасы басталады. Ол қыртыс заттың сәулелі бөлігінде жатады. Оның ұшы пирамидаға өтеді де қайтадан қайтып нефрон тұзағын түзеді де қыртыс затқа келеді.
Нефрон түтігінің соңғы бөлігі жинағыш түтігіне қосылады. Жинағыш түтікке бірнеше тік орналасқан түтіктер құйылады. Тік 15 — 20 қысқа түтікшелер емізік тесіктеріне ашылады. Бүйрек денешігі бүйректің құрылымдық бірлігі нефрон түзеді. Нефронның қызметі — зәр шығару. Әрбір бүйректе миллионға жуық нефрон болады. Нефронның қызметін дұрыс түсіну үшін оның қан жүйесіне байланыстыра қарастыру керек.
Бүйрек артериясы құрсақ қолқасынан басталады, ол бүйректің қақпасына келгенде оның жоғарғы ұшының артерияларына, төменгі ұшының артерияларына және бүйректің орталық артерияларына бөлінеді. Бүйректің ішіне кірген артериялар пирамида арасымен паренхима ішінде орналасқандықтан бөлшек аралық артериялары деп аталады. Ол тамырлардан пирамиданың түп жағын орап өтетін доғасы түзіліп, одан қыртыс заттың ішіне кететін бөлшек аралық артериялар шығады, ал әрбір бөлшек аралық артериялардан әкелуші тамыр шығады.