Ауызша және жазбаша мәтін түрлерінде хабар алмасу белгілі бір жекелеген сөйлемдерде мәтіннің алдағы бөлігіне қарай сілтейтін, екінші жағынан мәтінде осыған дейін қолданылған құралдарға қайта оралтатын тілдік элементтер болады. Бұлар мәтін қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Мазмұны келесі контекске қатысты грамматикалық құралдарды морфологиялық және синтаксистік аспекте қарастырып жүйелейміз.
Қазақ тіл білімінде контекст мәселесін зерттеген Ж.Жакупов оған мынадай анықтама береді: “… контекс деп мәнге ие болу арқылы тілдің барлық деңгейіне тән единицалардың мағыналық, мазмұндық жүзеге асатын бірлік, орта, аяны айтуға болады екен” [1]
Яғни, ғалым контексті мәтін үзіндісі емес , “мағына – мәнді нақтылауға арналған ая, өріс” ретінде қарастырады.
Морфологиялық құралдар:
Етістіктің келер шағы оқушы назарын келесі хабарға аударады, бұл жағдайда қолданылған етістіктің лексикалық мағынасы да үлкен рөл атқарады: “Өмірде ең жоғарғы жылдамдықпен тарайтын құбылыс не?… Ол –жарық, сәуленің таралуы, оптика емес пе? Сонымен, оптика мен электрониканы жалғастыра отырып, “Оптоэлектроника” деген электрониканың тағы бір тармағын ашамыз ”. [3]
Сол сияқты ҒТМ-де мәтін қозғалысына етістіктің бұйрық райының І жақ көпше түріндегі тұлғасы да қатысады. Өйткені , “Бұйрық рай сөйлеушінің тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы бөгде біреуге (ІІІ жаққа) қаратылып, бұйрық, сұрай айтылатын, өзіне (І жаққа) байланысты қимылға, іс- әрекетке қозғау салу, ниет мәнін білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы берілетін рай түрі болып табылады ”. [2]
Демек , осы тұлғада тұрған етістіктер бір әрекетке бастайтын, қимылға қозғау салатын функция атқарады:
“Теңгерілу қасиетін талдай түсу үшін мынадай мысал қарастырайық”. []
“Енді осы схеманың жұмыс істеу принципін қарастырайық. Ол үшін қаралып отырған кезеңде интегралдық күшейткіштің шығысында оң кернеу бар деп есептейік”.
Мұндай алға жылжыту функциясына сондай-ақ модаль сөздер мен тұйық етістіктің тіркесі де ие.:
“ Заттардың өткізгіштік жағынан өзара жіктелуіне зоналық теория тұрғысынан да баға беруге болады” [3]
“Шамасы мұндай ерекшелік аналогтық режимде жұмыс істейтін оптрондардың температуралық тұрақсыздығына байланысты болса керек.
Осыған байланысты оптрондарды және олардың негізіндегі схемаларды мүмкіндігінше импульстік режимде пайдаланған дұрыс”. [3]
Сондай-ақ мәтінді алға жылжытуға сан есімдер де қатысады.
“ Егер оптронды төртполюсті элемент деп алсақ, олардың сипаттамаларын үш түрге жіктеп қарауға болады: кіріс электродтарының кіріс сипаттамасы, шығыс электродтарының шығыс сипаттамасы және сигналдың кірістен шығысқа беріліс сипаттамасы.” [3]
Мәтін құрамындағы сөйлемдерді байланыстыруда тілдік сілтеме (дейксис) ретінде жұмсалатын есімдіктердің орны ерекше. Олардың ішіндегі ең кең тарағаны – жіктеу және сілтеу есімдіктері. Бұл сөздер мәтін бөліктерін тек байланыстырып қана қоймайды, олар тавтологиялық қайталауға жол бермейді, әрі үнемдеу құралы да болады:
“Ал енді Марс, Шолпан жұлдыздарына сапар шегіп, Галлей кометасын айналып өтіп, оны суретке түсіріп жүрген “Венера”, “Вега” кемелерінің қондырғылары қалай жұмыс істеп жүр? Олар одан да күрделі емес пе? Олардың бортында 107-108 элементтер болса ше? Олардың жұмыс атқару сенімділігі минуттар мен секундтарға түспей ме? “[3]
Бұл мысалда мынадай тіркестер жұп түзіп, артық қайталауларға жол бермей және сөйлемдердің тізбекті байласымын жүзеге асырып тұр:
кометасын – оны;
қондырғылар – олар;
элементтер – олар.
