Адам денесінің пішінін, құрылысы мен атқаратын қызметін және оны қоршаған ортаға байланысты дамуын зерттейтін ғылымды анатомия деп атайды.
Ескі сипаттамалық анатомия өзінің алдына адам денесі қалай құрылған деген бір-ақ сұрақ қойды. Ол тек адам құрылымын сипаттаумен ғана, оларды атқаратын қызметіне байланыссыз зерттеді де, организмнің даму заңдарын ашуға ұмтылмады, яғни метафизикалық ғылым болды. Ескі сипаттамалық анатомия үшін сипаттау тек мақсат болып табылады. Қазір де анатомия үшін сипаттау құрылымды зерттеудегі әдістердің біріне айналып отыр.
Қазіргі анатомия фактілері сипаттап қана қоймай, оларды қорытындылауға, организмнің қалай құрылғанын айтып қана қоймай, оның неліктен бұлай құрылғанын белгілеп организмнің, оның мүшелері мен жүйелерінің құрылысы мен даму заңдылықтары қандай екенін анықтауға тырысады. Онымен қатар ол организмнің ішкі, сондай-ақ сыртқы байланыстарын зерттейді.
Диалектика метафизикадағыдай емес табиғаттағының барлығы өзара байланысты деп үйретеді. Сондықтан анатомия организмді қоршаған ортаға тәуелсіз, өзін құрайтын бөлшектердің тек жай механикалық қосындысы емес, тіршілік ету жолындағы бірліктегі тұтас жүйе ретінде зерттейді.
Диалектика табиғаттағының барлығы өзгереді және дамиды деп үйретеді. Адам организмі де әлдебір қатып қалған, аяқталған бір формаға құйылған нәрсе емес, ол үнемі пайда болғаннан бастап өлгенге дейін өзгеріп отырады. Сонымен қатар, адам түр ретінде жануар формаларымен туыстық белгілері байқалатын ұзақ эволюцияның өнімі болып табылады. Сондықтан анатомия қазіргі кездегі ересек адамның құрылысын зерттеп қана қоймайды, сонымен бірге тарихи даму барысында адам оргнизмі қалай қалыптасқанын да зерттейді. Демек, осы мақсатпен:
- Жануарлар эволюциясының дамуына сәйкес адамзаттың өсіп жетілуі – филогенез зерттеледі. Филогенезді зерттеу үшін түрлі жануарлар мен адамның құрылыстарын салыстыратын салыстырмалы анатомия деректері пайдаланылады. Бұл жағдайда эволюцияның қозғаушы күштерін және организмді қоршаған ортаның нақты жағдайларына бейімделудегі құрылымдық өзгерістерді ашатын эволюциялық морфология принциптері де ескеріледі.
- Қоғамның дамуымен байланысты адамзаттың қалыптасуы және даму процесі – антропогенез зерттеледі. Ол үшін салыстырмалы және эволюциялық морфологиямен қатар, көбіне антропологияның – адамзат туралы ғылымының деректері пайдаланылады.
- Индивидтің жеке даму процесі – онтогенез оның бүкіл өмір бойы: жатырдағы (эмбриогенез) және жатырдан тыс, постэмбриональдық, немесе постнатальдық, яғни туғаннан өлгенге дейінгі кезеңдер қарастырылады. Осы мақсатта эмбриологиялық дамудағы мағлұматтарды пайдаланады. Онтогенездің соңғы кезеңі жас келіп қартаю геронтология ғылымының зерттеу объектісі болып табылады.
Сондай-ақ дене мен оны құраушы мүшелердің формасы, құрылысы және жыныстық айырмашылықтар, сол сияқты олардың топографиялық өзара қатынасы ескеріледі. Анатомия адам денесін ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерімен белгілі бір заңдылықтар негізінде эволюциялық тұтас тұлға ретінде зерттейді. Адам организмі құрылысын бұлай зерттеу анатомияның эволюциялық белгісі болып табылады.
Диалектикалық материализм форма мен функция бірлікте болады және бірімен-бірі байланысты болады деп үйретеді. Органимзде қайсыбір функция атқармайтын құрылым болмайды, сол сияқты қайсыбір құрылыммен байланыссыз функция да болмайды. Әрбір мүше едәуір дәрежеде өзі атқаратын жұмыстың өнімі болып табылады. Сондықтан анатомия организмді және оның жеке бөілктерін, мүшелерді олардың функциясымен ажыраспас байланыста зерттейді, ал бұл оның функционалдық белгісін құрайды.
Адам анатомиясын зерттеудің барлығы өзіндік жеке мақсат емес, олар теория мен практиканың бірлігі принципіне негізделген медицина мен дене тәрбие ғылымдарына қызмет етеді.
Сипаттамалық, эволюциялық және функционалдық белгілер бірегей анатомияның әр түрлі жақтары болып табылады. Анатомияның ең басты белгісі оның әрекеттілігі, яғни жайбарақат көріп-қарау және организм құрылысын сипаттау емес, адамның қолайлы және үйлесімді дамуына қажетті бағытта әсер ету жолында осы заңдылықтарды меңгеру болып табылады.
