Қазақстандағы азаматтық тұтастықтан мәдени ортақтастыққа қадам басудың маңызы

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында 1995 ж. 1 наурызда құрылған.

1995 жылдан бастап, Ассамблея этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы маңызды институт ретінде бағаланып, елімізді мекендейтін барлық этностардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуде тиімді құралға айналды.

Құрылған он төрт жылдан бергі уақытта аталған құрылым этносаралық келісім саласында айтулы табыстарға жетіп, азаматтардың этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, құқығы мен бостандығын сақтаудағы басты кепіліне айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді әрі жемісті іс-әрекетінің арқасында еліміздегі этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім үлгісі сақталды. Ал Ассамблея қанатының астына 130-н астам этностың жиналуы аталған ұйымның «кіші БҰҰ» деп аталуына себеп болуда.

Ұлтаралық татулықты қалыптастырып отырған Қазақстан жеріндегі әрбір ұлт өзін толық бақытты сезінуі керек. Өйткені, осы бір мазасыздау уақытта қазақ жері олар үшін тыныштық аралы болып отыр. Олардың әрқайсысы ұрпақ өсіріп, тілі мен мәдениетін, өз ұлтының өнерін, салт-дәстүрін үйреніп, сақтап, оны жаңартып, өркендетуге және әрбір ұлт адамы үшін ең басты нәрсе — қауіпсіздіктің сақталуына кепілдік бар [[i]].

Ассамблеяның міндеті, ең алдымен, көпұлтты еліміздегі бейбітшілік пен татулыққа қолдау көрсету болып табылады. Ассамблея ұлтаралық қатынастарды саясиландырып жібермеуде шешуші рөл атқаруға тиіс. Ассамблеяның негізгі міндетінің өзі де оқиғаларға кезекші ретінде қарап қалмай, ұлтаралық қатынастардың саяси проблемаға айналып кетпеуі үшін алдын алу шаралары мен ұсыныстар жүйесін алу саясатын есте ұстаған дұрыс. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесімен бірлесіп ұлтаралық қатынастардағы ахуалдың үздік-создық емес, нақтылы, жүйелі мониторингін жасау қамына кірісу қажет, әрі небір өткір мәселелерді бұқпантайламай ашықтан-ашық бүкпесіз қоюымыз керек. Ұлтаралық қатынастар кәсіби ғылымдық тұрғыдан саралауды талап етеді. Ассамблеяның Кеңесінде әзірлеп талқылайтын тақырып көптен бері пісіп жетілді. Ассамблеяның іс-қимылының 2-3 жылға арналған орта мерзімді жоспары болуға тиіс, онда ұлтаралық қатынастарды саясиландырудың алдын-алу мен сақтандыру мәселелері жөніндегі саяси, ақпараттық, зерттеушілік іс-шаралар атап көрсетілуі керек. Осындай тұрғыда әзірленгеннен кейін оны ел Үкіметі қарап, тиісті шаралар қабылдауы керек.

Қазақстанның істегі тәжірбиесі біздің ұлтаралық қатынастар мен мәдениет аралық үндесуге деген көзқарасымыздың ең сенімді көрсеткіші болып табылады. Біріншіден, Заңнама саласындағы қызметімізді алайық. Біз Қазақстанның егемендігі жекелеген ұлттардың емес, күллі халықтың тұтастығы мен бірлігіне негізделетіні жөніндегі принципті конституциялық тұрғыда бекіттік. Мұның өзі ұлтына қарамастан, барлық азаматтардың құқылары мен бостандығын қамтамасыз етеді. Қазақстанда кімнің болсын, ұлттық қүқығына қысым жасайды деп бағалауға болатын бірде-бір заң жоқ. Ал жаңа тәуелсіз мемлекеттердің бәріне бірдей осындай көзқарас тән деп айтуға болмайды. Екіншіден: елдегі тіл саясатын алайық. Бұл саладағы сандар баршаға мәлім. Бір ғана айта кететін жайт, кейінгі кеңестікте тек Қазақстанда ғана ресми түрде де, тұрмыс саласында да екі тіл бірдей қатар өмір сүріп жатыр. Бұл салиқалы заманның ғана жемісі емес, сондай-ақ заңды сындарлы да салмақты қолдана білудің нәтижесі. Үшінші, ұлтаралық қатынастар мәдениеті тұрғысынан алатын болсақ, Қазақстандағы ақпараттық орта адамды қорлап, шамына тиетін таптаурын қағидалардан таза. Сол үшін де ұлтаралық мәселелерге келгенде әрдайым әдептен аспайтын өзіміздің бұқаралық ақпарат құралдарына да реті келгенде, мың да бір алғыс айтқан орынды. 130 дан астам ұлттың және 40 қауымдастық пен конгрегацияның өкілдері тұрып жатқан елде басқаша болуы мүмкін емес.