Келтірілген мысалдарға сүйеніп, морфологиялық тілдік құралдар, атап айтқанда етістіктің келер шағы, сілтеу, жіктеу есімдіктері , сан есімдер мәтін мазмұнының біртұтастығын реттейтін тілдік құралдар деп тұжырымдауға болады.
Синтаксистік құралдарº¹
Қазақ тіл білімінде мәтінді байланыстыратын элементтер жайлы еңбектеніп, оларды топтастырып көрсеткен ғалымдар – А.Жұбанов, З.Базарбаева және С.Мустафина. [4,5,6] Біз осы ғалымдардың жіктемелеріне сүйене отырып, өзіміз талдайтын ҒТМ-де жиі кездесетін байланыстырушы элементтер – шегендеуіштерді былайша топтастырдық:
- Себеп-салдарлық қатыныасты білдіретін шегендеуіштер: ендеше, олай болса, сол үшін, сондықтан, өйткені, себебі, неге десең, сол себептен т.б.
Себептік қатынасты білдіретін өйткені, себебі сияқты мәтінтүзімдік шегендеуіш бар бөлігінің мазмұны айтылымның алдыңғы бөлігіне қатысты уәжді дәлелдің, фактордың рөлін атқарады.
Ғылыми әдебиетте себеп-салдарлық қатынасқа құрылған сөйлемдердің жиі қолданылатыны белгілі, өйткені онда белгілі бір құбылыстың , әрекеттіңсебебі ашылып, одан туындайтын салдар мәтіннің алдыңғы бөлігінің мазмұнынан туындайтын қорытынды, нәтижені көрсетеді. Мәтінтүзімдік құралдар: сондықтан, сол себепті, ендеше, олай болса, осыған байланысты.
Қазақ тіл білімінде себеп-салдарлық қатынасты функционалдық стилистика тұрғысынан арнайы зерттеген М.Төлеуптің еңбегінде оның тілдік құралдары жан-жақты қарастырылған. [7]
Енді осы себеп-салдарлық қатынасқа құрылған сөйлемдер біз қарастыратын мәтіндерде қалай көрініс тапқанына назар аударайық:
“Интегралдық схеманың сенімділігі жеке транзистор немесе диод сенімділігінен кем түспейді. Өйткені олардың бәрі бірге, бір технологиялық әдіспен, бір кристалл бетінде бірден, арнайы жеке жалғанусыз жасалып отыр.” [3]
Бұл мысалда салдар бірінші орынға шыққан да, онымен өйткені шылау-шегендеуіші арқылы байланысқан келесі сөйлемде оның себебі көрсетілген.
“Дыбысқа қарағанда жарық миллион есе жылдам тарайды (жылдамдықтары шамамен 330 м/с және 300000 км/с). Алыстан байқалған найзағай жарқылы бірден көзге шалынғанымен, оның күркіреуі біршама уақыттан кейін ғана естіледі. Сондықтан адам баласы от жарығын ерте кезден-ақ индикатор ретінде пайдаланып, бір-біріне хабарды алыстан от жағып, түтін будақтатып бере білген”. [3]
Бұл мысалда жарықтың дыбыстан жылдам болуы себепті сигнал ретінде дыбыс емес, көзге жылдам шалынатын оттың алынғаны салдар ретінде хабарланып тұр, ол сондықтан деген шылау-шегендеуіш арқылы жүзеге асырылған.
Қарсылықты қатынас білдіретін шегендеуіштер: бірақ, алайда, дегенмен т.б.
Шегендеуіштің бұл түрі мәтіннің алдыңғы бөлігінде айтылған ой шылаулардың сематикасына және контекске сәйкес нақтыланатын қарсылықты қатынастарды білдіреді. Ал мәтінтүзімдік құралы алдыңғы хабарламаны жалғастырып, дамытады:
“Жалпы айтқанда, рекомбинация құбылысы барлық диодтарға тән болғандықтан, олардың кез келгенінен де аз да болса, сәуле шығады деп тұжырымдауға болады. Бірақ қарапайым диодтарда бұл құбылысқа назар аударылмай, сәуленің шығуына мүмкіндік жасалынбайды”.
Бұл мысалда алдыңғы бөлікте диодтардың кез- келгенінен сәуле шығатыны жайлы айтылса, бірақ қарсылықты шылауы арқылы жалғасатын мәтіннің келесі бөлігінде бұл құбылысқа назар аударылмайтыны нақтыланады.
