Түркістан қласында 14 ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Иасауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. 1389, 1391, 1394 және 1395 жылдардағы қан төгіс ұрыстарда Әмір Темір Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы — Сарай-Беркені өртеп жібереді. Міне, осы жеңістің құрметіне Қожа Ахмет Иасауидің ескі мазарының орнына жаңа, зор кесене орнатуды ұйғарады. Осы тұрғыда Әмір Темір тек діни мақсат-мүддені ғана көздеген еді деу қиын. Бұл оның беделін көтеруге, үстемдігінің мызғымас берік екендігін көрсетуге және дала жақ ту сыртының сенімді болуы үшін де қажет еді. Бұл кезде Әмір Темір Моғолстан әміршісі Хазыр Қожа ханның қызы — Тукел ханымды алмақ болып, той қамына кірісіп жатқан. Қалыңдықты қарсы алу үшін Әмір Темірдің әмірімен Самарқанда «Ділкүш» («Гүл атқан жүрек») бағын салу аяқталды. Қалыңдығының алдынан шығуға аттанған Әмір Темір жолшыбай Шанас елді мекеніне таяу маңдағы Ахангеран қойнауында біраз аялдайды. Қыркүйек айында ол осы арадан Иасы шаһарына соғып, Қожа Ахмет Иасауи зиратының басында құлшылық ету ырымын жасайды, мазар жанында тұратын шырақшы мен діни қызметшілерге бағалы сыйлықтар береді. Деректерде Қожа Ахмет Иасауидің 12 ғ-да салынған, құлауға жақын тұрған мазарын көрген Әмір Темір мұны бұзып, орнына жаңасын салуға әмір еткендігі айтылады. Әмір Темірдің ұсақ-түйекке дейін есептеп барып берген нұсқауында кесененің негіздері алдын ала анықталып көрсетілген-ді.
Жамағатхана күмбезінің 41 кезге, ал айналасы 130 кезге тең болуға тиісті. Бас фасады қос мұнаралы биік порталмен көмкерілуі керек еді. Пештақтың мұнараларға дейінгі ені —60 кезге, пештақ арқасының биіктігі—30 кезге жетуі қажет болатын. Бұдан әрі қабырғаларынық ұзындығы—30 кезге тең, бірнеше металдың қоспасынан құйылған қазан орнатылатын төрт бұрышты, күмбезді бөлме — жамағатхана орналаспақ еді. Оған қабырғалары 12 кезге тең, ор қабырғасында төрт қуысы бар, төбесі қосарлы күмбезбен көмкерілген төрт бұрышты бөлме — көрхана жайғасуы керек-тін. Бұл бөлменің еденіне тавриз мәрмәрі төселуі тиіс еді. Көрхананың оң және сол жағынан көлемі 16,5X13,5 кез бөлмелер салынуы қажет болатын. Бұлардан басқа да бөлмелер болуға тиіс-тұғын. Олардың күмбездері мен қабырғалары шыны таспен қапталып, қабір қоршауы тастан қашалуы қажет-ті және т. б.
Құрылысты жүргізуді Темір өз дуанында игілікті істермен шұғылданатын Мәулен Убайдулла Садырға жүктеді. Мавзолейді салу жедел қолға алынып, сол заманғы деңгейден қарағанда, аса қарқынды жүргізілді. Негізгі және қосалқы бөлмелерді салу кезінде де құрылысшылар қолдарындағы архитектуралық сызбалар мен ғимарат жобасына сүйеніп отырды. Архитектуралық көлемдер мен олардың бөлшектерінің асқан шеберлікпен салынғандығының себебін тек осылай ғана түсіндіруге болады. Темірдің болашақ мавзолей жобасын жасауға тікелей қатысып, құрылысшыларға нақтылы нұсқау бергендігін әр түрлі жазба деректер де дәлелдейді.
