Негізгі құралдардың есебін ұйымдастыруда оларды бағалаудың маңызы зор болып табылады. Негізгі құралдар бастапқы құнымен, баланстық құнымен, ағымдағы құнымен, қалдық (жойылу) құнымен және келісілген құнымен бағаланады.
Негізгі құралдардың бастапқы құны – ол активті салуға, сатып алуға, әкеліп жеткізуге, орнатуға кеткен (шыққан) шағындардан, сондай ақ сатып алу барысында төленген салық сомаларынан, құрылысты салу кезінде алынған несие үшін төленетін пайыз сомалары мен бұл құралды белгілі мақсатқа пайдалану үшін жұмыс жағдайына келтірумен тікелей байланысты кез келген шығындардың жиынтығынан тұрады (құралады). Негізгі құралдарды тасымалдау кезінде болған ақауларды жөндеуге кеткен және басқа да қажет болып саналатын шығындар активтің бастапқы құнына кіргізілмей, ол ағымдағы кезеңнің шығыны ретінде есепке алынады. Негізгі құралдың әр түрі бойынша оның бастапқы құнына мынадай шығындар кіргізіледі:
а) жер учаскесінің бастапқы құнына:
Жерді сатып алу бағасы, қозғалмайтын мүлік жөніндегі агенттікке төленген комиссиялық сыйақылар, сатып алу сату жөніндегі келісімшартты ресімдеу үшін заңгердің қызметіне төленетін төлем және ол үшін төленетін салықтар мен алымдар, жерді тиісті мақсатқа пайдалануға әзірлеуге кеткен шығындар (үйді бұзғаннан алынған материалдарды сатудан түскен түсімді алып тастағанда қалған ескі үйді бұзуға байланысты шығындар, жерді тазалау, тегістеу, тағы басқа) енгізіледі.
ә) құрал жабдықтардың бастапқы құнына:
Құрал жабдықты сатып алу бағасы, оны тасымалдауға, әкелуге, тиеп түсіруге кеткен шығындар, оның ішінде тасымалдау кезінде сақтандыру, монтаждау, құрал жабдықтардың пайдалануға жарамдылығын тексеру мақсатында кеткен шығындар және тағы да басқалар енгізіледі.
Алайда құрал жабдықтарды монтаждау, тасымалдау кезінде болған бүліну нәтижесін жөндеу үшін кеткен сомалар ағымдағы шығындарға жатқызылады. Егер негізгі құралдар несиеге алынған болса, ол үшін төленген пайыз сомасы да ағымдағы шығын қатарына жатады және негізгі құралдың бастапқы құнына қосылмайды.
Ескерту: салынатын немесе салынып жатқан құрылыс үшін алынған несиеге есептелген пайыз сомасы бұған жатпайды. Сатып алынған үйлер мен ғимараттардың бастапқы құнына шот бойынша сатып алу бағасы, ол үшін төленетін салықтар мен алымдардың сомасы және бұл құралдардың құжаттарын реттеу барысында заңгерге төленген төлемдер кіргізіледі.
Кәсіпорынның өзі салған үйлер мен ғимараттардың бастапқы құнына осы құрылысты салу үшін кеткен шығындар: материалдар, жұмысшылар мен қызметкерлерге төленген еңбекақы сомалары, еңбекақы бойынша бюджетке жасалған аударым, алынған несиелер үшін есептелген пайыздар сомасы, заңгерлерге, архитекторларға төленген төлемдер, құрылысты салу үшін рұқсат алу барысында жұмсалған сомалар мен басқа да кеткен шығындар енгізіледі.
Кәсіпорындар мен ұйымдар жерді және сол жерге салынған үйлер мен ғимараттарды біртұтас ретінде пайдалануға сатып алса, онда осы объектілердің бастапқы құнын бухгалтерлік есепте әрбір объекті бойынша бөліп көрсету керек. Себебі үйлер мен ғимараттардың пайдалану мерзімі шектеулі және олар тозады, ал жердің пайдалану мерзімінде шек жоқ, яғни ол амортизацияланбайтын материалдық актив болып табылады. Егер бұл жағдайда жер учаскесі ғана пайдалануға алынып, ал үйлер мен ғимараттар бұзылатын болып келісілген болса, онда олардың құндары әрбір объекті бойынша жекеленіп бөлінбейді. Бұл жағдайда тек қана жер сатылып алынған болып есептелінеді. Және де оның бастапқы құны бұл ретте сатып алу бағасымен үйлер мен ғимараттарды бұзуға кеткен барлық объектілердің шығынының қосындысынан, бұзғаннан алынған материалдардың бағасын шегеру арқылы анықталады.
