Организмнің орталық жүйке жүйесінің қатысуымен өтетін және ішкі-сыртқы тітіркендіргіштерге қайтаратын жауабын рефлекс деп атайды. Мәселен, төрт басты еттің сіңірін, тізеден төмедеу жерден балғамен жайлап ұрсақ, еттің жиырылуы нәтижесінен аяқ тізе буынынан дереу жазылады. Жарық көзге түссе, көздің қарашығы дереу кішірейеді, ауызға бір нәрсе түссе, сілекей бөлінеді. Рефлекстің (жүйке серпінің) жүретін жолын рефлекторлық доға деп атайды.
Рефлекторлық доға бес бөлімнен түзілген: бірінші – ағзалардан сезім мүшелерінен басталатын рефепторлар (сезімтал нейрондар ұштары), екінші – сезімтал жүйке нейрондарының афференттік жүйке талшықтары, үшінші – рефлекстің орталығы болып саналатын жұлын мен мидағы жүйке жасушаларының шоғыры, төртінші – қозғалтқыш нейрондардың жүйке талшықтары, бесінші – қызметке енетін ағзаларда аяқталатын эффекторлы жүйке ұштары.
Рефлекторлық доғаны жай және күрделі деп екіге бөлеміз. Жай доға құрамында (көп жағдайда) үшінші қосымша нейро қатысады. Ол жүйке серпінін сезімтал нейроннан қозғалтқыш нейронға беріп отырады. Осы жай доғадан да басқа ми бөлімдерінен өтетін, кейде ми қыртысына дейін баратын, көп нейронды рефлекторлық доғалар да болады.
Сонымен, қорыта айтқанда, бүкіл жүйке жүйесін (функциональды жағдаймен қарағанда) үш туынды элементтермен қарастырамыз.
- Рецепторлар (қабылдағыштар) афференттік (орталыққа тепкіш) сезімтал нейрондармен байланысты, олар пайда болған қозуды орталыққа өткізгіш (апарушы) нейрондар.
- Кондукторлар (өткізгіштер) қосымша немесе ассоциативті нейрондар. Олар жүйке қозуын орталыққа тепкіш нейроннан орталықтан тепкіш нейронға өткізеді.
- Эфференттік (орталықтан тепкіш) нейрон орталықтан шеткі жұмыс ағзаларына беретін эффекторға жеткізу, жауап беру реакциясын қамтамасыз етеді.
Эффекторлар дегеніміз жүйке серпіні жұмыс ағзасына (бұлшық етке, безге т.б.) бретін эфференттік нейрондар жүйке ұштары. Ал нейрондардың өзін эффекторлық нейрондар деп атайды.
Соңғы кезде ашық рефлекторлық доғамен қатар ағзаларды орталықпен кері байланыстыратын тұйық шеңберлі рефлекс тізбектері туралы пікірлер пайда болып жатыр. Олардың жүйке жүйесінің функциональды қызметін физиология пәнінен тереңірек түсінуге болады.