Жобаны әзірлеу барысында олар белгілі бір модульді пайдаланды, оның жартысы да, ширегі де өлшем ретінде жүре беретін. Сондай-ақ, композициялық негіз етіп алынғап модульдік жүйе де қолданылатын. Осы жүйе бойынша архитектуралық көлемдердің мөлшері, ішкі және сыртқы тарамдардың, қуыстардың түрлері, қанаттардың ұзындығы, терезе және есік ойықтарының, арқалардың, қуыстардың, күмбездердің, сталактиттердің және т.б. тепе-теңдіктері белгіленіп отыратын. Ғимараттың жеке бөліктерінің жобадағы және кеңістіктегі өзара үйлесімділігі, негізінен алғанда, шаршы келген қабырға ұзындықтарының бас бөлменің көлденеңіне қаншалық сәйкесуіне байланысты белгіленетін.
Осы әдіс Ахмед Ясауи сәулет ғимаратын салу кезінде де кеңінен қолданылды. Жобаны өлшеу нәтижесі мавзолейдің 60,6 сантиметрлік тең қабырғалы модульдік — көлемдік торға дәл келіп тұрғанын көрсетті, Ал 60,6 сантиметр — ортағасырлық бір кезге тең.
Қытайға қарсы жорығын жүзеге асыра алмаған Темір 1405 жылғы февральда Отырар шаһарында дүние салды. Ол қайтыс болған соң мавзолей құрылысы да тоқтап қалды.
Ахмед Ясауи сәулет ғимараты — аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ені —46,5 метр, ұзындығы—65 метр. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық арқасының ұзындығы—18,2 метр) және бірнеше күмбезі бар. Онын, орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған.
Жамағатхана (мұнда қола қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі—37,5 метр. Қазандық бөлмесіне тікелей қомақты пештақ — портал арқасы арқылы өтуге болады. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы—1,8—2 метр, қазандық қабырғаларынрың қалыңдығы —3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассимметриялы боп келетін бұл зәулім ғимарат сегіз түрлі бөлмелер тобынан тұрады. Ол порталы оңтүстік шығысқа, ал бүйір беттері тиісінше оңтүстік батыс пен солтүстік шығысқа қарайтын етіп салынған. Келген адам орталық залға бас порталдың сәнді есігі арқылы кіреді.
Қазандық Қазақстан мен Орта Азиядағы кірпішпен өрген күмбездердің ішіндегі ең үлкен, диаметрі 18,3 метрлік күмбезбен көмкерілген. Бұл бөлмеден өткен соң оюмен өрнектелген ағаш есік арқылы Ахмед Ясауи мүрдесі жатқан бөлмеге кіруге болады.
Көрхананың қос қабат күмбезін кейде Мұхаммед-Ханафия порталы деп те атайды. Қазандықтан өзге бөлмелерге қарай қос қатарлы сегіз дәліз тарайды. Бұл дәліздер ғимаратты сегіз дара блокқа бөледі. Әр блокта архитектурасы да, пайдаланатын мақсаты да әр қилы бөлмелер бар. Оңтүстік батыс блокта мешіт орналасқан. Ал оңтүстік шығыс блокта халимхана бар. Халимханада дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам — халим әзірленетін болған.
Өзінің ауқымы жағынан бұл мавзолей Самарқандтағы Бибі ханымның мешітіне, Шахрисябздағы Ақсарай мен Доруссиадат көрханасына тең. Ахмед Ясауи мавзолейінің прототиптері ретінде біздің дәуіріміздің VII—VIII ғасырында салынып, бітпей қалған Жамбыл облысындағы алып құрылыс (бекініс-сарай) Ақыртасты (Тасақыр) және Термез маңындағы (IX ғасыр) Қырыққыз комплексін атауға болады.
Сондай-ақ, Кене Үргеніштегі Нәджмеддин Қубрдің (XIV ғ.), Бұхарадағы Буян Кули ханның (XIV ғ.) және т.б. мавзолейлері де бізге дейін жетіп отыр. Алайда, классикалық архитектуралық үлгіге айналғай осы екі тәсілдің екеуі де мәңгі жасайтын мемориалдық комплекс — Ахмед Ясауи сәулет ғимаратында ерекше үйлесім тапқан.
