Ірі кара тейлериозы

Тейлериоз ірі қарада жіті және жітілеу түрде өтетін, тейлерия туысына жататын қарапайымдылар қоздыратын протозооз ауруы. Ауруға шалдыққан малдың сөл бездері үлкейеді, қызба, қаназдык, белгілері байқалып, жүрек-қан тамыр жүйесінің және асқазан жолдарының қызметі бұзылуымен сипатталатын аса кауіпті ауру.

Қоздырғышы. Theileria annulata малдың сөл бездерінде, талағында және эритроциттерде тіршілік ететін бір торшалы қарапайымдылар. Эритроцидттер ішіндегі тейлериялар дөңгелек, сопақша, таяқша, үтір және нүкте тәрізді. Ұзындығы 0,5-1,6 мкм. Әрбір эритроцит ішінде 7-ге дейін, ал көбінесе 1-2 паразит тіршілік етеді. Ауру асқынған кезінде эритроциттердің 80-95% зақымдалады.

Бұл паразиттерді гиаломма туысына жататын Hyaloma detritum, Hyaloma anatolicum деген жайылым кенелері тасымалдайды. Кененің сілекейі арқылы мал денесіне енісімен олар сөл бездеріне және бауыр мен талаққа барып, өсіп-өніп тез арада шизагония әдісімен бөлшектеніп көбейе бастайды. Мұның нәтижесінде көп ядролы анар тәрізді (гранат) денелер пайда болып, олардың бір цитоплазмасында 40-50, кейде одан да көп ядро болады. Кейінірек бұл паразит бөлшектері ыдырап, қанның эритроциттеріне енеді. Осы уақыттан бастап, оларды тейлериялардың эритроцитарлық түрі деп атайды.

Эпизоотологиясы. Тейлериоз Орта Азия республикаларымен қатар Қазақстанның Оңтүстік аймақтарында кездеседі. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында тейлериоз жылдары кең етек алып, шаруашылықтарда энзоотия түрінде байқалады. Себебі бұл аймақтарда ауру қоздырғышын тасымалдайтын Hyaloma туысына жататын кене түрлері көп тараған. Жас мал тейлериозбен асқынып ауырады. Сондай-ақ сырттан әкелінген сүтті сиырлар да өте қатал ауырып, тейлериоздан өлім-жітімге көп шалдығады.

Ауру белгілері. Аурудың жасырын кезеңі 11-15 күн. Тейлериоз жіті және жітілеу түрінде байқалады. Аурудың жіті түрі басқа жерден әкелінген жануарларда болады. Алғашқы күндері ауру малдың бір жақ шабындағы, желіні мен мойнындағы, жауырын алдындағы бездері қабынып, «безі шошып», ісіп кетеді. Оларды сипап көргенде өте қатты екендігі және мал ауырсынатыны байқалады. Сонан соң дене ыстығы 40-41,1 ал кейде 41,8° дейін көтеріледі, малдың жемге тәбеті тартпайды, сүті азаяды, жүні үрпиіп, қатты күйзеледі. Тамыр соғуы минутына 80-130-ға дейін жиілейді, тыныс алуы минутына 50-60 дейін шапшаңдап, мал демігеді. Ол аяқтарын талтитып, басын төмен салбыратып тұрады. Асқазан жолдарының қызметі бұзылады. Малдың қиы сұйық, оған шырыш, ал кейде қан қосылады. Кейін ішек перистальтикасы мүлде әлсіреп, тұрақты атония дамиды. Қандағы эритроцит саны мен гемоглобин мөлшері 2-3 есе кемиді. Несеп шығару қиындайды.

Ауру мал жемнен бас тартады, суды сүйсінбей ішеді, күйіс қайыру және сүт шығару мүлде тоқтайды, 6-8 күннен соң дене қызуы шұғыл төмендеп, мал тез арада шығынға ұшырайды.

