«Сыңсу мен қыз мұңы» ән-жырларының синкретизмі, жанрлық ерекшеліктері

Сыңсу отбасы ғұрыптық фольклордың ішінде үйлену салтымен байланысты өлеңдерге жатады. «Отбасы ғұрпының фольклоры» деген терминді ең алғаш рет ұсынған Б.Абылқасымов еді. Ал «ғұрып» сөзін орыстардың «обряд» атауы мағынасында ең алғаш қолданған А.Байтұрсынов болатын. Адам өмірінің негізгі үш кезеңі ретінде саналатын туу, үйлену, дүниеден өту рәсімдерімен байланысты орындалатын отбасы ғұрыптық фольклор түрлерінің туыстығы қолданылу аясына байланысты емес, мазмұндық-көркемдік қырларынан да көрініп отырады. Жанрдың жүйеленуі мен зерттелуінің алғашқы кезеңінен бастап, бертінге дейін «сыңсу» терминімен бірге «қыздың қоштасуы», «қоштасу-танысу», «көрісу», «жұбату» сияқты атаулар кейде қосақталып айтылып, кейде оның орнына қолданылып келді. Оның өзіндік себептері де бар. Бұл туралы К. Ісләмжанұлы былай дейді: «Қыз ата-анасының үйінен бастап, бүкіл туған туыстарын аралап қоштасады, туысқандарын құшақтап, көрісіп жырлап сыңсиды, өз кезегінде туыстары қызды өлеңмен жұбатады. Оның «қоштасу», «танысу», «көрісу», «жұбату», «сыңсу» деп әр түрлі аталуы сондықтан [1].

Дегенмен, ғылыми еңбектердің көпшілігінде соңғы кезеңде сыңсу атауы тұрақты қолданылып келеді және терминдік мағынасы айқындалып орнығып қалғандай. Оның үстіне ол рет-ретімен орындалатын (үй-үйді аралап-танысу, әркіммен құшақтасып көрісу, қоштасу, жұбату айту, т.б.) көп құрамды, күрделі ғұрыптық рәсім. Тіпті, қыз ата-ана, туған-туыс, жұрағатымен ғана емес, босағамен, маңдайшамен, тақиясымен де қоштасады. Бірақ оның барлығын жеке-жеке жанрлық түр ретінде жіктеудің реті жоқ. «Сыңсу» сөзі осының барлығын қамтитын ауқымды терминдік мағынаға ие. Сондықтан оны ілгергі еңбектерде баламасыз қолданып, орнықтырған дұрыс[2].

Адам адамға қарап, ағаш ағашқа қарап өседі деп білген қазақ халқы: «қызым жақсы болсын десең – қылықтылармен ауыл бол» дейтін халық даналығын берік ұстанып, қыз балаларды ес біліп, етек жаба бастаған кезде-ақ өнерлі, текті, тәрбиелі, адамгершілігі жоғары кісілермен барыс-келіс, жасап, олармен көрші отыруға, бірге жүруге құлшынған, әрі ресми тәрбие жүргізе бастаған.

Мұнда, білікті аналар сәби қыздарын бір тізерлеп отыру, қалай болса, солай отырып; үнемі «сіз, біз» деп сөйлеу, тасыр мінез, кеселді сөзден аулақ болу; кісі бетіне, әсіресе ер адамдардың бетіне қылымсып немесе тіке қарамау тамақты ауыз толтыра асап, былшылдатып, шалпылдатып шайнамау; ыдыс-аяқты жуғанда, жиғанда сылдырлатпау; үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру, аман-сәлем жасау, ата-ана мен үлкен кісілер арасында отырғанда білермендік істемеу, сөзге қыстырылмау, «шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын есте берік сақтау; көпшілік ортасында жыртақтап күлмеу, арын таза сақтау, ата-анадан рұқсатсыз жөнсіз қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізеді[3].