Ахмед Ясауи сәулет ғимараты да айқын әрі үйлесімді жоспармен салынған. Солтүстік шығыс блокта құдықхана, ал солтүстік батыс блокта Үлкен Ақсарай орналасқан. Оңтүстік батыс және солтүстік шығыс жақтарының орта тұсында өзінің архитектуралық тұрқы жағынан біртектес, қабатты залдар — Кіші Ақсарай мен кітапхана және қос қабатты құжыралар бар. Кезінде кітапхана қоры мейлінше бай болған. Комплекстің өзге бөлімдері де әр түрлі шешімін тапқан. Мавзолейдегі сегіз дәліздің алтауы өтпелі де, екеуі— тұйық. Биіктігі қос қабатты үйдей дәліздер бүкіл комплексті өз алдына дербес блоктарға бөледі. Бұл инженерлік озық шешімге кірпіш конструкциялары саласындағы аса білімдар маман, профессор A.A.Шишкин ғана бірінші боп көңіл аударып, табан топырағының әр тектестігін және жер сілкіну қаупін ескере отырып, күрделі де керемет үлкен құрылысты салып шыққан адамдардың ғажайып көреген болғандығына барынша, баса назар аударды. Шынында да, бүкіл комплексті 8 түрлі жеке бөліктерге бөлу арқылы жасалған жүйенің қарапайымдылығы мен дәлдігі ғана тіпті мавзолейдің ірге топырағы қатты ылғалданған кезеңде де комплекстің ұзақ сақталып, жалпы бірлігінің бұзылмауын қамтамасыз еткен еді.
Кітапхана мен Ақсарай бөлмелерінің төбесі көлденең аркалармен жабылған. Төбені осылайша жабу түрлі пошымдағы күмбездерге, тұрқы шаңырақ тәрізді иықтар мен жаппаларға негіз болып тұр. Бұл жаппаларда көтеруші арқалардың өзара қиылысу элементтері Қазақстан мен Орта Азия архитектурасында сол кезге дейін кездеспеген елеулі жаңалық болып табылады. Алайда, күмбез астындағы бөлмелерді, қабырғаларындағы қуыстарды тереңдету және кеңіте түсу арқылы оны шаршы етіп жасау бұған дейінгі құрылыстардан да кездеседі.
Негізгі бөлімдер — қазандықта, көрхана мен мешітте қос қабатты аркалар жоқ, олардың әрқайсысының қабырғаларынан төрт-төрттен ойықшалар жасалған. Күмбездердіц ішкі беті алуан тұрпаттағы сталактиттермен көмкерілген. Бұлар арша ағашынан жасалған білезіктермен бекітілген. Сталактиттер күмбез табаны астындағы жалпақ паруазды түзілісті көзден көлегейлеп тұр. Жалтыр аркалар мен қалқан тәрізді сүйір желкендерге сегіз қырлы күмбезшелер келіп қиюласқан, есік жақтағы шаршы көлемді құжыраларды орталық порталдан солар бөліп тұрады. Кіші Ақсарай мен кітапхана бөлмелерінің төбесін жабуға қалқан тәрізді желкендер пайдаланылған.
Мавзолейдің сырт қабырғаларының көркемделуі үш бөлікке жіктеледі. Оның орта бөлігіне үлкен көлемдегі гирихтермен өрнектелген жазулар түсірілген, жоғары жағына — эпиграфтық фриз, төменгі жағына (ірге бөлегіне) биіктігі—1,85 метрлік тас кенере жүргізілген. Ірге бөлегі қашалған тас тақталармен дәнекерленген. Мавзолейдің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде құраннан алынған сөздер жазылған. (6-сүре—«Мал», 58-аят). Эпиграфтық фриздің жазулары терракоталық фонда құйма кірпіштермен өрнектелген. Фриз екі жағынан майоликалық жақтаумен шектелген. Фриздің биіктігі —2,37 метр, жоғарыда шектелген жақтаумен қоса есептегендегі биіктігі —2,62 метр. Жазулар көгілдір қышпен өрнектеліп, қара көк түсті кірпіштермен көлеңке түсірілген. Ғимараттың солтүстік бетіндегі екі бұрыштың екеуінде де цилиндр түріндегі үш ширектік діқгектер бар, бұлар іргелік кенере мен эпиграфтық фриз аралығында қиюластырылған. Бұл діңгектерге де куфа қарпымен жазылған жазулар мен ою-өрнектер түсірілген. Ірге мен эпиграфтық фриз екеуінің арасындағы аралық —қабырғаның тегіс жері — терракоталық кірпішпен қаланған, көк түсті гирихпен көмкерілген. Ал оның ішкі ашық жерлері көгілдір түсті куфа жазуларымен толтырылған, бұлардың арасынан «Құдай», «Мұхаммед», «О, жарылқаушы», «Билік аллада», «Құдай менің әміршім» және тағы басқа сөздерді оқуға болады.