Ұлтаралық қатынастар саласында кейбір нақты проблемалар және оларды шешуде маңызды екі жағдайды атап өтуге болады. Біріншіден: Қазақстанның көп ұлтты мемлекет екенін ұмытуға болмайды. Сондықтан Қазақстанда тұрып жатқан барлық халықтардың ұлттық мәдени құндылықтарын сақтау өте маңызды міндет. Олардың әрқайсысының өз түп-тамыры, бағалауға тиесілі өткенінің бай тарихы, ұлы бабалары бар. Екіншіден: Қазақстанның тек көп ұлты ғана емес, сонымен бірге көп дінді мемлекет екенінің де елеулі маңызы бар. Мұсылмандармен қатар, мұнда православиеліктер, протестанттар, буддашылар, католиктер, дүниежүзілік басқа діндердің өкілдері де өмір сүреді.

Бұл қоғамдық-саяси тұрақты жағдайды сақтауға көмектесетін елеулі фактор. Өйткені барлық діндердің негізінде имандылық принциптері — адамға деген сүйіспеншілік, теріс қылықтарды айыптап, жолдан тайғандарға кешірім жасау, басқа ой-пікірлерге шыдамдылықпен қарау жатады. Басқаша айтқанда, ұстанған дініне қарамастан республикадағы барлық дінге сенушілер бірдей тең, иманды және бейбітшілік сүйгіш жандар[[ii]].

Біз тегіне немесе діни нанымына қарамастан, барлық азаматтардың құқытарымен бостандықтарының тендігін қамтамасыз ететін құқылық негіз қаладық. Мемлекеттің этносаралық саясатының негізінде де осы қағида алынды. Мемлекетімізді орнатудың негізіне азаматтардың баршасының азаматтық және саяси ортақтастығы алынып отыр. Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің бірден-бір дұрыс жолы нақ осы көзқарас болды. Міне нақ сондықтан да биылғы көктемде Алматыда өткен халықаралық конференцияда ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылықтар істері жөніндегі жоғарғы комиссарияты біздің елімізде қол жеткізілген барлық этностық топтардың теңдігінде жоғары баға берді. Бізде Ассамблеясы түрінде ұлттық саясат пен ұлтаралық пікірлесуді іске асырудың бірегей оңтайлы тетігі жасалынып отыр. Азаматтық қоғамның осынау жетік институы бүгінгі танда екі жүзден астам республикалық, аймақтық, облыстық және қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің қызметіне арқа сүйейді. Естеріңізде болар, 1995 жылы елімізде шамамен жүз жиырмадай ұлттық-мәдени орталықтар бар еді. Ендеше, бұл шаманың осылайша шарықтауы бізді барлық жерде дерлік этностардың мәдени өрлеу үдерімі жүріп жатқанын, әрі Ассамблеяның оларды жан-жақты үндесуін қамтамасыз етіп отырғанын көрсетсе керек.

Біз еліміздің рухани түлеуін және ең маңыздысы — дінаралық келісім мен шатсынбаулықты қамтамасыз еттік. Ар-ұждан бостандығына кепілдік беретін заңнамалық негіз қалыптасты. Қазақстанда 3340 діни бірлестік, 40-қа жуық конфессиялар мен деноминацияларға тиесілі 2488 ғибадат орындары жұмыс істейді. Біздің елімізді конфессияаралық бейбітшілік және әлемдік діндер үнқатысуының ордасы деп бекер айтпайды. Қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы тарихи тұрғыда бойына сіңірген рухани саладағы жатсынбаушылық сезімі келешекте азаматтық және дінаралық бітімшілікті сақтауға жақсы негіз болып қалатыны сенімді. Біздің мәдениетаралық және дінаралық іс-қимыл саласындағы тұғырнамамыздың дұрыстығына — Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің сапары мен оның біздің қоғамымыздың дамуына берген жоғары бағасы жақсы айғақ.