Адам денесін зерттеудің қиындығынан, оны алдымен жүйелерге бөліп тексереді. Сондықтан жүйелік (систематикалық) анатомия деп аталады. Организмді жүйелер бойынша қарастыра отырып, біз талдау әдісін пайдаланып, оны жасанды түрде бөліктерге бөлшектейміз. Алайда тірі организмде денені құрайтын жеке бөлшектер мен элементтер (жүйелер, мүшелер, тканьдер, т.б.) оқшау тұрмайды, өздерінің пайда болуы, дамуы және тіршілік әрекетінде бір-бірімен әрекеттесіп, бір-біріне форматүзушілік әсер етеді. Сондықтан организмді тұтас күйінде түсіну үшін синтез әдісін де пайдалану керек. Анатомиялық білімді синтездеу бүкіл анатомия курсын өту процесінде мүшенің функциямен байланысын ашу және құрылымды оның сыртқы және ішкі факторлардың әсерімен дамуы тұрғысынан зерттеу жолымен жүргізіледі. Бұл кезде олардың өзара қатынасына және әсіресе организмді біртұтас етіп біріктіретін нерв жүйесінің қатынасына назар аударылады.
Жүйелік анатомиядан басқа дененің түрлі жерлеріндегі мүшелердің кеңістіктік ара қатынасын қарастыратын және клиника, әсіресе практикалық хирургия үшін тікелей қолданбалы маңызы бар (сондықтан оны хирургиялық анатомия деп те атайды) топографиялық анатомия да бар.
Дене тәрбиесі институттарында қозғалыстың құрылысын ғана емес, оның динамикасын да зерттейтін тірек-қимыл аппаратыныңғ функциональдық анатомиясына ерекше назар аударылады және сондықтан оны динамикалық анатомия деп атайды. Суретшілер мен мүсіншілер анатомиядан дененің сыртқы формалары мен пропорцияларын ғана зерттейді. Анатомияның аталған түрлері адам денесін әр тұрғыдан зерттейді, оны өлі және тірі организмде (тірі адам анатомиясы) зерттеуге болады. Тірі адам анатомиясы әсіресе адамды емдеумен айналысатын дәрігерге өте-мөте қажет. Оның жетістіктері тірі адам организмінің барлық мүшелері мен жүйелерін түгел дерлік көруге мүмкіндік беретін рентгенологиялық зерттеу әдістерінің жедел дамуына байланысты, ол қазіргі кездегі анатомияның рентгендік анатомия деп аталатын ажырамас бөлігі болып табылады. Анатомия ғылымының бұл түрлері адам анатомиясының түрлі аспектілері болып табылады.
Адам тірі материя дамуының ең жоғары өнімі болып табылады. Сондықтан оның құрылысын түсіну үшін тірі табиғаттың пайда болуы және дамуы заңдылықтары туралы ғылым ретіндегі биологияның деректерін пайдалану қажет. Адам тірі табиғаттың бөлігі сияқты, оның құрылысын зерттейтін ғылым, яғни анатомия да биологияның бөлігі болып табылады.
Организмнің құрылысын форма мен функцияның байланысы тұрғысынан түсіну үшін анатомия организмнің тіршілік әрекеті туралы ғылым – физиологияның деректерін пайдаланады.
Анатомия мен физиология сол бір ғана объектіні – тірі жанның құрылымын қарастырады, бірақ әр тұрғыдан: анатомия – тірінің құрылысын, ал физиология – оның атқаратын қызметін тексереді.
Медициналық білімнің әліппесі болып табылатын бұл туыстас екі пәннің өзара қатынасы осындай.
Анатомияның өзі мүшелердің сыртқы ғана емес, ішкі формасын да, құрылымын микроскоптың көмегімен зерттейді (микроскопиялық анатомия). Анатомия тканьдердің құрылысы мен дамуы заңдылықтарын зерттейтін ғылым – гистология , сондай – ақ тканьдер мен мүшелерді құрайтын әр түрлі клеткалардың құрылысы, дамуы мен қызметі заңдылықтарын зерттейтін клетка туралы ғылым – цитологиямен тығыз байланысты.
Электрондық микроскоптың ойлап табылуымен байланысты тірі материяның субмикроскопиялық құрылымдарын және тіпті молекулаларын зерттеуге мүмкіндік туады. Цитология мен химияның түйіскен жерінде жаңа ғылым – цитохимия дами бастады. Соның нәтижесінде қазіргі адам организмінің құрылысы түрлі деңгейде зерттеледі:1) мүшелер жүйелері мен мүшелер деңгейінде: а) жай көзбен; б) үлкейіткіш шыны көмегімен; 2) тканьдер деңгейінде:а) стереоскопиялық микроскоптың көмегімен (гистотопография);б) микроскоптың көмегімен (гистология); 3) клеткалар деңгейінде (цитология):а) жарық микроскопының көмегімен:б) электрондық микроскоптың көмегімен;4) тірі материяның молекулалары деңгейінде: а) электрондық микроскоптың көмегімен; б) биохимиялық әдістермен.
Анатомия, гистология және цитология зерттелу деңгейі мен техникасы жағынан қазіргі кезде осылай бөлінеді.
Анатомия, гистология және цитология және эмбриология барлығы қосылып, организмнің формасы, құрылысы мен дамуы туралы морфология (moprhe — форма) деп аталатын жалпы ғылымды құрайды.