Барлық түрлі түсті тас тақталар тігінен, өңделмегендері көлденеңінен қойылған. Бұлар белгілі жүйемен, тікелей сол қабырға кендетігінің өзінде құрастырылған. Ал олардың бәрін ұстап тұрған тиянақ-ғимараттың бүкіл бүйірлері бойынша біркелкі дейгейде жүріп отыратын тас белдемшелер болып табылады. Барлық терезе ойықтары солтүстік шығыс беттегі арка ойығы («Ілияс хан ойығы» деп те аталады), солтүстік шығыс портал (Мұхаммед-Хаиафия порталы аталады) аркасының беттері майолика тақтайшаларымен көмкерілген. Мавзолейдің солтүстік шығыс бетінде Ілияс хан ойығының үстіндегі эпиграфтық фриз соңында көк жыланкөзбен «Шираздық Қожа Хасан» деген сөз және «Құжыраның 800 жылы» (б. з. 1397 жыл) деп жазылған. Бұл шебер Ахмед Ясауи мавзолейінің барлық үш қабырғасын жыланкөзбен көмкеріп шыққан. Көрхананың қатпарлы күмбезінің жоғары жақтауы мен алты бұрышты тақтапшада куфалық стильмен шираздық мозаикашы Шемс Әбд-ал-Уахабтың есімі жазылған. Ол кумбездің қатпарлы қабырғаларына жыланкөз өрнектер жасаған шебер еді.
Қазандық көрхана мен мешіт қабырғаларының төменгі жағы алты бұрышты көгілдір тақтайлардан тұратын биіктігі—1,5 метрлік майолика тыстамамен қапталып, мозаикалық өрнектермен әшекейленген. Әрі мозаикалық бедермен көлеңкелендірілген. Ал, еденге жанасар тұста бетіне өсімдік өрнегі салынып, тастан қашалған белдеушелер жүргізілген.
Қазіргі шақта шынайы мозаикалық тыстама тек көрханадағы ойықшада ғана ұшырасады. Үш ширектік майоликалық тыстама тек көрханадағы ойықшада ғана бар. Үш ширектік майоликалық діңгекшелер сонда сақталған. Мозаикалық тыстама көрхана белмссінде де азды-көпті ұшырасады. Қазандық көрхана мен мешіт қабырғаларының мозаикалық тыстамадан жоғары тұстары да бір кезде ою-өрнектермен әшекейленіпті, бірақ 1884—1886 жылдардағы жөндеу жұмыстарының барысында-ақ балшықпен сылап тасталған. Қазандық бөлмесінің ортасында 60 шелек су сиятын, салмағы 2 тонна, диаметрі 2,45 метр қола қазан тұратын, Қазанда қант қосылған су толы болады да, мұны мешіт қызметшілері жұма намазы аяқталған соң емдік қасиеті бар су ретінде дінікештерге үлестіріп беретін. Бұл қазан Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Қарнақ деген мекенде құйылатын еді. Оны құйған тебриздік шебер — Әбд-л-Әзиз ибн Шарафуддин.
