1928 жыл Ілияс шығармашылығында елеулі кезең боп табылады. Бұл жылы Қызылордада оның тұңғыш рет «Сағанақ» атты өлеңдер жинағы шықты. Одан бір жыл бұрын «Бет ашар» деген кіші – гірім жинағы жарық көрген болатын. «Сғанаққа» ақынның 7 – 8 жыл ішіндегі газет – журналдарға жарияланған және жарияланбаған өлеңдерінің таңдамалылары енген. Бұрын өлеңдерінің дені «Тілші» газетінде, бірсыпырасы «Лениншіл жас», «Ауыл», «Жаршы», «Кедей еркі», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп» және басқа сол сияқты күнбе – күн, айма – ай шығып тұратын баспасөз бетінде көрініп келген ақын енді бүкіл Қазақстан көлемінде өзінің дербес кітабымен танылды.
Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі оқуын бітіріп қайтқаннан кейін, «еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер болып істей бастайды.
«Еңбекші қазақ» газетінде істеген үш жыл (1928 – 1931) Ілияс шығармашылығының тағы бір басқыш жоғарылаған маңызды белесі болғаны даусыз. Мұнда ақын бұрынғы тақырыптарына қайта оралып, сол тақырыптарды жаңа жақтарынан толықтыра да тереңдете ашады, бұрынғы сарындарын одан әрі күшейте және үдете жырлайды. Мысалы, Жансүгіров бұл жылдары да Қазан күнін ардақтап, совет тұсындағы ұлы жеңіс пен табыстарымызды баяндап жаңа өлеңдер шығарады. Октябрьдің 11 жылдығына жазған «Ұлы Октябрь» деген өлеңі – Октябрь тақырыбын бұрынғыдан гөрі қомақтырақ толғап, партияның совет дәуіріндегі басшылық ролін айқынырақ көрсеткен өлең.
Сондай – ақ Ілиястың бұрын өндіріс тақырыбына жазған «Заводта» деген өлеңі оның Мәскеудегі заводты көргенде алған әсерінен туса, «Жаңа дала», «Алтын қазан» сияқты өлеңдері – қазақстанның өзіне орнаған өндірістерді көргендігі қуаныштан туған өлеңдер. «Жаңа дала» деген өлеңінде ақын Қазақстандағы ұлы өзгерістерді, оның ішінде өндіріс орындарының өсуін толғайды, бірақ бұл – жалаң толғау емес, нағыз көтеріңкі шаттық сезімге (пафосқа) бөленген образды толғау. Ал енді «Алтын қазан» өлеңін алсақ, мұнда нақты бір – ақ өндіріс бейнеленген. Ол – советтік Риддер (қазіргі Лениногорск кені).
«Алтын қазан» — Ілиястың әдемі, әсем шыққан өлеңінің бірі. Мұнда Риддерді қоршаған табиғаттың көркі, Алтай тауының суреті, бойындағы бар асылын иесіне – халыққа – иіп тұрған Риддердің ішкі – тысқы сипаты және кеше ғана ауылдан келіп, бүгін социалистік өндірісті игеріп жатқан жас қазақ жұмысшыларының пішіндері көркем жасалған. Ауыл әнімен айтуға лайықтап жазылған «Алтын қазан» — қазақтың он бір буынды қара өлең түрін кемеліне жеткізген жатық, жұмыр, әуезді әрі әшекейлі өлең.
Орыс жерін туған жерім деп, жанымен суйе суреттеу, орыс адамдарының еңбекшілдігін үлгі етіп сүйсіне жырлау, орыс жұмысшылары мен шаруаларының және қазақ еңбекшілерінің ұштасқн ұлы тілегін қастерлеу Ілиястың бұрынғы өлеңдерінде де ұшырасатын. [1 – 243]