Мысалы: кәсіпорын жер учаскесін және сол жерде орналасқан үй мен қоса 500000 (бес жүз мың) теңгеге сатып алды делік. Бұл жерде орналасқан үй бұзылуға тиіс. Кәсіпорынның оларды сатып алу барысында төленген шығындарды 25000(жиырма бес мың) теңге (салық сомасы, қозғалмайтын мүлік жөніндегі агенттік пен шарт жасауға қатысқан заңгердің қызметінің төлемдері сомасы). Үйді бұзуға кеткен шығын 40000 (қырық мың) теңге. Бұзғаннан алынған материалдарды сатудан түскен табыс 20000 (жиырма мың) теңге. Жерді тазалау мен тегістеуге кеткен шығын 15000 (он бес мың) теңге. Осы мәліметтерді қорытындылайтын болсақ, сатып алынған жердің бастапқы құны 560000 (бес жүз алпыс мың) теңгені құрайды (500000+25000+40000-20000+15000=560000 теңге). Кәсіпорындар мен ұйымдарда негізгі құралдың бастапқы құны былайша анықталады:
- Үлес қосушылар мен құрылтайшылар негізгі құралды жарғылық қорға өзінің үлесі ретінде салса, онда олардың құны құрылтайшылармен арадағы келісім бойынша;
- Ұйымдар негізгі құралдарды өзі дайындап, яғни жасап шығарғанда немесе сатып алған кезде шыққан шығындардың нақты сомасы бойынша;
- Ұйымдар негізгі құралдарды басқа заңды тұлғалардан немесе жеке адамдардан тегін алған кезде қабылдау өткізу актісінің мәліметтері бойынша немесе эксперттік (сараптамалау) жолымен.
Кейбір негізгі құралдардың бастапқы құны мынандай жолмен анықталады:
Мердігерлік әдіспен тұрғызылған үйлер мен ғимараттар бойынша обьектіні тұрғызу бойынша жүргізілген жұмыстардың келісілген құнына құрал жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығыстар қосылады, егер де оның құны тапсырыс беруші тарапынан төленген болса,
Құрылтайшылардың жарғылық капиталына салынған негізгі құралдар өздерінің келісілген бағасы бойынша
Субьектінің өзі дайындаған немесе төлем арқылы сатып алынған негізгі құралдар бойынша сатып алуға жұмсалған шығындардың нақты сомасы бойынша, жеткізу және сатып алынған обьектілердің тозу сомасын қоса есептеген басқа да сатып алуға байланысты жұмсалған шығыстар
Тегін алынған негізгі құралдардың обьектілері бойынша құжаттарда көрсетілген құны алынады(құрал жабдықтарды жеткізіп беру,орналастыруға кеткен шығындарын қоса есептгенде)
Айырбас операциясы нәтижесінде алынған обьектілердің бастапқы құны негізгі құралдардың алынған ағымдағы құны бойынша анықталады, ал ол негізгі құралдардың берілген ағымдағы құнына түзетулердің көмегімен алынған ақша қаражаттарының сомасына тең болады.Мысалы: бір біріне ұқсас негізгі құралдар : тракторды жүк автомобиліне айырбастау кезінде алынған обьект сатылған обьектінің құны бойынша бағаланады, бірақ ол кезде тауардай немесе ақшалай салынған сомасы ескеріледі.
Жас малдарды негізгі табынға аударған кезде малдарды өсірудің нақты өзіндік құны
Негізгі табынды қалыптастыру үшін алынған ересек малдар бойынша жеткізуге кеткен шығындарды қоса есептегенде сатып алуға шыққан шығындар және сатып алуға байланысты шыққан басқа да шығындар.
Жай өсімдіктер бойынша өсімдіктерді еккен сәттен пайдалануға бергенге дейінгі егу, күтіп баптау,көбейту, тазартуға кеткен нақты шығындар
Толық төленген және ұзақ мерзімге жалға алынған негізгі құралдар бойынша олардың ұзақ мерзімге жалға алу шартына көрсетілген құн
Жерді жақсартуға жұмсалған күрделі шығындар бойынша жүргізілген жұмыс бойынша шыққан нақты шығындар.
Негізгі құралдарды қайта бағалау №16 БЕС сәйкес,негізгі құралдардың бастапқа құнын белгілі бір күнге әрекет етіп тұрған бағасымен сәйкес келтіру үшін объектілерге қайта бағалау жүргізіледі,содан соң ол есепте және есеп беруде көрініс табады.Оның барысында негізгі құрал-жабдықтардың нақты бары және құрылымы, олардың нақты қалпына келтіру құны мен тозу дәрежесі туралы дәл де толық мәлімет алынады.
Негізгі құралдардың ағымдағы құны – бұл кәсіпорынның белгілі бір уақыттағы (мерзімдегі), яғни бүгінгі күнгі негізгі құралының нарықтық бағасы болып табылады.
Негізгі құралдардың баланстық құны – бұл кәсіпорынның бухгалтерлік есебінде немесе қаржылық есеп беру ақпараттарында көрсетілген негізгі құралдардың бастапқы құнынан жинақталған тозу сомасын алып тастағандағы құны болып табылады.