Кезінде қазан төңірегінде жылқы құйрығы тағылған он ту тұратын. Олардың кейбірінің жарты ай бейнесі мен жазулар түсірілген үшкір ұштарында болатын. Ертеде мавзолейдің діни қызметшілері келушілерге бой тұмарлар беріп отыратын-ды. Кейіннен бұл тұмарларға, ортасында «Хазрет Сұлтан Қожа Ахмед» деген жазуы бар дөңгелек мөр (Қожахан шебер XVIII ғасырда жасаған) басылатын болды. Мавзолейдің мешіті де аса бір тамаша архитектуралық құрылыс. Ол — мойындығында он алты терезесі бар, шағындау қос қабат күмбезді сопақшалау келген зал. Оған қазандық бөлмесінен Жолбарыс хан дәлізі арқылы өтуге болады. Мешіт қабырғаларына жыланкөз жалатылған алты қырлы көгілдір тақтайшалар ұсталған. Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі қағба сияқтандырып 3,5×2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Михраб мешітке ерекше көрік беріп тұр. Оның беті мозаикамен және өсімдік суреті бедерленген майолика тақтайшаларымен әшекейленген. Михраб дегеніміз— жебе ұшты аркасы бар ойық. Бұл ойық және көгілдір түсті мозаикамен көркемделген, тік бұрышты сәндік белдеумен қоршалған, оған «сульх» стилінде ақ әріптермен құран сөздері жазылған. Әр жерден әсемдік үшін жалатылған алтынның сілемі көзге шалынады. Тік бұрышты белдеу тұтастай өсімдік суретімен өрнектелген.
Мавзолейдің оңтүстік батыс жағында діншілдердің қырық күндік ораза ұстауын және құдайға құлшылық етуге арналған жер асты мінажатханалары Қожа Ахмедтің көзі тірі кезінде жасалып, қайта жаңғыртылған. XVI ғасырда мешітке іргелес қосалқы бөлмелер тұрғызыла бастады, булар: батыс беткейдегі дәрет алатын тахаратхана мен Үлкен Ақсарайдың солтүстік шығысындағы «балхи» тәсіліндегі иықпен көмкерілген жер асты зираты (XI—XII ғ.). XVI ғасырдан бастап мавзолейдің жекеленген бөлмелеріне әйгілі адамдардың сүйектері қойыла бастады. Мысалға, 1451 жылы Темірдің немересі Әбу Саидтың Самарқандты жаулап алуына әскери көмек берген Әбілқайыр хан осында жерленді. Сол көмегіне риза болған Әбу Саид Ұлықбектің қызы, Темірдің шөбересі Рабиға Сұлтан Бегімді ханға қосты. Мұнда Қаз дауысты Қазыбек секілді казақ билерінің мүрделері жатыр.
1864 жылы генерал Черняев бастаған патша әскерлері Түркістан қаласын алған кезде полковник Веревкин қорғанушылар бас сауғалаған Ахмед Ясауи мавзолейін зеңбірекпен атқылады. Оның снарядтары ескерткішті он бір жерден опырып кетті.
1898 жылы Рабиға Сұлтан Бегім мавзолейі бұзылып, оның кірпіші қазыналық құрылыстарға пайдаланылды. Шығыстың архитектуралық ескерткіштерін зерттеуге орыстың озық ойлы интеллигенциялары, тарихшылар, археологтар, архитекторлар мен шығыстанушылар кеңінен араласты. Жөндеу барысында сәулетшілер мен инженерлер түрлі архитектуралық бөлшектердің егжей-тегжейлі чертежын және мавзолейдің құрылым жоспарын жасап шықты.
1907 жылы Ахмед Ясауи сәулет ғимаратын жөндеуге мұсылман бұқарасынан ерікті түрде жәрдем жинауға әрекет жасалды. Едәуір қаражат жиналғанымен, бұл шара да айтарлықтай нәтиже берген жоқ.
1910 жылы Түркістанда жергілікті орыс әкімшілігінің бақылауымен мавзолейді жөндеуге қаражат жинау жөнінде арнаулы комитет құрылып, шайқылар жиған он екі мың сомға ғимараттың төбесі мен қабырғаларының бір бөлігіне азды-көпті жөндеу жүргізілді.