Қазақ салтында жігіттердің қалыңдық таңдағаны сияқты, қыздардың да жар таңдау, өзі сүйген жігітімен үйлену еркіндігі болған. Мұнда «қыз көрелік, қыз көрелік, қыз көретін жігітті біз көрелік» дегендей қыз іздеген атпал азаматтар мен ер жігіттерге де қыздар жағынан берілетін сын-сипат, баға аз болмаған. Мысалы, «ұлға – отыз жерден тыйым, мың сан үйден сын» дейді. Міне, бұл дәстүрлі тәрбие де «жігіт сыны» деп аталған.

Жігіт сыны ақылды да алғыр, сезгір де сергек қазақ қыздары жігіттерге ақыл-білімі, адамгершілігі, мақсат-мұраты, арман-тілегі, іс-қимылы, кескін-келбеті сияқты толып жатқан бөгенайларына қарап әртүрлі сын тағып, әртүрлі бағаларын беріп отырған. Мысалы, қыздардың жігіттерге қоятын кескін-келбет сыны: еңсегей бойлы, өткір көзді, қыр мұрынды, қияқ мұртты, кең иықты, апай төсті, өткір тісті, жуан білекті, қапсағай денелі, бура санды, кең жауырынды, от ауызды, орақ тілді, темірдей саусақты, жау жүректі, сергек ойлы, ширақ қимылды, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, сұңқардай өр, көк бөрідей қайсар, қырандай алғыр, қабыландай сұсты, сауысқандай сақ, іскер де ісшең болу керек деп тұжырымдайды. Сондай-ақ, мұндай қасиеті бар жігіттерді: «жігіттің сұңқары», «жігіттің сұлтаны», «жігіттің қыраны», «жігіттің арыстаны», «жігіттің қабыланы», «жігіттің төресі», «жігіттің жамбозы» деп мақтайды.

«Жинақтап айтар болсақ, сыңсу – қыздың өз ауылынан аттанар қарсаңында туған әке-шешесімен, туысқандарымен, балалық шақпен, ел, жерімен қоштасу кезінде айтылатын үйлену ғұрып жырларының бір түрі. Оның композициялық құрылымы қыздың жастық дәуреніне, елі мен жеріне, туысқандарына арналған қоштасуынан, қыз туыстарының қызды жұбатуынан және оған арнап айтқан үгіт-насихатынан құралады. Мазмұны – қыздың жастық дәуренін, елін, жерін, туған-туысқандарын, құрбы-құрдастарын, балалық бал дәурен шағын қимай, зарлана қоштасу мен оған айтылған жұбатудан тұрады» – дейді К.Ісләмжанұлы. Сыңсудың пішініне тоқталар болсақ, ол көбіне қара өлең үлгісінде келеді. Жұбатуларда 7-8 буынды жыр үлгісімен келетін тұстар да бар.

Сыңсудың өзі іштей екі түрлі сипатта болады. Оның бірі нақты тұлғаға, яғни әке-шешеге, ағайын-туысқа, құрбы құрдасқа бағытталса, енді бірі абстракті ұғымдарға, жансыз заттарға бағытталады. Мәселен, жастық шаққа, ел, жерге, тақиясына т.б. Мұндайда қыз өз-өзімен сырласқандай, өз мұңын өзіне шаққандай кейіпте көрінеді. Сондықтан да Қ.Саттаров «қыз мұңы» терминін сыңсудан бөлек қолданған болуы керек деп ойлаймыз. Біз де осы терминді орнықтырған дұрыс деп есептейміз.

