Індеттік ерекшеліктері

Бутулизмнің қоздырушысы табиғатта кең тараған. Оны топырақта, суда, көңде, өлекседе, өсімдіктерде, жеміс-жидекте, жануарлар мен құстардың ішек-қарнында, әртүрлі жәндіктер мен олардың балапан құрттарында кездестіруге болады. Әртүрлі сероварларының географиялық таралымы әртүрлі.

Табиғи жағдайда ботулизммен әртүрлі жануарлар мен құстар жасына қарамай ауырады. Сиыр мен ешкі негізінен С және д сероварынан, ал жылқы А, В, С және Д, күзен мен құс болса С сероварынан ауырады. Ет қоректілер мен талғаусыз қоректілер (ит, мысық, шошқа), сонымен қатар егеуқұйрықтар токсиннің барлық типтеріне төзімді келеді. Зертханалық ұсақ жануарлардан ботулизмнің токсиніне ақ тышқан, теңіз тышқаны және үй қояны сезімтал.

Жаппай улану әдетте жылдың жылы уақытында болады. Ауасыбағасыз жағдайда, ылғалды, жылу тұрақты 15-20° С-тан жоғары болғанда органикалық заттар мол ортада клостридиялар жедел өсіп-өніп, споралар және токсин түзеді. Мал азығында токсин жекелеген телімдерде болады. Уланған азықтың түрі мен исінде ешбір ерекшелігі болмайды. Токсиннің мал азығында ойдым-ойдым кездесуі жануарлардың кейбіреуінің ғана ауыруына себеп болады.

Ауылшаруашылық малдары негізінен сүрлем арқылы уланады? Сүрлемге ботулизм уы тышқан және басқа кемірушілердің өлексесімен немесе құстың саңғырығымен түседі. Ал етқоректілер мен талғаусыз қоректілер жануар тектес азықтан немесе кемірушілердің өлексесін жегенде уланады. Құстар, жәндіктер мен олардың балапан құрттарымен қоректенгенде ауруға шалдығуы мүмкін.

Ботулизм уы денеге әдетте ас қорыту жолдары арқылы жайылады. Сонымен қатар ерекше жағдайда микроб споралары жарақаттанған ұлпаларда өніп, токсин түзуі де мүмкін. Мұны «жарақат болтулизмі» деп атайды.

Ауру көбінесе бірен-сараң спорадия түрінде немесе топырақта фосфор жетіспейтін аймақта шағын тұтану ретінде байқалады. Өлім көрсеткіші 70-95% шамасында.

Дерттенуі. Азықпен денеге енген токсин аш ішектен қанға сініп 20 мин ішінде өкпенің, бауырдың, жүректің ұлпаларына, етке, несепке, тіпті миға жетеді. 60 мин өткенде концентрациясы аталған мүшелерде төмендейді де, бүйрек пен бұлшық еттерде жоғарылайды.

Денеге ауыз арқылы енген ботулизм уының өлтіретін дозасы оны құрсақ қуысына жібергендегі өлтіретін дозасынан 5000-1 250000 рет төмен. Ауыз арқылы енгізгенде таза токсинге қарағанда оның усыз гемаглютининмен қоспасының уыттылығы жоғары болады. Бұл улы комплекс ас қорыту жолында ыдырамаған күйі қанға өтеді. Комплекстің сіңірілуі оның көлеміне тәуелсіз.

Жалпы алғанда токсиннің денеге сіңіп, дерт туғызуын үш кезеңге бөлуге болады.

1-кезең: токсиннің ішектің микроворсинкаларының сыртқы мембранасындағы рецепторларымен байланысуы. Токсин молекуласы мен ішек торшасының рецепторында бір-біріне құрылысы жағынан сәйкес шартты түрде танитын немесе тауып алатын сайттар деп аталатын құрама бөлігі болады. Олардың бір-бірімен қауышуы кальций иондарының қатысуымен болады.

2-кезең: торшаға бекітілген токсиннің лимфа мен қанға өтуі алдымен токсинді пиноциттік везикулалар (көпіршіктер) бойына жинап алады да, ол везикулалардың кейбірі липосомолармен бірігіп белоктық заттарды ыдыратыды. Басқа везикулалар торшаның іргесіне қарай ығысып, торшааралық кеңістікке токсинді бөліп шығарады. Босаған токсин алдымен лимфаға, одан кейін қанға өтеді. Бұл процесс ас қорыту жүйесінің барлық бөліктерінде өтеді.

3-кезең: токсиннің шеткері жүйке талшықтарының жұрнақтарына өтуі (механизмі толық зерттелген жоқ).

Жүйке рецепторларын үздіксіз күшті тітіркендіруден ми қыртысының басқару қызметі бұзылады да, шектен тыс қозудың нәтижесінде жүйке торшалары әлсіреп, тіршілік қабылетінен айырылады. Сопақша мидың орталықтарының зақымдануына байланысты жұтқыншақ, тіл, астыңғы жақ салданады. Шеткері жүйке жүйесіне токсиннің әсер етуінен синапстарда ацетилолиннің бөлінуі тежеліп, бұлшықет-жүйке байланысы бұзылады. Соның нәтижесінде тұла бойы бұлшық еттері босаңсып, ширақтығы төмендейді. Дененің қозғалысы нашарлап, жүрек, тыныс алу бұлшық еттері салданып, тыныстың тоқтауынан жануар өліп тынады.