Біздің алдымызға қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтау, ең алдымен тұрлаулы этносаралық және дінаралық қатынастарды сақтау мәселесі аса өткір қойылып отыр. Мемлекеттік құрылымдардың алдында Қазақстан халқының бірлігіне іріткі салуы ықтимал кез келген экстремистік идеяларды насихаттауға жол бермеу тұр. Тәуелсіздігіміздің 14 жылы ішінде қолымыз жеткен ең ілгері жетістігіміз — адам құқықтары мен бостандықтарының еркіндігі болып табылады. жүздеген жылдар бойы заң емес, адам билік жүргізген, құқықтық мемлекет болып көрмеген қоғамда өмір сүріп келдік. Кез келген құқықтық мемлекетте адамның құқықтары мен бостандықтарына негізделген заңдардың ұлықтығы асқақ тұруы керек. Азаматтардың заңға бейілдігі әркімнің мінез-құлқының өлшеміне айналуға тиіс. Бұл әрбір жанның мүддесіне сәйкес келеді. Егер басқаның құқығын бұзған екенсің, онда өз құқығыңның бұзыларына шек келтірмеу керек[[iii]].

Біздің дінді экстремизмнен ажыратып алуымыз, адамдардың өзінің түпкі нанымына ұмтылған табиғи ниетін халықаралық терроризмнен үзілді-кесілді бөліп алып қарауымыз керек. Бұл міндеттің маңызы террористерге қарсы күрестің күш қолданатын тәсілдерінен бір де бір кем емес. Әлбетте, өзінің жат пиғылына жету үшін ашықтан-ашық күш қолдану мен діни уағыздарды пайдаланатын заңсыз қарулы құрамдар төбе көрсеткен жерлерде түйінді проблемалар туындайтыны белгілі. Дінге ешқандай қатысы жоқ күш қолдану дауды шешудің басты құралы тұсында ғана экстремизм жайында әңгіме қозғаудың жөні мүлде басқа. Яғни, әлемдік ислам діні мен өздерін мұсылманбыз деп жүрген экстремистердің әрекеттерінің ара жігін айқын ажыратып алған пайдалы. Егер біз мұны анық пыйымдай алмасақ, онда қоғамымызды ислам үрейінің жаулап алуы мүмкін, ал бұған ешқандай да жол беруге болмайды, онда мұның өзі халқының басым көпшілігі болмасын мұсылман болып табылатын елді қорлағанымыз болып шығады. Бұған жол бермеудің екінші себебі де бар, өйткені, біздің еліміздегі дін әлемі мәдени үндесудің маңызды, әрі қажетті, әрі салмақты шарты. Діни экстремизмнің ықтимал таралуына қарсы қимыл жасау Ассамблея қызметінің басты бағыттарының біріне айналуы керек[[iv]].

Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде қуатты оңды тәжірбие жинақталған, бұл тәжірбиені этносаралық мәселелерді шешудің әлемдік тәжірбиесіне айналдыруға қазақстандық үлес бірлесе қосылып келеді және алдағы уақытта да қосылатын болады. Бұл еңбек жоғары деңгейде лайықты бағасын алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофе Аннан Қазақстанды көлемнің өзге мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрлаулы әрі тұрақты дамудың үлгісі» деп атаған[[v]].

Аталған бағытта қабылданған шаралар Ассамблеяның оң бағытта нығаюына септігін тигізіп, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы ортақ мақсаттарын бірлесе орындауға, халық бірлігін еселеуге және бейбітшілік пен келісімді сақтауға өз үлесін қосады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Тайболдина Г. Алуан халықтың өнерін қосқан Қазақстан. // Қазақстан сарбазы. 2000, 4 ақпан., 6 бет.

[1]. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқы Ассамблеясының Даму стратегиясы: Ұлттық келісім, қауіпсіздік, азаматтық бітім. (Қазақстан халқы Ассамблеясының IX сессиясынада жасаған баяндамасы) // Егемен Қазақстан, 2002, 16 қараша, 1-2 беттер.

[2]. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан қазір әлем санасатын, әлем сыйлайтын елге айналды. (Дүние жүзі қазақтарының үшінші құрылтайында сөйлеген сөзі) // Егемен Қазақстан. 2005, 30 қыркүйек., 1-2 беттер.

[3]. Құланбай Ә. Түрақтылық пен ынтымақ туы жоғары // Егемен Қазақстан. 2005, 27 қазан., 1-3 беттер.

[4]. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның рухани-мәдени дамуы, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудың негізі. // Ізденіс журналы., 2001, №1, 50 бет.