Тарихи-этнографиялық деректерге қарағанда дүние жүзіндегі халықтардың қай-қайсысының да болса, құдалыққа келуден бастап, келін түскенге дейінгі аралықта жасалатын өзінше көп жора-жосыны болады. Түркі-моңғол халықтарының қыз беріп, келін түсіру ғұрпының өзара жақындығын айтпағанның өзінде, орыс, украин сияқты славяндықтардың құда түсу салтында да біраз ұқсастықтар бар. Мысалы, А.Н.Веселовский өзінің «Три главы из исторической поэтики» деген еңбегінде орыс халқының құда түсу салтын былай баяндайды. «Русский свадебный обиход открывается сватовством, обставленным символическими обрядами и традиционными разговорами сватов с родителями невесты. Разговор ведется исключительно в форме загадок… Сваты являются под вечер, в виде странников или охотников, просят пустить их обогреться, уверяют, что их князь охотился на зверя и сам видел, как одна коница или лисица скрылась во дворе именно этого дома». Сөйтіп қырғыз, қарақалпақ, өзбек, татар жұрты секілді орыстар да құдалықты жаушы жіберуден бастайды екен. Қазақтың «сізде лашын бар екен, бізде сұңқар бар екен» дегені сияқты сөзді астарлап, жұмбақтап айту славян елдерінің ескі салтында жиі қолданылып келген. Мұндай қалың мал алып, құда түсу ғұрпы рулық-патриархалдық заң жосынын бастарынан кешірген дүние жүзінің көп елдерінде бар. Соның ішінде Конго, Чад, Судан, Нигерия, Убанга секілді африкалық елдерде де қыз баланы екі-үш жасынан айттырып қойып, жыл сайын қалың малын өтеп тұру әдеті әлі күнге дейін сақталған[4].

Қазақ секілді қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтарының үйлену тойларында да толып жатқан ырым-жырымдар аса көп болған. Айталық, қазақ дәстүрінде қалыңдық ойнамақ деген бар. Бұл дәстүр бойынша күйеу жігіт қасына ерген қосшылармен қыз ауылына келеді. Қазақта мұны ұрын бару, «ұрын тойы» дейді. Ал қырғызда «үй жаны қылған» немесе «ишикашты» дейді. Көптеген түркі-моңғол халықтарының қыз ұзату тойы қызқашар ойынымен аяқталады. Мұндай ойынның тәртібі бойынша қыз өз ауылының, немесе көрші ауылдардың бірінің үйіне тығылады. Күйеу жігіт қыз табылған үйдің иесіне ат мінгізеді, шапан жабады. Бұдан соң үй иесі мал сойып, қыз-келіншек, бозбалаларды жинап, ойын-сауық құрады. Ойын аяқтала бергенде күйеу жігіт жағы жиналып келіп, құрбы-құрдастарының ортасында отырған қалыңдықты тартып әкетпек болады. Оған қалыңдықтың құрбылары қарсылық қылады. Ақыры жігіттер жағы жеңіп, қалыңдықты кілем үстіне отырғызып алып кетеді. Мұндай қызқашар ойыны дүние жүзінің көптеген елдерінде болған. Академик А.Н. Веселовский: «Вечером, после свадебного пира, молодой хватает новобрачную в охапку и выносит из дому, та вырывается и бежит: девушки ее защищают; жених и поезжане снова овладевают ею и увозят в дом жениха. В ритуале народной свадьбы на синайском полуострове невеста бежит, прячется от жениха, которому приходится искать ее… Такие песни существуют в пересказах малорусских, венецианских, сицильянских, новогреческих, русских; они ходят отдельно, кое-где поются в связи со свадебным ритуалом», – дейді.

Ал үйлену тойы үстінде айтылатын салт өлеңдеріне келсек, мұның да әр халыққа тән өзіндік өзгешеліктері бар. Мысалы, татар жұртында құдаларды мақтап, көңілдерін көтеретін өлеңдер көп тараған, ал қазақ арасында бұл өлең түрі тіпті аз ұшырасады. Сондай-ақ жар-жарды бізде екіге бөлініп, бір жағы қыз-келіншектер тобы, екіншісі – жігіттер тобы болып айтысса, өзбектерде мұны бәрі қосылып бірақ айтады.

Әрине, үйлену тойы және сол той кезінде айтылатын өлең-жыр, орындалатын жол-жора, әдет-ғұрыптар дүние жүзіндегі елдердің, үлкенді-кішілі халықтардың бәрінде де бар. Бірақ әр халық, әр ұлт мұны өзінше өткізеді. Өзінің талай мыңдаған жылдарды көктеп өткен ата дәстүрін, ой-сана, салтын сақтайды.

