«Алуан – алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» дегендей адамдардың қабілет саласындағы дара айырмашылықтары да алуан болып келеді. Мәселен, біреу іске күшті жігермен, қатты мейірмен кіріседі.мұндай адам жұмысты сапалы да орындай алады. Енді біреу керісінше, сол істі әрі баяу, сапасын төмен етіп орындайды. Қабілетті адамдардың бірі – зеректілігімен, екіншілері байқағыштығымен, үшіншілері материалдарды еске сақтағыштығымен ерекше көзге түседі. Бұл айтылған қасиеттер кейде бір адамның басында да тоғыса береді.
Қандай болмасын әрекетті сапалы етіп орындауы үшін қабілеттің бір ғана түріне сүйенуге болмайды. Бір әрекеттің өзін орындау үшін де кейде бірнеше қабілеттің жиынтығы керек болады. Мәселен, мұғалімге ұйымдастырғыштық қабілетпен қатар, бақылағыштық, ақыл – ой ерекшеліктерінің белсенділігімен қатар сөйлеу шеберлігі, зейін қойғыштық т. б. қажет болады. Адам қабілетін аз, көп деп сан жағынан өлшеудің ғылымға қажеттігі шамалы. өйткені алғашқы кезде түрлі себептермен көріне алмаған қабілеттердің оның есейген шағында көрінуі де ғажап емес. Жас шақта сөзге олақ адамдардың есейе келе ірі ақын, жазушы болғандары; көптеген нәрсесін есіде жөнді сақтай алмағандардың кейіннен талантты суретші болып шыққандары да бар.