“Өзімізге белгілі, конденсатор кернеуі ондағы тоқтан 90º- қа кешеуілдеп жүреді. Онда керекті 180º –қа тең фаза өзгерісін кем дегенде екі конденсатордың көмегімен аламыз. Алайда , таза конденсаторды пайдалану жеткіліксіз болып шығады. Өйткені тоқты сигнал күйінде алуымыз үшін оны алдын- ала кернеуге түрлендіру керек те, ол үшін конденсаторға тізбектеп қосымша кедергі жалғауға мәжбүр боламыз”. [3]
Келтірілген абзацта алдыңғы бөлікте айтылған ойға қарсылықты мағынада жасалған мәтін бөлігі мазмұнының себебі өзімен іргелес орналасқан сөйлемде ашылып тұр. Демек, бір абзац көлемінде қарсылықты себеп-салдарлық қатынастағы сөйлемдер қабаттасып қолданыла береді екен.
«Байқап отырсақ, биполяр транзисторы ток күшейту аспабы екен. Дегенмен, коллектор тізбегіне қосымша кедергі жалғай отырып, сол кедергінің бойынан кернеудің де күшейтілген түрін алуымызға болады. Міне, бұл- «тарнзистордың кернеу күшейту» қасиеті. Ал кернеу мен ток қатар күшейтілген кезде қуаттың да мейлінше көп болатыны белгілі» [3]
Демек, қарсылықты қатынаста жұмсалатын шегендеуіш шылаулар абзац көлеміндегі сөйлемдерді байланыстырып қана қоймай, мәтінді алға қарай жылжытып, оны дамыту қызметін де атқара алады екен
3.Қорыту мағынасын беретін шегендеуіштер: қорыта айтқанда, қорытсақ сонымен, сөйтіп, демек, қорыта келгенде т. б.
Бұл шегендеуіштер мәтіннің алдыңғы бөлігінің мазмұнын қорытуға мүмкіндік жасап, мәтінді компазициялық-мағыналық жағынан ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.
«Жартылай өткізгіштік немесе монолиттік деп аталатын осы интегралдық схеманың тағы бір ерекшелігі, ол транзистор не диод болмасын, тіпті кедергі мен сыйымдылық болмасын, барлығының бір технологиялық әдіспен жасалынуы. Қорыта айтқанда, схемада әр түрлі элементтердің болғанына қарамастан, олардың бір ғана транзисторлық технологиямен жасалынуы өндіріске өте тиімді» [3]
«Енді осы электр өрісі әсер еткен ортада (p-n ауысында) кемтік пен электрон пайда болса, электр өрісі мен кемтік р аймағында, ал электрон n аймағында шығарылып тасталады. Сонымен, р аймағында қосымша кемтіктер, ал n аймағында қосымша электрондар пайда болады». [3]
Оқулық мәтіндерінің мақсаты үйрету, білім беру болып табылатындықтан, мұнда нақ осы қорыту әдісінің жиі қолданылуы заңдылық болып табылады.
- Пысықтауыштық қатынастар: енді, бұл жағдайда, мұнда, қазір, онда, сонда т. б.
Бұл мәтінтүзімдік құралдар да алдында айтылған бөліктің мазмұнын ары қарай дамытып, әрекетті мезгілдестік, кеңістіктестік қатынаста өрбітеді: «Ал енді үлкен, өте үлкен ИС- ларға оптоэлектроника үлестіріп қоссақ, онда ЭЕМ- дердің бесінші сатысына шықпақпыз. Бұл – біздің қол созым жердегі жарқын болашағымыз».
«Фаза манипуляцияланған сигналға жиілігі сол сигналдың жиілігіндей гармоникалық бөгеулік әсер етеді деп алайық. Сонда оның векторлық диаграммасы 5.9- суретінде көрсетілгендей болады».
«Енді жоғарыда келтірілген нақтылы комбинацияны кодадан шығарушы құрылғының жұмыс істеу принципін қарайық». [3]
Келтірілген мысалдарға сүйеніп, бұл шегендеуіштердің біз қарастырған ҒТМ-де сөйлемдерді көбіне мезгілдестік қатынаста байланыстыратынын аңғаруға болады екен.
- Санамалық қатынаста қолданылатын шегендеуіштерге мыналар жатады: біріншіден, бір жағынан алғанда, бірінші, үшінші, басқа жағынан алсақ т. б. Бұлар мәтінде берілген ақпаратты рет-ретімен беру үшін қолданылады.
Біз қарастыратын оқулықтарда санамалау әдісі процестің немесе құрылғы бөлшектерін маңыздылығына қарай реттестіріп отырады.