Аурудың жітілеу түрінде де сөл бездері шошып, дене қызуы 40-410-қа дейін көтеріліп, осы деңгейде 2-3 күн тұрады, сонан соң қалпына келеді. Бұдан 2-3 күн өткен соң, дене ыстығы қайта көтеріліп, өзгермелі қызба аурудың аяғына дейін байқалады.

Көз бен мұрынның кілегей қабықтары алғашқыда қызарыңқы. Олардың бозаруы баяу дамиды. Анемия қызба басталған соң 5 күннен кейін біліне бастайды. Ауру малдың жалпы күйі нашарлайды, тәбеті азаяды не мүлде болмайды. Аш бүйірі мен қабырғалары айқын білініп тұрады. Күйіс қайыру бірте-бірте тоқтап қалады. Ішек қозғалуы алғашқыда жиілегенмен кейін мүлде тоқтайды. Сүті азаяды. Ауру мал арып, 2-3 аптадан соң көтеремге айналады, әлсірейді, жүргенде тәлтіректейді. Ол мойнын бір жағына бұрып, ыңыранып жатып алады. Жүрек қызметінің бірте-бірте әлсіреуінен 3-4 аптадан соң мал шығынға ұшырайды. Тейлериоздың жітілеу түрінде лейкоциттердің саны 9 мыңға дейін көбейеді. Қан құрамында нормобластар, базофильді түйіршіктері бар эритроциттер және денешіктер, анизоцитоз, пойкилоцитоз және полихроматофилия құбылыстары байқалады.

Диагноз қою тәсілдері. Тейлериоздың эпизоотологиялық деректерін есепке ала отырып, микроскопиялық зерттеу жүргізу шарт. Ол үшін аурудың алғашқы сатысында шошынған бездерінен шприцпен шырынды сұйық сорып алып, таза шыныға жағады да, Романовский-Гимза әдісімен бояйды. Сонан соң микроскоппен қарап, лимфоциттер ішін жайлаған көп ядролы торшаларды табу қажет. Көп ядролы паразиттер, тейлериялардың шизогония әдісімен көбейіп, олардың ядросының көпке бөлшектенуінен пайда болады.

Арудың екінші сатысында, яғни ауру басталғаннан 3-4 күннен кейін, тейлериозға шалдыққан малдың қаны зерттеледі. Құлақ тамырларынан алынған бір тамшы қан шыныға жағылып, Романовский-Гимза әдісімен боялады. Эритроцит ішіндегі тейлериялар нүкте, үтір, дөңгелек және таяқша тәрізденіп жатады. Олардың ядросы қызыл, ал цитоплазмасы көкшіл болып боялады.

Өлекседегі өзгерістер. Тейлериоздан өлген мал өлексесі өте арық келеді. Кілегей қабықтары бозарыңқы және сарғыш тартқан, қанталаған. Сыртқы бездері ісініп, қабынған, қанталаған, көкірек қуысына қызғылт сұйық зат жиналған. Жүрек ұлғайған, оның ішкі және сыртқы жағы нүкте тәрізденіп қанталаған. Жүрек қабы сарғыш түсті экссудатқа толы. Бауыры үлғайған, оның түсі сары топырақ тәрізді. Талақ 1,5-2 есе ұлғайған, пышақпен тілгенде тіліктің беті қызыл-қоңыр түстес, ұлпасы жұмсақ, сірі қабығы асты қанталағандығы байқалады. Ұлтабардың іші қызарып, қанталайды, кейбір жерлері ойылып, уытты жараға айналады. Бұл өзгеріс тек тейлериозға ғана тән құбылыс. Ащы ішектің ішкі қабаты да қабынады, әр жері нүкте тәрізденіп қанталайды. Тоқ ішектегі өзгерістер де осындай, бірақ ащы ішектегіден көмескілеу.