1938 жылы Ленинградтағы Бүкілодақтық Көркемсурет академиясы архитектура факультетінің студенттері профессор А.Баклановтың басшылығымен күмбездің ішкі бетіндегі сталактиттерді өлшеп, бейнесін қағазға түсірді, ғимарат құрылысының сызба бейнесін жасады.
1945 жылдан бастап үкіметіміздің шешімі бойынша Қазақстан территориясындағы архитектуралық ескерткіштерді есепке алу, зерттеу және қалпына келтіру ісі Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Архитектура жөніндегі республикалық басқарма қарамағына көшірілді. 1951 — 1957 жылдары Өзбек ССР Министрлер Советінің Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитетініц арнаулы ғылыми-жөндеу шеберханасы Қазақ ССР-імен арадағы келісім-шарт бойынша елеулі жөндеу жұмыстарын жүргізді.
1951 —1954 жылдары бұл жұмысқа Б. Н. Засыпкин ғылыми жетекшілік етті, ал 1955—1957 жылдары осы шеберхананың ғылыми советі басшылық жасады. Осы уақыт ішінде архитекторлар В. Филимонов, И. Плетнев, Т.Карумидзенің жобалары бойынша цементтен іргетас орнату, ғимараттың бүйір беттерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Қазандық күмбезінің төрт және сегіз қабырғаларын тыстау жұмысы архитектор Т. Карумидзенің басшылығымен жүзеге асырылды. 1954 жылы ескерткіш іргетасын жапқан топырақ о бастағы деңгейіне дейін аршылды, мәдени қабаттардың қалыңдығы кей тұстарында екі, екі жарым метрге жетті. Бастапқы кезде тыстама қалдықтарын негізге ала отырып, барлық қабырғалар іргесі қалпына келтірілді. Шағын күмбездер де осы жылдарда жөнделді. 1953 жылы архитекторлар М.Абдуллаев, В. Железняков, А. Хусаинов, Е. Осипов мавзолейдің бірінші және екінші қабаты мен чертежшылар И. Усманхожаев, С. Неумывакин, B.Ловкачев пен Л.Маньковская ескерткіштің барлық бөлмелерінін. өлшсмдерін нақтылап, чертежын сызды. 1958 жылы Өзбек ССР-інің жоғарыда аталған өндірістік шеберханасымен жасалған шарт бұзылды. Жөндеу жұмыстары 1960 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің күшімен қайта жалғастырылды.
1966 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің шешімімен Қазақ ССР Мәдениет министрлігі жанынан Республикалық ғылыми-жөндеу шеберханасы құрылды. Мавзолей астына іргетас орнату жұмысы тұңғыш рет 1928 жылы қолға алынған еді. Мешіт қабырғаларының астына іргетас орнату үшін (1938) Засыпкин ғаныш ерітіндісін қолданды, ал кейін осы саладағы жұмыстарға суға берігірек материал ретінде цемент пайдаланылды.
Алайда, мұндай шаралардан келген пайда аз болды да, кейін бұған Засыпкиннің өзі де өкініш білдірді. Дер кезінде қолға алынғандығына және маңыздылығына қарамастан, бұрынғы жүргізілген барлық жөндеу жұмыстарының нақтылы тарихи-мәдени жоспарының болмағандығын атап айту керек. Осының салдарынан ғимарат төңірегіне тұрғызылған көптеген маңызды көне ғимараттардың жойылып кетуіне жол берілді. Ахмед Ясауимен салыстыруға болмайтын кішкене мавзолейлер мен мінажат орындарына, сондай-ақ дәстүрлі тұрғын үйлерге көңіл бөлмеудің салдарынан мавзолейдің масштабтық белгі өлшемдерінен жұрдай болып, сомпайып жалғыз қалуына әкеп соқты. Ахмед Ясауи сәулет ғимараты төңірегінде тарихи-: архитектуралық комплекс тұрғызу жөнінде қолға алынып жатқан істерде орын толмас осындай қателіктер ескерілуде. Бұл игілікті істе Қазақ ССР Министрлер Советінің ескерткішті қалпына келтіру женіндегі 1972 жылы қабылдаған қаулысы үлкен роль атқарды.