«Блокинг- генератор да екі режимде жұмыс істей алады. Біріншісі, «күтуші» режим болса, ал екіншісі, автотербелістік режим» [3]
Оқулық мәтіндерінде белгілі бір құрылғының жұмыс жасау әдісі немесе бір құбылысқа тән қасиеттер түр-түрге топталып беріледі. Демек, санамалау конструкциялары ҒТМ-де жиі қолданылып, әрі байласым құралы ретінде, әрі мәтінтүзімдік қызметте жұмсалады екен.
- Перифразалар: басқаша айтсақ, өзге сөзбен айтқанда т. б.
«Интегралдық күшейткіштің шартты белгісінде екі ену нүктесі және бір шығу нүктесі болатындығын көріп отырмыз. Осындай құрылым көптеген күшейткіштерге тән де, ену нүктелерінің бірі терістейтін (фазасын қарама- қарсы ауыстыратын) теріс ену нүктесі деп, ал екінші ену нүктесі деп терістемейтін (фазасын өзгертпейтін) оң ену нүктесі деп аталады ». Басқаша айтқанда, сигналды теріс ену нүктесіне берсек, шығу нүктесінен ол күшейтіліп, бірақ фазасы аударылып шығады”. [3]
Бұл шегендеуіштер қатысқан бөлікті қолдану арқылы автор мәтіннің алдыңғы бөлігінде айтылған ойды мағыналық жағынан пысықтап, қайталап түсіндіреді. Осы құбылыс ҒТМ-де жиі қолданылатын кеңейтілген қайталамалардакездеседі.
- Нақтылау мағынасында жұмсалатын шегендеуіш сөздер: мысалы, мәселен, яғни, айталық.
Бұл шегендеуіш сөздер мәтіннің алдыңғы бөлігінде айтылған жалпы пікірді нақтылау үшін қолданылады: “Осы сипаттаманы түсіндіру үшін транзисторды ауыстырып қосқыш кілтке балап, оның толық ашық немесе толық жабық күйін зерттейік. Мәселен, транзистор толық жабық, яғни тоқ өткізбейді делік”. [3]
Бұл мысалдың бастапқы бөлігінде транзистордың ашық немесе жабық күйін зерттеу жайлы айтылса, мәселен шегендеуіші арқылы жалғасқан бөлігінде тек жабық күйі алынатыны дараланып көрсетіледі.
“Модуляциялау әдісіне қарай бөгеуліктің әсері мен соның салдарынан болатын қателіктер де әр түрлі болады. Мысал ретінде фазалық манипуляцияланған сигналға флуктуациялық бөгеуліктің тигізетін әсерін қарайық.” [3]
Алғашқы сөйлемдегі қателіктер деп жалпылама берілген ұғым келесі сөйлемде нақтыланып тұр.
Қорыта айтқанда нақтылау мәнді шегендеуіштер өзінің алдында айтылған ойды жіктеп, нақтылап көрсету қызметінде жұмсалады екен.
- Растау, қостау мағынасын білдіретін шегендеуіштер: әрине, әлбетте.
Бұл топтағы шегендеуіштер мәтіннің алдыңғы бөлігіндегі мазмұнды растайды:
“Кері байланыстың қандай түрінде, яғни ол қандай бағытта болғанда (оң ба, теріс пе), осындай әсер өзін- өзі үдете түседі?… Әрине, кері байланыс тек оң бағытта болғанда!” [3]
Бұл шегендеуіштер мәтіннің алдыңғы бөлігінде айтылған мазмұнды әрі қарай ыңғайластық қатынаста жалғастыру мақсатында жұмсалады екен.
Осылайша, ғылыми- техникалық мәтіндер құрамындағы сөйлемдерді, абзацтарды өзара байланыстыратын элементтер — шегендеуіштер рөлін шылаулар , есімдіктер, үстеулер атқарады деп тұжырымдауға болады.
Пайдаланылған әдебиет тізімі:
- Жакупов Ж. Қазақ тілінің функционалдық синтаксисі:ф.ғ.д.дис.- Алматы, 1999.
- Қазақ граммматикасы. – Астана, 2002.
- Берікұлы Ә. Техникалық электроника. – Алматы: Білім, 1995.
- Жубанов А.К. Основные принципы формализации содержания казахского текста: автореферат д.ф.н. – Алматы, 2002. – 52с.
- Базарбаева З.М. К вопросу об интонации и ее связи с семантикой (на материале казахского языка) // Қазақ тексінің статистикасы. 2-шығарылуы. – Алматы: Ғылым, 1990.
- Мустафина С.С. Текстообразующие средства казахского языка: канд. дисс. – Алматы, 1989.
- Төлеуп М.М. Қазіргі қазақ тіліндегі себеп- салдарлықтың функционалдық аспектісі: ф.ғ.к. дис. авторефераты.- Алматы, 2002.