Амортизациялық құн негізгі құралдарға есептелген амортизациялық аударым сомасының жиынтығы блып табылады,бастапқы және жойылу қүнының арасындағы айырмашылық. Ал ол жүйелі түрде амортизациялық жолмен нормативтік қызметіне немесе барлық пайдалы кезеңіне субьектінің шығысы ретінде таратылады, бұл кезде:
пайдалы кезең қызметі бұл кезең ішінде негізгі құралдарды пайдаланудан экономикалық олжа алуды кәсіпорын топшылайды
нормативтік қызмет кезеңі бұл кезең ішінде белгіленген нормаға сәйкес кәсіпорын негізігі құралдың тозуын есептейді.
Негізгі құралдардың жойылу құны — негізгі құралдың пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін оны бұзу, жоюдан алынған іске жарамды бөлшектерінің (материал, металл сынығы, отын және тағы да басқа пайдалануға болатындарының) құнынан объектіні есептен шығаруға байланысты жұмсалатын келешектегі шығындарды алып тастау арқылы анықталады.
Негізгі құралдардың келісілген құны — бұл кез келген екі жақтың, яғни негізгі құралдарды сатушы мен алушының арасындағы келісілген құн болып табылады.
Бухгалтерлік шоттарда есептелген негізгі құралдардың бастапқы құндары тек мына жағдайларда ғана өзгертіледі:
А) негізгі құралдардың пайдалы қызмет атқаратын мерзімін ұзартатындай немесе қысқартатындай оның жалпы жағдайына әсер ететіндей қосымша күрделі қаржы жұмсалғанда (кеңейткенде, жаңартқанда және тағы да басқа) немесе ішінара бұзғанда, жойғанда және бөлшектегенде;
Ә) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері бойынша негізгі құралдарды қайта бағалағанда.
Негізгі құралдардың есебі әрбір бөлек объекті бойынша бүтін сомада жүргізіледі. Негізгі құралдарды пайдалануға берген кезде оның бастапқы құнымен қалпына келтіру құны тең болады, себебі оны пайдалануға берген уақытымен оны қайта бағалау уақытының арасында айырмашылық жоқ. Уақыт өткен сайын негізгі құралды өндіруге, салуға жұмсалатын материалдың бағасы және ол үшін қолданылатын техниканың шығыны, жұмысшылардың еңбекақысы жалпы негізгі құралды өндіру, салу жағдайы белгілі бір себептермен өзгеріп отырады. Негізгі құралдардың құны оны бір кезде жасап шығаруға, өндіруге, салуға кеткен, жұмсалған қоғамдық қажетті еңбекпен анықталады. Осыған байланысты негізгі құралдарды оқтын оқтын, уақыт өте қайтадан бағалап тұрады.
Негізгі құралдарды қайтадан бағалау кезінде оның осы кездегі, яғни бүгінгі күні өндіріп шығаруға кететін құны анықталады. Бұл негізгі құралдардың қалпына келтіру құны деп аталады. Кәсіпорындар мен ұйымдарда негізгі құралдарды тиісті түрде қайта бағалағаннан бастап оларды баланста қалпына келтіру құнымен есептейді.
Негізгі құралдардың бастапқы бағасын белгілі бір күндегі қолданылып жүрген бағаға сәйкес келтіру мақсатында объектілерді қайта бағалау жүргізіледі. Қайта бағалау нәтижесінде негізгі бағасының өсуіне:
Д-т: Негізгі құрал шоты
К-т: Негізгі құралдарды қайта бағалаудан түскен қосымша төленбеген капитал – шоты түріндегі бухгалтерлік жазу жазылады.
Қайта бағалау жүргізілген күні ұйымда негізгі құралдарға есептелінген тозу сомасы негізгі құралдардың құндарының өзгеруіне қарай түзетіледі. Қайта бағалай сомасы негізгі құралдардың пайдалану мерзіміне қарай субъектіде қолданылатын амортизациялық аударым сомасын есептеу әдісіне сәйкес анықталған мөлшерде бөлінбеген кіріске апарады. Қайта бағалаудың барлық сомасы бөлінбеген кіріске актив есептен шығарылған сәтте ғана ауыстырылады.
Негізгі құралдарды қайта бағалау барысында бухгалтерлік есепшоттары бойынша жүргізілетін операциялар
№ | Операциялар мазмұны | Дебелеттелетін шот | Кредиттелетін шот |
1 | 2 | 3 | 4 |
1 | Қайта бағалау нәтижесінде негізгі құралдардың бағасының өсуі | 2410 | 5420 |
2 | Қайта бағалау нәтижесінде негізгі құралдардың бағасының кемуі | 5420 | 2410 |
3 | Қайта бағалау нәгізінде негізгі құралдардың тозу сомасына енгізілетін түзетулер | 5420 | 2421-2429 |
Жалпы негізгі құралдардың есебі 2400 «Негізгі құралдар» бөлімшесінің мынандай мүліктік активтік шоттарында жүргізіледі: 2410 «Негізгі құралдар», 2420 «Негізгі құралдардың амортизациясы», 2430 «Негізгі құралдардың құнсыздануынан болатын залалдар»