Емі. Ауру қоздырғышына қарсы бағытталған және ауру белгілеріне қарай симптоматикалық ем қолданылады. Малды тыныш қораға немесе көлеңкеге байлап, балғын көк шөп, бақша дақылдарының сабағынан кесілген тамыр-түйінді өсімдіктерді, күніне 3 реттен 2-3 л сүт немесе тартылған сүт және айран беріледі. Тейлерияларға қарсы 3,5 мг/кг мөлшерінде 7% азидин бұлшық ет аралығына егіледі, 4-6 сағат өткеннен кейін күре тамыр арқылы 0,5 мл/кг мөлшерінде 10% хлорлы натрий және әр мал басына 1-2 г 1-2% аскорбин қышқылы жіберіледі.

Екінші күні күре тамыр арқылы 0,015 г/кг 5% террамицин немесе бұлшық етке 2000-5000 өлшем/кг окситетрациклин егіледі. Кешке малдың тірілей салмағының әрбір 100 кг 100 мл-ден кальций глюконаты бұлшық етке жіберіледі. Үшінші күні кофеин және 0,01-0,005 г/кг мөлшерінде 10% сульфадемезин бұлшық етке егіледі.

Емнің тағы бір түрі: күніне 1 реттен 3 күн ұдайы 1 мг/кг мөлшерінде хиноцид, ал төртінші және бесінші күндері 12,5 мг/кг бигумаль 1% ерітінді түрінде ауыз арқылы ішкізіледі.

Ауру қайталаған жағдайда, малдың ыстығы қайтқанша және одан кейін 2 күн ұдайы осы екі дәріні қоса қолдануға болады.

Симптоматикалық ем: ауыз арқылы ішке 3,0-5,0 г кофеин, 10,0 г фталазол, 50 мг хлорлы кобальт, 500 мг тотияйын күніне 1 рет және күніне 1 реттен 2-3 күн ұдайы 300-500 мг-нан В12 витамині бұлшық етке егіледі.

Сақтандыру (дауасы). Бүл аурудың дауасы малды қысқы мерзімде дұрыс азықтандыру. Ірі қараны жаз айларында көп жылдық себінді шөп өсірілген жайылымдарда жайған дұрыс, себебі мұндай жайылымда, әдетте, иксодид кенелері болмайды.

Егер мұндай жайылымдар болмаған жағдайда, малды жайылым кенелерінен арылту үшін немесе оларды дарытпау мақсатымен 1% хлорофос ерітіндісі немесе 0,1% күйдіргіш натрий (сілті) қосылған 0,5% хлорофос ерітіндісі қолданылады. Сондай-ақ, 3% СК-9 (хлорлы скипидар) эмульсиясын, 3% полихлорпинен немесе севин, дикрезил, бутокс сияқты басқа акарацидтер ерітінділерін қолдануға болады. Осы көрсетілген ерітінділер мен эмульсиялар кене көп таралған маусымда әрбір 7-10 күн сайын қолданылады. Бүл дәрілер ірі қараның жасына байланысты әрбір малға 1-3 л мөлшерінде ДУК, ЛСД-2 машиналарымен немесе гидропультпен бүркіліп отырады. Кейбір Hyaloma scupense сияқты жайылым кенелері мал қораларында кездессе, ондай қораларды 1,5% хлорофос ерітіндісімен дәрілеу керек. Бұдан кейін қора ішін 4-6 сағат желдетіп, оттықтар ішін ыстық сумен тазалап жуу шарт. Кенеге қарсы ивомек, протеид, неоцидол дәрілерін де пайдалануға болады.

Соңғы жылдары тейлериозға қарсы БЭВИ-ның (Ресей) тірі себінді вакцинасы қолданылып жүр. Тейлериоз болып тұратын шаруашылықтарда 6 айдан 18 айға дейінгі жас малды, әсіресе басқа жақтан әкелінген асыл тұқымды малды, ақпан-қаңтар айларында нұсқау ережелеріне сәйкес вакцинациялау қажет.