Алайда, осындай айырым-өзгешеліктеріне қарамастан бірталай елдердің үйлену тойынан, жора-жосынынан ұқсастық, ортақтастық табыла береді. Мұны орыс, украин, белорус секілді славян халықтарының құда түсіріп, қыз ұзату, үйлену тойларынан да, сондай-ақ Балтық жағалауындағы елдердің үйлену салтынан да кезіктіруге болады. Мысалы, литвалықтардың үйлену тойында айтылатын өлеңдердің 34 түрі бар. Бұлар мына тәрізді жол-жора, көп кәделердің тұсында орындалады. Олар: таныстық, құдалық, күйеуді қарсы алу, орындық ақы, қалыңдықты жұбату, неке қияр, қоштасу, жасау беру, келін келді, таң атты, т.б. Міне, осы аталған кәделердің бәрі болмаса да, соның біразы қазақ пен қырғыздың, қарақалпақ пен алтайдың, татар мен башқұрттың, өзбек пен түркіменнің үйлену тойынан да табылады. Демек, бұл литвалықтар мен түркі халықтарының үйлену салт өлеңдерінің тақырып, мазмұнында да өзара ұқсас ортақ сарындар бар деген сөз.

Сыңсудың орыс, башқұрт, поляк, чех және болгар халқындағы көрінісі туралы Д.М. Медриштің, Ю.М.Соколовтың, В.П.Аникиннің айтқан пікірлеріне сүйене отырып, қазақ сыңсуымен салыстырдық. Нәтижесінде, атауы өзгеше аталғанмен мағынасы ұқсас екені анықталды.

«Сыңсу мен қыз мұңы» әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен бірге кешен құрайды. Осыған байланысты, бұл жанр тарихи-этнографиялық тұрғыда көбірек қарастырылып келді. Бұл жанр халықтың этнографиясымен, нақты бір әдет-ғұрыпты атқару міндетімен тығыз байланысты болуымен қатар, өзіндік эстетикалық әсерінің күштілігімен де ерекшеленеді. Оның эстетикалық қуаты әркімді де қызықтырар ұзату тойының ғұрыптық жүйесімен байланыстылығында ғана емес, өзге өнер түрлерімен, сән үлгілерімен (декорация), музыкамен, актерлік шеберлікпен тұтастықта орындалуында да. Осы көпқырлы өнердің ішінде сөз өнерінің орны ерекше. Тақырыптың айқындығы, айтар ойдың дәлдігі, мәтіндік көлемнің шағындығы, композицияның шымырлығы, образдар жүйесінің ұлттық бояуға қанықтығы, тілдік құралдардың шеберлігі эстетикалық әсерді одан әрі күшейтеді

Қорыта айтқанда, сыңсу мен қыз мұңы – айшықтау мен ажарлауға, құбылту түрлеріне аса бай, бірақ көркемдік мақсатқа емес, ғұрыпқа тәуелді қолданбалы жанр. Олардың поэтикасында дәстүрлілік басым. Бұл, әсіресе, тұрақты формулалар мен қайталаулардың молдығынан көрінеді. Бұл қайталаулардың атқаратын қызметі көпқырлы. Сыңсу мен қыз мұңы табиғатының күрделілігі де осыдан келіп шығады. Сондықтан аталмыш жанрдың зерттелетін мәселелері әлі де көп демекпіз[5].

Резюме

«Девичий плач» исполняется по традиции. В нем отражаются внутренние переживания невесты. В его составе много драматических характеров присущих системе красочлости.

Summary

«Sinsu and kiz muni» carried out to tradition. It complexes dramatic characters.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991. –260 бет.
  2. Кендібаева Ф.Б. Қазақтың халық лирикасы. Филология ғылымының атағын алу үшін жазылған диссертация. Қолжазба. 1964. – 130 бет.
  3. Ақ босаға. К. Бейсенбиева. – Алматы: «Қайнар», 1996. – 480 бет.
  4. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 2-том. Жауапты редактор С. Е. Әбжіғали. – Алматы: Арыс, 2006 – 160 бет.
  5. Саттаров Қ. Рухани мұра. Сыңсу мен қыз мұңы. Шымкент: «Жебе ДИЗАИН» баспаханасы, 2006.